Асыл ана

Ата-ана — отбасының өзегі

Ата-ана — отбасының негізгі діңгегі, алғашқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше қастерленген. Әсіресе, тіршіліктің қайнар көзі, махаббаттың шуақ нұры, мейірімнің кәусәр бұлағы — Ана есіміне қатыссыз бұл дүниеде қасиетті ұғым жоқ деуге болады. Сондықтан ананы ардақтамайтын халық та жоқ.

Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге әкеліп қана қоймайды. Түнде шошып оянып, түн ұйқысын төрт бөліп, көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп, аяғынан тік тұрғызатын да — ана. Халықтың халықтығының басты нышаны — туған елінің тілін үйретіп, сазына қандыратын да ана. Сондықтан әр ұлттың рухани өзегі, қан тамыры саналатын тіл — Ана тілі деп аталады.

Тәрбие қашан басталады?

«Баланы жастан» деген пікірге толық қосылуға болады. Бернард Шоудан: «Баланы қай жастан тәрбиелеген қолайлы?» деп сұрағанда, ол қарсы сұрақ қойыпты: «Балаңыз қанша жаста?» «Өмірге келгеніне екі апта болды», — деген жауапқа Шоу: «Сіз дәл екі аптаға кешіктіңіз» деген екен. Бұл достық қалжың сияқты көрінгенімен, астарында үлкен шындық жатыр.

Өмір есігін жаңа ашқан нәрестенің бойына туған елінің рухын сіңіретін тұңғыш тәтті әуен, жылауын тыйғызатын ән-өлең — бесік жыры. Оны сәбиіне ең алғаш ана айтып, бесік тербетеді. Ал нәресте өмірінің нәрі — ана сүті.

«Ана сүтін ақтау» ұғымы

Халқымыздың байырғы түсінігінде баланың ана алдындағы парызын өтеуі «ана сүтін ақтау» деп аталады. Ел ішінде: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, қарызыңды өтей алмайсың» деген сөз бар. Орыс жазушысы М. Горькийдің: «Дүниедегі асыл атаулының бәрі күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған» деуі де осы шындықты айқындайды.

Сондықтан да көп халықтың танымында Отанға опасыздық пен ананың еңбегін ақтамау — ең ауыр қылмыстардың бірі ретінде қабылданады.

Ана — жүрек, ана — тірек

«Ана» — әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, ақ сүтін беріп аялап өсірген, қажет болса жанын да аямайтын ардақтысы.

Ана — жүрек, жүректі құдіретте.

Ана — тірек, тіректі құрметте.

Ана — шыңың, шыңыңа сағынып жет.

Ана — күнің, күніңе табынып өт.

Адамның әдептілігі мен жан дүниесінің сұлулығы, ең алдымен, балаға ақ сүтін беріп, әлпештеп өсірген ана жүрегінің жылуынан басталады. Бала бойындағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Ананың нәзік үні, жұмсақ алақаны, жан жылуымен аялауы — бәрі де бізді әлдилеп, жұбатады.

Баласы үшін ананың бармайтын құрбандығы бар ма? Ана болу — бүкіл ғұмырына жететін ұлы рухани күш пен ерен еңбек. Бала тәрбиесінде ана көбіне өзін ұмытып, бар қуатын сарқа жұмсайды. Сол арқылы оның жаны да байып, мейірімі де тереңдей түседі.

Баланың парызы

Баланың анаға деген махаббаты жеткіліксіз болуы мүмкін; ең маңыздысы — оны барынша құрметтеп, сыйлау. Өкінішке қарай, кейде ата-анасын жөндеп сыйламайтын, еңбегінің қадірін білмейтін, айтқанын тыңдамайтын балалар да кездеседі. Мұндай немқұрайлылық адамның мінезін бұзып, ертеңгі күні екіжүзділікке, рақымсыздыққа ұрындыруы мүмкін.

Бала тәрбиесі әрдайым үлгі боларлық деңгейде қалыптасып, ізгілікке бастай берсін деген тілек орынды.

Мейірімнің құдіреті

Өмірде ана алақанының қызуы мен әке-шеше мейірімін тоя ішкендей ештеңе алмастыра алмайды: не тоқ тамақ, не шипасы күшті дәрі оның орнын толтырмайды. Бұған жарты ғасыр бұрын жүргізілген бір тәжірибе де дәлел бола алады.

Ғылыми тәжірибеден түйін

Анасыз қалған маймыл төлдеріне ғалымдар екі «қуыршақ ана» жасаған: біреуінің омырауынан сүт шығады, бірақ денесі қатты әрі суық; екіншісінің омырауынан сүт шықпайды, бірақ денесі жұмсақ әрі жылы. Маймыл төлдері сүті бар қатты қуыршақты емес, сүті жоқ болса да жұмсақ, жылы қуыршақты «ана» деп қабылдап, соған тығылған. Демек, бәрінен бұрын қажет нәрсе — мейірім мен жылылық.

Құрмет — ең әуелі анаға

Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде де ең алдымен ананы құрметтеу парыз екені айтылады: «Әуелі анаңа, тағы да анаңа, содан соң әкеңе жақсылық жаса». «Егер әкең мен анаң бір мезгілде үн қатса, әуелі анаңа жауап бер» деген өсиет те бар. Сондай-ақ: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, парызыңды өтей алмайсың» деген мазмұндағы ұлағат халықтық таныммен де үндеседі.

Ананың орны

  • Ана — үйдің берекесі.
  • Ана — қыз баланың өнегесі.
  • Ана — шаңырақтың ырысы, тіршіліктің несібесі.

Ананың жанарының нұры төгіліп, айналасына шуақ шашады. Сол шуақпен жылынып, асыл ананың құшағында мейірім көріп жүрген біз оның еңбегін бағалап, әрдайым қастерлей білейік.

Тілімізде ананы ай мен күнге, жарық жұлдызға, баға жетпес асылға теңеу дәстүрі берік қалыптасқан. Ендеше ең төрелі сөз — мынау: анаңды қалай сыйласаң, өз балаңның анасын да солай сыйла. Барлық әйел затына, тіпті жас нәресте қыз балаға да құрмет көрсетіп, қолдан келгенше қамқор болу — адамдықтың белгісі.