Жол Алтайдың ішіне сүңгіді

Тоғай. Егін. Шалғын… Жабағыдай ұйысқан қалың көктің арасынан машинаның кейде жоны ғана көрінеді. Арғы қабақта аспанмен тілдескен Алтайға — жаңа жолмен бірге — Ертісті кесе біз де өттік.

Жол Алтайдың ішіне сүңгіді. Біз де сүңгідік. Жүрген сайын артымыз ылди, алдымыз ор: өрмелеп, аспанға шығып бара жатқандаймыз. Тау қоюланып, ірілене түсті. Шат тереңдеп кетті. Екі ернімен көк тіреген тар жықпылды шапшаң аққан тентек су бой бермейді. Былай бұрылсаң — өзен, былай бұрылсаң — тау қақпа. Қалың жолшының соңынан қиялай жүріп келеміз…

Сонау алда, «бұдан әрі жол бермеймін» дегендей, көлденең шөгіп құз-жартас жатыр.

Құздың бер жағында қолында кішкентай қызыл туы бар бір әйел тұр. Машина өте алмай, қайтып кетті. Біз жаяу өрмеледік. Әлдекім ысқырды. Көп ұзамай-ақ тау жаңғырықтыра гүрсіл жөнелді.

Динамит үні және тау бұзғыш қыз

— Тас бұзған дәрінің дауысы ғой… — деді штаб бастығы Доншенко.

Құлақты бітеп, жүректі сілкінткен гүрсіл оған күзетшінің тоқылдағы сияқты. Алды-артымыздан құйын көтерген тас аралас тозаң састырып келе жатса да, ол жалтыраған қасқа басын кепкесімен де бүркемеді.

Жасы он жеті-он сегіз шамасында, қолында ақ таяғы бар бір қыз құз тастың жақпарынан шыға келді. Жолдың алдын ашып жүрген тау бұзғыш жас маман екен. Сөзден гөрі ісін сүйетінін аңғартқан соң, бөгелмей өте шықтық.

Құзға келсек, төрт-бес жұмысшы жәшік-жәшік динамитті бұзып, бір үңгірге тасып жүр. Үңгірдің түбінде екі-үш адам динамитті кірпішпен қалап жатыр. Біздің сұрауымызға үңгірден:

— Жарты тонна динамит-аманитпен осы құзды құлатамыз, —

деп жауап келді. Жауап берушінің қараңғы түкпірден жарқ еткен көзі ғана анық көрінді.

Пихтовка асуы: еңбек пен өмірдің қызуы

Құздың құлаған сәтін көру үшін біз екінші бір таудың басына шығып, көлденеңнен қарап тұрған киношыларға қосылдық. Киношы, жазушы, журналист, дәрігер, инженер — бір топ адам биіктің басында қатар тұрмыз.

Көк мақпалдай құлпырған, құйқалы Алтайдың жыраларын жиектеп, қырқасын қашап, қасқа жол асып барады. Асу бермеген биіктерін қиялай келіп, айнала-айналдап, басынан аттап өткен.

Ең соңғы қиын асу

Біз тұрған жер — Пихтовка. Толып жатқан шат, құз, түйе мойнақ кезең.

Табиғат мінезі

Екі жақ беткейі ит тұмсығы өтпес, қарағайдай қаракөк жың ағаш. Мұздай суық, мөлдір бұлақ зымырап ағады.

Қос-қопсы тірлігі

Бұлақ бойында жапырақ жамылған колхоз қосы: шаштараз, асхана, етікшілер балағаны.

Жоғарыдан қарасаң, көлеңкелі көк торғын аңғардың ішінен жұлдыздай жарқыраған электр шамдары көрінеді. Ас пісіріп жүрген ақ киімді әйелдер де ерекше ажар береді. Бөгелекше ызыңдаған динамоның үнін басып, аспазшы әйелдердің тау жаңғырықтыра шырқаған тәтті әні құлаққа келеді.

Былай қарасаң — қайнаған жұмыс, былай қарасаң — серуен мен сауық. Екі-үш ауданнан келген екі-үш мың колхозшының салмағы осы арада.

— Қалтасында сіріңкесі болмаса, динамиттен қу жасап, шақпақ шағады, — деп Доншенко сылқ-сылқ күледі.

Жаңа жол — жаңа кадрлар, жаңа қарқын

Жас инженер Хамит жаңа жолмен бірге жаңа кадрлар да қалыптасқанын айтты. Жұмыс үстінде екі жүз елу бұрғышы мен взрывщик өз іштерінен шыққан.

Еңбек көрсеткіші

  • Топтың алды нормасын алты есе, арты бір жарым есе, орта есеппен екі есе орындаған.
  • Бұхтарма ауданынан келген Құрымбаев (еңбектен үздік шыққан медалі бар) жер қазуда нормасын сегіз есеге дейін асыра орындаған.

Жарыс рухы

Жолшылар арасында социалистік жарыс әке мен баланың арасына дейін жетіпті. Гусиний сельсоветінің председателі Мархилов баласы Василиймен жарысып, нормасын 750% орындағанда, баласы 2% кейін қалған екен.

Екеуінің бірге түскен суретін көрдім: әкесі шалқиып, күлімдеп отыр. Баласы «қалай оздың?» дегендей оған қарап қалыпты.

Жолсыздықтың азабы

Тауды бұзып, өзенді аттап, ұзындығы төрт жүз қырық төрт километр тақтайдай тегіс тас жол салып жатқан қалың көптің ынтасын өршіткен, қайратын қоздырған мықты себептің бірі — өмір бойы көрген жолсыздық азабы шығар.

Алтай ішінде поштаны қоржынға салып, салт атпен тарату әлі де бар. Бұхтарма сияқты аудан орталығының өзінде машиналармен аралас қоңыраулатқан пар аттылар көзге түседі. «Бұл кім?» деп таңырқасаңыз, халық: «Почтальон ғой», — деп жүре береді.

— Алты автомашинамыз бар. Алтай жол бермеген соң, басынан самолетпен аттап барып, Зайсанның екі адамын өлімнен құтқарып қалдық, — деді дәрігер Тілеуқабылов.

Ол елуге келген бір кемпірдің «ит дауысы жеткен жерге жете алмауын» да қызықтап айтып берді. Бұхтармадан отыз бес километр жердегі Троеглаз поселкесінде жасынан бері тұрады екен әлгі бәйбіше (атын ұмытыппын). Жаңа жол салынғанына елден ерекше қуанып:

«Әлі күнге Бұхтарманы көрмеп едім, енді барып қайтамын…»

деп қутың-қутың етеді дейді.

Жолсыздықтан туған әңгіме мен аңыздың талайын да тау басында отырып естідік.

Жарылыс сәті

Құз түбінен шыққан ысқырық әңгімені кілт тоқтатты. Кинооператорлар аппаратын жақындатып, құзға туралап жатыр. Көк түтін бұрқ етті де, құз түбіндегілер қаша жөнелді. Біз де сыртта отырып, тау басына өрмелей түстік.

Доншенко кеше бір белдің астындағы штаб шаштаразына он килограмм тас түсіп, оны қиратып кеткенін айтты. Бұл жолғы жарылыс бәрінен күшті еді.

Үш минут үш сағаттай созылғандай: бітпейтін секілді. Тауды жаңғырықтырып, солқылдататын гүрсіл әлі естілмей жатып-ақ, дене сезіп, ой елестетіп тұр.

Доншенко бірде күлген болып, бірде шын айтқандай: «Құлақ барабаның әлсіз болса, құлағыңды тығындап ал. Жүрегің нашар болса, осы бастан қаша бер», — дейді.

Бәріміздің көзіміз де, көңіліміз де құзда. Сонда да біреулер бұта қармалап, біреулер тасқа тасаланып жатыр.

Үш минут өтті. Тас боратқан қуатты құйын бұрқ етті де, жағадағы құз жұлындай ұшты. Әлде естуден гөрі көру әсері басым болды ма, әлде дәрінің даусы біз күткендей қатты естілмеді ме — әйтеуір гүрсіл ойлағандай зор болған жоқ. Отырған тауымыз бір солқ етіп, тына қалды.

Таудан домалай-жүгіріп жетсек, терең шаттан аққан асау өзенді құлаған құз тұншықтыра басып қалыпты. Өзен — жоқ. Арғы жақтағы телеграф бағаналары тас-талқан. Түйедей тастар қаңбақтай ұшып, әлдеқайда барып түскен.

Күйреген құздың орны гуілдеп, өксігендей: бірде тоқтап, бірде қайта ақтарыла құлап жатыр…

Самсаған жолшылар лезде жетті. Құлаған құздың кеудесін баса, жол төсегін жая бастады. Беті — Өскемен.

1940 жыл.