Екі көздері бұның қолында
Арнау
Сен ылғи шалғай қиырларға, алыс сапарларға аттанатынсың. Сондай бір айлап-жылдап созылатын ұзақ рейстен әлі оралмай қойғаның да бар. Біздің ауылда бұрын-соңды ешкім ата кәсіп ете қоймаған жаңа өнерге алғаш бет бұрғандардың бірі өзің едің: құландар жортқан құба түзде талай соны соқпақты өзің салдың. Талай жанды алыс жолға, сәт сапарға өзің шығарып салдың.
Міне, әлі күнге дейін ұлы көштен қалмай ілесіп келе жатқан осы сапарыма да арқамнан қағып, аттандырып салған — өзің едің. Бірақ сол сапардың ақысы, достық қарызым өтелген жоқ. Енді өтелмек те емес.
Сенің атың — Қобылан еді. Әуелде Қобыландыдай батыр болсын деп қойған шығар. Өн бойыңда шынында да батырға тән кеңдік те, ерлік те мол болатын. Сол дарқандығың мен кеңдігіңнен бе, бейбіт заманда бейуақ қаза таптың. Ақ түтек боранда бала кезден бауыр басқан рөлің ғана маңдайыңнан сипады.
Өзімді енді қайтып көрмес, құшақтаспас мәңгілік ғайыпқа қимайтын көңіліме жұбаныш болсын деп, өзің мен әріптес достарыңның баяғы ақ желең жинақтары туралы осы шағын хикаяны жаздым. Аяулы аға, дос — шофер Қобылан Зоранов, саған арнадым.
Автор.
«Бұл — өз жолын білетін, босатылған жүгіру сияқты...»
Ригведа, Варуне арналған гимн
«Біз алғаш рет өмір сүріп жатырмыз...»
Юрий Олеша
I
Орталық түгілі, көрші қойшы ауылдардың өзіне артық аяқ бастырмайтын Көксұр Елеместі сол күні қандай түлен түрткенін Жақан көпке дейін түсіне алмады.
Таңертең жылқыны шолып қайтайын деп ат ерттеп жатқанда, түйе жүн шекпенін желең жамылып, Елемес үйден шыға келді. Жаяу жүрсе әдеті — алты ай төсек тартып, аурудан жаңа тұрған кісідей өз аяғын өзі көтере алмай, ілби береді. Езуінде сол үйреншікті күлкісі.
Әуелде жұрттың неге осы бір биязы мінез, аққұба кісіні «Көксұр Елемес» атап кеткеніне Жақан қатты таңғалатын. Кейін білді: әкесі өліп отырса да, қабағын шытпай, жымиып тұра береді екен.
Таң атпай ізіне түсе, ілесе шығуы да тегін емес еді.
Елемес қасына келіп, бұралып кеткен таралғысын түзетті. Шара көз шабдар айғырдың делдиген танауынан сескенгендей, аяғының ұшымен басып, арғы қапталына өтті.
— Дүкенге соғып қайтқым келіп жүр деп пе ең осы?
— Иә, шалбарым тозып...
— Ендеше, бүгін Шайхатқа Теңбілкөкті апарып бер.
Жақанның көзі адырайып кетті. Мұндай сылтау табылғанда тайып тұрып, бір апта бойы қарасын көрсетпей қоятын бас жылқышының бұл қылығы қалай? Қалжыңдап тұрғаны ма?!
— Жақа, жауабым міне дегендей, жалма-жан үзеңгіге жармасты.
— Жә, қапылма. Әуелі шайыңды ішіп ал.
Елемес иығындағы шекпенінің өңірін бір тартып, үйге беттеді. Соңынан Жақан да ерді. Торғынның қалампыр араластырып демдейтін, исі бұрқыраған күрең шайына күнде қана қоймайтын еді, бұл жолы тек құтылғанша асығып отырды: Елемес әлгі сөзінен айнып қалмай тұрғанда, бұл маңайдан қарасын өшірмек.
Дастарқан жиналғанын күтпей, атына мінді. Үйірге қосылмайтын мініскер аттар ауылдың иек тұсындағы ажырықты ойда жататын. Теңбілкөк бір шетте жалғыз жайылып жүр екен. Қашқақтаған жоқ. Арқасына терлік салғанда да көзін ашып-жұмып, тырп етпей тұра берді.
Теңбілкөк
Жарықтық жылқы деп, міне, Теңбілкөкті айт. Ертоқымын алғанда жабы құрсақ, сиықсыз көрінгенмен, басына жүген тиюі мұң — құлпырып шыға келеді. Үзеңгіге аяғың іліккенше тызақтап зорға тұрады. Тұлпар аруағы ұстағандай құлағын қайшылап, жалы күдірейіп кетеді.
Ерге қона бергенше, есік пен төрдей жерге бір-ақ ытқиды. Шайхат басқарма да осы мінезіне бола жақсы көреді.
Жақан бір-екі жерде Шайхаттың мақтанғанын естіген:
— Ауданға бюроға барғанда кеңседен жұрттың ең соңынан шықсам да, көрмеден бәрінен бұрын аттанамын. Біздің Теңбілкөк жалды жайып тастап, мойынды созып жіберіп, тайпалтып тартып бергенде, басқа аттар шортанның қасындағы шабақтай боп қалады, тәйірі!
Теңбілкөкке мінген кісі қайықпен жүзіп келе жатқандай: жан-жағың шалқар көлге айналып, дүние теңселіп, тербеліп, билеп жөнеледі. Бәсе, Шайхат басқарманың ылғи лақылдай күліп, аңқылдай сөйлейтіні содан шығар: мұндай ат мінген адам көңілді болмағанда, кім көңілді болсын.
Ауылдың көзі, адамның сөзі
Дала — салақ үйдің дастарқанындай сатпақтанып жататын жұтаң кеңістік. Ал Теңбілкөктің тақымы қыза қыз тіккен кестедей құлпырып сала береді.
Жұрт Шайхатты паң дейді, тәкаппар дейді; түскен үйдің көрпе-төсегі мен дастарқанына қарап, қаралай тыжырынатын кірпияз дейді. Жайнақ көз Торғынды айттыра барып алып, жел жағынан алаша қағып, «үстіме шаң тигізді» деп безіп кетіпті дейді.
Теңбілкөктей атқа мінген кісіге бопса жүрер ме? Адам түгілі, делдиіп жатқан даланың өзіне де көзің жөндеп түспей, шікірейіп келе жатқаның мынау.
Басқарма мақтаулы атына өзінен басқа ешкімді жолатпайтын. Тек Көксұр Елемес қана анда-санда, көлденең көзге көрсетпей, қайын-жұртына Теңбілкөкпен барып қайтатын. Сол екеуінен басқа, бұл жануарға тақымы тиген екіаяқтының бірі — Жақанның өзі.
Жақанның іші: қиял мен қызғаныш
«Не де болса, Теңбілкөкке тегін кісі тақым салмайды», — деп ойлады Жақан. Олай болса, Шайхат пен Елеместі осынша қарық қылған қолы ашық құдай Жақанды да құр алақан тастармын демес.
«Шіркін, Теңбілкөк маған басыбайлы бұйырса ғой», — деді ішінен. Сонда Шайхаттай атына көлеңдетіп ақ жабу жабар еді. Почта бастығы Нұркендей басына қақырайған ақ картұз, үстіне шақырайған ақ китель, ақ шалбар киер еді. Сүт бетінде қаймақтай шекелей қарап жүрер еді.
Ол тек қызы сұлу үйлерге ғана түсер еді. Қақ төрде құс мамықтың үстіне шалқасынан түсіп, уық санап жатар еді.
Аузында ақ құйрық папирос, қолында көлдей газет... Сөз арасында: «…Понимаешь…», «…Тойыс…», «…Слушай…» — деп қояр еді.
Көре алмаса — көздеріне теріскен шықсын. Оларға бола айылын жияр Жақан жоқ.
Жамал
Сонда Жақан бұл ауылда кімнің үйіне жиі түсер еді? Әрине, Көксұр Елеместің үйіне. Өйткені, бұл ауылға Жамалдан асқан қыз бітіп пе!
Маңдайы жап-жазық, қабағы ашық. Момақан мойыл көзінен ылғи жып-жылы нұр төгіліп тұрады. Қыр мұрын, дөңгелек жүз, бұлтиған ерін — бәрі-бәрі Торғыннан айнымайды. Білектей қос бұрымы өкшесіне тиеді.
Екі беті бал-бұл жанып, шай құйып отырғанын көргенде, ішіңе қып-қызыл шоқ түскендей болады.
Кейінгі кезде осы ауылдың шаш қойған азаматтары көлік ауыстырайық деген сылтаумен жиі келгіш. Өкіл боп соғып, қона жатып кететін көк иектер де бұралып кіріп, бұралып шығып жүрген сұлу бойжеткенге мойындарын бұрып қарай береді.
Жақан оларға ішінен күледі: суға қанбайтын жаман жабының бүйіріндей шеңбірек атқан қарындарын көтере алмай жүріп, дәме қылғандары несі?
Нұркен — «ең білімді»
Нұркен келгенде де, неге екені белгісіз, шоққа түскен көн шоқайдай тырыса қалады. Жақанды көрсе, ол да сөйтеді. «Ат жауырғыш, ат зорыққыш» деген аты соның-ақ: қызы бар ауылға күнде шауып барып тұратын есірікке ат шыдай ма!
Ол шаршы төрге шалқасынан түсіп, шалжиып жатады. Аузында папирос, қолында газет. Кісіге көзі түспейді. Тек есіктен Жамал кіргенде ғана басын жұлып алып, күлімдей қалады. Әншейінде ешкімге езу тартпайтын Жамал да оған тісін көрсетіп жымияды.
Екі сөзінің бірі: «понимаешь», екі сөзінің бірі: «знаешь». Дүниедегі кереметтің бәрін өзі түсініп қойғандай.
Елеместің айтуынша, бұл ауылдағы ең білімді адам — сол Нұркен. «Вышинский жолдастың Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзін де түсіндіріп бере алады» дейтін. Бірақ жетімдігі бар: «Әйтпесе…» — деп басын шайқап қоятын.
Кейін Елемес Нұркенді көп ауызға алмай кетті. «Нұркен сөйледі, қатырып сөйледі. Бірақ тым қызылға ұрынды…» деп бір жолы қатты қынжылғаны ғана есінде.
Өтелші Өтемағанбет
Елеместің үйі кірсе шыққысыз: керегенің бәрінде масаты кілем, көрпе-жастықтың тысы түгел атлас. Торғын желі басына шайы көйлек киіп барып, бие сауады. Оның бәрі — өтелші Өтемағанбеттің арқасы.
Жақан әуелде «өтел» дегенді асыл мата, қымбат жиһаздың орысша атауы шығар деп ойлайтын. Сөйтсе, өтел — қайдағы бір құрым киіз, сүйек-саяқ, қыл-қыбырдың аты екен.
Өтемағанбет арбасын салдыратып келіп, жұртқа айна, тарақ, тебен ине үлестіріп, күл басында шашылып жатқан қоқыр-соқырды тау-тау қып тиеп әкетеді. Жолдан бұрылып отыратын жалғыз үй жылқышы ауылдан өтел жинап қанша қарық болатынын кім білсін, әйтеуір, келген сайын бір соғып кетеді.
Оразмағанбетпен сөз
Бір жолы Өтемағанбет жігіт болып қалған баласын ертіп келді. Оразмағанбет әңгүдіктеу көрінді: жүріс-тұрысы ғана емес, сөзі де келі түйгендей дүңқ-дүңқ етеді.
Дастарқан жайылар-жайылмаста, ол босағаға қарай жамбастап, құс жастықты өші бардай умаждап, қисая кетті. Әрі аунақшыды, бері аунақшыды — дастарқан жиылар-жиылмаста елден бұрын атып тұрды.
— Мына жылқышы туғаның ба?
— Жоқ.
— Сонда кімің?
— Әкемнің өкіл баласы.
— Өз әке-шешең бар ма?
— Жоқ.
— Қалай, қызын айттырушылар көп пе?
Жақан аңтарылып қалды. Оразмағанбет қиығы қып-қызыл бітік көзін жыртып ашып, бұның бетіне сығырайды.
— Қырындайтындар ше? — деді ол. Түнде үйіне «түйе боп сүйкеніп», шешесі сыртқа атып шыққанда, жып беріп қыз қойнына кіріп кететін жылмаңтөстерді айтам.
Жақан сол иығын бір бүлк еткізіп, теріс айналды. Кейін ғана түсінді: сипаншақ Нұркен де, әумесер Оразмағанбет те Жамалды бұдан қызғанады екен.
Жақанның өткен күні
Он алтыға жеткенше өңкиіп партада отырып, алтыншы класты тауыса алмай қойған қауақ бас Жақанға «оқу» оп-оңай жұбаныш болмады. Мектеп күндері есіне түссе, әлі де күлкісі келеді: ең арттағы партада сыймай, қозғалған сайын шиқылдап қоя беретін орындық, тым-тырс отырып қалатын әдет…
Бір күні мұғалім тақпақтап бір мысал айтты. Ертеңіне сабақ сұрағанда, Жақан орнынан атып тұрып, «Емен мен шілік» деп өз тілімен қайырып берді. Балалар ду күлді. Мұғалім тесіле қарады:
— Бұл мысалды кім шығарған?
— Кәриялардың бірі шығар.
Мұғалім күлді. Балалар қыран-топан.
Тек мектептің озаты Қосжан ғана сазарып қалды.
Мұғалім: «Қане, Қосжан, сен айтшы» дегенде, ол: «Бұл мысалды жазған ұлы орыс ақыны Иван Андреевич Крылов» — деді.
Өкілдік
Үзіліске шығып келе жатқанда, кезекші «сені директор шақырып жатыр» деді. Кабинетте директордың алдында именшектеп бір бейтаныс отыр екен. Сөзі үзік-үзік, ыңырсығандай. Жақан не айтқанын жөндеп ұқпады, бірақ өзі туралы екенін сезді. Әдетінше, білмегенін жасырып, көп сұраққа ауыз ашпай бас изей берді.
Қоңырау әлдеқашан соғылып кетсе де, олар әлі отырды. Бір кезде директор «ендеше амал қайсы?» дегендей қолын жайды. Әлгі адам орнынан тұрып, Жақанды соңынан ертіп сыртқа шықты.
Ол мектептің отын қоймасының көлеңкесіне байлаған атына келіп, Жақанды мінгестірді. Ауыл орталығынан бір көш ұзай бере:
— Бала, оқып бәрібір профессор болмайтыныңа көзің жеткен шығар?
Жақан басын изеді.
— Бұл ауылда менен жақын ешкімің жоқ. Әкең марқұм теңіз асып келген кірме еді. Менің әкеммен көжетамырлы болатын. Баяғыда Текенің базарында танысыпты. «Сүйек шатыс болайық» деп мені өзіне өкіл бала еткен.
Анаң байғұс біз қырда жүргенде қайтыс болыпты. Жер аяғы қашық — тұсында келе алмадық. Биыл басқарма қырға көшірмей, ойға қалдырды. Енді сені қайтадан жалғыз тентіретіп қояйын ба? Түсінетін шығарсың.
— Қолыма алып, қолқанат етем. Азамат қып шығарам. Аман болсаң, келін алып беріп, бөлек үй етем.
Содан бері Жақан жылқы соңында. Жылы үй, дәмді дастарқан — оған әзірге осының өзі жеткілікті. Тек кейде Нұркендердің кісімсініп, кекірейе қарайтынына зығырданы қайнайды. «Оқыған итке дауа бар ма», — дейтін Елеместің сөзі сонда есіне түседі.
Адам мінезі — жылқы мінезі
Біреуді біреуге діңкілдетіп қойған дүние-ай. Азынаған ата айғырлардың сәурікке, сәуріктің арқасы жауыр қыршаңқыға, қыршаңқының құнан-дөненге, ал құнан-дөненнің тай-құлынға шелтеңдеп азу ала жүгіретіні бар еді — Жақан соны адамдардан да көре бастады.
Түзде біреуге әкіреңдеп келген адам үйінде әйеліне әкіреңдейді, әйелі баласына әкіреңдейді, ал бала ойыншығы мен қозы-лағына зекіп жатады. Әйтеуір, бірімен-бірі иық тірестіріп, бой таластырып баққан дүние.
Сол дүниеде әзірге ешкімге әкіреңдемейтін біреу бар сияқты — ол да осы Жақанның өзі. Бірақ кейде қайтқа көнбейтін, желқуық мінезді мақұлықтарды шара көз шабдар айғырмен қуып жетіп, төпеп-төпеп алатыны болады.
Бірде мұны Елемес көріп қалып, баяғы әдетімен жымиып тұрды да, жақындап келді:
— Бала, қаһарыңды сонша төгіп қайтесің. Төртаяқтылардан есесі кеткен екіаяқты жоқ. Екіаяқтыларға есеңді жібере көрме.
Сосын көрші колхоздың жылқы жоғалтқаны туралы хабар айтып кетті. Жақан бас жылқышының соңғы кезде бір әңгімені бастап келіп, аяқ астынан үзіп әкететін әдетін байқай беретін. Бірақ кейбір сөзін әлсін-әлі ойына қайта алып, ішінен таразылайтын…