Ендігі мәселе - соттың құзырында
«Өзекті жаңалық — өз уақытында» деген сөз бүгінгі жаға ұстатарлық оқиғадан кейін ерекше мәнге ие болды. Бұл жаңалықты естіп, бейжай өтіп кету мүмкін емес. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай өз басымнан да өткен.
Шакир Хаxазов мырзаның «енді бейнекамераны мектептің іші-сыртына ғана емес, әрбір кабинетке орнату керек» деген ұсынысын толық қолдаймын. Себебі дәл осы жағдайда ғана мәселенің ақ-қарасын анықтап, кімнің дұрыс, кімнің бұрыс екенін нақты көре аламыз. Сонымен қатар мұғалім мен оқушы арасындағы кикілжіңді әділ шешуге мүмкіндік туады.
Оқиғаның мән-жайы
Бұл оқиға дәл бүгін орын алды. Алматы облысы, Іле ауданындағы №17 мектепте оқушылар үш жыл бойы қазақ тілі пәні мұғалімінен қысым көргендерін айтып, төзімдері таусылған соң шындықты ашық жеткізуге мәжбүр болған. Олар ұстаздарының оқушылардың бірін жұлқылап жатқан сәтін видеоға түсіріп, шағым түсірген.
Ата-аналарға жеткен бұл шу үлкен дауға ұласып, теледидарға шығып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті: бірі ұстазды айыптаса, бірі жақтап пікір жазды.
Негізгі себеп: қорлау және кемсіту
Мәселенің түп-төркініне үңілсек, балалардың шағымдануына басты себеп — мұғалім тарапынан жүйелі түрде айтылған балағат пен кемсіту. Бұл жай ғана дөрекілік емес: толық емес отбасынан шыққан балаларды «жетім», «сорлы» деп атап, оқуға үлгермейтіндерді «топас» деп төмендеткені айтылады.
Қарым-қатынас
Балаға сөзбен қысым көрсету — оның қадір-қасиетін аяққа таптау.
Сабақ сапасы
Сабақ уақытында көбіне өз өмірі туралы айтып, оқу үдерісін толық жүргізбейтіні де айтылған.
Бағалау әділдігі
Диктант тексерілген жағдайда ғана баға қоятыны туралы шағым да бар.
Ең өкініштісі — осыдан 1–2 жыл бұрын шағым айтқан оқушыларды ата-аналары мен мектеп басшылығы «бала ғой», «мұғалімдікі дұрыс» деп тоқтатып, сөздеріне құлақ аспағаны айтылады.
Неге бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды?
Бір жыл бұрын интернетте студенттер ұстазына бейәдеп сөз айтып, видео жүктегені үшін жауапқа тартылып, қамауға алынған жағдай болған. Бала болса да — адам. Оның құқығы, ар-намысы, қауіпсіздігі бар.
Жылдар бойы оқушылар видеоға түсіріп, шағымданып келгенімен, көп жағдайда «көргенсіз» ұстазды жұмыстан шығарумен ғана шектеліп, мәселе жылы жабыла салатын. Ал бұл жолы жағдай сот құзырында қаралады.
Қоғамға айтар сөз: «ұрып-соғу тәрбиенің жолы» емес
Өзім де оқушы болғандықтан, балалардың жанын жақсы түсінемін. Оқушыларға «оқымасаңдар, өздеріңнен көріңдер», «бізді кезінде ұрып-соғып тәрбиелеген, ештеңе болған жоқ, өлген жоқпыз» дейтіндерге айтарым: бала құқығына қол сұғудың қажеті жоқ. Мұндай жағдай өз балаларыңыздың басынан өтсе ғана түсінетін шығарсыздар.
Ұсыныс
Бала тәрбиесіне арналған кітаптарды оқыңыздар. Ол тек білім қоспайды, ең алдымен көзқарасты түзетеді.
Ата-аналарға үндеу: баланың пікірін елемеу — ертеңгі қиындықтың бастауы
Ата-аналарға айтарым: «бала ғой» деп үнін өшіре бергенше, оның жеке пікірімен санасыңыз. Мұғалімнен де, ата-анадан да зорлық көріп өскен бала көбіне өз қатесін түсінбейді. Керісінше, айналасын жазғыра бастайды.
Болашаққа әсері
- шешім қабылдай алмайтын, жасқаншақ болып өсуі мүмкін;
- өзіне сенімсіз, сөзге шорқақ болуы ықтимал;
- қорқақ, ызақор, кекшіл мінез қалыптастыруы мүмкін.
Егер балаңыздың осылай қалыптасқанын қаламасаңыз, оған қамқор әрі қорған болыңыз. Тек сонда ғана сіз де балаңыздың махаббатына бөленесіз.