Әжем менің алғашқы тыңдаушым

Отбасы Естелік Тәрбие

Әжем — өмірімнің ең қымбат адамы

Кез келген баланың жақсы көріп, құрметтейтін әжесі болады. Менің де әжем бар. Оның аты-жөні — Мухамбетова Ақкенже. Ең қызығы, әжемнің екі есімі бар: шын аты — Таңсық. Әке-шешесі еркелетіп, Ақкенже деп атап кеткен екен.

Әжем өз атына сай жан: өте ажарлы, мінезі бай, ақжарқын. Ол мені кішкентайымнан өсіріп, бағып келеді. Жасы 75-тен асса да, анам мен әкем жұмыста болғанда мені сабаққа дайындап, мектепке шығарып салады. Қарындасым Жанарға да қарайласады. Бізді шын жүректен жақсы көреді: күн сайын тәтті алып беріп, еркелетіп отырады.

Жүрекке жақын бір дәм

Әжем дайындайтын сүтке пісірілген күріш ботқасының дәмі тіл үйіреді — тәп-тәтті. Қайта-қайта жей бергің келеді. Сол үшін де әжеме әрдайым ризамын.

Жыл өткен сайын әжем қартайып бара жатқандай көрінеді. Шашы ағарған. Ұзақ жүрсе тез шаршап қалады. Сондықтан мен оған көп ауыртпалық түсірмеуге тырысамын: сабағымды жақсы оқимын, бос уақытымда қазақ ақындарының өлеңдерін жаттаймын.

Әжем — менің алғашқы тыңдаушым. Ол қателігімді түзеп, мақтап отырады. Ақ әжем күн сайын ақыл-кеңес айтудан жалықпайды: «Сабағыңды жақсы оқы. Оқыған адам ғана өз арман-мақсатына жете алады. Жалқау болма, еңбекқор бол. Өтірік айтпа. Қиянат жасама», — дейді.

Арманым

Болашақта әжемнің айтқанын орындауға тырысамын. Бұл өмірдегі ең үлкен арманым — әжемнің денсаулығы мықты болып, әрдайым жанымда жүре беруі. Мен өз әжеммен мақтанамын.

Кей адамдардың мейірімі сөзбен емес, күнделікті қамқорлықпен сезіледі.

Жылы естелік