Қараса белгісіз номер

1) Таңғы жарық және түс

Алматыдағы еңсесі биік ғимараттар иін тіресіп орналасқан. Солардың бірінің терезесінен жарық әдеттегіден ерте жанды — бұл Қарагөздің пәтері еді. Әдетте ол күн көтерілгенде ғана оянатын.

Бетін жуып жатып, айнаға көзі түсті. Бір сәт үнсіз тұрып қалды: түнде көрген түсі қайта оралды. «Бұл не ғажап? Расында, не болды?»

Түс ішінде

Ол ну орманның арасында адасып жүргендей еді. Айналасын көк тұман басқан. Басы айналып, сыздап тұр. Біраз уақыт сол жерде айналшақтап тұрды. Кенет күн жарқырап ашылды да, басының ауруы басылды.

Алдынан үлкен үй көрінді. «Не де болса, көріп өлейін», — деп есігін ашты. Үй қаңырап бос: тіршілік белгісі жоқ. Ақырын басып екінші қабатқа көтерілді. Түпкі бөлменің есігін баяу ашқан сәтте — қатып қалды. Айқайлауға да шамасы келмеді.

Тап алдында асылып өлген жас жігіт тұрды.

2) Серіктің туған күні

Бүгін — Серіктің туған күні. Екі езуі екі құлағында, жас балаша қуанып жүр. Өйткені ол дәл жиырмаға толды. Сол себепті жұмыстан ертерек қайтқан.

Үйінің есігін ашып, жарықты жаққан сәтте-ақ: «Серік, туған күніңмен!» деген құттықтаулар жаңғырып қоя берді. Артынша тілектер, торт, ән-күй — бәрі араласып кетті.

Сыйлық

Достары оған телефон сыйлады. Қарапайым телефон емес — атының өзі үрей туғызатын iPhone 5s. Сол телефонмен бірге Серіктің өміріне жаңа өзгерістер, жаңа оқиғалар кіретінін ол да, достары да ол кезде білмеген еді.

3) Жексенбілік үрей

Күн жексенбі. Қарагөз әдеттегідей ерте оянды. Таң бозара бастағанда күнде бір түс көретін, содан шошып оянатын. «Шықпа, жаным, шықпа» деп әрең жүрген күндер.

Ауыр ойлар еңсесін басып, компьютеріне шұқшиып біраз отырды. ВК-дегі достарын қарап, мұңға батты: «Өмірде де осылай досым көп болса ғой...»

Бейтаныс парақша

Жолданған сұраныстарды қабылдамай, біртіндеп өшіріп келе жатқанда, біреуіне көзі түсті. Парақшаға кіріп, ақпаратын оқыды: Серік Сансызбайұлы, 1995 жылғы, Алматы қаласы.

Суреттерін қарап шықты — үнемі артқы фонда, өзі жалғыз түскен бірде-бір фото жоқ. Демек, араласатын адамы көп шығар. Қарагөз іштей «красавчик екен» деп түйіп қойды. Бірақ жүрегі біртүрлі шым ете қалды: беймәлім бір болашақ белгі бергендей.

«Сұранысты қабылдау» батырмасын қалай басып қойғанын аңғармай да қалды. Ол Серіктің суретіне тесіліп, ұзақ қарап отырды.

4) Бір жылдық хат алмасу

Қарагөз бен Серік әлеуметтік желі арқылы көптен бері сөйлесіп жүр. Қазір тіпті ескі таныстардай бір-бірін жақсы танитындай. Бүгін олардың жазысқандарына тура бір жыл толды.

Диалог

Қарагөз: Сәлем, қалайсың?

Серік: Сәлем, жақсы. Өзің?

Қарагөз: Норм. Не істеп отырсың?

Серік: Жай отырмын. Сен ше?

Қарагөз: Мен де.

Серік: Ммм.

Қарагөз: Бүгін біздің сөйлесіп жүргенімізге 1 жыл толады!

Серік: Ммм, солай ма?

Қарагөз: Кездессек деймін.

Серік: ...

Бұл — Қарагөздің көптен бергі арманы еді. Ол мұны талай рет айтқан, бірақ Серік үнемі сылтау табатын.

Қарагөз сөзін жалғады: «Неге үндемейсің? Мен саған ренжідім. Болды, жазба маған!»

Бұл сөздер Серіктің жүрегіне тікен болып қадалды.

Серік: Жарайды, кездесейік.

Осылай әңгіме аяқталды. Екеуі кездесу орны мен уақытын белгіледі. Серік еңсесін басқан ауыр ойлардан арыла алмай, төсегіне сұлап түсті.

5) Кездесу

Серік белгіленген жерге ерте келді. «Ол мені көргенде не ойлар екен?» деген ой тұманша үйірілді. Жарты сағаттай күтті, бірақ ешкім келмеді.

«Сырттай көріп, кетіп қалған шығар» деген күдік тұншықтыра бастады. Сол сәтте қарсы алдынан келе жатқан бір адамды көрді — Қарагөз.

Раушан

Серіктің жүрегі аттай тулады. Қарагөз алыстан-ақ таныды. Аузында алқызыл раушан гүлі бар. «Неге аузында? Әлде бір керемет көрсеткісі келді ме?» — деп ол өз-өзіне күбірледі.

Жақындап келіп: «Сіз Серік боласыз ба? Менің атым Қарагөз», — деп қолын ұсынды.

Бірақ Серік пальтосын желбегей жамылған күйі мелшиіп тұрып қалды. Сол сәтте Қарагөздің көз алдынан сан ой жүгіріп өтті: ол енді жігіттің екі қолы шолақ екенін түсінді.

Қарагөз шыңғырып жылап, басы ауған жаққа қаша жөнелді. Аяққа тапталған раушан гүлінің күлтелері жерге шашылып қалды.

6) Үміттің үзілуі

Сол кездесуден кейін Серік өмірден қатты түңілді. Нәр татпайтын болды. Күні-түні төсегінде көзін тарс жұмып, ешкіммен сөйлеспей жататын.

Достары қайта-қайта келіп, не болғанын сұрады. Бірақ Серік үнсіз қалды. «Бұлай өмір сүргенімше, өлгенім артық» деген ой да мазалады.

Ішкі тыйым

Алайда мешітте естіген уағыз есінен кетпеді: «Бұл дүниеде адам өз-өзін қалай өлтірсе, ана дүниеде мәңгілік солай азапталады». «Жоқ, кілтсіз құлып болмайды. Не де болса амалын табу керек», — деп өз-өзін жұбатты.

7) Белгісіз нөмірден хат

Кездесуден кейін үш-төрт күн өтті. Қарагөз пәтерінде теледидарға телміріп отырды. Болған оқиғадан соң әлеуметтік желіге қайта кірмеуге ант еткен.

Бірақ жүрегі алабұртып, бірдеңеге мазасыздана берді. Телефонына қайта-қайта алаңдайтын болды. Кенет телефон дыбыс берді. Қарагөз селк етті: хабарлама келіпті. Белгісіз нөмір.

Өлең

Қарагөз неге екені белгісіз, мәтінді дауыстап оқи бастады.

Ұнап еді ай дидарың, Мөлдір қара көздерің. Бір көрдің де ғайып болдың, Жан сырымды сезбедің. Кейде мұз боп қатып қалам, Кейде жалын от болам. Мұны оқып отырсаң сен, Бұл өмірде жоқ болам.

Өлеңді оқып болғанда, есіне Серік түсті: мұны жазған сол болар. Бетін қуалап аққан жастың жерге тамып кеткенін де аңғармады. Сол баяғы мазалай беретін түсі көз алдынан тағы да жылжи бастады, ал белгісіз бір күш оны есікке қарай сүйрегендей болды.

8) Ашық есік

Қарагөздің аяғы өзіне бағынбай, асыға басып, Серік тұратын үйге жетті. Подъездің есігін ашқан жігітті қаға-соға ішке ентелей кірді.

Серіктің пәтерінің есігі ашық екен. Қарагөз тер басқанын да елемеді. Жүрегі атқақтап, аузына сыймай барады. Түпкі бөлменің есігін тартты — ашылмады. Қайта-қайта жұлқылады, тепті, ұрды — пайда жоқ.

Әйнек

Бір кезде есіктің ортасы әйнек екенін көрді. Ол жұдырығымен әйнекті төпелей бастады. Қолынан сорғалаған қанға да, ашығанына да қарамады. Ақыры әйнек адам өтетіндей болып сынды.

Ол өзі тесіктеген жерден өтіп, сүрініп барып тұра бергенде — алдындағы көріністі көріп, көз алды тұманданып кетті.

9) Тергеу

Тергеушілер бүгін мазасыз. У-шу, көліктер, топ-топ болып жүрген милиция. Аға тергеуші көрші тұратын апайдан жауап алып тұр.

Көршінің жауабы

Аға тергеуші: Сол күні не көргеніңізді айтып беріңізші.

Көрші әйел: Мен сол күні қоқыс төгуге сыртқа шықтым. Қайтып келе жатқанда, бір нәрсенің сынғанын естідім. Жалма-жан пәтеріме қарай жүгірдім. Сол кезде көрші пәтердің есігі ашық тұрғанын байқадым. Ішке кірсем, түпкі бөлменің есігі сынған екен. Сынған жерден қарап едім, бір жігіттің асылып тұрғанын және бір қыздың жерде жатқанын көрдім. Сөйтіп сіздерге хабар бердім.

Сол сәтте аға тергеушінің қасына майор Талғатов келді: «Тергеуші мырза, мұны қалай түсінеміз?» — деді үні қатқыл шығып.

Аға тергеуші иегін сипап, аз үнсіз тұрған соң: «Бұл — суицид. Ал қыздың өлімі неден болғаны әзірге белгісіз. Бірақ жүрегі тоқтап қалған. Әдетте бұл қатты шошынғаннан болады», — деді де күрсініп, үнсіз қалды.

Осы мезетте күн қызыл шұғылаға малынып, ұясына батып бара жатты.