Ашық сабақ мақсаты
Ашық сабақ тақырыбы
Отбасы — өмір аясы
Сабақтың мақсаты
- Отбасы құндылығы туралы түсініктерді кеңейту; отбасын сүйе білуге, отбасы игілігі үшін талмай еңбек етуге үйрету.
- Отбасының өмірдің ұйытқысы екені, оның киелі қасиеті және отбасы тәлімінің мәні туралы ұғымдарды тереңдету.
- Отбасы тәрбиесінің мән-маңызын ашып, ұлттық салт-дәстүрді түсініп, құрметтеуге баулу және алдағы өмірге даярлау.
Сабақ барысы
1) Шаттық шеңбері
Көңілге қуаныш сыйлайтын, жанымызды ізгілендіретін өнердің құдіретті түрлерінің бірі — күй. Оқушыларды күй тыңдауға шақыру.
2) Ойланайық, пікірлесейік
«Отбасы» сөзіне ассоциация құру.
- «Отбасы», «отау», «отағасы», «отау иесі» ұғымдарын қалай түсінесіз?
- Отбасының негізі неде деп ойлайсыз?
3) Назар аударайық
Қ. Толыбаевтың шығармасынан үзінді оқылады. Оқушылар мәтіндегі есте қалатын негізгі ұғымдарды анықтап, тақтаға жазады.
4) Мәтінмен жұмыс
Ш. Айтматовтың «Мұрап» әңгімесінен үзінді оқылады.
Талқылау сұрақтары
- Мәтіннен қандай көріністерді елестете аласыз?
- Қаратайдың отбасына қандай сипаттама берер едіңіз?
- Отбасының берекелі болуы кімге байланысты деп ойлайсыз?
- Отбасын құру үшін ата-ананың келісімі қажет пе?
- Отбасын құру үшін адамдар бірін-бірі қанша уақыт білуі керек деп ойлайсыз?
5) Дәйексөз
«Үйлену дегеніміз — өз құқыңның жартысын азайтып, міндеттеріңді екі есе көбейту деген сөз».
6) Жаңа ақпарат
Отбасы адамға бақыт пен толыққанды тыныс-тіршілік әкеледі. «Үйлену оңай — үй болу қиын» дейді халық мақалы. Отбасының іргетасы ер азамат пен әйел адамның ақ неке қиып, отау тігуінен қаланады.
Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі — бала. Баланың тәрбиелі, жан-жақты болып өсуіне берекелі, өнегелі, ынтымақты отбасының ықпалы зор.
Отбасы ата мен бала, келін мен ене және басқа да отбасы мүшелерінің жылы қарым-қатынасынан құралады. Отбасы берекелі, тату болуы үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық әр адамның жүрегінен орын алуы керек.
Маңызды ой
Адам өмірге ұрпақ әкеліп қана қоймай, сонымен бірге оған жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды, ата-бабасының салт-дәстүрін сіңіреді. Баланы қоршаған ортаға және қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру — ата-ананың ең маңызды міндеті.
«Отан — отбасынан басталады» дейді халқымыз. Елдің, ұлттың және жалпы адамзаттың болашағы мен даму деңгейі де отбасының беріктігіне байланысты.
7) Бейнематериал
Тақырыпқа сай бейнематериал көрсетіліп, қысқаша талқылау жүргізіледі.
8) Шығармашылық жұмыс
а) Мақал-мәтел
Отбасына қатысты мақал-мәтелдердің жалғасын табу.
ә) «Құндылық құнын ұғыңдар» (карточкамен жұмыс)
Төмендегі жолдарды өз ойыңызбен толықтырыңыз:
9) «Менің ойымша…»
Оқушылар «Менің ойымша…» немесе «Мен ойлаймын…» айдарымен отбасы туралы өз пікірін білдіреді.
10) «Бақытты отбасы» моделі
Оқушылар «бақытты отбасы» ұғымын бейнелейтін модель (сызба/постер) әзірлейді.
11) Үй тапсырмасы
- Өтілген мәтіндерге сүйене отырып, отбасы құру үшін өзіңізге қоятын талаптардың тізбесін жасап келіңіз.
- Өз отбасыңыздың елтаңбасын жасап көріңіз.
12) Жүректен жүрекке
Сабақты «Ұрпаққа өсиет» әнін орындаумен аяқтау.