Етік тігер мұрша жоқ, Қызыққа енді бөлендік
Етікші мен кішкентай көмекшілер
Баяғыда бір етікші болыпты. Ақшасы таусылып, күн көрісі қиындап, ақыры қос етік тігерлік қана былғарысы қалыпты. Іңірде сол былғарыдан етік пішіп қойып: «Қазір ұйықтап алайын, таңертең ерте тұрып тігіп тастармын»,— деп жатып қалады.
Таң сәріде оянып, беті-қолын жуып, жұмысқа кірісейін десе, ғажайып жағдай болады: етіктер дайын. Біреу түн ішінде тігіп қойыпты. Етікші өз көзіне өзі сенбей, аң-таң болады.
Мінсіз тігілген етік
Етікті қолына алып, аударып-төңкеріп қарайды: тігісі мінсіз, бір ақауы жоқ. Нағыз асқан ісмердің қолынан шыққаны ап-айқын.
Көп күттірмей сатып алушы да табылады. Етікке қызығып, қомақты ақша төлеп, алып кетеді. Етікші сол ақшасына енді екі қос етік тігетіндей былғары сатып алады.
Іңірде екі қос етікті пішеді де, баяғы әдетімен: «Қазір көз шырымын алайын, таңертең тігіп тастармын»,— деп ұйықтайды. Таңертең тұрса, екі қос етік те тігулі, дайын.
Бұл жолы да сатып алушылар тез табылады: етіктерге қатты қызығып, көп ақша береді. Етікші енді төрт қос етікке жететін былғары алады. Келесі күні таңертең төрт қос етік те дайын тұрады.
Осылай күн сайын қайталана береді: кешке пішілген етік таңертең дайын. Етікшінің жоқшылық өмірі бірте-бірте ұмыт болып, үйге береке енеді.
Түнгі сырды білу
Бір күні іңірде, күндегідей бірнеше етік пішіп қойған соң, етікші әйеліне: «Бәйбіше, бүгін ұйықтамасақ қайтеді? Етікті тігіп жүрген кім екенін көрейік»,— дейді.
Әйелі қуанып: «Мақұл, ұйықтамайық. Көрейік кім екенін»,— деп келіседі.
Олар үстел үстіне шырақ жағып қойып, бұрышта ілінген киімдердің артына тығылып, түнді күтеді.
Кішкентай кісілердің еңбегі
Дәл түн ортасы болғанда, үйге кішкентай кісілер кіріп келеді. Олар етікшінің үстеліне шығып алып, пішілген былғарыны кіп-кішкентай саусақтарымен әп-сәтте тіге бастайды.
Бізді шаншып, тарамысты өткізіп, балғаны тықылдатқанына көз ілеспейді. Етікші таңырқап, олардан көзін тайдыра алмайды.
Соңғы етік дайын болысымен, кішкентай кісілер үстелден секіріп түсіп, көзден ғайып болады.
Алғыс орнына сый
Таңертең әйелі күйеуіне: «Бұл кішкентай кісілер бізді байлыққа жеткізді. Біз де жақсылық жасауымыз керек»,— дейді.
«Олар түнде келеді, үстінде киімі жоқ. Тоңатын шығар»,— деп ой бөліседі де: «Мен әрқайсысына көйлек, күрте, шалбар тігіп қояйын. Ал сен кіп-кішкентай етік тік»,— дейді.
Етікші: «Ойың жақсы екен. Шіркіндер, бір қуанып қалар»,— деп келіседі.
Бір күні кешке олар сыйлықтарын пішілген былғарымен бірге үстел үстіне қойып, өздері қайтадан бұрышқа тығылады. Түн ортасында кішкентай кісілер тағы да келеді.
Үстелге секіріп шығып, іске кіріспек болғанда, пішілген былғарымен қатар әдемі көйлек, күрте, шалбар мен кіп-кішкентай етік тұрғанын көреді. Алғашында абыржып, аузы ашылып қалса да, артынан қуаныштары қойнына сыймайды.
Қуаныш әні
Олар жаңа киімдерін тез киініп алып, өлең айтып, би билей бастайды:
Сәнді киім мұнша көп,
Киіндік те кенелдік!
Етік тігер мұрша жоқ,
Қызыққа енді бөлендік!
Үстелден үстелге, орындықтан орындыққа секіріп, ұзақ уақыт әндетіп, билеп жүреді де, бір кезде ғайып болады. Сол кеткеннен қайтып келмей, етік тігуге де оралмайды.
Қорытынды
Дегенмен, етікшіге қонған бақыт пен сәттілік оның ғұмырында екі елі ажырамай, тұрмысы түзеліп, өмірі берекеге толады.