Естек кім

Бұл түс емес. Көз көргендер, көңілдес-жаран, дос пейілді азаматтар дүниеден өткен сайын, әсіресе емханада, палатада жалғыз жатқанда, өзіңнің де бұл фәниге небәрі бес күн қонақ екеніңді ойлайсың.

Алдыңда — түрлі газеттер, теледидар сайрап тұр. Газетті ашсаң да, теледидарды қоссаң да — қым-қуыт қиыншылық. Әсіресе КТК құтыртады: бір жерде газ жарылып, үй өртеніпті; бір жерде біреу біреуді өлтіріпті; Қажыгелдинге қастандық жасалыпты; ұрылар үй тонапты. Әйелдерді былай қойғанда, еркектер де тәнін сататын болыпты...

Сұмдықтардан сүрініп, аяқ алып жүре алмайсың. Жылт еткен жақсы хабар бар ма? Үлкен қаланың түнгі аспанындағы жұлдыздардай жыламсырап әрең көрінеді. Сонда бұл дүние — өзің бес-ақ күн қонақ болсаң — несі қызық?

Қызық ету, сірә, сирек адамдардың ғана қолынан келетін шығар. Мысалы, мына Нұрғиса сияқты жарқылдап өтсең дүниеден.

Бірақ ол қиыншылық көрмеп пе? Тағдырдың көкесін көрген шығар — соған мойымаған. Қайғысыз, мұңсыз адамнан анадай сұрапыл да сұлу күйлер, әуендер төгілер ме еді?

Талант пен азап

Таланттар — раушан гүлі сияқты: жан-жағына жұпар шашады, көңіл ашады. Тікені — азабы өзіне.

Талантсыздар — шошқатікен сияқты: гүлдемейді. Азабы — өзгеге. Жамандық көбіне солардан.

Бес күндік ғұмырда жарқылдап өткендердің бірі

Бес күн қонақ өмірде жарқылдап өткендердің бірі — Тахауи Ахтанов еді. Оның да азабы аз болмаған. Бірақ өзі жаймашуақ жаралған.

Әдебиет әлемінің табалдырығын аттар-аттамас тұста Мұхтар Әуезовтей алыптың оң назарына іліккен жігіт жаман болмас.

Кейде түсіме кіреді. Жазушылар одағының ғұмырындағы бір жылымық кезең еді. Горный Гигантта жазушыларға арналып шығармашылық үй салынды: кереметтей емес, бірақ өзіне жарасты.

Ғабит Мүсірепов

Сол үйде жатып «Ұлпан» мен «Жат қолыңды» жазды.

Тахауи Ахтанов

«Шырағың сөнбесін» сол жерде жазылды.

Автор

Мен «Қызыл жебенің» соңғы кітабы — «Тамұқты» жаздым.

Алмай-бермей, Тахаң мені іштартты. Інісіндей сырласты. Оның 60 жылдық мерейтойына арнап «Айға шағылған найза» деген эссе жаздым.

Тарихқа жан бітіру

Әңгімеге құмар кісі еді, жарықтық. «Ант» атты атақты пьесасын жазғанда тарихты қалай қопарғанын айтып отыратын. «Жалаң тарих көркем пьеса болмайды. Тарихқа жан бітіру керек», — дейтін.

Хас таланттың өлшемі

  • Өтіп кеткен адамдарды қайта «тірілтіп», жүргізіп, тұрғызып, сөйлету.
  • Күлдіру, жылату — көрерменнің сенімін ояту.
  • Көрермен театр залында өзін XVIII ғасырдың ішінде жүргендей сезінуі.

«Ал бұл қойторының қолынан келмейді. Бұл — хас таланттың ғана қолынан келеді», — дейтін Тахаң.

— Әбілқайыр — трагедиялық тұлға, — дейтін ол. — Ақылды, нағыз қолбасшы. Бірақ заман — трагедия. Тағдыр оны орыс патша қатынға тәуелді етті.

— Ал Әбілқайыр ханның баласы — Нұралы... міне, бұл дундук.

«Дундук» сөзінің төркінін де қызықтырып айтып берді. Еділдің ар жағындағы қалмақтың Аюке деген ханы болғанын, оның айлакер саясат жүргізгенін, кейін ұрпақтарының бірі Дундуктің таққа отырып, Еділ қалмақтарын Түркияның қол астына қаратпақ болғанын, сол үшін орыстардың есалаң, шатыс адамдардың бәрін «дундук» атап кеткенін әңгімеледі.

Бір кештің көрінісі

Оймақтай рөмкелер • аздап коньяк • ұзақ әңгіме

Тахаң сигаретін тұтатып, біз оймақтай рөмкелерді қағыстырып, аздап-аздап коньяк ұрттап қоятынбыз.

Нұралы хан мен Айшуақ сұлтанның орыстардың шен-шекпеніне, сый-сияпатына мәз болып, босқын башқұрттарды азаптағанын айтты. Біздің жақта башқұрттарды «естек» дейтінін де сонда түсіндірді. Қарасақал, Батырша секілді көсемдер туралы сөз қозғады.

— Апыр-ай, Таха, мұның бәрін мына университет бітірген біз білмейміз. Тіпті оныншыны да бітірмеген сіз қайдан білесіз? — дедім мен. (Мүмкін, коньяктың әсері шығар. Кейін ойласам, қолапайсыз сұрақ екен.)

— Сендер университетте Маркстің «Капиталын», Лениннің «Эмпириокритицизмін» оқыдыңдар. Ал мен өзімше өзіме керегімді оқыдым, — деп риясыз күліп алды.

— Мені қойшы. Ана Ғабиден Мұстафин ағаң ше? Үш-ақ сыныптық білімімен классик болып отыр. Сен жылдар бойы жазып жүрген Тұрар Рысқұлов небары орман-тоғай техникумын бітірген — мемлекет басқарған. Өзіміздің Баукеңді ал: кейін әскери академияда оқыды, тіпті генералдарды оқытты.

Баукең туралы найзағайлы сәт

Әңгіме енді Бауыржан Момышұлына ауысты. Таяуда өткен жетпіс жылдық тойы, Жиырма сегіз гвардияшы-панфиловшылар паркінде Ұлы Отан соғысының отыз жылдығына арналған мемориал ашылған сәт еске түсті.

— Өзің де көрдің ғой, — деп Тахаң мені шынтағымен түртті. — Шыжандай халық. Қонаев бастаған бюро мүшелері төрде тізіліп тұр. Әскери парад өтпек. Жай халық о жаққа жолай алмай, анталап тұр. Алдында қабат-қабат әскери қарауыл.

— Бір кезде сол «қамалды» бұзып, біреу алға шықты. Баукең! Басындағы дөңгелек қазақы бөркі, қолында таяғы. Тура бюро төрелеріне қарай тартты.

— Ту сыртынан келіп, Қонаев пен Ниязбековтің аяқтарының арасына таяғын сұғып тұрып, ары-бері ырғап-ырғап жіберіп еді — ана екеуі шошып қалып, аралары ажырап қалды. Сол араға Бауыржан қасқайып тұра қалды да, оң қолын шекесіне апарып, честь беріп, парадты өзі қабылдады ғой!

Тахаңның көзі жасаурап кеткендей болды.

— Сөйтсе, сорлылар Баукеңді әлгі салтанатқа шақыруды да ұмытып кетіпті. Әлде әдейі... Жеңістің отыз жылдығы, Панфилов... Оу, мұндай да жетесіздік болады екен-ау!

— Әйтпесе, Бауыржан әдепсіз емес еді ғой. Өз орнын білетін. Сыйлап шақырса, тұрар еді ғой басқа жерде-ақ.

Тахаң шығармашылық үйді басына көтере қарқылдап, жарқылдап бір күлді. Сол найзағайлы шақ есімнен кетпейді.

Туралықтың тұқымы

Баукеңе жағымпаздар, екіжүзділер, мақтаншақтар ұнай бермейтін. Ал Тахауи десе: «О, ол батырларың Көтібар көкеңнің тұқымы ғой. Ұқсайды бабасына», — деп қоятын.

Шынында да бабамыздың батырлығы, адалдығы, аңғалдығы, турашылдығы Тахаңның тұла бойында тұнып тұрғандай еді.

Баукең кейде қаһарланып: «Осы күні “менің бабам батыр болған” дейтін дуайпаттар көбейді. Жарайды, бабасы батыр болған шығар. Бірақ ұрпағы бабасының тырнағына тати ма? Ертеңгі ұрпағы сонымен мақтана ала ма? Соны неге ойламайды?!» — дейтін. Ал Тахауимен мақтануға болатынын да жасырмайтын.

Бауыржан Момышұлы дүниеден қайтқанда, Тахауи қабір басында хас шешендігімен: «Бауыржан Момышұлы — мына ноқталы дүниеде ноқтаға басы сыймай кеткен адам!» — деді.

Тахауидың өзі де сондай еді.

Көмексіз қалған сәт

Қайтыс боларынан біраз бұрын көңілін сұрап үйіне бардым.

— Мына жүрекке жәрдем беретін стимулятор Германияда бар екен. Әттең, жете алмаймын. Қаржы керек. Терещенкоға хат жаздым. Жауап жоқ, — деді.

Дәл осы тұста Терещенко үкіметі Қазақстан қазынасын талапайға салуды бастап жатқан шақ еді. Қазақ әдебиетінің бір бәйтерегі құлайын деп тұрғанда, соған тіреу бола алмаған сондай үкімет кімге опа береді?

Келді-кетті. Тура келген ажалға амал жоқ. Ал көпе-көрінеу көмектің күшімен сол ажалды тежей тұруға болатын сәтте қол ұшын бермеу — тасқұдайлық.

Тірі болса, Тахауи Ахтанов бүгін 75-ке толар еді.

Бетеге кетіп, бел қалар; бектер кетіп, ел қалар. Ел аман болса, Тахауи естен кетпес.