Қазағымның жерін, елін қорғайтын
Өлең
Мен қазақпын, ұланымын елімнің.
Мен қазақпын, тірегімін жерімнің.
Ұланымын туын көкке көтерер,
Болашаққа алға бастап жетелер.
Қиындығын қазағымның әрқашан
Қайыспайтын қара нардай көтерер.
Көз тойғысыз қазағымның жері бар:
Ну орман, тауы, өзені, көлі бар.
Қазағымның жерін, елін қорғайтын
Жас жеткіншек, ұланы бар, ері бар.
Міне, осындай егеменді еліміз,
Кең жазира, ұлан-байтақ жеріміз.
Туған елін, туған жерін сүйетін —
Біз қазақтың ұланымыз, еріміз.
Тәуелсіздік — болашаққа ашылған жол
Мен Астанадан алыста жатқан ауыл мектебінің 8-сынып оқушысымын. Тәуелсіздіктен кейін дүниеге келдім. Дегенмен менің келешегіме кең жол ашқан тәуелсіздіктің орны бөлек.
Ата сөзі
«Егемен болмай ел болмас, етектен кесіп жең болмас».
Азаттыққа апарған ауыр жол
Тәуелсіздікке дейін қазақ жерінде еркіндікті аңсаған үш жүзге жуық ұлт-азаттық көтеріліс болғаны айтылады. Мен тарихи кітаптарды көп оқимын. Сол еңбектерден аңғарғаным: тәуелсіздікке жету оңай болмаған.
Жүздеген Алаш ардақтылары басын бәйгеге тігіп, қазақ халқын бодандықтан құтқарып, ұрпағын тәуелсіздікке жеткізуді мақсат еткен.
Жастардың үні: елдің ертеңі — өз қолымызда
Жақында еліміздің барлық өңірінен 150-ден астам оқушы Астанада бас қосып, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына арналған «Қазақстанның жарқын болашағы — жастардың көзімен» тақырыбында шығарма жаздық. Сол жерде тәуелсіздік туралы ойларымызды ортаға салдық.
Іс-шараға ұйытқы болған — «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Замандастарымның арманы мен мақсатын, Отан туралы ой-пікірін тыңдағанда, патриоттық рухтың айқын екенін сезіндім.
Талқыланған тақырып
Тәуелсіздікке дейінгі тыныс-тіршілік және кейінгі 20 жылдағы өркендеу.
Негізгі ой
Білімді жасқа әрқашан жол ашық.
Білімге ашылған әлем
Бұрын бізден алдыңғы ұрпақтың ең арысы Мәскеуге барып қайтатын еді. Ал қазір білімді жастар төрткүл дүниені шарлап жүр. Кездесу кезінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері мемлекет қамқорлығының арқасында әлемнің атақты оқу орындарында білім алғанын айтты. Бұл — мүмкіндіктің артқанын көрсететін айқын дәлел.
Астана әсері
Білім сайысы аясында біз Астананы да аралап көрдік. Арқадан Алматыға, Алтайдан Каспийге дейінгі кең өлкеде өмір сүріп жатқан қазақ елінің ұл-қыздары елорданың көрікті орындарымен танысты. Бәйтеректің басына көтеріліп, әсем қалаға сүйсіне қарадық.
Мектеп бітіргеннен кейін осы қалада оқысақ деген арман әр оқушының көкейінде тұрды. Мұның бәрін біз тәуелсіздіктің жемісі деп білеміз.
Автор
Бибігүл Әлжекесова
Х. Наубетов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы
Атырау облысы, Исатай ауданы