Қанайналым жеткіліксіздігінің клиникалық көріністері
Қанайналым жеткіліксіздігінің клиникалық көріністері
Қанайналым жеткіліксіздігіне бірқатар тұлғалық (субъективтік) және дәлелімді (объективтік) белгілер тән. Тұлғалық белгілерге әлсіздік, тез шаршағыштық, ауа жетіспеу сезімі және басқа шағымдар жатады. Дәлелімді белгілердің ішінде жиі кездесетіні: алқыну, цианоз, тахикардия, ісіну.
Алқыну
Алқыну қанайналым жеткіліксіздігі кезінде ағзалар мен тіндерге оттегінің жеткізілуі азайып, көмірқышқыл газының жиналуына байланысты дамиды. Нәтижесінде мидағы тыныс алу орталығы қозып, тыныс алудың жиілеуі және тереңдеуіне әкеледі.
Цианоз (акроцианоз)
Цианоз қанайналым жеткіліксіздігі салдарынан қан ағысының жылдамдығы баяулап, қанда тотықсызданған гемоглобин мөлшері артық жиналғанда пайда болады. Соның нәтижесінде саусақ ұштары, мұрын, бет және еріндер көгілдір тартады. Шеткері бөліктердің көгеруі акроцианоз деп аталады.
Тахикардия
Тахикардия қанайналым жеткіліксіздігі кезінде қуыс көктамырларда және оң жүрекше қуысында қанның іркіліп, жиналуымен байланысты. Бұл симпатикалық жүйке жүйесінің қозғыштығын арттырып, қантамырлық реттеу орталықтарының белсенуіне әкеледі. Нәтижесінде жүрек соғу жиілігі өсіп, қан айналымы уақытша күшейіп, ағзалар мен тіндерге қан тасымалы біршама жақсарады.
Ісіну және сұйықтың жиналуы
Ісіну — организмде сұйық пен натрий иондарының жиналып қалуы — қанайналым жеткіліксіздігіне тән негізгі белгілердің бірі. Бастапқы сатыларда жасырын ісіну болуы мүмкін: денеде 5 литрге дейін сұйық жиналса да, ол көзге бірден байқалмайды.
Ұзақ уақыт төсек тартып жатқан науқастарда ісіну алдымен төменгі аяқтарда байқалып, кейін бүкіл денеге таралуы мүмкін. Теріасты шел қабатына жайылған кең көлемді ісіну анасарка деп аталады.
Сонымен қатар сұйық серозды қуыстарда да жиналуы ықтимал: гидроторакс, гидроперикард, іш шемені (асцит). Ұзаққа созылған ісіну және іркіліс құбылыстарының салдарынан уақыт өте келе бауырда құрылымдық өзгерістер дамып, іркілістік зақымдану тереңдеген жағдайда циррозға дейін үдеуі мүмкін.