Бір мезгілде сауысқан келіп қонды

Қара батыр деген ерді бала күнінде түрікпен елінің жортуылшылары ұстап алып, еліне апарып, қой бақтырған екен. Аш-жалаңаш ұстап, жөнді тамақ бермеген соң, бала далада қойдың сүтін сауып ішіп, сонымен күн көріпті.


Тұмарды жеткізер құс іздеу

Бір күні бала далада қамығып жылап отырғанда, алдына бір қарға келіп қонады. Бала қарғаға жалбарынады:

«Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды алсана, біздің елге барсана, сағынып жүрген әкеме тұмарды бере қалсана».

Қарға қарқ етіп, ұшып кетеді.

Артынша сауысқан келіп қонады. Бала тағы да тіл қатады:

«Ай, сауысқан, сауысқан, өлеске жеп тауысқан, тұмарымды алсана, елге бара қалсана...»

Сауысқан шық-шық етіп, ол да ұшып кетеді.

Келіп тырна қонады:

«Ұзын мойын тырналар, қайыры бар мырзалар, тұмарымды алсана, елге бара қалсана...»

Тырна тыррау-тыррау деп, ұшып кетеді.

Артынша қаз келеді:

«Әй, қаздар-ау, қаздар-ау, сізге бар-ды наздар-ау, тұмарымды алсана, елге бара қалсана...»

Қаз қаңқ-қаңқ етіп, ұшып кетеді.

Көлден аққу ұшып келіп, бөгеліңкірейді:

«Көлден ұшқан қуларым, құс төресі туарым, тұмарымды алсана, елге бара қалсана...»

Аққу да көлденеңдеп тұрып, ұшып кетеді.

Біраздан соң қарлығаш келді. Бала үмітін соған артты:

«Әй, қарлығаш, тамырым-ай, жауда болдым қалар-ай, тұмарымды алсана, елге бара қалсана...»

Қарлығаш ұшып олай кетті, ұшып бұлай кетті. Ақыры қимай келіп, баланың қолына қонды.


Белгі салынған тұмар

Бала ойлады: «Әкем тұмарымды көріп таныса да, қай елде екенімді біле алмас. Бұған бір белгі салайын». Сөйтіп қолын пышақпен шаншып, қанымен тұмардың үстіне түрікпен елінің таңбасын салады.

Содан соң тұмарды қарлығаштың мойнына байлап, өз елінің, ата-анасының қонысын айтып, құсты ұшырып жібереді.


Отыз күндік сапар

Қарлығаш аспанмен ұшты: асқар-асқар тауларды, айдын-шалқар көлдерді, батпақты-лай шөлдерді, талай-талай өңірді кесіп өтті. Қос қанатын қамшылап, көктен қатер сезінсе, таса жерді жағалап, үстінен тері тамшылап, ұзақ жол жүрді.

Нақ отыз күн өткенде, бір ауылға жетті. «Баланың айтқан аулы осы ма?» деп, әр үйдің төбесіне қонып, адамын байқап жүрді. Бірақ баланың сипаттаған адамдары ешқайсысына ұқсамай шықты.


Зар мен үміт

Қарлығаш шаршап қалғып отырған кезде, бір үйден кемпірдің ыңырсыған даусы естілді. Құлақ түрсе, кемпір зарын төгеді:

«Ау, шырағым-құлыным, маңдайымда тұлымым, көлге біткен құрағым, жалғыз ұлым шырағым! Жау алды ма — білмедім, су алды ма — білмедім, аң алды ма — білмедім. Жөніңді біліп, шырағым, құрбаның боп өлмедім. Жиырма төрт ай болды, мен жалғызымды көрмедім!..»

Кемпірді тоқтатып, шал да шерін айтады:

«Жалғыз біткен талшыбық, келбетің келген қарағым, бір дерегіңді білейін деп дүниені кезіп қарадым. Таулардың нысат тасындай берік еді сүйегім, өрт шалғандай егілді. Қайда кеттің, сұңқарым, үміт еткен тұлпарым? Бір көрсетіп алмады, сол ғана болды-ау іңкәрім...»

Сол кезде жас қыз сөз алып, ата-анасын жұбатады:

«Нар кескен алмасындай асыл еді негізің, бірге туған егізім. Сен тұрғанда ойлаушы ем: арғымақ ат мінермін, асыл киім киермін, тең құрбымнан ілгері жарқырап жүрермін. Егізімнен айырылып, ақша беттен қан кетті, көңілімнен жан кетті... Әй, қартымыз, көзіңнің жасын тартыңыз. Мен бүгін бір түс көрдім: қолдан ұшқан сұңқарым қайта қонып жүр екен, үйірден жойған тұлпарым қайта келіп жүр екен, бірге туған құлыным үйге келіп жүр екен. Баба-түкті Шашты-әзіз нақ сарт болып кетпесе, шырақтан хабар алып, бір қарлығаш келген-ді...»


Таңбадан тану, баланы қайтару

Осы сөздерді естіген соң, қарлығаш тіп-тікелей шал мен кемпірдің алдына қонды. Бейшаралар жылап-сықтап, тұмарды алып қараса, таңбасынан Қара батырдың түрікпен еліне кеткенін аңғарды.

Содан кейін ат жаратып, адам жинап, түрікпен жұртына барып, көп тарту-таралғы беріп, баласын алып қайтты дейді.

Дерек: «Қазақша ертегілер жинағы» (kzertegi).