Бәріне сен кінәлі
I
Құдайсыз қоғамда, имансыз адамға бәрі рұқсат, бәрі жат емес сияқты. Мұндай дүниеде өртті жүрек пен дертті сана ақылға қонақ бермей, асау сезімге ғана бой алдырады.
Жошы “Пирамида” казиносына кіргенде, алдынан еліктей елеңдеп Есілай және құмархана иесі — лақса кәрі, бірақ қытайдың өмір ұзартар “адам шөбін” үзбей қолданғандықтан ширақ қимылдайтын, жұдырықтай ғана бұхарлық жебірей шал — жымиып қарсы алды.
Төс қағысып амандасқан соң, Жошы сұңғақ та сұлу Есілайдың бетіне ернін тақап, ыстық демі балғын жүзін шарпып, амандықтың “мезіретін” жасады. Есілай “майлы клиенттің” шынтағынан еппен іліп алып, қудың қауырсынындай қалқып, “орыс рулеткасы” — “орыс бәсі” дейтін атышулы үстелге әкелді.
Үстел басында бұл бұрын кездестіре қоймаған ығай мен сығай қыз-жігіттер отыр екен — әйгілі “алтын жастар”. Көң құны көтеріліп кеткен. Көңілі көшеден нілдей бұзылып келген Жошының жыны ұстап қалды.
Ол аптаның жұмасында ғана ойнайтын. Басқа күндері бас сұқса — Есілай үшін ғана. Жұмада таныстары да жолығып қалатын, ал бүгін тіпті жым-жылас. Зауқы соқпаса да, көңге қомақты бәйге тікті. Ойынды ұзаққа созғысы келмеді: бір айналымнан қайырып, қызыл шараптан екі ұрттап, Есілайды қолтықтап жоғары көтерілді.
Шыны пирамидадағы өмір
Екеуі де қолтықтасқан күйі темір бағанға қысыр жыландай оралған бұрама сатының шыны табанын басты. Бұл — Мысыр пирамидасы үлгісімен көтерілген көшірме ғимарат. Ішіндегі мүлік-мүкәммалына дейін әйнектен жасалған.
Бір ғажабы: казиноның ойын залы, кафе-бар, би алаңы орналасқан бірінші қабаты мен қонақ үй сияқты тынығатын бөлмелері бар екінші қабатының арасы да мөлдір шыны. Жоғарыдағылардың не істеп жатқаны төмендегілерге бозғыл әйнек бетінен бұлаңыта көрінеді. Сондықтан да кейбіреулер ойынды қыздырар-қыздырмаста жоғарыға — интим бөлмелерге — асығатын.
Олар қос қатар шыны бөлмелердің арасындағы дәлізбен жүрді. Қапталдағы бозғыл әйнек қабырғаларда айқаласқан, аймаласқан, шарап ішкен боз сұлбалар бедердей бұлаңдап тұр. Екеуі де “меншікті мекеніне” — күллі әйнек пирамиданы тіреп, қақ ортасынан жарып өткен болат діңгекті кіндік бөлмеге кірді.
Шыны еденнен төмендегілердің абыр-сабыр әрекеті, шыны қабырғадан көршілердің нәпсіні қытықтар қимылы анық көрінеді. Ашық тәндер бозаң суда жүзген балықтай бұлаңдайды.
Ірге жаққа текшелеп көрпе-жастық жинаған шығыстық сәкі үстіне Жошы сылқ етіп отыра кетті. Сонда ғана Есілай: “Бүгін шаршап тұрсың ғой”, — деді. Жошы: “Күні бойы тыным таппадым”, — деп қысқа қайырды.
Есілай оны шешіндіре бастады: “Қазір массаж жасаймыз, суға түсесің — су жаңа мерседестей боласың...” — деп әндетіп те жіберді. Жошы жұмсақ, бірақ әлеуетті әйел қолына сүйсіне түсіп: “Жаным-ау, сен менің құтқарушымсың!” — дей берді.
Есілай кілт тоқтап: “Әйел — адамзаттың құтқарушысы, ал еркек — дүниенің жұтатушысы. Біліп қой, мырзам!” — деді.
Жошы үнсіз қалды. Есілай әндеткен күйі оның бөксесіне отырып алып, май жаққан алақандарымен арқасын уқалай, соққылай түсті. Жошының бой-бойы балбырап, құрыс-тырысы жазылып, тәні шоқтай тұтана бастады. Жастық қуат еркін алып, кенет аударыла беріп, Есілайды бауырына бүктей басты. Есілай алқына сыбырлап: “Ақырын... асықпа...” — деді де, жастың дегеніне көне берді.
Әлден уақытта екеуі жуынып келіп, үнсіз қалды. Сонда Есілай: “Сен неге үйленбейсің? Жағдайың да бар... Қыздарың да көп”, — деді. Жошы: “Қателесесің. Қыздарым жоқ. Сенен басқа... Он шақты ай болды, ешкімге жолаған емеспін”, — деп жауап қатты.
“Онда маған үйлен”, — деді Есілай. “Ұнайсың... саған-ақ үйленер едім. Бірақ сен менің өмірімде шын жақсы көрген, қатты ұнатқан екінші адамсың”, — деді Жошы.
“Біріншісі кім?” — “Мектепте болған. Мен оны бақытты қыла алмадым... Сені де бақытты ете алмаймын.” — “Сен емес, Жошы, мен сені бақытты етемін!” — деп Есілай жұлып алғандай айтты.
Жошы ауыр күрсінді: “Ол сенің қолыңнан келмейді. Тіпті құдайдың да қолынан келмейді...” Есілай шошып: “Қалайша?” — деді. Жошы қысқа қайырды: “Мен басымды баяғыда-ақ көңге тіккенмін. Бұл — ‘орыс бәсінің’ басы.”
Есілай “қайдағы жоқты айтпа” деп жалына сөйледі. Жошы да райынан қайтып, кінәні өзгеге аудара салатын жаман әдетін мойындап, қызды құшағына алды. Бірақ әңгіменің ар жағында әлдебір мұз бар еді.
Жошының мойындауы
“Мектепті бітірер көктемде сүйген қызымды өлтіргім келген...” — деді Жошы. Есілай алғашында оны өзін алыстату үшін әдейі айтып отыр деп ойлады. Бірақ Жошы сөзінен қайтпады: “Онымен бірге өзімнің де өлгім келген.”
Ол бәріне әкесін кінәлады. “Ешқашан үйлендірмеймін” деген бір ауыз сөз албырт мінезді атжалманша қасарытқан. Қашу — пайдасыз: әкесінің қолы ұзын, органда істейді. Сол кезде ол қызбен бірге өлуге бел байлаған.
Елу сом беріп көрші үйдің баласынан “обрез” сатып алғанын, таңертең ауылдың батыс жағындағы зиратты бетке алғанын, көктем күні тыныш бейіт үстінде бозторғай шырылдап, әлем күн нұрымен құлпырып тұрғанын айтты. Өз жүрегінің ат тұяғындай дүсірлеген соғысы бірте-бірте сабырға келген. Тіпті “қазір өлетінім де өтірік сияқты” болған.
Сол сәтте сүйгені етектен көтеріліп келіп, үрей билеген дауыспен “Жошы!” деп айқайлаған. Жошы жоғарыдан “Кел! Бері кел!” деп шақырған. Қыз бетін басып жылап тұрып, кенет бұрылып, ауылға қарай құстай ұшып қашқан. Сол мезет Жошының ішіндегі адал көңіл мен пәк сезім біржола суырылып кеткендей болған.
Ол ашуын әкесіне емес, қызға бұрғанын жасырмады. “Сол сәттен кейін өлмеуге бекіндім. Оны қайтып көрмедім... Бәлкім, бейіт басында сүйгеніммен емес, тұңғыш рет ажалыммен бетпе-бет ұшырасқан шығармын”, — деді. Содан бері бойын суық сезім — қатыгездік — билеп алған.
Есілай сыбырлай тіл қатты: “Қандай көңілсіз әңгіме...” Жошы: “Сілкініс сен емес. Сенен зорғылар да емес. Оны өзім ғана білемін. Тіпті тәңірі де сезбейді”, — деп өз-өзінен масаттанғандай болды. Қыздың қылаусыз тәні дір етті.
II
Жошының айтқаны рас еді: жан дүниесін алмас ішкендей өткір, суық сезім билеген. Салқын сабырға қатыгездік иек артқан. Сол қатыгездік оны қаладан шығар ұзын жолға салды.
Қатігездіктің дәні
Қаңтардың аязды ақшаңқаны. Кеше жауған көбік қар Алатаудың шыңына дейін ақ кебіндей орап тастапты. Ақ түсті “Ауди” қашқан қояндай заулады. Бірақ санасын иелеген сұмдық қатыгездік сейілер емес.
Ол қатыгездіктің алғашқы дәнін еккендер — әкесі мен шешесі. Төрт-бес жасында олардың бір-біріне пышақ ала жүгіргенін көрген. Қызыл қанды тұңғыш рет сонда көріп, қатты шошынған. Диван үстінде шоқиып отырып, үн-түнсіз бақырая қарағаны ғана жадында қалыпты.
Екі-үш күннен кейін Алматы іргесіндегі Өзбектен әжесі келгенде, бала бар сырды жайып салған. Сонда “Ақ апасы” оны үнсіз алып кеткен. Содан он жылдық мектепті тәмамдағанша апасының қолында еркелеп өсті. Бірақ кейін апасының басына ат ізін салмағанына да жылдан асыпты.
Жошы көлігін баяғы сүйгені құйын-перен қашқан етекке қаңтарып, ай тұрпатты айдары аңдыраған қалың қабірлі төбеге көтерілді. Белбеуіне бекітілген былғары қораптан ұялы телефонын алып, өшіріп тастады.
Биік төбе басынан Алатауға дейін түгел көрінеді. Жан-жағын шолып шыққан соң, мұсылмандықтан білетін жалғыз ауыз сөзді сыбырлады: “Бісмілла, рахман рақым.” Жүзін сипаған болды.
Күртік қарға омбылап жүріп, ортаға таман жатқан Ақсөңке әжесінің тамына жетті. Қар қысқа қоныш етігінен кіріп, сирағын мұздатып барады. Қызыл қыш кірпішпен төрт құлақтап көтерілген зиратқа іштей тағзым етті.
“Апа, кешір. Мен ақымақпын. Бүгін өзіңізге бас иіп кетуге келдім. Ендігі тағдырым қалай тайқарарын білмеймін... Білетінім — сіздің мейіріміңіз. Сол ғана сүйеу, сол ғана медет. Қош, апа. Қоштасуға келдім. Енді жолым түсуі екіталай... Кеш, апа.”
Қар тобығына дейін кіріп, денесін мұздатқан соң, тез қайтып, көлігіне қарай құр аттай адымдады. Етекке түскенде аяқ киімін шешіп, ішіндегі қарды сілкіп тастады. Шұлығы су болып қалыпты. Көлік қалаға қарай жылдам қозғалды. Сол күні қорым басында құран оқылмады.
Бейітті төбе етегінен ұзай бермей, құлағына тағы да баяғы үн келгендей болды: “Жошы!” Ол көңіл аудармауға тырысты. Бірақ дауыс қайталанғандай. Апасы ма? Баяғы сүйгені ме? Тым-тырыс. Тек көлік үнінің бірқалыпты сырылы ғана.
“Құдай жоқ” деген ой
Сол үн оның ішіндегі сенімді тағы да сетінеткендей болды. Кейін ол үйленді, сәби сүйді, бірақ әйел затына деген суық сезім қалып қойды. Ажырасуы да ауыр тимеді — қайта құтылғандай көрінді. Тіпті баласына да суып кеткен.
Ал құмарын тарқататын, азарын ашатын — казино. Есілайдың “Хрусталь Храм” атаған “Пирамидасы” да жел мен уақыттың жемі: шыны секілді бір сәтте быт-шыт болмақ. “Шыны-адам... шыны-қоғам... бәрі шытынағыш”, — деп ойлады ол. “Тәңірінің тәлкегі емес — адамның арсыздығы. Ал құдай жоқ.”
“Құдай жоқ, — деді ол ішінен үлкен күре жолға дөңгелегі тие бере. — Құдай бар болса, дүниені шыныдай шытынатпас еді. Құдай жоқ болғандықтан да адам ойына келгенін істеп жүр. Жер бетіндегі адамға бәрі рұқсат.”
Өшіріп тастаған қалталы телефонын қосты. Сол-ақ екен шілделіктегі шегірткедей шырылдап қоя берді. Әкесі екен. “Зиратта жүр едім... апамның басына бардым... ертең хабарласам... бүгін уақытым жоқ”, — деді де, қайта өшірді. Жол үстінде ешкім мазасын алмасын деді.
Ішкі дауыс
“Құдай жоқ, өлім ғана бар”, — деген ой қайта оралды. Сол сәтте әлдебір дауыс: “Иә, дұрыс: құдай жоқ, ажал бар”, — деді. Жошы селк етті. Қасында ешкім жоқ. Дауыс ішінен, ішкі жағынан шыққандай.
“Сен кімсің?” — “Ажалмын.” Жошының қолы дірілдеп, көлік те бұлғаң қақты. “Сенбейсің бе? Онда көзіңе көрінейін”, — деді дауыс.
Оң жағындағы орындықта бір бейне пайда болды: қырын отыр. Пішіні — адам, бірақ әйел ме, еркек пе — белгісіз. Жошы шындап састы. “Бісмілла...” деп күбірледі. Ал әлгі бейне: “Жалбарынба. Сен құдайсыз пендесің”, — деді.
“Сіреспе!” — дегенде, жұлын-жүйкесі жазылып, көлікті қайта игерді. “Сен әлі парыз-қарызыңды өтеп біткен жоқсың. Әзірге жаныңды алмаймын.” — “Онда неге жанымда отырсың?” — “Сен сенбедің. Көзіңе көрінейін дедім.”
“Неге?” — “Адамға ең жақын — ажал. Құдай алыста... тым жырақта. Сондықтан тағдырың қыл үстінде тұрады. Ал сенің қасыңда үнемі мен жүремін. Сен үнемі үреймен өмір сүресің. Міне, өмірдің мәні.”
Жошы сабырға келіп, қарсы сөйледі: “Әркімнің өз ажалы жоқ. Ажал — ортақ. Құдайды да біреу, ол бәріне ортақ дейді ғой... Ал сен — елессің. Мен сенен сескенбеймін, сенбеймін!”
“Сескенбе. Сенің сенбегенің керек — маған да, құдайға да.” — “Сенбеймін!” — “Сенбе. Міне, мен де жоқпын...”
Жошы жалт қарады — жанында ешкім жоқ. Үн енді құлақпен емес, күллі ой-санамен сезілетіндей. “Жоққа сенбе. Көзіңе көрінбесе — сенбе.” Арқасынан құмырсқа жүріп өткендей болып, суық тер бұрқ етті. Көлік мүлде баяулаған. Ол ызаға булығып, жүрісін үдетті де, қойын қалтасынан бір түйір “экстазиді” алып, аузына тастады.
III
Бесін ауа көлігі шыны казино алдына келіп тоқтады. Жошы асыға кіргенде, Есілай да, жебірей қожайын да қарсы алған жоқ. “Пирамида” іші де самаладай жарқырамай, бозалаң сәулеге малынып тұр екен.
Әлдебір қызметші байқаса керек, көп ұзамай Есілай көрінді. Іле-шала қожайын да шықты. Әңгіме қысқа қайырылды: көзі қанталап тұрған Жошы екі-үш көк қағазды қожайынның қолына қыстырып, Есілайды ай-шайға қаратпай алып шықты. Жол бойы екеуі ләм-мим демеді.
Қорған ішіндегі байлық
Медеу жақтағы даңғылмен жүріп, “Бутаков сайына” жетпей солға бұрылды да, биіктегі жазаңға көтерілді. Түйе бойы қорғандап тастаған алып қорған қақпасына тірелді. Қашағасы кісінің жуандығындай сом темір бағандар, кез бойы болатпен шегенделген оюлы есік электрмен сырыла ашылды.
Арғы жағынан полиция киімін сықита киген күзетші көрінді. Таныс көлікке ізет жасап, бөгетсіз өткізіп жіберді. Қос қапталдағы көк гранитпен өрілген жол, неон шамдар, аң-құс пен балық мүсіндері көзді арбады. Төрт коттедж барокко үлгісінде салынып, аулалары шағын кірпіш қорғандармен бөлінген.
Есілайдың аузы ашылып қалды: мұндай сән-салтанатты өңі түгілі түсінде көрмеген. Ішке кіргенде самырсын иісі аңқып, есік тұтқасынан төбедегі шамына дейін алтынмен апталып, еденінен қабырғадағы түпнұсқа суретіне дейін күміспен күптелген мүлік жас қызды есеңгіретіп жіберді.
“Ғажап!” — деді ол. Жошы мырс етіп: “Ғажап емес — сұмдық. Осынша дүниенің керегі қанша әкеме?” — деді. Есілай: “Маған ұнайды”, — деп қысқа қайырды. Жошы кекете күлді: “Әйелдерге бәрі керек, бәрі ұнайды.”
“Еркекке не керек?” — деді Есілай. Жошы иығын қиқаң еткізді: “Білмеймін. Бәрі — ақымақшылық. Адам баласының озбыр өзімшілдігі. Қолынан келсе, Алатауды да қапсыра құшақтап жатқысы бар.”
“Сонда қайда көтеріп кетпек?” — деді ол тағы да. “Ес жоқ.”
Есілай: “Әкеңді кінәлай бермеші. Ол кінәлі емес шығар”, — деп жуасытқысы келді. Бірақ Жошының ызасы өзіне қайтты: “Иә, мен кінәлімін. Осы байлыққа ие бола алмай жүрген. Бар-жоғы күзетшімін. Үйдің сыртын полиция, ішін мен күзетемін...”
Оның бойын жыны билеп, балуан денесі құрыстанды. “Есілай, ‘экстазиді’ әпер. Күйіп барам. Әкел!” — деді де, бір түйірін тілінің астына тастады. “Сен де іш. Қазір кайфке кіреміз... жеңілдейсің. Қаның қызып, құмарың тез қанады.”
Үзіліс: бір ауыз сөз бәрін төңкерді
Жошы қыздың қыпша белінен тартып, танауын оның алқымы астына тыға берді. Есілай шегініп: “Маған ішуге болмайды”, — деді. “Неге?” — “Аяғым ауыр...”
Жошы дегбірі қашып: “Қойшы. Кімнен? Менен бе?” — деді. Есілай жай ғана: “Сенен”, — деп жауап берді. Жошы сенбеді: “Өтірік. Мені ызаландыру үшін, сынау үшін айтып тұрсың.” Есілай сөзін қайталай берді: “Шын айтам.”
“Сайқал...” — деп Жошы булықты. Есілай сабырын жоғалтпады: “Сен сен, сенбе. Мен оған өкінбеймін. Ал сенің оған керегің шамалы. Ол маған керек.” Жошы: “Мен жынданатын шығармын... сайқал жайлаған өмір-ай!” — деп тістенді.
“Жынданбай-ақ қой. Саған ауырлық түсірмеймін. ‘Хрусталь Храм’ аман болсын. Сенің мына байлығың — менің нәрестемнің садақасы. Осыны біліп қой!” — деді Есілай.
Жошы ашудан тұншығып: “Бұл менің де байлығым емес. Болса — дүниеқоңыз әкем мен шешемдікі... Сен де осыны біліп қой. Жә, доғарайық осы әңгімені”, — деді.
Есілай құрғақ қана: “Доғарсақ — доғарайық”, — деді. “Сен маған...” — деп басталған сөз ауада ілініп қалды.