Ізетті бала

Тәрбие сағатының тақырыбы: «Әдептілік әліппесі»

Мақсаты

Оқушыларды кішіпейілділікке, үлкендерді сыйлауға, көмектесуге баулу; жақсы қасиеттерді бойына сіңіріп, жаман әдеттерден жирену сезімін дамыту. Адам бойындағы ұнамды және ұнамсыз қылықтарды ажырата білуге үйретіп, тіл байлығын және таным белсенділігін арттыру.

Тәрбиелік бағыты

Әдептілікке, сыпайылыққа, сыйластыққа тәрбиелеу; қарым-қатынаста мәдениетті сөйлеу мен өзін дұрыс ұстау дағдыларын қалыптастыру.

Көрнекілігі

  • Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер жазылған плакаттар
  • Тірек сызбалар
  • Ситуациялық сұрақтар

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру кезеңі

Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатымыз әдептілік тақырыбына арналады. Әдептілік — адамдардың өзара қарым-қатынас мәдениеті, жүріс-тұрыс ережесі. Бұл ережелерді сақтау әрқайсымыз үшін маңызды.

Бүгінгі заман адамы «сегіз қырлы, бір сырлы» болып өсуі керек. Абай атамыз:

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң арқалан.

Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан.

— Абай Құнанбайұлы

Кішіге мейірімді, досына қайырымды, еңбексүйгіш, шыншыл әрі қамқор болсаң, ертең ата-анаңның да, Отаныңның да мақтанышы боласың. Адам болатын бала жақсы қасиеттерді үйреніп, жаман мінез бен жаман әдеттерден аулақ болуға ұмтылады.

Өлеңдер арқылы ой түю

Әдепті, ақылды баланың қандай болу керектігін оқушылар өлең жолдарымен жеткізеді:

1-оқушы

Ата-ананың тілегі — адам болып өскенің,
Адамдықтың тірегі — адал болып өскенің.
Әдептілік дегенің — әрқашанда керегің,
Әсемпаздық дегенің — әуре-сарсаң әлегің.

2-оқушы

Тәртіпті бала — сүйеніш, төбең бір көкке жетеді.
Ұрыншақ бала жанында — ұрыс пен керіс, айқай-шу.
Ұстамды бала маңынан — ұнамды қылық байқайсың.

3-оқушы

Кім үлкенді сыйласа,
Кім үлкенді тыңдаса —
Үлкен болған кезінде
Сыйлы болмақ өзі де.

4-оқушы

Сыйла үлкен кісіні,
Қамқорлыққа ал кішіні.
Сақта көше тәртібін,
Бағдаршамның ал тілін.
Әдет қыл бұл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.

5-оқушы

Қарсы ал ерте күн көзін,
Төсегіңді жина өзің.
Асықпай іш тамақты,
Жалама аяқ-табақты.

6-оқушы

Пышақты ұста оң қолмен,
Шанышқыны сол қолмен.
Нанды үгітпе, қадірле,
Қабығымен бәрін же.
Саусағыңды сорпағын,
Салдыр-салақ болмағын.

7-оқушы

Сыйлап сәлем беремін
Көршілерді көргенде.
Ізетпен бас иемін,
Үйге қонақ келгенде.
«Әдепсіз» деп сөкпесін,
Анам айтып өкпесін.

8-оқушы

Атам маған қашан да,
Кішіпейіл бол деген.
Ата сөзі санамда,
Мақтанбауды жөн көрем.

9-оқушы

Өзгелерден өзімді
Санамаймын жоғары.
Артық айтып сөзімді,
Желпінгенім жоқ әлі.

10-оқушы

Атам маған қашан да,
Әділетті бол деген.
Ата сөзі санамда,
Жүрем тура жолменен.

11-оқушы

Қалдыратын ұятқа —
Жалған сөзге төзбеймін.
Жеткізетін мұратқа —
Тек шындықты көздеймін.

12-оқушы (шағын көрініс)

Ізетті бала Ерлан қандай елгезек, Берді ағайға жол берді:

— Ағай, ғафу етіңіз! Алға қарай өтіңіз.

— Оқасы жоқ, ұланым, ізетіңмен ұнадың.

Осылайша ағай да Ерланды жақсы көріп, риза болды.

Ән

«Не деу керек?»

Ойын: «Жалғастыр»

Мұғалім «Не істеуге болмайды?» деген тіркесті айтады, оқушылар сөйлемді жалғастырады.

Не істеуге болмайды?

  1. Үлкендердің алдын ...
  2. Кішкентай баланы ...
  3. Құстарды ...
  4. Қыз баланы ...
  5. Сабақтан ...
  6. Үйге жүгіріп ...
  7. Үлкен кісіні ...
  8. Оқу құралдарын ...
  9. Сыныпта айғайлауға ...
  10. Ысқыруға ...
  11. Құстың ұясын ...

Не істеу керек?

  • Үлкендерді сыйлау керек.
  • Ата-ананың тілін алу керек.
  • Тәртіпті болу керек.
  • Оқу құралдарын күтіп, таза ұстау керек.
  • Сабақты жақсы оқу керек.

Мақал-мәтелдер: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен»

Мұғалім: «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мақалды қалай түсінесіңдер?

Оқушылар (хормен):
Аулақ жүріп жаман қылық, әдеттен,
Үйренеміз жақсы мінез, әдептен.

Әдеп туралы нақылдар

  • Әдепті бала — арлы бала, әдепсіз бала — сорлы бала.
  • Әдептілік белгісі — иіліп сәлем бергені.
  • Ашу — дұшпан, ақыл — дос, ақылыңа ақыл қос.
  • «Сіз» деген — әдеп, «біз» деген — көмек.

Мақал-мәтелдер

  • Ұлық болсаң — кішік бол.
  • Кішіден — ізет, үлкеннен — құрмет.
  • Әдепті бала ата-анасын мақтатар, әдепсіз бала ата-анасын қақсатар.
  • Жақсы адам ай мен күндей — әлемге бірдей.
  • Әдепті бала кездессе — сәлем берер бас иіп, әдепсіз бала жолықса — өте шығар кекиіп.

Сұрақ-жауап: «Сен маған, мен саған»

  1. Мектептен үйге қарай асығып келе жатып, алдыңнан үлкен кісі шықса, сен не істер едің?
  2. Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырғанда сен қалай әрекет етуің керек?
  3. Үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек?
  4. Үйге қонақ келгенде бала не істеуі керек?
  5. Әдептілікті бізге кім үйретеді?

Әдептілік деген не?

1-оқушының пікірі

Әдептілік — үлкенді сыйлау, достарды және айналадағы адамдарды құрметтеу. Әдепті адам өзгеден сый күтпей-ақ, алдымен өзі өзгеге құрмет көрсете біледі.

2-оқушының пікірі

Әдептілік — әдеп, ізет, инабат, сыйласым, құрмет, қамқорлық деген ұғымдарды қамтиды. Сонымен бірге кешірімді болу да — әдептіліктің бір белгісі. Теріс мінезді байқасақ, оны тез түзетуге тырысуымыз керек.

Жас-кәріге «сіз» деген — жақсы үлгі іздеген.
Дос боламыз «біз» деген — ізетті ұл мен қызбенен.

Көрініс: «Байлық пен ақыл»

Ізеттілік, әдептілік, адамгершілік туралы шағын сұрақ-жауап үлгілері:

Сыйлап үлкен ағаны, сәлем берген баланы кім дейміз?

Әдепті екен дейміз.

Кітап, дәптер, қаламы кір шалмаған баланы кім дейміз?

Ұқыпты екен дейміз.

Таудай биік талабы бар, жақсы оқитын баланы кім дейміз?

Үлгілі екен дейміз.

«Әдептілік» сөзін топтастыру

ізет инабат сыйластық құрмет қамқорлық кешірім ұқыптылық әдепті сөйлеу тәртіп

Қорытынды

Бүгін біз әдептілік туралы маңызды ойларды қарастырдық: адам кез келген жерде және кез келген жағдайда өзін тәртіпті ұстап, әдепті әрі мәдениетті сөйлей білуі керек.

Әдепті адам жамандыққа жақсылықпен жауап беруге ұмтылады, сабыр сақтайды, айналасына үлгі бола біледі. Әдеп — әрқайсымыздың күнделікті таңдауымыз.