Үшінші қызы Күз жастайынан Күннен жырақта өсті

Күн мен Айдың айырылысы

Күн мен Ай қатты ренжісіп, бір-бірінен мәңгілікке айырылысады. Көп ұзамай олардың өз балалары дүниеге келеді. Айдың балаларын санап бітіру мүмкін болмайды. Ай өзінің жарқыраған балаларына «жұлдыздар» деп ат қойып, Күнді көргісі келмей, балаларын ертіп ғарыш әлемінде өмір сүре бастайды.

Күннің төрт қызы: мезгілдер

Ал Күннің бар болғаны төрт баласы болады. Ол олардың есімін былай қояды: Көктем, Жаз, Күз және Қыс.

Көктем

Көктем жастайынан анасын қатты жақсы көріп, Күннің құшағында өседі. Мінезі жайдары, қамқор әрі сұлу болады. Анасының жанында ержеткендіктен, Көктем жылы болып қалыптасады.

Жаз

Екінші қызы Жаз Күннен бір елі ажырамайды, Күнге деген махаббаты шексіз болады. Мінезі жанға жағымды, мейірімді әрі көрікті еді. Күннің құшағында өскен Жаз да анасы секілді ыстық болып өседі.

Күз

Үшінші қызы Күз жастайынан Күннен жырақта өседі. Мінезі көбіне көңілсіз болатын, сондықтан өзі де салқын болып қалыптасады.

Қыс

Төртінші қызы Қыс жылуды ұнатпайды. Ешкіммен тіл табыса алмайтын аппақ Қыс ызғарлы да суық болып өседі.

Араздық және әділ шешім

Көп ұзамай Күннің төрт қызында жаңа қасиеттер пайда бола бастайды. Анасы төрт қызын ертіп, Жер бетінде өмір сүруді жөн көреді. Алайда мезгілдердің арасында араздық күшейе түседі: Күз Көктемнің гүлдерін солдырып жіберсе, Көктем Қыстың аппақ қарын ерітіп жібереді. Түсініспеушіліктер көбейген сайын, ортақ тәртіп қажет болады.

Сонда Күн шешім табады: бір жылды төрт қызына тең бөліп, әрқайсысына үш айдан береді. Ал өзі қайтадан ғарыш әлемінде тұра бастайды.

Осылайша жыл мезгілдері әр үш ай сайын алмасып, Жерге сағынышпен оралып тұратын болыпты.