Мектеп қабырғасында біз көптеген пәндерді оқимыз

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол. Бұл — қиын да жауапты, шығармашылықты талап ететін еңбек. Сондықтан мен үшін мұғалім — ең мәртебелі, құрметке лайық мамандық.

Мұғалім тұлғасы: мейірім мен талаптың тоғысы

Менің түсінігімдегі мұғалім — рухы таза, ой-өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгетін, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсететін, жаңашылдыққа жол бастайтын жүрегі жылы, көңілі дарқан жан.

Ұстаздың ең үлкен күші

  • Әр баланың көңілін тауып, жағдай жасап, қамқорлық көрсетуі
  • Оқушының ішкі сырын тыңдап, сенімін ақтауы
  • Жеке уақытын аямай, білімін де, мейірімін де шәкіртке арнауы
  • Балаға өмірден өз орнын табуға бағыт беруі

Барлық ұлы адамдар ұстаз алдынан өтіп, білім алып, үлгі-өнеге көрген. Олар ұстаз алдына бас иіп, еңбегіне құрметпен қараған. Ұстаз шәкіртті туған баласындай көріп, ақыл айтып, білім нәрімен сусындатып, оңы мен солын танытады.

Мен үшін ең маңызды пән — қазақ тілі

Мектеп қабырғасында біз көптеген пәндерді оқимыз. Алайда мен үшін ең маңызды пән — қазақ тілі. Қазақ халқы талай жылдар бойы аңсаған тәуелсіздігіне қол жеткізгелі бері көптеген армандар орындалды. Соның жарқын көрінісінің бірі — елімізде мемлекеттік тілдің қазақ тілі болуы.

Мен — Гилязитдинова Наталья, қасиетті Әулиекөл ауданының, атақты ғалым Шоқан Уәлиханов туған өлкенің тумасымын. Ұлтым татар болса да, жүрегім әрдайым қазақ деп соғады.

Мен оқитын тоғызыншы сынып — көпұлтты. Соған қарамастан бәріміз тату-тәттіміз, әрдайым бір-бірімізге қол ұшын созамыз.

Ұстазымның еңбегі — менің тілімдегі еркіндік

Мемлекеттік тілді жақсы деңгейде меңгеруіме қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімім — Мадина Хамзақызы зор еңбек сіңірді деп білемін. Ол бізге қазақ тілін бірінші сыныптан бастап үздіксіз оқытып келеді. Оқушыларына үнемі ақыл айтып, жөн сілтеп отыратын ұстазымыздың әр сөзі біз үшін алтыннан да қымбат.

Арманымның бағыты

Ұстазымның еңбегін көре жүріп, мен де оған еліктедім. Сол себепті келешекте жоғары оқу орнына түсіп, қазақ тілі пәнінің маманы болуды армандаймын. Оқуымды аяқтаған соң өз ауылыма оралып, кішкентай бүлдіршіндерге қазақ тілін үйреткім келеді.

Мұратыма жету жолында өзіме нақты мақсат қойдым: қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлеу. Бос уақытымда қазақша ән айтуды, өлеңдерді жатқа айтуды, әдеби шығармаларды оқуды ұнатамын. Сүйікті ақын-жазушыларым: Мұқағали Мақатаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Қалқаман Сарин.

Ізденіс пен тәжірибе: байқаулар мен олимпиадалар

Жазда мемлекеттік тілді жақсы меңгерген үздік оқушыларға арналған демалыс орнына бардым. Бірнеше жылдан бері қазақ тілі пәні бойынша республикалық олимпиадаларға, байқаулар мен сайыстарға тұрақты қатысып келемін.

«Мың бала» байқауы

Биыл қыркүйек айында Қостанай қаласына барып, «Мың бала» байқауына қатыстым. Жеңіске жетпесем де, ерекше қанаттанып қайттым: жаңа достар таптым, олармен қазақ тілінде сөйлесіп, бойыма сенім жинадым.

Аудандық олимпиада

Желтоқсан айында аудандық пәндік олимпиаданың бас жүлдесін иелендім. Осы жетістіктерім арқылы мемлекеттік тілдің өркендеуіне аз да болса үлес қостым деп ойлаймын.

Қорытынды ой: тілге құрмет — елге құрмет

Мемлекеттік тілге деген құрметімді қазақ халқына деген құрметімнің көрінісі деп түсінемін. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазақ халқының мәдениетін, тарихын, әдебиетін және тілін білуге ұмтылуға тиіс. Өйткені ортақ үйіміздің қадірін арттыратын ең маңызды құндылықтардың бірі — тіл.