Балалар қызметі

Технологиялық карта Білім салалары: Таным • Қатынас • Шығармашылық Бөлімі: Тіл дамыту

Тақырыбы: «Тәуелсіздік — ел тілегі»

Шымкент қаласы №58 «Күншуақ» бөбекжай-балабақшасының тәрбиешісі — Мақұлбекова М.П.

Мақсаты

  • Жас ұрпақтың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру, туған жері мен елін сүюге және қорғауға тәрбиелеу.
  • Мақал-мәтелдер мен тақпақтар арқылы ой-өрісін кеңейту, сөздік қорын молайту, тілін дамытуға ықпал ету.

Көрнекіліктер

  • Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері
  • Ләззат Асанова мен Қайрат Рысқұлбековтің суреттері
  • «Қазақ елі» бейнефильмі

Ұйымдастыру кезеңі: «Жылулық шеңбері»

Балалар шеңберге тұрып, бір-біріне жылы лебіз білдіреді. Тәрбиеші ел туралы ой қозғайды: «Біз аспаны ашық, сәулелі, кең-байтақ елде тұрамыз. Ол ел — Қазақстан.»

Іс-әрекеттің басталуы

Ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті Қазақстан Республикасының Әнұранын орындаудан басталады.

Түсіндіру жұмысы

Тәрбиеші тәуелсіздік ұғымын түсіндіреді: өз бетімен, ешкімге бағынбай өмір сүретін ел — тәуелсіз ел. Тәуелсіздікке жету жолында халқымыз көптеген қиындықтарды бастан өткергенін айтады.

Тарихи дерек және тұлғалар

Тәрбиеші 20 жыл бұрын Алматы қаласында болған жастар көтерілісін еске алып, ерлік көрсеткен Ләззат Асанова мен Қайрат Рысқұлбеков туралы қысқаша әңгімелейді.

Бүгінгі бейбіт өмірдің қадірін түсіндіреді: ел дамып, заңдар қабылданып, әр азаматтың білім алуға, балабақшаға, мектепке, жоғары оқу орындарына баруға құқығы бар екені Конституцияда көрсетілгенін атап өтеді.

Бейнематериал

«Қазақ елі» бейнефильмі арқылы тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен көркеюі көрсетіледі.

Сұрақ-жауап: Мемлекеттік рәміздер

Рәміздер

Қазақстан Республикасының рәміздері: Ту, Елтаңба, Әнұран.

Әнұран авторлары

Музыкасы — Шәмші Қалдаяқов. Сөзі — Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Ту мен Елтаңба

Тудың түсі — көк, жиегінде ою-өрнек, ортасында күн мен қыран бейнеленген. Елтаңба — алтын және көгілдір түсті.

Түсіндіру: Елтаңба мағынасы

  • Шаңырақ — отбасының амандығы мен бірліктің белгісі.
  • Тұлпар — биік арман мен қайраттың нышаны.
  • Жұлдыз — «жұлдызымыз жарық болсын» деген тілек.

Мерекелік көрініс: Алдар Көсенің келуі

Алдар Көсе домбырасымен топқа кіріп, әзіл-өлеңін айтады:

«Мен Алдармын, Алдармын,
Бәріңді де алдармын…»

Ол балаларды Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған қалалық мерекеге шақырады.

Мерекеге жол

Балалар «Атамекен» әнімен мерекеге аттанады. Қала әсем безендірілген: түрлі жалаушалар мен шарлар ілінген.

Жұмбақ

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Жауабы: Отан

Өнер сәттері

  • Отан туралы тақпақтар айту
  • «Ақ көгершін» биі
  • «Отан» әнін орындау

Ұлттық ойын

Алдар Көсе мерекеде ақындар айтысы, палуандар күресі, ұлттық ойындар болатынын айтып, балалармен бірге «Соқыр бүркіт» ойынын ойнауды ұсынады. Ойын барысында Отан туралы мақал-мәтелдер айтылады.

Тақпақтар топтамасы

Әнұран туралы

Әнұраны елімнің,

Шақырады бірлікке.

Егеменді халқымның,

Болашағы бірлікте.

Ту туралы

Аспан түстес көгілдір

Тік бұрышты матаның

Ортасында төгіп нұр

Күн жаяды шапағын.

Астында оның қалықтаған

Қыран құстың бейнесі —

Азат елдің шалқыған

Көңілі деп білесің.

Елтаңба туралы

Алтын қанат көмкерген

Шаңырақ бар, уық бар.

Әсем бейне сен көрген —

Жай бейне емес, ұғып ал.

Сүйсіндірген өзіңді,

Түсіне біл таңбаны:

Ауыздығы ұшқыр, төзімді

Пырақ — халық арманы.

«Отан» туралы балалар тақпақтары

1-бала

Отан дейміз от жаққан жерімізді.

Отан дейміз өсірген елімізді.

Отан дейміз туған жер — атамекен,

Биік тау, орман-тоғай, көлімізді.

2-бала

Абай туған, Сәкен туған,

Құрметте, досым, қазақтың жерін.

Қамбаға жылда миллиард құйған,

Қазақстан Республикам — менің.

3-бала

Қазақстан — жеңісті дана күндер,

Қазақстан — толқынды лала гүлдер.

Қазақстан әлемді елеңдетіп,

Байқоңырдан зулаған кемелер.

4-бала

Сұлу далам, менің сүйген еркемсің,

Жаны жайсаң, жаратылған көркемсің.

Қандай жақсы қазақ болып туғаным,

О, туған жер, тамашасың, көркемсің.

Қоштасу сөздері

Армысың, қайырымды Аспан ата!

Армысың, мейірімді Жер-ана!

Армысың, шұғылалы Алтын күнім!

Армысың, тәуелсіз елім — Қазақстан!

Шығармашылық жұмыс: үш топқа бөліну

I топ

Қазақстан Республикасының табиғатын салып, бояйды.

II топ

Астана қаласының бейнесін жапсыру (аппликация) орындайды.

III топ

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» деп жазылған түрлі-түсті параққа күн бейнесін жапсырып, Алдар Көсемен бірге қонақтарға тарту етеді.

Сыйлық және кері байланыс

Балалар Алдар Көсеге арнап сыйлық дайындайды. Алдар Көсе алғысын білдіріп, балалармен қоштасады.

Қорытынды сұрақтар

Негізгі қорытынды

  • Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғанына — 20 жыл.
  • Қонаққа келген кейіпкер — Алдар Көсе.
  • Мерекеде ойналған ойын — «Соқыр бүркіт».

Қайталау

  • Рәміздер: Ту, Елтаңба, Әнұран.
  • Ту: көк түс, ою-өрнек, күн және қыран.
  • Елтаңба: шаңырақ, тұлпар, жұлдыз — мәні мен идеясы.

Жабу бөлімі

Балалар «Отан» әнін орындайды және сабақтың негізгі ойы бекітіледі: Отанды сүю, қадірлеу, қорғау — әр азаматтың парызы.