Наурыз қыз

Жыл басы — Наурыз!

Бұл мерекелік іс-шараның мақсаты — балаларға ұлыстың ұлы күні туралы мағлұмат беру, елін және Отанын сүюге тәрбиелеу, ұлттық салт-дәстүрді құрметтеп дәріптеу, сондай-ақ имандылық, инабаттылық пен ізеттілік қасиеттерін қалыптастыру.

Көрнекіліктер

  • Газеттер
  • Нақыл сөздер
  • Киіз үй керегесі
  • Ұлттық бұйымдар

Ұлағатты сөздер

  • Наурыз құтты болсын!
  • Жыл басы — Наурыз!
  • Наурыз құт әкелсін!
  • Құт-береке мейрамы — Наурыз жасасын!

Дайындық және орта

Мереке өтетін орын ұлттық салт-дәстүрге сай безендіріледі. Балалар ұлттық киіммен келеді. Киіз үйдің керегесінен сахна жасалады. Залда әсем әуен ойнап тұрады.

І. Кіріспе

Тәрбиешінің сөзі

Армысыздар, құрметті қонақтар! Ұлыс күндеріңіз құтты болсын!

Келе жатыр жылымыз,
Мейрамдаймыз мұны біз.
Халқы сүйген мейрамды
Қарсы алайық Наурызды!

Көрініс

Ортаға Әже мен Наурыз қыз шығады. Әже шашу шашады.

Наурыз қыз

Наурыз тойы — береке,
Наурыз тойы — жыр-аңыз.
Қызып думан мереке,
Қызық думан құрамыз.

Балалардың тақпақтары

1-бала

Қош келіпсің, Наурыз!
Арман тойы халықтың.
Қуанышы халықтың,
Құтты болсын қадамың!

2-бала

Би биледік бәріміз!
Егін өңін толқытқан,
Елдің көңілін шалқытқан.
Бас иеміз — Наурыз!

3-бала

Сені тойлап қарсы алып,
Бар әлемге жар салып,
Сәлем бердік, біз сізге!

ІІ. Негізгі бөлім

Құрметті қонақтар! Сіздерді бақша бүлдіршіндері дайындаған, «Алтын сақа» ертегісінің желісімен қойылған «Жыл басы — Наурыз» атты ертеңгілігімізді тамашалауға шақырамыз.

Көрініс: «Алтын сақа» желісі

Сахна нұсқауы

Шал қолына қамшы ұстап, қой бағып жүреді. Шаршап, малдас құрып отыра кетеді. Сол сәтте артынан Мыстан кемпір келіп, шалды қылғындыра бастайды.

Шал

Шек, шеку, ей кебенек! Мына ешкілер әбден мазамды алды.

«Қой бақтым — қоңырау тақтым, ешкі бақтым — еңіреп бақтым» деген осы екен ғой.

Уһ, әбден шаршадым, дем алайын...

Мыстан

Уһ, бәлем, қолыма түстің бе!

Шалды қылғындырады.

Келіспеушілік және шарт

Шал: Ойбай, ойбай, жіберші! Қылғынып барамын!

Мыстан: Сен маған не бересің?

Шал: Бір отар қой беремін.

Мыстан: Жоқ, маған қой керек емес. Балаңды бер, әйтпесе жібермеймін!

Шал: Жарайды. Жалғыз Кенжебек деген ұлым бар еді, соны ал.

Мыстан: Келістім. Оны қалай бересің?

Шал: Баламның жақсы көретін алтын сақасы бар. Соны саған берейін. Бала сақасын іздеп келгенде, өзің ұстап ал.

Шал: Міне, алтын сақа.

Кенжебектің тұтқындалуы

Мыстан алтын сақаның жанында отырады. Кенжебек сақасын іздеп келеді.

Кенжебек: Апа, апа, анау сақамды алып беріңізші?

Мыстан: Ой, мен отырсам — тұра алмаймын, тұрсам — отыра алмаймын. Өзің ал.

Кенжебек еңкейіп сақаны ала бергенде, Мыстан оны шап беріп ұстап алады.

Қыздардың талабы және сынақтар

Қыздар Кенжебекті іздеп шығады.

Қыздар: Кенжебек, Кенжебек, қайдасың? Біз сені іздеп жүрміз!

Мыстан: Егер Кенжебек керек болса, менің шартымды орындаңдар.

Қыздар: Орындаймыз, апа, орындаймыз!

1-шарт

Мыстан: «Наурыз туралы тақпақ айтып беріңдер».

Балалар Наурызға байланысты жаттаған тақпақтарын айтады.

2-шарт

Мыстан: «Енді өнерлеріңді көрсетіңдер».

Балалар Наурызға арналған әндер айтып, билерін билейді.

3-шарт

Мыстан: «Айтыс тыңдағым келіп отыр. Ақындарың бар ма?»

Балалар айтыс өнерін көрсетеді.

4-шарт

Мыстан: «Ұлдарыңның күшін сынап көрейін».

Арқан беріліп, ұлттық ойындар ойналады.

Мыстан: Қандай күшті балалар! Бірақ Кенжебекті жібере алмаймын. Қарным ашты.

Қыздар жиналып ақылдасады да, айла табады.

Қыздар: Апа, мынау — ұялы телефон. Онымен кез келген жермен сөйлесе аласыз, ән тыңдайсыз, ойын ойнайсыз, суретке түсесіз.

Мыстан: Қане, әкел, көрейін.

Мыстан телефонды алып, бір бұрышқа қарай жүргенде, қыздар Кенжебекті босатып алып шығып кетеді.

Мыстан: Әй, әй, тоқтаңдар!.. Алло, Таусоғар, Желаяқ, ұстап алыңдар аналарды!

Батырдың келуі

Тәрбиеші: Мына атпен шауып келе жатқан батыр кім болды екен?

Тақ-тақтатып Махамбет келеді.

Махамбет: Мына халық не үшін жиналған? Ел басына тағы қандай күн туды деп ат басын бұрып едім.

Тәрбиеші: Дұрыс жасадыңыз, батыр. Бізде Наурыз мерекесі өтіп жатыр. Төрге шығып, тойымыздың қадірлі қонағы болыңыз.

Тәрбиеші балаларға таныстырады: бұл кісі — Махамбет батыр, өзі ақын. Ел басына ауыр күн туғанда ел қорғаған ер тұлға.

ІІІ. Қорытынды

Бата

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі мейрамға бізге бата беруге Қызыр ата да келіпті. Келіңіз, ата, төрлетіңіз.

Қызыр ата бата береді.

Тілек және шақыру

Наурыз құтты болсын!

Дендеріміз сау, мықты болсын!

Наурыз тойы келе берсін!

Барша халық бақытты болсын!

Қош, сау болыңыздар, халайық! Көріскенше күн жарқын болсын!

Наурыз дастарханына шақырамыз

Көжеден дәм татыңыздар.