Қош сау бол

Аудандық тұтынушылар одағында қызмет ететін Кербике жеңгей келсаптай білектерін екі жаққа созып, ұзақ керіліп есінеді. Телефонның дискісін гүр-гүр еткізіп бұрап, тұтқаны құлағына тақады.

Күнделікті күйбеңнің қоңырауы

— Әй, сары қыз, біздің пәтерді жалғап жіберші!.. Алтайка, әкең үйде ме?.. Телефонға шақыршы, қалқам...

— Алло, Мәутік, мен бүгін үйге кешігіп барамын. Облыстан ревизор келеді екен, соған дайындалу керек...

Сен былай істе: баланы ал да, отын жар. Сосын қазанға от жақ. Қазыға жас етті араластырып, молырақ сал. Шырпы ошақтың басында. Абайла, тұзы тым өткір болып кетпесін... Естіп тұрсың ба?.. Иә, дұрыс, солай істе!..

— Алло, алло!.. Ұмытып барады екем... Сиырды қазыққа байлап, тағараға кебек салып жіберші, жеп тұрсын. Бұзауына сақ бол, еміп қоймасын.

Сырғашка қайда?.. Ойнап жүр дейсің бе?.. Айналайын, әкем-ау, абай болшы. Әйтеуір, мәшине-пәшине басып кетпесін!..

Сосын Ермекжанның жаялығын далаға жайып салшы, бай болғыр...

Кербике жеңгей ауыр күрсініп, трубканы тұғырына сарт еткізіп қоя салды. Ақ шайнектен пиялаға қою күрең шай құйып, сораптап іше бастады. Шып-шып терлеген кең маңдайын жібек орамалмен жиі сүртеді. Аппақ бұғағы бүлкілдеп, анда-санда ықылық атады.

Қағаз, қоңырау, қам-қарекет

Райфоға соғылған қоңырау

Кербике жеңгей трубканы қайта қолына алды.

— Алло!.. Райфо, райфо!.. Ә-ә, Шәрипаш, халің жақсы ма?.. Кербике ғой...

— Иә, біздің әлгі Мәутік жалақысын алды ма?.. Дұрыс, дұрыс! Премия берген жоқсыңдар ғой... Қанша?.. Елу сом дейсің бе?.. Түу, молодец!.. Жақсы!..

— Әй, әлгі «кәупек баспен» кездесіп тұрасың ба?.. Е-е, жөн, жөн. Осы пәни дүниеден шалқып бір өтсеңші, жазған-ау!..

Үй ішіндегі «оператив»

Бұғағы дірілдеп, көзі жайнап кеткен Кербике жеңгей жалма-жан үйіне қайта хабарласты.

— Алло, Мәутік!.. Жалақыңды алдың ба, жаным? Өте жақсы! Ал премия ше?.. Тамаша! Жарайсың, шалым!..

— Мәутишка, ақшаңды ысырап етпей, менің қызыл сөмкеме салып қой.

Көкмойын дейсің бе? Бір шөлмек алуыңа болады. Жо-жо-жоқ, көп алмайсың! Бір шөлмек қана...

— Қазаның қайнады ма? Қайнаса, бетіндегі көбігін қалқып ал да, сорпасын шөмішпен сапырып-сапырып жібер. Ошақтың шоғын алдына ысыра сал: қазан баяу қайнасын. Тұзы тәуір ме?.. Жарайсың, шалым!..

— Мен барғанша қамыр илеңдер де, дайындап қойыңдар. Елгезер асханада ілулі тұр... Иә, солай істе, дұрыс!..

Таныстықтың таразысы

Стол үстінде ашылып-шашылған бума-бума қағазды жиыстырып жүріп, Кербике жеңгей тағы бір мекемеге телефон шалды.

— Алло, раймаг па?.. Бұл кім екен? Марзифа ма?.. Халің жақсы ма, шырағым?..

Мен саған мынаны ескертейін деген едім: бүгін сендердің дүкенге он екі дана жемпір түседі. Иә, иә!.. Бағасы отыз сомнан... Таптырмайтын дүние!

Соның біреуін маған сақтап қойшы, жаным. Құдай қаласа, ертең барып аламын... Келістік қой, сау бол, төрем!

Жаман ініме сәлем айта сал...

Кербике жеңгей рақаттана тағы бір есінеді. Қолсағатына қараса, бестен асып барады екен.

Қызмет уақыты бітсе де, қоңырау бітпейді

Кенет телефон шылдыр етті. Кербике жеңгей құлағын тосты.

— Алло!.. Иә, тыңдап тұрмын... Қай колхоздан?..

Шырағым-ау, қызмет уақыты бітті ғой. Азаматтық құқымызды пайдалана аламыз ба, жоқ па?.. Еңбек тәртібін сақтағандарың жөн емес пе осы?..

Ертең хабарлас, қарағым... Сау бол!..

Соңғы нүкте

Кабинет есігі жартылай ашылды. Жас қыздың қылтиған басы көрінді.

— Апай, жалақыңызды алыңыз.

— Құп болады, жаным, қазір...

Кербике кердеңдей басып, кабинеттен шығып кетті.