Қазақстанның көрікті жерлері

Қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағы

Қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде), 6-сынып

Құрметті мұғалім!

Бұл тапсырмалар жинағы білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге арналған көмек құралы ретінде әзірленді. Жинақ мұғалімдердің ұжымдық жұмысының нәтижесі.

Бағалау критерийлері мен дескрипторлары бар тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды өткізуге, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеп алуға, сондай-ақ оқу мақсатына жетуге қатысты сындарлы кері байланыс беруге арналған үлгі болып табылады.

Жинақ ұсыныстық сипатта берілген: білім алушының қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларға толықтырулар мен өзгерістер енгізуге, сондай-ақ оларды бейімдеуге мүмкіндік бар.

Жемісті жұмыс пен шығармашылық табыс тілейміз!

Мазмұны

Тоқсандар бойынша бөлімдер мен тілдік бағыттар

1-тоқсан

  • Қазақстандағы көрікті жерлер Лексикография
  • Ұлттық және отбасылық құндылықтар Фонетика
  • Әлемнің жеті кереметі Лексикография

2-тоқсан

  • Астана – мәдениет пен өнер ордасы Лексика

3-тоқсан

  • Тарихи тұлғалар Лексика
  • Су – тіршілік көзі. Қазақстандағы өзен-көлдер Морфология
  • Спорт. Белгілі спорт жұлдыздары Морфология
  • Қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері. Наурыз Морфология

4-тоқсан

  • Әлемдегі ірі кітапханалар Морфология
  • Ғылым мен технология жетістіктері Пунктуация

1-тоқсан тапсырмалары

Бөлім: Қазақстандағы көрікті жерлер (Лексикография)

Тыңдалым және талдау

Оқу мақсаты

6.1.1.1 — мәтіннің атауын талқылау және алғашқы бөлігін тыңдау арқылы көтерілетін мәселені болжау.

Бағалау критерийі

  • Мәтіннің тақырыбын және келесі бөліктегі мәселені болжайды.

Ойлау дағдылары

Қолдану

Тапсырма 1

  1. Суреттерді мұқият қарап, онда Қазақстанның қандай жерлері бейнеленгенін жұпта әңгімелеңіз. Суреттер арқылы тыңдалым мәтінінің тақырыбын болжап, талқылаңыз.
  2. Мәтіннің алғашқы бөлігін мұқият тыңдап, талқылаған тақырыптарыңызбен салыстырыңыз және мәтіннің келесі бөлігі не туралы болатынын болжаңыз.

Дескриптор

  • Суреттер бойынша жұпта әңгімелеседі.
  • Суреттер арқылы мәтін тақырыбын талқылайды.
  • Талқылаған тақырыпты мәтін тақырыбымен салыстырады, келесі бөлікке болжам жасайды.

Тыңдалым мәтіні: «Қазақстанның көрікті жерлері»

Үзінді

1-бөлік

Қазақстанда шипалы суы шығатын әрі емдік балшығы бар, табиғаты ғажап әдемі жерлер көп. Қазақ жеріндегі табиғи емдік қасиеті бар орындар туралы алғашқы мәліметтер XIX ғасырдың ортасында белгілі бола бастады. 1834–1880 жылдар аралығында Шығыс Қазақстандағы Рахман бұлағы, Қапал-Арасан, Бурабай көлі, Барлық-Арасан бұлағының шипалы қасиеттері туралы мәліметтер тарады. 1920–1925 жылдары Бурабай, Мойылды, Ауыл, Сер, Рахман бұлақтары, Шымған, Жаңақорған курорттары ашылды.

2-бөлік

Жоғарыда аталған демалыс орындарының әрқайсысының табиғаты ерекше. Демалыс үйлері, туристік базалар мен санаторийлер орналасқан жерлердің табиғаты көркем, ауасы таза, суы мөлдір. Мұнда денсаулығы сыр берген адамдардың тынығып, күш жинап, ем қабылдап, күш-қуатын қалпына келтіруіне барлық жағдай жасалған.

Жетекші сұрақтар арқылы негізгі ойды анықтау

Оқу мақсаты: 6.1.4.1

Құрылым және негізгі ой

Қазіргі таңда елімізде туризмнің барлық түрлері дамып келеді. Сондықтан Қазақстанның демалуға қолайлы ел ретіндегі танымалдылығы күн санап артуда. Ендеше, еліміздің қай жерлерін міндетті түрде көру керек?

Бірінші орында — «кіші Швейцария» атанған Бурабай. Бұл өңірдің әсем табиғаты, қонақүйлері, шипажайлары және дамыған инфрақұрылымы демалушыларға ұмытылмас әсер сыйлайды. Мұнда демалып қана қоймай, ем қабылдауға да толық мүмкіндік бар.

Бурабайдан кейін Ұлы Жібек жолы бойымен экскурсиялық саяхатқа аттануға болады. Бұл бағыт тарихи маңызды орындар арқылы өтеді. Жол бойында Айша-Бибі, Бабаджа қатын, Қарахан кесенелері сияқты сәулет және археологиялық ескерткіштер орналасқан.

Қазақстанда көз тартар көрікті жерлер мен тарихи мекендер жеткілікті: Шарын шатқалы мен Шарын өзені, Ақсай шатқалы, Алакөл мен Балқаш, Шымбұлақ курорты, Қорғалжын қорығы, Зайсан көлі, Марқакөл қорығы, Қатон-Қарағай ұлттық саябағы, Жидебай-Бөрілі қорық-мұражайы. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

Кең байтақ даламызда жабайы табиғатпен қауышып, рухани азық алып, жері, суы мен ауасының шипасын көруге мүмкіндік бар. Одан басқа не керек?

Сұрақ 1

Мәтін қанша бөлімнен тұрады?

A) I

B) II

C) III

D) IV

Жауабы: D

Сұрақ 2

Кіріспе бөлімінде не туралы айтылады?

A) Демалушыларға жасалған жағдай туралы

B) Еліміздің әлемге әйгілі сұлу жерлері туралы

C) Еліміздің туризм саласының өркендеуі туралы

D) Тарихи маңызды орындардың өркендеуі туралы

Жауабы: C

Сұрақ 3

Мәтіннің негізгі ойы қандай?

A) Ем қабылдайтын демалыс орындарын жетілдіру керек.

B) Жер аумағы халқымыздың ниеті сияқты өте кең.

C) Қазақ елінде демалатын әсем жерлер көп.

D) Тарихи жәдігерлерді қалпына келтіруге көмек қажет.

Жауабы: C

Дескриптор

  • Мәтіннің құрылымдық ерекшелігін анықтайды.
  • Сұрақтарға жауап береді.
  • Мәтіннің негізгі ойын анықтайды.

Ұлттық және отбасылық құндылықтар (Фонетика)

Ауызекі және көркем сөйлеу стилі

Оқылым + талдау

Оқу мақсаты

6.2.2.1 — ауызекі сөйлеу және көркем сөйлеудің стильдік ерекшеліктерін қолданылған тілдік құралдар арқылы тану.

Бағалау критерийі

  • Ауызекі және әдеби сөйлеу стилін, тілдік ерекшеліктерін анықтайды.

Тапсырма 1

Мәтіндерді мұқият оқып, стильді ондағы сөздер арқылы анықтаңыз және дәлелдеңіз.

1-мәтін: «Әке мен бала»

Бір адам он жасар баласын ертіп, егін даласынан жаяу келе жатады. Жолда жатқан ескі тағаны көріп, баласына: «Балам, анау тағаны ала жүр», — дейді. Бала болса: «Сынып қалған ескі тағаны алып не қылайын?» — деп ерінеді. Әкесі тағаны өзі көтеріп алады да, қала шетіне келгенде теміршіге үш тиынға сатады. Сол ақшаға шие сатып алып, орамалына түйіп, жол бойы өзі жей береді.

Әкесінің қолынан шие түсіп кеткен сайын, артынан ерген бала еңкейіп алып жейді. Сонда әкесі: «Бағана тағаны бір-ақ рет иіліп алуға еріндің, ал енді сол тағаға алынған шиені талай рет еңкейіп алдың. Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа ұшырайсың», — деп ақыл айтады.

2-мәтін: Төле би және Данагүл

Бірде Төле би Мойынқұмдағы елдің дау-дамайын шешіп, ауылына қайтар жолда қарақшыларға тап болады. Би оларға: «Мал керек болса, алдарыңа айдатып жіберейін, бізді босатыңдар», — дейді. Қарақшылар келіседі.

Төле би хат жазып жібереді: «Кенже ұлыма құда түстім. 40 құнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы адаммен жіберіңдер. Оң босағамдағы алтынымды, сол босағамдағы күмісімді қоса беріңдер», — дейді. Ауыл адамдары түсінбей қалады. Сонда келіні Данагүл: «40 құнан атан — 40 жігіт, 20 бура — 20 палуан, 8 ақбас атан — 8 ақсақал. Ал алтын мен күміс — би атамыздың баласы мен мен», — деп мәнін ашып, биді құтқаруға жұмылдырады. Осыдан кейін Данагүлдің тапқырлығы елге жайылады.

Тапсырма 2

Екі мәтінді мұқият оқыңыз. Кестеге сүйене отырып, мәтіндерді салыстырыңыз.

Мәтін Стилі Тақырыбы Мазмұны Тілдік ерекшеліктері
1-мәтін
2-мәтін

Дескриптор

  • Мәтінді мұқият оқып, стилін анықтайды және дәлелдейді.
  • Мәтіндерге салыстырмалы талдау жасайды.

Жазылым тапсырмасы: құттықтау

Оқу мақсаты: 6.3.2.1

Жанр + стиль

Бағалау критерийі

  • Құттықтауды жанрлық және стильдік ерекшеліктеріне сай құрастырып жазады.

Ойлау дағдылары

Қолдану

Тапсырма

Жағдаятты мұқият оқып, отбасы мүшелерінің біріне арнап құттықтау жазыңыз. Құттықтаудың стильдік ерекшелігі мен құрылымын еске түсіріңіз. Орфографиялық норманы сақтаңыз.

Әке, ана, бауырларыңыз — отбасыңыздағы ең құрметті жандар. Бүгін үйіңізде бірнеше адамның туған күні қатар келіп тұр. Сіз біреуіне қолдан сыйлық жасайсыз, ал біреуіне құттықтау жазуды шештіңіз. Ендеше іске сәт!

Дескриптор

  • Құттықтаудың құрылымын сақтайды.
  • Жағдаятқа сай құттықтау жазады.

Редакциялау тапсырмасы: орфография және пунктуация

Оқу мақсаты: 6.3.6.1

Түзету + дәлел

Бағалау критерийі

  • Қателерді сөздіктер мен емле ережелеріне сүйеніп түзетеді және редакциялайды.

Тапсырма

Мәтінді мұқият оқыңыз. Орфографиялық және пунктуациялық қателерді түзетіп, дәптеріңізге көшіріп жазыңыз. Қателерді түзетуде сөздіктер мен емле ережелеріне сүйеніңіз. Екпін түрлерін ажыратыңыз.

Мәтін (өлең)

Ақ тілегі атаның, Сен қосылдың, немерем. Кеңейді ғой керегем. Әттең, қолдан келмейді, Айды алып берер ем. Саған терді төгер ем, Бар нәрсемді берер ем. Оның бәрін аз десең, Жан беруге көнер ем, Сен аман бол, немерем! Ұрлап жатыр күн-түнді, Көп күттім мен бұл күнді. Ешнәрсеге қимаймын Сенің таза күлкіңді. Күлкің жатыр жаңғырып, Жұртты естен тандырып. Балғын тілің жүр менің Мейірімімді қандырып. Әжеңді де жұбаттың, Қайғымызды уаттың. Қартайған да атаңды Жас баладай қуанттың.

Дескриптор

  • Қателерді анықтайды және түзетеді.
  • Ережелерге сүйеніп, түзетілген нұсқаны жазып шығады.
  • Екпін түрлерін ажыратады.

Әлемнің жеті кереметі (Лексикография)

Эссе: келісу/келіспеу

Жоғары деңгей дағдылары

Оқу мақсаты

6.3.4.1 — эссе тақырыбынан ауытқымай, абзац түрлерін жүйелі құрастырып, көтерілген мәселе бойынша келісу/келіспеу себептерін айқын көрсетіп жазу.

Бағалау критерийі

  • Тақырыптан ауытқымай, құрылымын сақтап эссе жазады.
  • Көтерілген мәселеге өзіндік көзқарасын білдіреді.

Тапсырма

  1. Берілген суреттерге мұқият қарап, тақырып бойынша ой қозғаңыз және эссе жазуға дайындалыңыз: Ұлы Қытай қорғаны, Колизей (Рим, Италия), Мачу-Пикчу (Оңтүстік Америка), Петра (Иордания), Тәж Махал (Үндістан), Иса пайғамбар мүсіні (Бразилия), Чичен-Ица (Мексика).
  2. «Әлемнің жеті кереметін уақыт өткен сайын “Әлемнің жаңа жеті кереметі” деп өзгертіп отыру дұрыс па?» деген мәселе бойынша өз көзқарасыңызды білдіріп, нақты аргументтер келтіріп эссе жазыңыз. Орфографиялық норманы сақтаңыз.

Дескриптор

  • Құрылымын сақтап, тақырыптан ауытқымай жазады.
  • Өзіндік көзқарасын дәлелді түрде білдіреді.

Тыңдалым: «Семирамиданың аспалы бағы»

Оқу мақсаты: 6.1.3.1 — мазмұнын түсіну, детальді ақпаратты анықтау

Сұрақ-жауап

Сұрақтар

  • Аспалы бақты кім салдырды?
  • Патшаның сүйікті жарының есімі кім?
  • Бақ қай шаһарда орналасқан?
  • Бақты салуға не себеп болды?
  • Бақтың жойылып кетуіне не әсер етті?
  • Қазба жұмыстарын кім жүргізді?

Мәтін

Тигр мен Евфрат жарыса аққан қос өзен аңғарындағы Месопотамия талай кереметті өз қойнауына жасырған. Тарихы бай Шумер мен Аккад мәдениетінің ғажайып туындысы — Вавилон патшасы Навуходоносордың (б.з.д. 605–562) сүйікті жары Семирамидаға арнап салдырған аспалы бағы.

Навуходоносор патша алыстағы тау елі — Мидияның ханшасы Шамурматқа (грекше Семирамида) үйленіп, сүйікті жарымен бірге Вавилонға оралады. Алайда ханша туған жерін, көк шалғынды, хош иісті гүлдерді, бұлақ суларын сағынады. Вавилонның аптап ыстығы оның көңілін басады. Сонда патша ханшаның сағынышын басу үшін айрықша әсем бақ салуды бұйырады.

Сарай ауласында кірпіштен террасалар тұрғызылып, үстіне лава, қорғасын плиталар, құнарлы топырақ қабат-қабат төселеді. Мыңдаған құлдар төменнен жоғарыға су айдап, тоғандарды толтырып отырады. Самал жел ханшаның жабырқаған көңілін сергітеді.

Вавилон құлдырағаннан кейін су тасқыны бүкіл аймақты шайып кетеді. Кейін 1898 жылы Роберт Кольдевейдің қазба жұмыстары нәтижесінде аспалы бақтың қалдықтары Ирактағы Хилла қаласы маңынан табылғаны айтылады.

Дескриптор

  • Мәтін мазмұнын анықтайды.
  • Сұрақтарға жауап береді.
  • Детальді ақпаратты табады.

Оқылым: «Александрия маягі»

Оқу мақсаты: 6.2.1.1 — негізгі және қосымша ақпаратты анықтау

Ақпаратты іріктеу

Мәтін

Александрия маягі Египеттің эллиндік орталығы — Александрия қаласы маңындағы Фарос аралының шығыс бөлігінде орналасқан. Бұл маяк біздің заманымыздың III ғасырында салынған. Тұтастай мәрмәр тастан қашалған, шеберлікпен қаланған құрылыстың биіктігі — 150 метр. Сол кезеңде бұдан биік құрылыс болмаған.

Мұндай ірі құрылыстың авторы — Книдтен шыққан Сострат. Ол маяктың бір қабырғасына: «Книдтен шыққан Дексифананың ұлы Сострат бұл құрылысты теңізшілерді құтқарушы құдайларға арнадым», — деп ойып жазғаны айтылады. Уақыт өте сылақ қабаты түскен соң, инженердің аты кеңінен мәлім болады.

Маяк құрылысы кезінде Александрия ғалымдары ойлап тапқан құрылғылар қолданылған. Үш қабатты мұнараның төменгі қабаты төрт қырлы, екінші қабаты сегіз қырлы. Үшінші қабатта биіктігі жеті метр Посейдон мүсіні мен күмбез арасын жалғайтын шырақ тұрған. Металл айналардың күрделі жүйесі шырақты ұлғайтып, теңіз кеңістігін бақылауға мүмкіндік берген.

Бұл ғажайып құрылыс XIV ғасырға дейін сақталғаны айтылады.

Тапсырма 1

Мәтіндегі негізгі және қосымша ақпараттарды ажыратыңыз.

Негізгі ақпарат

Қосымша ақпарат

Тапсырма 2

Сұрақтарға жауап беріп, детальді ақпаратты түсіндіріңіз.

  • Фарос қайда орналасқан? __________
  • Маяк қашан салынды? __________
  • Маяктың биіктігі қанша? __________
  • Авторы кім? __________

Дескриптор

  • Мәтіндегі негізгі ақпаратты анықтайды.
  • Қосымша ақпаратты ажыратады.
  • Детальді ақпаратты сұрақ арқылы түсіндіреді.

2-тоқсан тапсырмалары

Бөлім: Астана – мәдениет пен өнер ордасы (Лексика)

Әлеуметтік-мәдени тақырып

Оқу мақсаты

6.1.2.1 — әлеуметтік-мәдени және ресми-іскери тақырыптарға байланысты диалог/монологтердегі (хабарландыру, жаңалық) көтерілген мәселені талдау.

Бағалау критерийі

  • Тақырыпқа қатысты көтерілген мәселеге талдау жасайды.

Тапсырма

Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Мәтінде көтерілген мәселені анықтап, жұпта талқылаңыз.

Тыңдалым мәтіні: «Астана — әсем қала»

Осыдан 15 жыл бұрын Астананы көшіру идеясы жүзеге асты. Тарихқа үңілсек, бұл мәселе бұрын да көтерілген. Мәселен, Әлихан Бөкейхановтың «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласындағы: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел — Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ…» деген ойлары соның дәлелі.

Өкінішке қарай, сол кезеңдегі саяси ахуал Алаш жұртын Қараөткелге (қазіргі Астанаға) шоғырландыруға мүмкіндік бермеді. Бұл мүмкіндік өткен ғасырдың соңындағы азаттықпен бірге келді. Қазақ тарихының жаңа беттері ашылды.

Тәуелсіз мемлекет құру және оның жаңа астанасын таңдау жауапкершілігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жүктелді. Елбасы жаңа астана туралы ойының 1992 жылы туғанын, бірақ сол кездегі экономикалық жағдайға байланысты жарияламағанын атап өтеді. Ақмолаға келгенде Есіл өзенінің қала келбетіне айрықша көрік беретінін айтып, әлемдегі көптеген астаналардың өзен жағасына орналасқанын мысал етеді.

Деректерге сүйенсек, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанада тұрғындар саны шамамен 290 мың болған. Қазіргі таңда бұл көрсеткіш үш есеге жуық өсіп, 800 мыңға жақындады. Ішкі көші-қон 1999 жылдан бастап қарқын алып, елдің түкпір-түкпірінен Елордаға ондаған мың адам қоныс аударды.

Дескриптор

  • Мәтінде көтерілген мәселені анықтап, талқылайды.

Оқылым стратегиялары

Оқу мақсаты: 6.2.6.1 — комментарий жасау, іріктеп оқу, рөлге бөліп оқу

Стратегия

Тапсырма 1

Мәтінді мұқият оқыңыз. Негізгі тірек сөздердің астын сызыңыз.

«Асқақтай бер, Астанам!» (үзінді әрі қарай жалғасады)