БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ТҮРКІСТАН ҰЛТ - АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСЫ
Тұрсын Жұртбай — Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы Отырар кітапханасы ғылыми орталығының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор.
Біртұтас Алаш идеясы және Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы
ХХ ғасырда дүние тарихы астаң-кестең болып, империялық және ұлттық мүдделердің қақтығысы әлем жағырафиясынан бастап, ұлттар мен ұлыстардың, тіпті жекелеген адамдардың тағдырына дейін түбегейлі өзгеріс әкелді. Түсіндіру қиын, бірақ бәріне түсінікті мүдделер тұтас елдерді бөлшектеп, бұтарланған жұртты бунақтады.
Ялта шешімі және тарихи әділетсіздік
№453-Л хаттама мен 1945 жылғы 11 ақпанда Ялтада өткен конференцияда И. Сталин, Ф. Рузвельт, У. Черчилль қол қойған «Қиыр Шығыс мәселесі» туралы бітім бойынша Шығыс Түркістан Қытай құрамына беріліп, Сыртқы Моңғолияның дербестігіне айырбасталды. Сөйтіп, тектік, діндік, тілдік негіздері қабыспайтын кеңістіктер бір саяси құрылымға күштеп біріктірілді.
«Бөліп ал да, билей бер» деген империялық өктемдік салдарынан бүйрегі бүтін қазақ елі үшке бөлінді. Қазақстан үшін ең өзекті әрі күрделі құпия мәселенің бірі — әлімсақтан бері атақонысында отырған Шығыс Түркістандағы қазақтардың тарихи тағдыры.
Зерттелмеген тарихтың салдары
Екінші дүниежүзілік соғыстың соңғы нүктелерінің бірі болған Шығыс Түркістан Республикасының құрылуы мен таратылуы — ұлттық тұтастық пен ұлттық ыдыраудың тарихи, саяси, рухани және территориялық түйіткілдерін ашатын аса маңызды тақырып. Алайда тәуелсіздікке дейін өз тарихынан өзі жеріген қазақ тарихнамасында бұл мәселе ғылыми деңгейде жүйелі зерттелмеді, қазақ тарихшылары үшін көпке дейін бимағлұм күйде қалды.
Миллиондаған адамның тағдырын таразыға салған бұл оқиға туралы қарама-қарсы мүдделер мен пікірлерді зейін қоя зерделеу — тек қазақ зерттеушілерінің ғана емес, сондай-ақ орыс, қытай, моңғол, қырғыз тарихшыларының да ортақ міндеті.
Атау мәселесі: термин емес, сана
Өкінішке қарай, бүгінгі территориялық шекаралар тиянақталған тұста да бұл оқиғалар толық ғылыми зерделеуден өткен жоқ. Бұдан да сорақысы — кейбір зерттеушілер «Шығыс Түркістан» атауынан бас тартып, отарлық пиғылды аңғартатын «Синьцзян» («Жаңа жер») атауын ғылыми термин ретінде орнықтыруға бейіл.
Ал Тәңіртауды бөктерлей орналасқан тұтас жұртқа қойылған «Шығыс Түркістан», «Орталық Түркістан», «Батыс Түркістан», «Солтүстік Түркістан» секілді атаулар — жағырафиялық ұғымдар. Өткен ғасыр басында түркі жұртының атауын тарихтан өшіруге ұмтылған өктем көзқарастардың салдарынан бұл атаулардың өзін «қатерлі» етіп көрсету әрекеттері де болды.
1919 және 1922 жылдардағы түркі халықтарының астыртын құрылтайларында қазіргі Қазақстан мен Башқұртстан «Солтүстік Түркістан» деп аталып, картаға енгізіліп, ортақ ту да бекітілгені айтылады. Тәуелсіз мемлекет жағдайында да ғылыми ойдың өзегінде тарихи дербес пайым орнықпайынша, тарихи шындықты қалпына келтіру қиын.
Шығыс Түркістан — қазақтың бөлшектенген кеңістігі
Тарихи мағынасы
Көне түркідің «Мәңгілік ел» идеясы аясында өмір сүрген түркі дүниесінің ата мекені.
Жер ұғымы
Бөлшекке түскен қазақ жері.
Ел ұғымы
Бөлінуге түскен қазақ елі.
1918 жыл: Шәуешектегі кіші құрылтай
Осындай өксікті өкініштің уыты таралмас үшін А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Р. Марсеков, Қ. Сүлейменұлы бастаған қайраткерлер 1918 жылғы 24 сәуірде Шәуешек қаласында кіші құрылтай өткізді. Негізгі мақсаттары:
- Алашорда үкіметінің Шығыстағы эмиграциялық бөлімін ашу;
- босып барған ел мен жергілікті қазақтарды біріктіріп, Алашорда мемлекетінің азаматтары ретінде Қытай үкіметіне ресми тіркету;
- жерге қоныстандырып, дербес автономиялық басқару жүйесін құру.
Алайда мәнжу империясы күйресе де, империялық үстемдік пиғылы жоғалмады. Талап орындалмады, үміт ақталмады. Дегенмен Алаш идеясы дәнін сеуіп үлгерді: ұлттық газеттер, мектептер, мәдени ошақтар ашылып, ұлттық сана оянып, ақыры ұлт-азаттық қозғалысына ұласты.
Құрбанды құрметтеу — тұтастық өлшемі
Ұлт-азаттық күрестің қаһармандары осы біртұтас Алаш идеясы үшін қару алды, жараланды, қаза тапты. Демек, біз бүгін Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрбандарын қалай қастерлесек, Шығыс Түркістандағы азаттық күрестің жауынгерлерін де солай құрметтеуіміз керек.
Егер қазақты біртұтас ел деп танысақ, Алаш идеясын біртұтас қазақ идеясы деп мойындасақ, онда әлемнің қай түкпірінде болмасын қазақтың азаттығы үшін күрескен әр жауынгерді, әрбір құрбанды біртұтас ұлт-азаттық күрестің ардагері деп тануға тиіспіз. Көрсетілетін құрмет пен әлеуметтік қолдау деңгейі де соған сай болуы қажет.
Алаш идеясының бес ұлы нысанасы
Алаш идеясына адалдық — осы талапты алға тартады. Қазақ үшін Алаш идеясынан, оның бес ұлы нысанасынан артық мүдде болмауы тиіс. Бұл ұстанымдар бүгін де маңызын жойған жоқ, қайта тәуелсіздік тереңдеген сайын өткір сұрақ ретінде алдымыздан шыға береді.
1) Жер, жер және жер
Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: қазақтың байырғы жері қазақтар ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі тиіс.
2) Табиғи байлық ұлттық мемлекетке қызмет етуі керек
Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі тиіс. Ә. Бөкейхановтың сөзінше: «әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы керек».
3) Толық экономикалық тәуелсіздік
Қазақ жерінде өндірілген шикізат сол мемлекеттің азаматтарына дайын өнім болып қайтуы керек: «бір уыс жүн» өз халқына тоқыма болып киілуі тиіс.
4) Мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі
Қазақ мемлекетінде тіл, дін, діл мәселесі — ұлттық тұтастықтың тірегі ретінде орнығуы қажет.
5) Ғылым мен дәстүрге сүйенген ұлттық-демократиялық мемлекет
Ғылымға және ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйеніп, Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру — түпкі мақсат ретінде қойылды.
Бұл бес идея азаткерлік миссиясын әлі жойған жоқ. Жер үшін, табиғи байлық үшін, тәуелсіз экономика үшін, тіл мен діл үшін, дін үшін, ұлттық ар-ожданды қорғайтын тәуелсіз заң, тәуелсіз ойлау жүйесі және тәуелсіз ғылым үшін күрес — енді басталған ұзақ жол.
Шығыс Түркістан қозғалысы және Алаш мұраты
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық күрес — осы бес мақсатты жүзеге асыруға ұмтылған халықтық қозғалыс. Қалибек хакім де осы мұрат үшін күресті: ел көшінің атойшысы болды, ауыр жол кешті, азаттық аңсаған халықтың үмітін арқалады.
Дәлелхан Жаналтай, Халифа Алтай, Хасен Оралтай, Қамза Ұшар, Құсайын тәйжі секілді қатарластары мен үрім-бұтағы арқылы жеткен үн, ауа толқындарымен туған елге тарады. Сол талып жеткен дауыстар жүректегі Алаш идеясының қоламтасын қозғап, үміт отын жақты. Бұл қолдауды желтоқсан оқиғасына дейін де, сол тұста да, кейін де жүргізілген астыртын жұмыстар барысында сезінгендер аз болған жоқ.
Ғылыми олқылық және маңызды еңбектер
Өкінішке қарай, біртұтас Алаш идеясы үшін күрескен Шығыс Түркістандағы азаттық майданы туралы және оны Алаш партиясы, Алашорда үкіметі тағдырымен, жалпы қазақ күрескерлерінің жолымен тұтастыра қарастырған іргелі зерттеу әлі де жеткіліксіз. Бұл тақырып әр мемлекеттің саяси ұстанымына қарай әрқилы жазылып келеді.
Осы бағыттағы ділгір еңбектердің бірі ретінде Тұрсынхан Қайыркенұлының «Ұмытылған мемлекет (Синьцзян/Шығыс Түркістан қазақтарының ұлт-азаттық қозғалысы. 1940–1949)» атты монографиясын атап өтуге болады: бұл тақырыпқа жасалған маңызды қадам, алғашқы кең тынысты кіріспе іспетті зерттеу.
Ұсыныстар: ұлттық жоба деңгейіндегі жұмыс
Егер ұлттық тұтастығымызды әлем қауымдастығы алдында дәлелдеп, мойындатқымыз келсе, бұл мәселе ерекше назарда болуы тиіс. Президенттік Мемлекет тарихы институты секілді ғылыми орталықтар (талантты, батыл зерттеушілердің басшылығымен) бұл бағытқа жүйелі ықылас танытады деген үміт бар. Сондай-ақ Ғылым және Мәдениет министрліктері күш біріктіріп, ауқымды жоба әзірлеуі қажет.
1) Ортақ ұғымды орнықтыру және халықаралық ғылыми конференция
«Біртұтас Алаш идеясы» терминін ғылыми айналымда бекітіп, «Біртұтас ұлт-азаттық қозғалысы және Шығыс Түркістан» тақырыбында халықаралық конференция өткізу. Оған қазақ ғалымдарымен қатар қытай, орыс, америкалық, неміс, түрік, ағылшын, француз, моңғол, Тайбэй зерттеушілерін және тағдырлы әскери-дипломатиялық келісімдерге қатысқан мекемелер өкілдерін тарту.
2) Көп томдық дерекнама жариялау
Қозғалысқа қатысты дастандарды, қоштасулар мен жоқтауларды, аңсарлы хаттарды, күнделіктерді, жолжазбаларды, естеліктерді, зерттеулерді және деректі құжаттарды жинақтап, көп томдық етіп шығару. Бұл тәуелсіздіктің тарихи беттерін түгендейтін тағдырлы басылым болмақ.
Мұндай қолжазба мұралар мен мұрағаттық деректердің бір бөлігі Отырар кітапханасы ғылыми орталығында бар, саны жүзден асады. Әлі табылмағаны қаншама.
3) Ескерткіш және қоғамдық жады
Шығыс Түркістандағы және Моңғолиядағы ұлт-азаттық қозғалыс құрбандарына ол елдерде ескерткіш қойылуы қиын екені түсінікті. Сондықтан азаткерлер тағдырына тікелей қатысты әрі алғашқы жасақтар құрылған шекаралық өңірлерде (Жаркент, Достық, Мақаншы, Майқапшағай) ескерткіш орнату орынды. Алаш әскерінің ең соңғы шешуші шайқасы өткен Мақаншыдағы орындар да қоғамдық жады үшін айрықша мәнге ие.
Бұл қадамдар мемлекеттігіміздің идеологиялық саясатын тұтастандырып, іргесін бекітуге қызмет етері анық.
Тіл туралы түйін
Біртұтас Алаш идеясын қоғамдық санаға сіңіру бағытындағы пікір алмасулардың маңызы зор. Өйткені тіл — ұлттық тұтастықтың өзегі. Бұл орайда Халел Досмұхамедұлының сөзі ойға оралады:
«Баспа мен мектепте қолданған тіл елге ақырында сіңбей қалмайды. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс тіл болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүлдендіреді; мектеп пен баспада қолданған тіл шатасқан тіл болса, ол ел — сорлы ел: мұндай елдің тілі бұзылмай қалмайды».
Халел Досмұхамедұлы