Виктория ісі Инесса тәжірибесінен алынса, Совет аудандық халық
Заңды жақсы білгендердің әлсіз жері
Егіз қыз Виктория мен Инесса Черкасовалардың әкесі Борис Черкасов — Алматы облыстық тұтынушылар одағы базасының заң бөлімінің бастығы, ал шешесі Валентина Черкасова — Алматы қаласындағы № 2 заң консультациясының адвокаты. Екеуі де заңды білетін, сол білімінен осы уақытқа дейін жапа шекпеген адамдар: қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Сондықтан ерлі-зайыпты бір ауыздан: қыздары орта мектепті бітіргенде, екеуі де өз жолдарымен жүрсін, заң факультетіне түссін деп шешті. «Несі бар, болмасын деген оңбасын!» — дегендей, екі қыз университеттің заң факультетіне құжат тапсырып қайтты.
Емтихан — бәрін орнына қоятын шындық
Алғашқы соққы
Виктория алғашқы емтиханнан-ақ сүрініп, шығармадан «екі» алды. Әке-шешенің жаны мұрнының ұшына келді. Енді олар Инессаның жолы болсын деп тілеп, соған үміт артты.
Екінші соққы
Бірақ арада біраз күн өткенде, үміт артқан Инесса да СССР тарихынан емтиханнан құлап, үйіне «шоқпар бас, қисық цифрды» арқалап келді. Міне, әке-шешенің абдыраған жері осы болды.
Заң қызметі өмір бойы азық болған адамдарға бұл жағдай «ендігі ұрпағыңа қызмет етпеймін» дегендей көрінді. Сол сәтте олар заңды қайта ақтарып, бір «жылт» тапқандай болды: қыздарды кешкі факультетке түсіру.
Кешкі факультетке апарар «жол»: жұмыс орны керек
«Несі бар, болмасын деген оңбасын!» Бірақ кешкі факультеттің бір қиындығы бар: тиісті бір мекемеде жұмыс істемегендерді қабылдамайды. Бұл жерде Черкасовтарға қиын болған жоқ — Алматыдағы заң орындарының көбі таныс. Екі қызды солардың біріне орналастыру мәселесі шешіле салды.
Заңды білу — кейде «айланы» да жеңілдетеді
Оқуға түсу қаншалық қиын екенін көрген соң, ерлі-зайыпты Черкасовтар «арамдықты» да ойлады. Заңды оқып, заң қызметін істеген адамдарға ойындағысын іске асыру қиынға түскен жоқ.
Викторияға жасалған құжат: бұйрық та бар, мінездеме де бар
Әуелі әңгіме Викторияның «орналасуы» туралы. Совет аудандық халық сотының председателі Никитина қол қойған 1 қыркүйектегі № 20 бұйрықтың 2-параграфында былай делінді: 1971 жылғы 30 тамыздан бастап Виктория Борисовна Черкасова сынақ мерзімімен курьер қызметіне алынсын.
Бір күн бұрын жасалған «өнімділік»
Сол судья Н. Никитина 1 қыркүйекте бұйрық бере отырып, одан бір күн бұрын — 30 тамызда — Викторияға өндірістік мінездеме де жасап үлгерген. Онда өзі сынақ мерзімімен курьерлік қызметке алған адамды асыра мақтап, «30 тамыздан бастап сот мәжілісінің хатшысы болып қызметке алынды» деп жазған.
Бұл жерде халық сотының председателі Никитина да, әке-шеше де заңды «бір көрсетіп» тастады: заң факультетіне сот мәжілісінің хатшысы бірінші кезекте қабылданатынын алдын ала білген. Сөйтіп заңсыз жасалған құжат оқуға түсуге «жолдама» болып шықты. Виктория емтихан да тапсырды.
Ал Инесса ше?
Несін айтасыз — Викторияның ісі Инессаға «үлгі» болды. Ал Совет аудандық сотының председателі Никитина болса, Алматы қалалық сотындағы тәжірибені үлгі еткен.
Қалалық сотта 18 тамыздағы № 38 бұйрық бойынша Инесса курьер болып алынған, ал еңбек кітапшасының көшірмесі «Алматы қалалық сотының сот мәжілісінің хатшысы» деп рәсімделген.
Кейін мәселе белгілі бола бастағанда, бұрынғы бұйрыққа жазатын орын болмаса да, сот төрағалары қолдың үстіне дейін былай деп «баттастырып» жазып қойған: «...Белькевичтің орнына сот мәжілісінің хатшысы міндетін уақытша атқару жүктелсін».
Бұл арада осынша өтірікті кім құрастырғанын, кім жасағанын, кімді кім алдағанын қалалық соттың өзіне қалдырайық: алдаушының біреу еместігі айқын. Ең сорақысы — дәл сол кезде Белькевичтің орнында басқа адам істеп жүрген, жалақысын өзі алып отырған. Ал кейде заңның «ұсақ-түйегін» де білетіндер табылып қалады — қалалық сот мұны да естен шығарып алған.
Нәтиже
Сөйтіп, заңды жақсы білетін заң қызметкерлері жасаған заңсыз құжаттар қала ішінде «шарлап» жүріп, өз мақсатына қызмет етті: Виктория да, Инесса да — екі курьер — бір-ақ сәтте екі сот мәжілісінің хатшысы болып шыға келді. Оның үстіне, жоғары оқу орнының студенті атанды.
Еске салу: «қызмет жөніндегі подлог»
Алматы қалалық және Совет аудандық соттарындағы қызметкерлердің де, заң қызметінде істейтін Б. және В. Черкасовтардың да заңды, оның тармақ-тармағын жақсы білетініне дау жоқ. Бірақ бір таныс емес бапты еске сала кету артық емес: «сотқа да сот болатын күн» келмесіне кім кепіл?
Қазақ ССР Қылмыс кодексі, 148-бап
Қызмет жөніндегі подлог
Қызмет жөніндегі подлог, яғни қызмет адамының пайдақорлықпен немесе басқа бір зұлымдық ниетпен құжаттарға көрінеу жалған мәліметтер енгізуі, жалған құжат жасауы, құжатты өзгертіп қолдан жасауы, сондай-ақ көрінеу жалған немесе өзгертіп қолдан жасалған құжаттарды беруі — үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға немесе бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына жазаланады.
Амал нешік: қиын болса да, ащы болса да мұны айтпай болмайды. «Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер?» дейді халық. Ал судья қылмыс жасаса, оған қандай жаза бар?