Адам баласының тағдыры әрқалай

Тағдыр мен талант: өнердің ауыр салмағы

Адам баласының тағдыры әрқалай. Табиғат берген өнер бойына қанша күш-қуат құйса да, Сегіз сері, Құрманғазы, Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса сияқты тұлғалардың өмірі онша бақытты болмағанын білеміз. Олар өз ортасына сыймай, азулы, қиянатшыл адамдармен алысып өтті.

Ал қазақтың күй өнерінде айрықша орны бар Дәулеткерей мен Тәттімбет тағдыры мүлде бөлек. Екеуі де ауқатты отбасында тәрбиеленіп, ешкімнен зорлық-зомбылық көрмеген. Бірақ жүректі тербейтін, көңілді оятатын саз ешқашан тоқмейілсуден, жайбарақат күйден тумайды. Өнер адамының ойын шайқайтын, сезімін қозғайтын құбылыстар өмірде әрдайым бар.

Арқаның табиғаты мен Тәттімбеттің қалыптасуы

Қазіргі Қарағанды облысының Қарқаралы аймағында туып-өскен Қазанғапұлы Тәттімбеттің айналасы — Арқаның мөлдір сулы, шалғынды жайлауы еді. Той жасап, ат шаптырып, балуан күрестіріп, қазы-қарта мен қымызға қарық болған елдің ішінде Тәттімбет ержетті.

Құдай берген дарынның арқасында ол ауыл ішіндегі күйшілерден тәлім алып, өзі де өрен жүйрікке айналды. Жиын-тойдың көркі болған әсем жігіт қыз-қырқынның ортасында күйшілік өнерін таныта бастайды.

Аңыз болып қалған жарыс

Айтылатын аңыздардың бірінде Тәттімбет домбырашы қызбен күй сайысына түсіп, 39 күй орындаса да жеңілмеген қызды айламен тоқтатқан деседі. Ол бір аяғындағы етігін шешіп тастап, қырқыншы күйді башпайымен тартып, қарсыласын тосылдырған екен. Сол дәуірдің салты бойынша, қыз бала аяқ киімін шешіп, башпайын көрсете алмай, сайыста жеңілген болып саналған.

Шабыт пен салтанат: күйдің қуанышы

Ойын-сауықтарда кездескен қыздардың өнері мен сұлулығына қызығып, көңілі шалқыған Тәттімбет «Былқылдақ», «Сылқылдақ» секілді тамаша күйлер шығарған.

Өнерлі жігітті ел басқарған игі жақсылар үлкен жиындарға, ас пен тойларға ертіп жүретін. Омбының генерал-губернаторы қатысқан Арқадағы үлкен басқосуда Тәттімбет күй тартып, боз жорға атын билеткен деген аңыз бар.

Осы өнерінің арқасында ол үлкен делегациямен бірге Ресей империясының астанасы — Петербургке де сапар шеккен.

Отаршылдық көлеңкесі және «Көкейкесті»

Алайда ел ішіндегі жайбарақат күндер бірте-бірте артта қалып, аспанды ала бұлт торлай бастайды. Ресей отаршылдары ішке қарай ентелей еніп, қазақтың шұрайлы жерін, өзен-суын, тоғайын иемденуге кірісті. Еліміздің ең сұлу өлкелерінің бірі — Қарқаралы маңайына да отаршылдар қаптап келе бастайды.

Олар өзен-бұлақ бойына үйлерін салып, бекет орнатып, жайлауға картоп еге бастады. Осындай өзгерістерге ойлы көзбен қарайтын, елі мен жерінің келешегін болжағанда жүрегі сыздайтын Тәттімбет «Көкейкесті», «Сарыжайлау» күйлерін шығарды. Мәңгі өлмейтін бұл күйлерде өмірдің өкініші мен қимасы қатар өріледі.

Тәкен Әлімқұловтың пайымы

Тәттімбет туралы тебірене жазған Тәкен Әлімқұлов «Сарыжайлау» жөнінде былай дейді: өмірдің барлық қызығын осы күй арқылы танып, сол жайлауға шексіз шаттанған, шаттық арқылы жапа шеккен жанның жат лебізі; шалқыған жаздың, салтанатты жайлаудың дерегін жартастан сұраған ащы әуен; өмірдің өзі жайлаудай түлеп, алмасып, өзгеріп тұратынын анық пайымдаған түйсікшіл пенденің шын сыры; Сарыжаздың, Сарыжайлаудың шежіресі.

Мұраның мәңгілігі

Тәттімбет күйлері қазақ операсының інжу-маржаны саналатын «Қыз Жібек» пен «Абай» операларында, симфониялық шығармаларда, оркестрлердің орындауында жаңғырып, халық жүрегінде мәңгі сақталып келеді.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы