Тасымалданбайтын сөздерді теріп жаз

Жинақ туралы

Бұл материал 4-сынып оқушыларына арналған қазақ тілі диктант жұмыстарына бағытталған. Бастауыш мектепте оқушылардың білім, білік, дағдысын жүйелі түрде бақылау — оқу үдерісінің маңызды бөлігі. Диктант пен бақылау жұмыстары оқушының меңгерген білім деңгейін, сауаттылық дағдысын және материалды саналы игеруін тексеруге көмектеседі. Жұмыстарды ұйымдастырғанда сауаттылықпен қатар тәрбие құндылықтарын да назарда ұстаған жөн.

Жинақтағы мәтіндер арқылы балалар диктант орындап қана қоймай, өз өлкесі туралы да танымын кеңейтеді.

Автор туралы мәлімет

Мұғалім

Қойшығалиева Зауреш Сидағалиқызы
Е.Ш. Орақбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп, бастауыш сынып мұғалімі

Еңбек деректері

Білімі:
жоғары
Санаты:
I
Еңбек өтілі:
28 жыл
Өңірі:
Қызылоба, 2014

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Батыс Қазақстан облысының тарихы және мәдени ескерткіштер жинағы — Аруна, 2006.
  2. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық энциклопедиясы — Дастан, 2006.
  3. Жаңақала ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы — Орал, 2011.
  4. БҚО өсімдіктері мен жануарлары — Орал, 2003.
  5. Қ. Мырза Әли. Ой-өріс — Ағартушы, 2009.
  6. Қазақ тілінен сын жұмыстары — Өлке, 2010.
  7. Қазақ тілі (3 сынып) — Алматыкітап, 2010.
  8. Қазақ тілі (4 сынып) — Алматыкітап, 2011.
  9. Дана KZ — Орал, 2014.

Мәтіндер мен тапсырмалар

Менің өлкем

Батыс Қазақстан облысы Қазақстанның қиыр солтүстік-батысында, Жайық өзенінің ортаңғы ағысында орналасқан. Облыс шекарасының жалпы ұзындығы 2274 шақырым: оның 1400 шақырымы — Ресеймен мемлекеттік шекара, 847 шақырымы — Қазақстан облыстарымен шекара. Облыс солтүстігі мен батысында Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Волгоград облыстарымен, ал шығысы мен оңтүстігінде Қазақстанның Ақтөбе, Атырау облыстарымен шектеседі. Қазақстанның 14 облысымен салыстырғанда, Батыс Қазақстан облысы жер көлемі бойынша 8-орында.

Тапсырма

  1. Сан есімдерді тауып, оларды сөзбен жаз.
  2. Жалқы есімдердің астын сыз.

Сен білесің бе?

Батыс Қазақстан облысында 500-ге тарта омыртқалы жануарлар түрі және жүздеген, мыңдаған омыртқасыз жануарлар кездеседі. Құстардың торғайлар отрядына кіретін түрлері — қараторғай, жылқышы, безгелдек, ұзақ, қарға және т.б. — адамға үлкен пайда келтіреді: бау-бақшада, егістік алқабында, орман-тоғайда өсімдіктерге зиянды жәндіктерді жойып отырады. Бүркіт, жапалақ, үкі, қарға, лашын, кезқұйрық сияқты жыртқыш құстар — табиғаттың тазалықшылары.

Тапсырма

  1. Етістіктерді тауып, олардың қай шақта тұрғанын анықта.
  2. Тасымалданбайтын сөздерді теріп жаз.

Құралай

Құралайдың салқыны — шамамен мамырдың жиырмасынан басталып, оншақты күнге созылатын ауа райының құбылмалы кезеңі. Көбінесе адамға да, малға да жайсыз қара суық пен ызғырық жел еседі, кейде жауын-шашынды болады. Ақбөкендер жалқы да, егіз де туады. 3–4 күндік құралай жауынынан құтыла алмайды. Қатер төнгенде олар тыпыр етпей жата қалады: оны екі адым жерден де байқамай қаласың, өйткені түсі сол жердің реңіне ұқсас келеді. Осы кезде бөкеннің лақтары аяқтанады. Батыс Қазақстан малшылары Құралай өткеннен кейін ғана жайлауға көше бастайды.

Тапсырма

  1. Сан есімдердің астын сыз. Реттік сан есімге айналдырып жаз.
  2. Мәтінде қанша сөйлем бар? Жаз.

Тапсырма

  1. Бірінші сөйлемдегі қатаң дауыссыз дыбыстардың астын сыз.
  2. Камшат сөзін септе.

Қабыршақты

Қабыршақты — Көшім өзенінің екінші атауы. Бұл атау өзендегі су бақаларының қабыршақтарына байланысты қалыптасқан: олар түлеген кезде ескі қабыршақтарынан арылып, жағалау қабыршаққа толып қалатын болған. Қабыршақты өзені Бірқазан көліне құяды. Көл маңында қамыс пен қоға өседі, судан қашықтаған сайын ащышөп, иттабан, жыңғыл, бұзаубас, ақ жусан, итсигек, ақселеу мен бетеге көбейеді. Көшім каналы арқылы су төрт су қоймасына құйылып, шабындық және жайылымдық жерлерді суаруға пайдаланылады. Көшім каналы — осы өлке еңбеккерлерінің қажымас қайратының белгісі: отызыншы жылдары техника жетіспеген кезде халық каналды қолмен қазған.

Тапсырма

  1. Бес дара етістікті теріп жаз. Оларды күрделі етістікке айналдырып жаз.
  2. Қазған сөзін үш шаққа айналдырып жаз.

Дала күзені

Орал өңірінде дала күзені көп таралған. Оның сәнді терісі — шикізат ретінде шет елдерге шығарылатын аң терісі. Жалпы түсі ақшыл сары, тек қылшығының үсті қоңыр, бауыры ақшыл. Осыған байланысты кейде оны ақ күзен деп те атайды. Қысқы терісі ерекше құнды: бұл кезде жүні ұзын, жұмсақ әрі қалың келеді. Күзендер ін қазбайды, басқа кемірушілердің інін пайдаланады. Ол ауыл шаруашылығына зиян келтіретін саршұнақтарды құртады.

Тапсырма

  1. Сын есімдерді тауып, астын сыз.
  2. Сегізінші сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

Ор қоян

Батыс Қазақстан облысында кең таралған терісі бағалы аң — ор қоян. Ол Жайық өзенінің жайылымында жиі кездеседі. Қояндардың ішіндегі ең ірісі: салмағы 6–7 кг. Ор қоян көбіне ашық далалы жерлерде, сирек шоқ тоғай арасында, өзен жайылмасында, шоқ бұталардың арасында, жыра бойында, көл жағасында шоғырланады. Олар жылына 10–12 көжек туады. Бұл қоянның еті мен терісі бағалы. Дегенмен зиянды жақтары да бар: егіс пен орманға, бақша дақылдарына зиян келтіріп, мал мен адам арасында ауру таратуы мүмкін.

Тапсырма

  1. Жуан сөздерді түбірі мен қосымшасына ажыратып, белгіле.
  2. Жайылымында, зиянды сөздерін буынға бөл.

Су қойнаулары

Батыс Қазақстан облысының аумағынан 200-ге жуық өзен ағып өтеді, олардың жалпы ұзындығы шамамен 5100 км. Сол өзендердің сегізі ғана жаз бойы ағысын сақтайды, қалғаны кеуіп кетеді. Сонымен қатар 178 өзен мен тоған бар, оның 56-сы тұщы сулы. Жерасты сулары да кездеседі. Осындай су қойнауларының жағасында көптеген өсімдіктер өсіп, жануарлар тіршілік етеді.

Тапсырма

  1. Мәтінде қанша сөйлем бар? Жазып көрсет.
  2. Соңғы сөйлемді сөйлем мүшелеріне талда.

Көшім жылқысы

Красногор жылқы зауыты 1963 жылы құрылды. Бұл — әлемге танымал Көшім асыл тұқымды жылқысын өсіретін бірегей шаруашылықтардың бірі. 1973 жылы зауытқа асыл тұқымды жылқы зауыты мәртебесі берілді. Көшім жылқысы мініп-жегуге арналған, қазақы жылқыдан едәуір ірі, сүйегі берік, төзімді, тебінде бағуға жақсы бейімделген тұқымдық топ. Түсі қоңыр, жирен, торы болып келеді.

Мия

Мия — аты әлемге танымал шипалы өсімдік. Биіктігі шамамен 60 см, бірнеше сабақтан тұрады. Қауырсынды, кезектесіп орналасқан жапырағы бар. Ерекшелігі: бұтағының ұшында жалғыз жапырақ болады, оның екі жағында түкті бездері орналасады. Көкшіл гүлдері жапырақ қуыстарында өседі. Жемісі орақ сияқты иілген, бунақталған қауыз. Шілде–тамыз айларында гүлдейді.

Тыныс жолы қабынғанда мия тамырын қайнатып, тұндырып ішеді. Алайда дәрігер бақылауынсыз қабылдау ағзадағы су мен тұз алмасуын бұзып, денеде ісік пайда болуына әкелуі мүмкін.

Тапсырма

  1. Сұрақ қою арқылы етістіктерді тап.
  2. Ішеді сөзін жекеше және көпше түрде жіктеп жаз.

Кирсанов мемлекеттік қорықшасы

Кирсанов қорықшасы Батыс Қазақстан облысы аумағында орналасқан. Ол камшатты жерсіндіру мақсатында ұйымдастырылған. Қорықша аумағында жануарлар мен өсімдіктердің түрлері ерекше қамқорлыққа алынған. Мұнда елік, қабан, күзен, түлкі, құндыз, қоян сияқты аңдар, сондай-ақ үйрек, қасқалдақ, тауқұдірет тәрізді құстар көбейіп келеді. Кирсанов қорықшасы — Қазақстанда камшат өсетін жалғыз қорық.

Тапсырма

  1. Соңғы сөйлемде дыбыс үндестігіне бағынбай тұрған сөздің астын сыз.
  2. Мәтіннен жуан айтылатын төрт сөзді тауып, түбірі мен қосымшасына ажыратып белгіле.

Күзен

Күзен өз жауларынан қорғану үшін аналық безінен өте сасық иісті зат бөледі. Сондықтан қазақтар оны сасық күзен деп атайды. Батыс Қазақстанның табиғаты күзенге қолайлы болғандықтан, ол өңірде жиі кездеседі. Жайқалған шабындығы бар далалы аймақ, шөл және шөлейт өңірлер, өзен-көлдер — олардың негізгі мекені. Ұсақ кеміргіштер — дала күзенінің басты қорегі. Күзен ін қазбайды, басқа кемірушілердің інін пайдаланады. Індерінде жас ет сақтайтын бөлек орындары болады.

Сасық күзеннің терісі қарашадан бастап құнды болады. Сондықтан қараша айынан ақпанға дейін аулауға рұқсат етіледі.

Тапсырма

  1. Мәтінде қанша сөйлем бар екенін анықтап жаз.
  2. Мәтіндегі құрмалас сөйлемнің астын сыз.

Оралдық мия

Орал қаласында лакриция (мия) өнімдерін өңдейтін зауыт бар. Өндірісте далалық аймақтарда, өзен жағасында және егін арасында өсетін мия өсімдігі өнім алу үшін пайдаланылады.

Тапсырма

  1. Сын есімдерді тауып, астын сыз.
  2. Пайдаланады сөзін тасымалдап жазып көрсет.

Қамысторғай

Батыс Қазақстанда ең көп тараған құстардың бірі — қамысторғай. Олар ұяларын су ішінде өсіп тұрған қамыстың басын біріктіріп, шөппен буып-байлап, соның үстіне салады. Ұясы едәуір терең болады. Жұмыртқа басып жатқан құстың басы мен құйрығы ғана ұядан қылтиып көрінеді. Қамысторғайлар балапандарын бунақденелілермен қоректендіреді.

Тапсырма

  1. Соңғы сөйлемнің тұрлаулы мүшелерін тауып, астын сыз.
  2. Қамысторғай сөзіне дыбыстық талдау жаса.

Әсем табиғат

Батыс Қазақстан облысы — табиғаты әсем, қойнауы байлыққа мол, өңірі тарихқа толы өлке. Облыс аумағымен Еуразияның басты күретамырларының бірі — Жайық өзені, сондай-ақ Шаған мен Деркөл өзендері және ондаған шағын өзендер ағып өтеді. Сонымен қатар, өңірде көптеген көлдер бар. Ең үлкені — ауданы 200 шаршы километрді құрайтын, «Дала теңізі» атанған Шалқар көлі. Сондықтан да оны Орал өңірінің тұзды інжу-маржаны деп бекер атамайды. Көлдің ерекшелігі — өсімдіктер мен жануарлар әлемінің алуан түрлілігінде.

Туған жердің табиғатын қорғап, әсемдігін сезіне біл!

Тапсырма

  1. Мәтіннен БҚО-ның ірі өзен-көлдерінің атауларын теріп жаз. Тағы қандай өзен-көлдерді білесің? Қосып жаз.
  2. Мәтіндегі лепті сөйлемнің астын сыз.

Өзен құндызы

Өзен құндызы — қорғауға алынған жануар, кемірушілердің ең ірілерінің бірі. Салмағы шамамен 30 килограммға дейін жетеді. Құндызды Жайық өзенінің жағасындағы жапырақты ормандардан жиі байқауға болады: ол көбіне баяу ағатын өзендердің жағалауларында, ескі арналар мен көлдер маңында мекендейді. Су қоймасының жарқабағы тік болса, құндыз ін қазады; ал батпақты немесе таяз сулы жер болса, ағаш бұтақтарынан үйшік жасайды. Үйшік жасау үшін өткір тістерімен ағаштар мен бұталардың діңі мен бұтағын кеміріп, қию арқылы материал дайындайды. Құндыз — бағалы терілі хайуанат. Қазақстанда ол өте аз болғандықтан, аулауға рұқсат етілмейді.

Тапсырма

  1. Мәтіндегі құрмалас сөйлемдердің астын сыз.
  2. Құндыз сөзін септе.

Ақұштап

Ақұштап өз ақындық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясында өзіндік жол қалыптастырған қаламгер. «Ақұштап» — «ақ жібек» ұғымын беретін сирек есім: ерте кезде аппақ әрі берік жібек матаны «ұштап» деп атаған. Ақын өлеңдері де атына сай өршіл рухта, жібектей төгіліп тұрады. Лирикасынан туған ел мен жерге деген шексіз махаббат, тазалық пен пәктік анық байқалады. Туған елге сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры сияқты мәселелер ақын поэзиясының өзегіне айналған.

Тапсырма

  1. 1–2 сөйлемдердегі жіңішке дауысты дыбыстардың астын сыз.
  2. Поэзиясына сөзіне фонетикалық талдау жаса.

Теңбіл бұғы

Батыс Қазақстандағы ірі жануарлардың бірі — теңбіл бұғы. Ол орташа денелі, еті мен мүйізі пайдалы жануар. Сүйектенбеген жас мүйізі панта деп аталады. Пантасынан пантакрин дәрісі жасалады: ол жүрекке, қан тамыр жүйесіне, бұлшық еттерге және тыныс жолына сергіткіш әсер береді. Етінің де шипалық қасиеті бар.

Тапсырма

  1. Біріккен сөздерді теріп жаз.
  2. Сөйлемнің бірыңғай мүшелерін тауып сыз, оларға сұрақ қой.

Ұлы күйші

Ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлы айрықша талантымен ерекшеленеді. Ол 1818 жылы Бөкей ордасының Жиделі елді мекенінде дүниеге келген. Құрманғазы қазақтың аспапты музыка өнеріне мол үлес қосып, оның мазмұнын шынайы өмірмен өрнектеді, халықтың мұңы мен шерін күй тілімен жеткізді. «Сарыарқа» — Құрманғазы шығармашылығының биік шыңдарының бірі. Бұл күйде ол домбыра өнерінің асқан мүмкіндігін танытып, сирек кездесетін көркемдік элементтер енгізген.

Тапсырма

  1. Құрманғазының тағы қандай күйлерін білесің?
  2. Күй сөзін септе.

Сырым батыр

Сырым Датұлы 1742 жылы Жымпиты ауданына жақын Жетікөл мекенінде дүниеге келген. Ол — қазақтардың алғашқы ұлт-азаттық көтерілісінің жетекшісі, халқымыздың тәуелсіздігі мен еркіндігі жолындағы ұлы күрескер. Табиғатынан ерекше жаратылған, орасан күш-қайрат пен ақыл-ой иесі, аузы дуалы шешен, қол бастаған көсем болған Сырым есімі халық жадында аңызға айналып, ел ұлы ретінде танылды.

Тапсырма

  1. Ауыспалы мағынада тұрған сөз тіркесін тауып жаз.
  2. Мәтіндегі қос сөздерді теріп жаз.

Күйші

Қазақстанның Халық әртісі Қали Жантілеуов Қамыс Самар ауылында дүниеге келген. Ол — Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің негізін салушылардың және консерваторияның алғашқы оқытушыларының бірі. Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияда және Жамбыл атындағы мемлекеттік филармонияда домбырадан сабақ берген. Бізге дейін оның «Кеңес», «Терісқақпай», «Ақбай», «Науай», «Топан», «Серпер» сияқты туындылары жеткен. Репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Түркеш күйлері болған.

Тапсырма

  1. Мәтіндегі жалқы есімдерді топтап жаз: Күйшілер / Күйлер.
  2. Домбыра сөзін жекеше және көпше түрде тәуелде.

Қазақ қызы Мәншүк Мәметова

Мәншүк (Мәнсия) Мәметова 1922 жылы 5 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Орда ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы қаласындағы Медицина институтында оқып жүрген. 1942 жылы тамыз айында ол ерікті түрде Қызыл Армия қатарына кіріп, майданға аттанды да, бөлімде ең үздік пулеметші атанды. 1943 жылы 16 қарашада Невель түбіндегі кескілескен шайқаста Мәншүк Мәметова ерлікпен қаза тапты.

Жерлес батыр апамыздың ерлігін мақтан тұтып, оның рухын қастерлей білейік!

Тапсырма

  1. Мәтінде қанша сөйлем бар? Жаз.
  2. Ерлік, батырлық туралы қандай мақал-мәтел білесің?

Мұхит Мерәліұлы (1841–1918)

Мұхит Мерәліұлы Қаратөбе ауданының Саралжын ауылында дүниеге келген. Ол — танымал әнші, композитор, ақын. «Айнамкөз», «Кербез», «Зәуреш», «Алуаш» сияқты әндері және басқа да шығармалары халық арасына кең тараған.

Махамбет

Махамбет Өтемісұлы — Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің көсемі әрі жалынды жыршысы, халқының азаттығын көксеген күрескер, ел бастаған өр рухты батыр. Ол халықты патшалық және хандық билікке қарсы қарулы көтеріліске шақырған алғашқы қазақ ақындарының бірі. Сол кезеңде қазақтың ең шұрайлы жерлеріне орыс мұжықтарын қоныстандыру, жергілікті халықты сусыз, сор, шөлейт аймақтарға ығыстыру саясатына қарсылық күшейді. «Ереуіл атқа ер салмай», «Ұлы арман», «Жайықтың бойы көк шалғын», «Атадан туған ардақты ер» сияқты өлеңдері көпшілікке жақсы таныс.

Тапсырма

  1. Сын есімдерді теріп жаз.
  2. Мәтінде неше сөйлем бар? Жаз.

Шалқар көлі

Шалқар — Жайық алабындағы көл. Ол Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданы аумағында орналасқан. Жағалауы құлама жар, бетегелі-бозды және жусанды өсімдіктер басым. Көл алабы — мал жайылымы. Шалқар көлі қар, жаңбыр және жерасты суымен толығады. Сазан, табан, көксерке балықтары ауланады. Жергілікті тұрғындар Шалқарды «Кіші теңіз» деп те атайды. Көлде аққу, қаз, алуан түрлі үйректер, қоқиқаз, шағала, бірқазан мекендейді.