Сейіс қой

Бәйгеторы Сейісті бірден таныды. Ал Сейіс осы ауылдың бота-тайлағына таланып, жал-құйрықтан айырылып, жүдеп кеткен жылқыны қапелімде тани алмады.

Ақ үйдің көлеңкесі

Жалтыр сауыры көк масатыдай құлпырып тұрған көк ала дөненді көлеңкелей, Бәйгеторы ортадағы ақ үйге барып түсті. Әдетінше атты тұсап жатып, тірсегін, шашасын, тұяғын түгел шолып шықты. Көлеңкеде шыбын қағып жатқан қара ала төбетті қуып жіберді: арса-арса қабырғасындағы жарасына көк шыбын үймелеп, мазасын алып жатқан-ды. Бөгелек енді көк ала дөненге ауып кетер деп қауіптенді.

Асыққа таласып, қызыл шеке болып жүрген екі баланы да: «Қасына бармаңдар, асау, теуіп кетеді» — деп үркітіп қойды. Сосын ақ үйге кірді.

Күннің ыстығы мен шыбынның ызылы

Ақ үйдің әйелі жаулығының ұшын толарсағына дейін түсіріп, қара шәйнегін ұстап жерошаққа беттеді. Бәйгеторы Сейістің жақын арада шыға қоймасын сезді. Жер бауырлаған тарамыс жусан сиреп, тісі ілігер шөп қалмаған екен; айналада бір түрлі күңгірсіген сілті иісі бар.

Екі көзінің арасында ұшып-қонып жүрген сары шыбынды енді ғана аңғарды; мүкіс тартқан құлағы оның ызыңын бұрын естімепті. Басын шұлғыса — ту сыртына барып қонады. Құйрығын бұлғағанда, бар қылынан айырылған бір тұтам қылта ауада ербеңдеп қалды. Бұдан бөгелек қайдан үріксін?

Шыдамы таусылып, Бәйгеторы шапшып көрді. Бірақ қайда барарын білмеді. Ауылдың желкесіндегі тоғанға барса — темір астаудан қаумалап су ішкен қозы-лақ жол бермейді; қатындардың «су жеткізбедің» деп ұрып жіберуі де мүмкін. Тақтай күркенің көлеңкесіне барса — құжынаған көк шыбынды ертіп, қара ала төбет жатып алған.

Таныс иіс

Ортадағы ақ үйдің түрілген іргесінен, керегенің көзіне тіреп қойған биік ақ жастыққа шалқалап жатқан Сейістің көк жалтыр басын таныды: шашын ұстарамен тап-тұйнақтай етіп алдырыпты. Сол үйдің маңына барғысы келді. Дүрс-дүрс шаппай, кендір тұсау аяғын қажаса да мимырттап ақ үйге беттеді.

Көк ала дөненнің жанына жете бере тоқтады. Дөнен тезектеп тұр екен. Бірден таныс иіс аңқыды: тарыға байлап, сүтке суарып жемдеген жылқының тезегі. Сейіс бір кезде мойнына сасық дорба іліп кеткеннен бері, бұл иіс танауына алғаш рет келгендей.

Әуелі кенеп дорбаның ішіндегі шаң аралас ашқылтым иіске тұншығып қала жаздағаны есінде: тамағы қыжылдап, басы айналған. Ернін тигізсе — тікенектей бірдеңелер шағып алады. «Сүт татып тұрған тары» емес. Басымен әрі-бері шұлғып, дорбадан құтылмақ болды, бірақ дорба түсер емес.

Енді, міне, шаң аралас арпаның қылшығы ернін жыбырлатқан күндер де көзден бұл-бұл ұшқан. Бәйгеторы тары иісіне құмартып, көк дөненге жақындай түсті. Сол сәт ту сыртынан бір дүсір естілді — көк дөненнің шар айнадай сауыры дір ете қалды. Құлағын қайшылап бұрылды. Жылқы екенін танып, бәсең оқыранып қойды.

Естеліктің қақпасы

Сейіс көк дөненнің неге мазасызданғанын білу үшін іргеден сығалады. Бұл жолы да Бәйгеторыны танымады. Сейіс ақ көйлегінің омырауын иығына шегіндіріп, желпіне бергенде, тағы бір таныс иіс танауды жарып өтті. Сол иіс — Бәйгеторының өміріне алғаш «иіс» ұғымын әкелген жат иіс еді.

Төңірек тасыр-тұсыр еткен. Жып-жылы бірдеңе үстін емірене жалап, шұрқыраған үн құлағын жара жаздаған. Көзін ашқанда, төбесінен сұп-сұр, көл-көсір бір нәрсе төнген — кейін оның аспан екенін түсінді. Ал танауды жарып өткен әлгі күңгірсік иіс — екі аяқтылардың иісі екенін де уақыт өте таныды.

Үйірден ажырау

Бір күні өріске екі атты қылт ете түсті. Адамдардың иісі бірдей емес екенін сонда ұқты: жаңа келгендерден қопаның, масасы көп қара судың, жылымшы өлексенің иісіндей жаман иіс аңқиды. Дауыстары да шаңқылдақ, қит етсең — тұщы етіңді тызылдатып бірдеңе сарт етеді.

Тағы бір күні бір көзін ақ шүберекпен таңған кісі келді. Қағаз көрсетті. Содан соң Бәйгеторының мойнына бірдеңе оратылып, тұншықтыра бастады. Жұлқынғанмен — пайда жоқ. Қара жыландай қап-қара нәрсе жақындап келіп, құлағына жабысты. Сол сәт ноқта да түсті.

Бәйгеторыны жетектеп әкеліп, сырттай бағып тұрған сыңар көз бейтанысқа ұстатты. Үйірі артта қалды. Енесі — жатаған торы бие — басын жұлқи көтеріп, азынап кісінегенімен, бәрі бір жерге үркердей болып үйіріліп қала берді.

Темір қазықтың сабағы

Ұзақ жүрістен кейін олар томпиған-томпиған қара құрымдай екі үйге жетті. Сыңар көз адам түсіп, Бәйгеторыны темір қазыққа байлады. Жерден қылтиып шыққан жіп-жіңішке темірдің мынадай мызғымас күшін ол алғаш көрді: тартынып бақты — қозғалмады. Тағы тартынып бақты — сіресіп тұрып алды.

Мойны талады, сауырынан тер шықты. Ақыры қазық түбіне жата кетті. Қоңыр самал тершіп келген қолтығына, бауырына тиіп, дел-сал маужыратып барады.

Ауыздық, тоқым, тізе

Жаңа иесі жақындап келіп, арқанды шешті. Бәйгеторы кегежектеп, осқырынып еді — ол ақырып жіберді. Тіптен жақындап, шықшыттан сығып аузын ашқызды да, тісінің арасына сақыр еткізіп әлденені тықты: мұп-мұздай темір таңдайын қарып өткендей болды. Тұмсығы мен құлақ шекесін қайыс ноқта шандып тастады.

Сосын шүйдесіне жабысып, терісін шеңгелдеп жұлып алғысы келгендей жұлқи көтерді. Бәйгеторы атырылып, тулай жөнелді. Бірақ қыр арқасына жабысқан «пәле» түсер емес: екі зіл тізе өкпесін жаншып барады, сауырындағы қамшы тыз еткізіп қарып алады.

Шабыс пен қажу

Ол қашты. Өрге де салды, ойға да құлады, жылға-жырадан да қарғыды. Ауыздық екі ұртын қажап, езуінен қанды көбік ақты. Бірақ тоқтаған жоқ: арқасындағы қасарысқан адамды ауылынан, бурыл шолағынан, қойынан ажыратып тастағысы келді.

Ақыры көз байлана ауылға әрең жетті. Мойны талып, қазыққа зорға келді. Сол жығылғаннан түн ортасында ғана есін жиды. Таң атқанша бүгін нәр татпай, қазық кеміріп шықты.

Ертеңіне иесі өңі қату күйде ауыздықты тартып қалғанда, екі ұртындағы жара қайта қан қақсады. Киіз тоқым, зілдей ер, тартылған айыл — бәрі жұмсақ ұлпа етке батып, жанын қинады. Үзеңгіге аяқ салған сәтте-ақ жаңа иесі үстіне лып етіп мінді. Қамшы тісі сауырдан «тістеп алды». Бәйгеторы тулап-тулап, ақыры көнді.

Қойшы ауылдың тынысы

Уақыт өте ол қойдың мимырт жүрісіне де үйренді. Кең далада ешкім асықтырып кеудеңнен теппейді, саныңды сабаламайды. Жазда от-су әзір, қыста қора түбіне үйілген қос маядан күні-түні тұмсық айырмайсың. Қойшы ауылдың бойкүйез тірлігі ішін пыстырмады.

Бір көзін ақ шүберекпен таңып, қара көзілдірік киетін, қабағынан қар жауып жүретін қойшыны; оның күн-түні күркілдейтін дімкәс, жадау сары көмекшісін; екі үйдің әйел-баласын — бәрін танып алды. Тіпті отардың иттері — қара ала мойын төбет пен ұзынтұра қызыл қаншықты да жер түбінен өзімсіне қарайды.

Түнгі түс

Шаршаған түндері тұсаулы тұрып қалғып кетсе, көз алдына көгал төбе өрісі келеді: шұрқырап шауып, бытырай жайылған үйір. Көп жылқының арасынан жатаған торы биені — енесін — танып қалады. Ол тұр да тұрады. Үйір бұған қайырылмайды. Қара жоннан ақ құйын таспа тіліп, шаңыт тұман басады.

Өкпесіне шаң тығылып, демі үзіліп кеткендей болады да, алыстап бара жатқан үйірдің соңынан арқырайды. Өз дауысынан өзі шошып оянады: маңайда ештеңе жоқ. Тек анадайда жалғыз жайылып жүрген бурыл шолақ қана бар.

Соны жайлау және күңгірсік иіс

Бір жазда қойшы ауыл бұрын-соңды көрмеген соны жайлауға көшті. Көз талдыратын көл-көсір жазық. Қой өрісі — жер тістеп өскен жатаған қоңыр жусан. Бір күні иесі құдықтан мал суарып, шайға ауылға қайтып келе жатқанда, қалың қара бұта жақтан шолақ самал күңгірсік, жиіркенішті иіс әкелді. Бәйгеторы құлағын қайшылап, әлгі маңнан тезірек кеткісі келді.

Бірақ иесі қашқақтағанына қарамады да, қалың қара бұтаға бұрды. Тиіп кетсең тірсегіңді тіліп түсетін пышақтай қап-қара баялыштың арасына кірді. Жақындаған сайын өткір иіс кеңсірігін кескілеп, баялыш бұтағына ілініп қалған шөкім-шөкім жабағы жүндер көзге түсті.

Қуғын

Сол күні ауылға мойнына жем дорбадан кішілеу қара кенеп қалта асынған тапал сары біреу келді. Белдеуде аяғы серейген құла қасқа ат байланып тұр. Иесі аттан түсе сала, тапал сарымен сөйлесіп, қара бұта жаққа қайта-қайта қол сілтеді. Екеуі үйге кіріп, екі сойыл алып, аттарына мініп, қалың баялышқа беттеді.

Қалыңға кіре бере екінші шеттен сүмеңдеп ене бастаған түз тағысы көзге шалынды. Бұтаға сіңіп жоғалмақ болған ол, қос аттың дүбіріне шыдамай, маң жазыққа қарай безе жөнелді. Құла ат суырылып шықты. Тапал сары қамшысын көтере бергенде-ақ, құла ат сыздыра жөнелді.

Көптен бергі шабыс

Бәйгеторы да ілесті. Ұзақ уақыт шабыс көрмеген дененің зілі бірден тарай қоймады. Қара қатқыл жазыққа тиген тұяқ дүсірі келі түйгендей дүңк-дүңк етіп, ерсі естіледі. Дегенмен қарсы жел бауырын желпіп, ауырлаған аяқ-қолын енді-енді жеңілдеткендей болды.

Алда тағы да қалың баялыш көлденең тұрды. Құла ат аумақты бұтаны орағытып өтпек болды. Иесі Бәйгеторыны тебіне түсті — ол құлағын жымып, қалыңға кірді. Қалыңның бір пұшпағы ұры бүйенденіп созылып кетеді екен: сол пұшпақтан аман шықса — адастырып әкетері анық, ал баялыштың ішінде қалса — ат шаба алмайсың.

Қуғын үдей түсті: түз тағысы баялыштан шыға бере, бел асып құтылмаққа тіке ағызды. Өкпе тұста үстірттің тік құлайтын құз шыңы бар еді…