Айна қыз
Ойын алаңы және байқалған мәселе
Ерке қыздың достары көп. Олармен ойнау өте қызық. Бүгін де ол мысығымен бірге достары ойнап жүрген ойын алаңына барды. Мұнда әткеншек те, сырғанақ та, белтемір де — бәрі бар. Қалағаныңша ойнауға болады. Тек достарыңмен таласып, бір-біріңді өкпелетіп алмау керек.
— Ерке қыз келді! — деп қуанды Айна қыз.
— Кел, кел! Бәріміз бірге ойнаймыз, — деп басқа балалар да шаттана қарсы алды.
Ерке қыз олармен бірден ойынға кірісіп кетті. Айна қыз қолындағы тәттісін жеп болып, қағазын жерге тастай салды. Ал Батыр болса бананның қабығын лақтырып жіберді.
Сол сәтте Ерке қыз ойын алаңына зер салып қарады: жерде қағаздар, кейбір сынған ойыншықтар, бөтелкелер шашылып жатыр екен. Кейде анасымен көшенің басындағы әжесіне барғанда да жол бойынан пакеттерді, қағаздарды, бос құтылар мен қалбырларды көретін. «Неге тазалық сақтамайды екен?» деп үлкендерге таңырқайтын.
Негізгі ой: Тазалық — тек әдемілік емес. Ол табиғатты қорғаудың, өз денсаулығымызды сақтаудың ең қарапайым қадамы.
Ақылды мысық және әмбебап ағаның кеңесі
Мұны мысық та байқап қалған сияқты. Ерке қыздың аяғына орала еркелеп:
— Ерке қыз, қарашы, мына жер ластанып кетіпті ғой.
— Иә, рас айтасың. Мұны қалай тазалауға болады? Ақыл қосшы, мысығым, — деді Ерке қыз.
Мысық өте ақылды еді.
— Қазір! — деді де, бір жаққа жүгіріп кетті.
Бір кезде ол Дүкенші ағайды ертіп келді. Бірақ бұл жолы ағай аппақ дүкенші халатының орнына тазалықшының көк халатын киіп алыпты. Біздің Дүкенші ағай — әмбебап: тазалықшы да болады, дүкенші де болады, тіпті өлең де шығара алады.
— Әй, балақайлар, ойнайтын жерлеріңді таза ұстасаңдар қайтеді? — деп ағай басын шайқады.
Балалар жүгіріп келіп, тосылып қалды. Жан-жағына қарады. Расымен де аулада қоқыс шашылып жатыр екен. Бәрі ұялып кетті.
Неге бұл маңызды?
Дүкенші-ағайдың айтуынша, қоқыс табиғатты ластайды. Табиғат ластанса, ауа да, су да ластанады. Сонда әдемі гүлдер мен жап-жасыл ағаштар да, тіпті адамдар да ауырып қалуы мүмкін.
Қайта өңдеу: қоқыстың да пайдасы бар
— Білесіңдер ме, мына тастаған қоқыстарыңның көп бөлігін екінші рет пайдаға асыруға болады, — деді ағай.
Балалар бірден шулап кетті:
- — Рас па?
- — Қалай сонда?
- — Ана бөтелке де, шимайланған қағаз да қажетке жарай ма?
- — Сүт пен айранның қаптары ше?
Олар бұрын қоқысты қайта пайдалануға болатынын мүлде ойламаған еді.
— Әрине. Тіпті батарейкалар, әйнектер, пластмассалар, қалбырлар да кәдеге жарайды. Ол үшін қоқысты кез келген жерге лақтыра салмай, арнайы қаптарға салып, қайта өңдейтін орындарға өткізу керек, — деді ағай. — Міне, мен сендерге ғажайып қаптар әкелдім.
Көк қап
Қағаз бен картонды осы қапқа салыңдар.
Сары қап
Пластмасса бөтелкелер мен сынған ойыншықтарды осы қапқа салыңдар.
Балалар дереу іске кірісті. Аз уақыттың ішінде-ақ ауланы тазартып шықты. Шынымен де тазалық жасаудың өзі жақсы екен.
Аула тап-таза болды. Лақтырылған картонның астында қалып қойған гүл де қайтадан бойын тіктеп, балаларға алғыс айтқандай құлпырып шыға келді.
Ереже қарапайым: Жеген тәттіңнің қабын жерге тастама. Қоқысты қоқыс жәшігіне сал. Сонда ойын алаңы да, аула да әрдайым таза болады.
Тазалықшы-ағайдың әні
Мен де, сен де ән салып,
Құтқарайық жер шарын.
Қане, бәрің тыңдаңдар,
Шартарапқа жайылды
Достық жайлы бұл әнім!
Шапалақта қолды,
Қосылыңдар бәрің!
Бос бөтелке, сынған әйнек
Жатыр әні әр жерде.
Тастамайық босқа оларды,
Жаратайық кәдеге.
Қолға алсаң төзіммен,
Жеңіс келер төріңе.
Ішкен сүт пен шырынның
Бос тастамай қорабын,
Іске жарат, ерінбе.
Батарейка отырса,
Лақтырып оны тастама.
Қайта өңдеуге өткізсең,
Кәдеге асар басқа да.
Умаждалған қағаз да
Жап-жаңа боп оралар.
Берсеңдер егер оларды
Қайта өңдеуге, балалар.
Сақтау үшін жер шарын
Керек емес көп еңбек.
Пайдаланып тастаған
Батарейка, қағазды,
Бөтелке мен әйнекті
Жинап алсаң, сәл терлеп,
Қайта өңдейтін жерге сен
Тапсырсаң — бұл көмек!
Жаттап алғын бұл әнді,
Бүлдіршін, бала, балдырған.
Пайдаланған затыңды
Лақтырмауға дағдылан!
Қорытынды: тазалық — тәрбиенің бір бөлігі
Балалар расында да үлкен іс атқарды. Үлкендер «Тазалық — иманның жартысы» дейді. Демек, ақылды да тәрбиелі болып өсу үшін тазалық керек.
Солай емес пе? Балақай, тәтті жегендегі қағазды, сынған ойыншықты немесе бос бөтелкені жерге тастамай, қоқыс салатын жерге жинап қою сенің де қолыңнан келетініне сенімдімін.
Ойнайтын жеріңді қорға
Ойын алаңы — бәріміздің ортақ кеңістігіміз.
Қоқысты сұрыпта
Қағаз, пластик, әйнек — бәрі бөлек жиналса, қайта өңдеуге оңай.
Әдет қалыптастыр
Кішкентай қадам — үлкен тазалықтың бастауы.