Ана тіліңді құрметте

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Ана тіліңді құрметте»

Мақсаты

Оқушыларға мемлекеттік тілдің өркендеуі мен дамуына үлес қосу қажеттігін түсіндіру; қазақ тілін сүюге, тіл мәртебесін биік ұстауға баулу. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, салт-дәстүрі, діні және тілдік болмысы бар екенін ұғындыру.

Оқушылардың ой-өрісін және дүниетанымын кеңейту, сөздік қорын молайту, көпшілік алдында еркін ауызша сөйлеуге дағдыландыру.

Форматы

Түрі
Дәстүрлі
Әдісі
Екі топ арасындағы сайыс
Көрнекілігі
Слайдтар, тақырып бойынша плакаттар
Құрамы
Әр топта 4 оқушы

Кіріспе бөлім

Мұғалім сөзі

Тіл — әрбір ұлттың жан дүниесін, сезімін, ой-өрісін айқындайтын тірі бейне. Қазақ халқы — сөзге шешен, ойы ұшқыр, мақалдап сөйлейтін халық. Кез келген дауды атақты билеріміз бір ауыз сөзбен шеше білген.

Ғасырлар бойы талай сыннан сүрінбей өткен ана тіліміз — қазақ тілінің мерейін көтеру, мәртебесін асқақтату болашақ ұрпақтың, яғни сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі тәрбие сағаты екі топтың сайысы түрінде өтіп, оқушылардың ана тіліне деген құрметін, қазақ тілін меңгеру деңгейін және тілге қатысты патриоттық сезімін нығайтуды мақсат етеді.

Сайыстың құрылымы

  1. 1 «Мақал — сөздің мәйегі»
  2. 2 «Сөз тапқанға қолқа жоқ»
  3. 3 «Өлең — сөздің патшасы»
  4. 4 Сахналық көрініс
  5. 5 «Ана тілім — асыл қазынам» (сұрақ-жауап)
  6. 6 «Тіл болашағы — жастар қолында» (сурет бойынша әңгіме)

Әділқазылар

Сайыстың нәтижесін бағалау үшін әділқазылар алқасы сайланады. Әр кезең бойынша ұпай беріліп, қорытындысы соңында шығарылады.

Ой-толғау

Ана тілім, дана тілім — бақытым,

Қазақ тілін білу — менің парызым.

Тілім менің — ұмытылмас тірлігім,

Кім біледі тіліміздің тағдырын?

Алаңдатты тіл тағдыры бүгінде:

Сен болмасаң, болар ертең күнім не?

Қазақ тілін сүйемін мен жаныммен,

Қазақ болып қалу үшін түбінде.

Қазақ тілім, бас иемін мен саған,

Тілге деген болу керек кең талғам.

Мемлекеттік тілімізді сыйласақ,

Қазақ тілі — біздер үшін жаралған.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі. Ана тілін құрметтеген адам Отанын да сүйеді.

Сайыс кезеңдері

1) «Мақал — сөздің мәйегі»

Екі топтан бір оқушыдан шығып, бірінші топ мақалдың басын айтады, екінші топ оны жалғастырып аяқтайды (және керісінше). Тақырып — тіл, сөз қадірі.

2) Өлеңді жалғастыр

Әр топқа өлең шумағының алғашқы екі жолы беріледі. Топ мүшелері өлеңді жалғастырып аяқтайды.

Тапсырма 1

Мен ұйықтарда айтады

Ертегісін, әндерін...

...

Тапсырма 2

Жауды жаңбыр топ-топ,

Шелек-шелек көп-көп!

...

Тапсырма 3

Ана тілді сүйіп өтем,

Барлық тілден биік екен.

...

Тапсырма 4

Неткен сұлу, неткен көркем

Осы менің туған өлкем!

...

3) «Өлең — сөздің патшасы»

Әр топтан бір оқушы шығып, ана тілі туралы жазылған бір өлеңді мәнерлеп жатқа оқиды.

4) Сахналық көрініс

Әр топ тілдің бүгінгі жағдайын және қоғамдағы орнын бейнелейтін қысқа көрініс көрсетеді.

5) «Ана тілім — асыл қазынам» (сұрақ-жауап)

Екі топтың білімі сыналады. Әр сұраққа нақты әрі қысқа жауап беріледі.

1-топқа сұрақтар

  1. Қазақстан Республикасы қашан тәуелсіздік алды? (1991 ж. 16 желтоқсан)
  2. Қазақтың тұңғыш ғарышкері кім? (Тоқтар Әубәкіров)
  3. Абайдың әжесі кім? (Зере)
  4. Ы. Алтынсариннің балаларды оқуға шақырған өлеңі қалай басталады? («Кел, балалар, оқылық»)
  5. Қандай ұлттық тағамдарды білесің? (қазы-қарта, жал-жая, бесбармақ, қымыз, шұбат)
  6. Күй атасы кім? (Құрманғазы)
  7. Қазақ тілі қай тілдер тобына жатады? (түркі тілдер тобы)
  8. Қазақ халқының тұрмыс-салтында қандай жырлар кездеседі?

2-топқа сұрақтар

  1. Қазақ тілі алғаш мемлекеттік мәртебесін қай жылы алды? (1989)
  2. Абайдың туған жылы? (1845)
  3. «Ақылды» сөзінің түбірі қандай? (ақыл)
  4. Қазақ әліпбиін жасаған ғалым кім? (А. Байтұрсынұлы)
  5. Ұлттық киімдерді ата. (тақия, бешпент, қамзол, сәукеле, тон, ішік, кимешек т.б.)
  6. Беташар қашан айтылады? (келін түскенде)
  7. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін ата. (шілдехана, бесік той, тұсау кесу, құда түсу, келін түсіру, қыз ұзату т.б.)

6) «Тіл болашағы — жастар қолында» (сурет сайысы)

Әр топ болашақта қазақ тілінің мәртебесі қандай болуы мүмкін екенін суретке сүйене отырып әңгімелейді: идея ұсынады, дәлел келтіреді, қорытынды жасайды.

Мақал-мәтелдер қоры

Төмендегі мақал-мәтелдер сайыс барысында қолдануға ыңғайлы. Жауаптар жақша ішінде берілген.

1-топ

  1. 1. Тіл тас жарады, тас жармаса (бас жарады).
  2. 2. Дәлелсіз сөз (желмен тең).
  3. 3. Ине көзінен сынады, (шешен сөзінен сынады).
  4. 4. Піл көтермегенді (тіл көтереді).
  5. 5. Сөз тапқанға (қолқа жоқ).
  6. 6. Жеті жұрттың тілін біл, (жеті түрлі ілім біл).
  7. 7. Шебердің қолы ортақ, (шешеннің сөзі ортақ).
  8. 8. Қаһарлы сөз (қамал бұзар).
  9. 9. Бас кеспек болса да, (тіл кеспек жоқ).
  10. 10. Айтылған сөз — атылған (оқпен тең).

2-топ

  1. 1. Бал тамған тілден (у тамған).
  2. 2. Тауды, тасты жел бұзар, (адамзатты сөз бұзар).
  3. 3. Жақсы сөз (жарым ырыс).
  4. 4. Жақсы байқап сөйлер, (жаман шайқап сөйлер).
  5. 5. Тіл қылыштан (өткір).
  6. 6. Ана сүті бой өсіреді, ана тілі (ой өсіреді).
  7. 7. Жыланның уы тісінде, адамның уы (тілінде).
  8. 8. Көре-көре көсем боларсың, сөйлей-сөйлей (шешен боларсың).
  9. 9. Тілден артық (қазына жоқ).
  10. 10. Сүңгі жарасы бітер, (тіл жарасы бітпес).

Қорытынды

Сайыс нәтижесі шығарылып, жеңімпаздар анықталады. Оқушылар мақтау қағаздары мен сыйлықтарға ие болады.

Санат: Қазақша ашық сабақтар жинағы

Дереккөз: http:www1338-k.html

©