Мені көрсе шошынатын шығар
Анашымға жазылған хат
Анашым! Мені адамдар үнемі «қаңғыбас» деп мүсіркейді. Өкініштен ғана тұратын мына қараң қалған өмір маған ұнамайды. Қызық, ә? Ешкімнен төмен тұрғым келмейтін еді ғой. Ал бүгінгі жүрісім не?
Неге тұйыққа тірелдім? Неге тығырықтан шығар өзге жол іздемедім? Апталдай азаматтың бір шиша шөлмектің алдында соншалық төмендегені қандай аянышты...
Бір шөлмектен басталған құлдырау
Сол бір құрығыр шөлмекті қолыма алған күнім қарғыс атсын. Иә, расында, ол менің бар қайғымды да, бар қиындығымды да ұмыттырғандай болды. Таңертең тіпті өз үйіме қалай келгенімді білмейтін күйге дейін жеттім.
Сіз де, Балым да, жанашырларым да маған ақылдарын үйіп-төкті. Сонда да мені шайтанның суынан өзге ештеңе қызықтырмады.
Қаншама жақындарыма айтып қойған сөздерім есіме түсе қалса, кірерге тесік таппаймын. Ал он жыл отассақ та, бірде-бір рет шай десіп көрмеген жан жарым Балымға қол көтергенім — тіпті иттік.
Байғұс анам... Қолынан түк келмейтін, жігерсіз ұлыңды кешір. Мен сізді ең бақытты ана етемін деп жүріп, ең сорлы ана етіппін-ау. Сізге көрінуге бетім де жоқ.
Сенімнің салмағы
Есіңізде ме? Сіз кезінде жас болсаңыз да бас болып, әкемнің жоқтығын білдіртпей, мені алақаныңызға салып бақтыңыз. Көрші әйелдерге мені жер-көкке сыйғызбай мақтайтын едіңіз. Соны есіме алсам, өзегім өртенеді.
Өзіме қоятын сұрақ
Сіз маған сендіңіз ғой. Ал мен не істедім?
Інім туралы
Тентек ініммен бір көрісіп, сізді соған тапсырғым келеді. «Менің орныма сізді ең бақытты ана ет; сенің қолыңнан келеді» дегім келеді. Бірақ мына түріммен ініме қалай көрінемін? Мені көрсе шошитын шығар.
Айтпақшы, өткен жолы оны базар маңынан көрдім. Баяғы тентек емес, ересек азаматты көргендей болдым. Есейіп кетіпті.
Ұлым — менің ішімдегі ең ауыр жара
Кішкентай жүгірмегімнің халі қалай? «Кішкентай» деп қоямын... Ол әлдеқашан өсіп кеткен болар. Көрмегеніме екі жылдан асып барады. Оны құшағыма алып, «кешір» дегім келеді. Бірақ кешпейтініне сенімдімін.
Қайтіп кешірсін? Мен оны тірідей жетім қылып, әкесіз өсуге мәжбүр еттім ғой. Өзім әкесіз өскендіктен, ұлымның да әкесіз өскенін мүлде қаламаған едім. Бірақ сорлы ұлыңыздың қолынан ол да келмеді.
Білесіз бе, ол кішкентай болса да сондай өжет еді. Мен оған: «Еркектерге жылауға болмайды» дегенмін. Содан кейін оның көзіне жас алғанын көрген емеспін. Ұлымды осы қайсарлығы үшін мақтан етемін.
Мен оны жақсы түсінемін. Оның маған деген өкпесі ішінде. Сондықтан мені көрсе, жаныма жоламай өте шығатынына сенімдімін. Мені көрмесе екен деп күні-түні тілеймін: оның да, өзімнің де жүрегімді ауыртқым келмейді.
Балыммен кездейсоқ кездесу
Бірнеше күн бұрын Балым мені тауып алды. «Неге іздедің?» деп едім, ол іздемегенін, кездейсоқ кездесіп қалғанын айтты. Жүзі солғын, жүдеп қалыпты.
Мен одан ендігәрі мені көре қалса, бұрылып та қарамауын өтіндім. Бұл қатігездік болып көрінер, бірақ ол үшін де, мен үшін де осы дұрыс емес пе, апа?
Келініңізге ақылыңызды айтыңызшы: ары қарайғы өмірін мені күтіп қор қылмасын...
Өтініш
Анашым! Кездейсоқ көріп қалғандары болмаса, екі жылдан бері ешкім де мені іздемеді. Мен мына түріммен ешкімге көрінгім келмейді.
-
Айтыңызшы оларға: ешқайсысы мені іздемесін.
-
Есіне де алмасын.
-
Көрсе де көрмегендей өте шықсын.
Уәде етемін, ешқайсысына ренжімеймін. Өз қателігімнің азабын өзім ғана тартқым келеді...
Жалғыз. Тек өзім ғана.