Адам мен табиғат қатар ұғым

Табиғатқа тағзым — адамға тағылым

«Ұшы-қиыры жоқ теңіздей шексіз даланы неше алуан шөп басып, үлбіреген нәп-нәзік гүлдер бейне жасыл дастарқандай болып жайылады», — деп Шоқан Уәлиханов айтқандай, тылсым табиғат қашан да құнды көрінісімен тамсандыруын тоқтатпайды. Күн шуағын төгіп, айналаны нұрландырса — қуаныш; аспанды бұлт торлап, желімен жерді жексен етсе — табиғаттың ашуы деп түсінетін біздердің табиғатқа деген құрметіміз ықылым заманнан бері ерекше.

Адам баласының табиғат аясында тыныстаған әрбір демі — алапат күш. Оны сөзбен толық түсіндіру, сірә, мүмкін емес шығар.

Шабыттың бастауы

Менің қиялымдағы табиғат ұғымы — ерекше сезім, мол шабыт, көркем дүние, қайталанбас туынды. Ол көрінісімен көңілімізді көтеріп, ерекшелігімен жадымызда қалатын әсем пейзаж іспетті. Кейде ұстаздарымыз табиғатқа қарап-ақ талай нәрсені ой елегінен өткізуге болатынын айтатын. Өйткені сарқылмас шабыттың басты діңгегі — табиғат.

Адам мен табиғат — қатар ұғым

Адам мен табиғат — егіз ұғым. Себебі табиғатсыз адам болмайды, ал адам табиғаттан тыс өмір сүре алмайды. Адам жүрексіз қалай күн көрмесе, табиғатсыз да өмірдің мәні жоғалады. Қаймағы бұзылмаған қазақ халқы табиғатты қашан да ұлықтап, тағзым еткен. «Адам табиғаттың патшасы» деген түсінік те, бәлкім, жауапкершілік жүгін еске салу үшін айтылса керек.

Табиғатты қорғаудың орнына немқұрайлылық танытып, «өз жерім — өзім қожа» деп ойына келгенін жасау — нағыз қателік.

Ұрпаққа аманат

Тарихтың қатпарлы белестеріне көз жүгіртсек, еліміздің шұрайлы өлке, сұлу табиғат, тіпті орасан зор құдіретті күшке ие екені айқын көрінеді. Сондықтан да халқымыздың даналығы мақал-мәтелге айналып, ұрпақ санасына сіңген:

  • «Адамның табиғатсыз күні жоқ, табиғаттың оны айтар тілі жоқ»
  • «Табиғат — жер байлығы, батырлар — ел байлығы»
  • «Жер — ана, ел — бала»
  • «Табиғат — тал бесік»

Ендеше, ата-бабаларымыздан аманат болып қалған, ұрпақ сабақтастығының өзегі саналатын табиғатты қорғау — әрбір перзенттің парызы. Осы міндетті ешқашан естен шығармайық.