Қазақтың түп атасы батыр Түрік, Арабсың деген сөздің түбі шірік

Тәуелсіздік және тарихи сананың жаңғыруы

Тәуелсіздік таңы ұлтымыздың өшкенін жандырып, көмескі тартқан өткеніне өткір сәуле түсірді. Нәтижесінде бұрын бұлыңғыр, даулы-дамайлы болып келген қазақ тарихы қайта қаралып, күні кеше кеңестік идеология тасасында қалған хан, болыс, би, ел қорғаны батырлар мен жұртына пана, ашыққанда ас болған бай-бағыландардың еңбегі тарихи сахнада лайықты бағасын ала бастады.

Дін иелері — молда, ишан, имам, хазірет, әулиелер туралы да ақиқаттың жүзі ашылды: атылып-айдалғандардың аты ақталды, құлатылған медресе мен мешіттердің есігі қайта айқара ашылды. Кеңес кезеңінде ораза ұстап, намаз оқуға тыйым салынғаны белгілі. Соған қарамастан діни ғұрып біржола тоқтап қалған жоқ. Тәуелсіздік дініміз бен ділімізге еңсе көтертер мүмкіндік беріп, тілімізге де шуағын төкті.

Негізгі түйін

Тәуелсіздік — тарихты қайта оқу ғана емес, ұжымдық жадтағы әділеттің орнығуы.

Қайта бағаланған тұлғалар

Ел басқарғандар, қорған болған батырлар, жұртын сүйеген дәулеттілер, ағартушы дін иелері.

Рухани кеңістік

Құлдыраған діни-ағартушылық институттар қайта тіріліп, қоғамдағы құндылықтар жаңаша орнықты.

Шежіреге қызығушылық: өсуі мен олқылықтары

Уақыт өте шежіреге ден қою да күшейді. Бұрын руын сұрағанда қысылып, «қазақпын» деп қана жауап беретіндер енді бір-бірінен жеті атасын түгендеп сұрайтын күйге жетті. «Заманың қалай болса, бөркіңді солай ки» деп ақталатын бұл құбылыс бірте-бірте жаппай үрдіске айналды.

Алайда жарық көрген шежірелердің көпшілігіне ортақ бір кемшілік байқалды: кей авторлар «шежіре» ұғымының мәнін терең түсінбей, сөз етіп отырған ру-тайпаның шығу тегі мен тарихи эволюциясына бойламай, ел аузында қалған есімдерді тізумен шектелді. Кей еңбектерде кеңес кезеңі туралы жұтаң дерек беріліп, оның орнына трактор айдаған, мал баққан, директор болған адамдардың суреті мен қызметі ұзақ сипатталады.

Редакциялық ескерту

Шежіре — тек «ататек кестесі» емес. Ол — тарихи жадтың жүйесі: дерек, дәуір, тұлға, мекен, әлеуметтік қатынас және мәдени контекст бір арнаға түскенде ғана шынайы құндылыққа айналады.

Ең үлкен қателік — шежіреге кез келген қатардағы еңбек адамының есімін қаздай тізіп, құндылық өлшемін бұзу. Әрине, кеңес дәуірінде ғылымға, білімге, өндіріс пен ауыл шаруашылығына, медицинаға, ауыр және жеңіл өнеркәсіпке үлес қосқан біртуар азаматтар аз болған жоқ. Соғыс салған жарадан соң ел еңсесін көтеріп, шаруашылықты қалпына келтіруге еңбек еткендер де жеткілікті еді. Бірақ ізденіске мойны жар бермейтін, қолына түскенмен шектелетін кей шежірешілердің салғырттығынан олардың талайы тасада қалып қойды.

Мұндай авторларға мұрағат құжаттарын пайдаланбады деп өкпелеудің өзі артық: кейбірі тіпті «өз ата-тегіңді қағазға түсіріп берші, шежіре жазып жатыр едім» деп қолқа салумен ғана шектелгені есімізде.

Дегенмен сол көпшіліктің арасынан «шежіре деген осы болса керек» дегізер еңбектер де ұшырасады. Соның қатарында Жеңіс Тілекеннің «Ертіс–Баян өңірі», Алтынбек Нұхұлы мен Тілеукен Еңсебаевтың «Баянаула перзенттері» (2 том) атты жинақтары аталады.

Сайлау Байбосынның «Қанжығалы шежіресі»: жауапкершілік пен зерттеушілік

Таяуда қолыма Сайлау Байбосынның «Қанжығалы шежіресі» тиді. Сайлауды бұрыннан талантты журналист, ақын, жазушы ретінде білетінмін. Әйтсе де «аузы күйген үріп ішеді» демекші, шежіре тақырыбына келгенде күмән да жоқ емес еді. Алайда оқыған сайын автордың өзіне тән жазу мәнерін, тақырыпқа адалдығын және жауапкершілігін анық аңғардым.

«Шежіре немесе тіліміздің төркіні — түркі жұрты» атты тарауда белгілі этнограф-жазушы Ақселеу Сейдімбековтің «Қазақтың ауызша тарихы» еңбегіндегі шежіре сөзіне қатысты талдауы негізге алынады. Сол талқының аясында Сайлау өз көзқарасын ұсына отырып, «арабтың “шәужар” сөзінен үзілді-кесілді бас тартуға болмайды» деген уәж айтады: қазақ тіліндегі араб-парсыдан енген көптеген сөздердің бүгінге дейін қолданыста екенін мысалға келтіреді.

Автор тек пайыммен шектелмей, «Қазақ» және «Алаш» этнонимдері жөнінде де ауқымды мағлұмат береді. Түркітанушы А. Н. Аристовқа сүйене отырып, қанжығалы тайпасы XI–XII ғасырларда шығыс қыпшақ бірлестігінің құрамында болуы мүмкін деген болжам ұсынады.

Ашық сұрақтар

  • Қыпшақ дәуіріндегі қанжығалылардың түпкі бастауы қайда жатыр?
  • Арғын бірлестігіндегі бүгінгі қанжығалылардың тарихи жолы қалай қалыптасты?
  • Алтын Орда, Қазақ хандығы тұсындағы қанжығалылардың Орталық Азиядағы аттас қауымдармен байланысы қандай?

Автор бұл тақырыпты тереңірек қозғау қажеттігін де айтады. Бұл — құптарлық ұсыныс: тың зерттеу нәтижесінде шаң басқан тарихымыздың жаңа беттері ашылса, қазақ шежіресі үшін елеулі олжа болар еді.

Еңбектің құндылығын арттыра түсетін тұс — мұрағаттық құжаттарды және өзге де дереккөздерді кеңінен пайдалануы. Мәселен, астаналық зерттеуші Қасым Тәукеновтің Афанасий Никитин жазбаларынан келтірілген үзінді арқылы Русь жұртының қай тілде мінәжат еткенін аңғаруға болады деген пайымға тоқталады. Мұндай ой қозғайтын тұжырымдар кітапта аз емес.

Сондай-ақ Лубсан Данзан, Н. Мыңжани, Ж. Байжумин, Ш. Уәлиханов, М. Көпеев, А. Сейдімбеков, Ж. Тілеке, Мурад Аджи, Ш. Куанганов, Ә. Марғұлан, А. Сатаев сияқты зерттеушілердің еңбектерін салыстыра зерделеуі де — автордың ғылыми ұқыптылығын аңғартады.

Дерек пен аңыздың тоғысы: ел жадындағы шындық

Қан тамырдай тараған қанжығалы руына қатысты мұрағат деректерін тауып келтіру, ел шежіресін, жер тарихын білетін көнекөз қариялармен тілдесу, марқұмдардың естелік жазбаларына сүйену — шығарманың шырайын аша түскен. Ерейментау, Жетісу, Қостанай, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі қанжығалыларды сөз ете отырып, Қоржынкөл, Ереймен, Ақкөл, Шақшаң болыстарындағы болыс-билер, қасиет иелері, батырлар, емшілер, молда-қожалар, ақын-жыраулар туралы мәліметтерді Шербина экспедициясы жазбаларымен қабыстыра беруі нақтылықты күшейтеді.

Аргүл мен Момын туралы аңыз

Аңыз бойынша, Арғынның Аргүл есімді бәйбішесі Арғыннан Тоты атты қыз, Мейрам сопы атты ұл көреді. Біраз жылдан соң Аргүл Ұлы жүздің Бәйдібек биінің Момын атты қызына құда түсуге бел буады.

Сол күні Момын түс көреді. Бәйдібек би түс жорып, Аргүлдің келген шаруасына орайластыра: «Ақиық қыран Арғын бас болар; аңсары ауса, айналып қонар…» деп, «қызыңның бауырына береке дарысын деп тұр, бастасыңа қи» деген екен.

Сонда Момын: «Әке, батаңызды беріп, ұямнан ұшырыңыз, мен парсы емеспін», — дейді. Момын Арғыннан жеті ұл көріп, олар «жеті момын» атанады.

Тарихи мағынасы

Бұл аңыздан аналардың ұрпақтың өсіп-өнуіне қаншалықты мүдделі болғаны көрінеді. Өнеге тұтар аналардың ерлігі мен ертеңге сенімі ұлттың аман қалуына қызмет еткені талассыз.

Сан қилы зұлмат пен апаттан өтіп, бүгінге жеткен халық тағдырында мұндай рухани-әлеуметтік ұстанымдардың орны ерекше.

Мұрағат дерегі: Қанжығалы болыстары және Үшбұлақ округі

Еңбекте нақты тарихи дерек те мол. Мәселен, 1833 жылғы тамызда Петропавл бекінісінің округтік бастығы полковник Шубин Омбыдағы облыстық басқарма бастығына қанжығалы және керей болыстары жерінде Үшбұлақ округі ашылғанын мәлімдейді. Бұл округке қанжығалылар жағынан алты болыс ел кіреді.

Сол болыстардың билігіне Табайсары Жақауов, Тіленші Төбетов, Жанболат Жантаев, Бапан Тұраналин, Дүкен Сыздықов, Дәнен Тоқтаровтар тағайындалып, Үшбұлақ сыртқы округінің аға сұлтаны болып Нұрмұхаммбет Сыздықов бекітіледі. Кейін бұл құрылым «жеті ру Қанжығалы болысы» аталып, 1875 жылдан соң Ереймен болысы болып өзгереді.

Осындай деректер автордың архив материалдарына сүйеніп отырғанын айқындайды. Кітапта тайпаның ел таныған тұлғалары, олар туралы әсерлі аңыз-әңгімелер көп беріледі. Бұл жинақтың (тіпті «монография» деуге лайық) өзге шежірелерден шоқтығын биіктететін тұсы да — осы.

Түп-тамыр жайлы талас және Шәкәрімнің түйіні

Зерттеуші: «Шетте жүрген қанжығалылар өздерін Бөгенбай батырдың ұрпағымыз дейді» деп жазады. Бөгенбай — өзіміздің тарихи тұлғамыз. Дегенмен қазақ арасында ұзақ уақыт «түп тамырды арабтан таратуға» бейім талпыныстар да болғаны жасырын емес.

Бұл орайда Шәкәрім қажының мына сөзі ой салады:

«Қазақтың түп атасы батыр Түрік,
Арабсың деген сөздің түбі шірік.
Пәленше сахабаның затысың деп,
Алдаған дін жамылған өңкей жүлік».

Күні кешеге дейін кейбір жазушы-ғалымдар мен діндарлар баспасөз бетінде «Пайғамбар нәсілі» төңірегінде дауласып, қызыл кеңірдек болғанын зиялы қауым ұмыта қойған жоқ. Мұндай даулардың бір себебі — Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіптің шежірелік мұраларымен жеткілікті таныс болмау.

Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан Хазірет жайлы өнеге

Еңбекте Мәшһүр Жүсіптің қанжығалы тайпасына және жалпы шежіре табиғатына қатысты пікіріне де кең орын беріледі. Соның ішінде мына аңыз назар аударарлық.

Мәшһүр Жүсіп пен Тоқан Хазірет араларынан қыл өтпейтін достар болған деседі. Екі білімдардың осынша тіл табысып, сыйластығы айналасындағы шала молда, дүмшелерге ұнамай, араларына от салуға тырысқан көрінеді.

«Оның қасиеті не?»

Бірде Тоқан Хазіреттен: «Сүйіндіктің Мәшһүрін сонша құрметтейсіз, не қасиеті бар?» — деп сұрағанда, Хазірет: «Мәшһүрді Алла оқытқан, мені адам оқытқан», — деп жауап береді екен.

«6666 жылқы»

Мәшһүр Жүсіптен Тоқан жайлы сұрағанда: «Тоқанның алты мың алты жүз алпыс алты жылқысы бар», — дейді. Жұрт мұны байлық деп ұқса, шын мәнінде Мәшһүр Жүсіп Тоқан Хазіреттің жатқа білетін Құран аяттарының санын меңзеген екен.

Осындай өнегелі үлгінің бізге толық мирас болмағаны өкінішті. Дегенмен сан ғасырдың тозаңына көміліп, ұмыт бола бастаған шежіре сияқты баға жетпес құндылықты тірілтіп, мұрагерімен табыстырып жүрген Сайлау ініміз секілді шежіреші-зерттеушілердің қатары көбейе берсін деген тілек бар.

Сүлеймен Баязитов