Тез арада жоғалған мейірімді табыңдар
Қысқы кеш және екі қыздың шағымы
Екі қызым мектептен келе сала: «Мама, мұздап кеттік. Даланың суығын-ай!» — деп шағымдана кірді.
Биыл дала аппақ көрпесін ерте жамылды. Сары шұнақ аяз да балаларды үйге ерте қамап қойды.
— Мама, аяз жаман ғой, — деп бұртиды кішісі.
— Иә, қатып қалдым, — деп қостады үлкені.
Пешке көмір салып жатып, екеуіне сабыр бердім: — Қойыңдар, аязды жаман демеңдер. Ауа райын сөгуге болмайды. Аяздың да пайдасы бар.
— Аяздың да пайдасы бар ма? — деп екеуі бірдей таңырқай қалды.
— Жарайды, болды. Көп сөйлемей, үйге кіріңдер. Кешке пайдасын айтып беремін…
«Алақай, тағы бір ертегі!»
Ертегі: Ұмыт қалған Аяздың өкпесі
Қытымыр аяздың бұл өлкеге ат ізін салмағанына біраз жыл болыпты. Соңғы рет қашан келгені де есінде жоқ. Әйтеуір бір келіп, малшылардың берекесін алып, балалардың беті-басын шымшылап, бүкіл жерді мұзға орап әлек салғаны ғана жадысында қалған.
«Мына адамдарға не болған?»
«Биылғы келуімді де адамдар жақтырмайтын шығар», — деп ойлаған аяз. Бірақ қателесіпті: оны елейтін тірі жан жоқтай. Тіпті адамдар бір-бірін де көрмейтіндей.
Анау бір қария жолдан өте алмай тұр — көмектескен ешкім жоқ. Бір бала жылап отыр — киімі де жұқадай. Ал адамдардың бәрі шұқшиып, қолдарындағы бір заттан көз алмайды: жүрсе де, тұрса да, отырса да, тіпті ұйқыға жатса да соған жабысып қалған.
Ең сұмдығы — көздеріндегі от қайда кеткен?
Бұрын аязды елемей, қара балтасын алып отын жаратын жігіттің бойындағы жалын сөнгендей. Сыртта асыр салып ойнайтын бала да көрінбейді. Әне, сары шана мен қызыл шаңғы қаңтарулы тұр.
«Бұрын балалармен ойнау қызық еді», — деп күрсінеді аяз. Беттерін қанша шымшыласа да, балақайлар одан әрі мәз болып, қар лақтырысып, шанамен зуылдап жүретін.
Терезедегі өрнек те салынбады
Аяз балаларды қуантпақ болып, терезелерге өрнек салуға кіріседі: ары үрлейді, бері үрлейді. Бірақ бұл жолы ештеңе шықпайды.
«Мына терезелерге не болған? Бұрын қандай керемет өрнектер салушы едім ғой… Сол үшін мені Аяз-шебер деп атаушы еді», — деп налиды.
Көп жүріп, көп көрген аяздың ашуы оянады. Адамдардың бойындағы мейірім суып бара жатқанын аңғарған соң, қатты ұйытқып, кәріне мінеді.
Суықтың дабылы
Теледидарда дикторлар бұрын-соңды болмаған суық болатынын айтып дабыл қағады: ауа температурасы елу градустан да төмендейді дейді.
Суыққа шыдамай адамдардың әйнек үйлері шытынай бастайды. Көліктер жүрмей қалады. Жылынудың барлық әдісін қолданса да, адамдар қатты тоңады. Жер әлемді мұз басады.
Адамдар жан-жақтан дабыл қағып, аяздың бетін қайтарудың амалын іздейді.
Данагөй қарияның жауабы
Сол кезде жер бетінде қалған жалғыз данагөй қария ғана аяздың не үшін ашуланғанын түсініпті.
«Аяз адамдардың мейірімсіздігіне ашуланды. Тез арада жоғалған мейірімді табыңдар. Сонда бәрі өз орнына келеді».
Адамдар енді жанталасып мейірімді іздейді: ғаламторды қарайды, кітап ақтарады, бармаған жері қалмайды. Бірақ еш жерден таба алмайды.
Амалы таусылған жұрт дал болады. Ал аяз күннен күнге кәріне мініп, үскірік ұрады. Адамдар далаға шығудан қалады, тіпті үйдің іші де даладай азынап тұрады.
Сонда қария тағы да айтады: «Қарақтарым, мейірімді жүректеріңнен іздеңдер… жүректеріңнен».
Мейірім қайта оралған сәттер
Сол кезде адамдар істің мәнін түсінеді. Өз отбасын күйттеп, қарт анасына көңіл бөлмеген жігіт анасын құшақтайды. Анасы оны сәби күніндегідей мейірлене бауырына басады. Кенет жүрекке жылу жүгіргендей болады.
Күні-түні жұмыс деп, үйдің бетін көрмей, жалғыз ұлын бала күтушіге бақтырған ата-ана баласын құшақтайды. Бала шаттанады: ата-анасының құшағын соңғы рет нәресте кезінде ғана сезген еді.
Қарт әке-шешесін қараусыз қалдырған балалар да балалық шағы өткен үйге оралып, қарияларын құшақтайды. Көптен бері ұлын көрмеген ата-ана еңіреп тұрып жылап, бауырына басады. Ұлдары да өздерін баладай сезінеді.
Бір-бірімен араздасып, араласпай кеткен бауырлар жер-жерден жиналып, сағынышын айтып, құшақтасып жылайды. «Бір құрсаққа сыйып, кең дүниеге сыйыспағанымыз қалай?» — деп өздерін жазғырады. Ендігәрі алыстамаймыз деп уәделеседі.
Суық сөздің кесірінен араға «қара мысық» түскен достар да бір-біріне құшақ жая жүгіреді.
Көршісіне кірмегелі бір жыл болған апай үйіндегі бар дәмдісін алып, көршісіне жүгіреді. Амандасып, хәл сұрасады.
Көшеде отырған баспанасыз жанды көрген жұрт үйінен жылы киім, ыстық ас әкеліп, қамқорлық танытады. Көптен бері мейірім көрмеген жанның көңілі босап, қуаныштан жылайды.
Ата-анасыз қалған жетімнің басынан сипаған қолдар да жүректерді жібітеді.
Тіпті дүниеге бола қырқысып жүрген елдер де қаруларын тастап, отбасына оралады.
Қорытынды ой
Осылайша жер бетіне мейірім қайта тіріледі. Миллиондаған жүректен шыққан жылу ашулы аяздың арынын басып, сабасына түсіреді.
Мейірім оралғанда, аяз да мейірімді болып шыға келді.
Кешкі әңгімеден кейін
— Аяз қандай мейірімді еді, — деді кішісі. — Мен енді аязды жек көрмеймін.
— Мен де, — деді үлкені.