Арманы - астық
Көкшетауда бір болған кісінің бұл өлкеге қайта айналып соқпауы мүмкін емес. Көргеннің көзін жаулап, естігеннің құлағын елеңдетіп, есіл-дертіңді алып, ынтызар қылып бітетін жер. Арқа даласының ән мен жырға айналған шақтарында-ақ сал-ақындардың: «Жер шоқтығы — Көкшетау» деп туған өлкесіне сонша сүйсіне қарауы тегін емес.
Адам баласы мекен еткен ай мен күннің астында бір кезде салдар мен серілер думан құрған осы кербез сұлу Көкшетаумен қатар тұрып, сәні мен сұлулығын салыстырар басқа өлке табылар ма? Табылса да — ілуде біреу.
Сұлулықтың ел аузындағы атауы бір болғанмен, әсері әр адамға әр түрлі. Сұлулық та қысқа күнде қырық құбылатын көңіл сияқты: адам бойында, ет пен терінің арасында жүретін аумалы-төкпелі сезім. Құлағымызға сіңген қағида бар: «Тіпті сұлу — сұлу емес, сүйген — сұлу». Шынында да, сұлулық туралы барлық дәуірде, барлық жұрт түгел мойындаған бір ғана «ақиқат өлшем» бар ма?
Кейде хас сұлу жанынан елемей өтіп кетесің де, ал бір қарағанда көзге ілінбейтін біреуге назарың түсіп, жүрегің дір ете қалады. Нақсүйерге мін табылмайтыны да рас. Сол сияқты: сен туған анаңның мінін көрмейтініңдей, туған жеріңнің де кем-кетігін көрмейсің.
Туған жердің ыстығы: шөл де, шаң да — өзіңдікі
Үш ай шілдеде өрттей ыстықта ертеменнен қара кешке дейін төбеңнен күйдіріп тұратын Арал өңірінің ағашсыз, сусыз, ала тақыр даласы өзге жұртқа ит байласа тұрғысыз қу медиен көрінуі мүмкін. Бірақ сол арада туып-өскен жан үшін осы айдай әлемде одан асқан сұлу жер бар ма?
Жаз бойы зықыңды алатын есірік жел селк етіп соқса, тақырдың шаңы бұрқырайды; шілденің шыжғырған ыстығы шекеңді шағады; қаңтардың ақ түтек бораны жан біткенді бүгежектетеді. Сонда да сол өлкенің жүзі неге шоқтай ыстық? Тағдыр айдап қайда жүрсең де, әлгі бұрқыраған сары бұйратты дала есіңе түссе, анаңның дидарын елестеткендей жүзің жылып сала береді.
Иә, қалай десек те, туған жер — түтін иісі сіңген ыстық ұя. Ол ет бауырыңды елжіретіп тұратын бір қасиетке ие.
Қасиет демекші, жөн білетін кісілер «сұлулықты көре білу — қасиет» дейді. Демек, сұлулық әрдайым: «Мені көр, маған қара» деп айқайлап тұрмайды. Кейде ол ұялшақ, ибалы қыздай өз көркін жасырып, сені әдейі шиырға салады: «Мені таны, мені тап, ізде» дейді.
«Жаман жер жоқ» дейтін сөз де содан. Қай өлкенің де жақсылығын көру үшін, сол жерде туып-өскен перзенттің көзімен қарай білу керек. Әйтсе де, біз сөз еткелі отырған Көкшетаудың жөні бөлек.
Көкшетаудың құдіреті: көгілдір тау, күміс көл
Бұл — ең енжар, салғырт адамды да тұсынан өтіп бара жатқанда елең еткізетін құдіретті жер. Көгілдір таулар бұл өлкеге қай кезде келсең де, көк торғынға малынғандай болып тұрады: қиялдан ғана туған хор қызы секілді, әлде аңыздың, әлде ертегінің дәл өзінен шыққандай, жолаушының алдынан күлімдеп көрінгендей әсер береді.
Бауырындағы тұнық көлдер — хас сұлудың қабағы астынан жарқ еткізген жанарындай. Жағалаудағы қайың мен қарағай, шырша арасына тығылып, кірпік астынан бір қарап қалған қыз жанарындай болып жылт етеді. Сен таңданасың. Бірақ қайрылмайсың: әлдебір асығыс шаруа қамшылап алға тарта береді.
Ал көгілдір таулар да қалыспайды: жүрек түбінде саған арнап сақтаған сырын осы жолы қалай да айтып қалғысы келгендей, бір ана, бір мына жағыңа шығып, ұзаққа дейін көз ұшында бұлыңғырлап отырады. Кейде жолаушы алдындағы алақандай айнаға бейнесін түсіріп, ту сыртынан күлімдеп тұрып алғанда — қанша асығыс болсаң да, қиып кете алмайсың.
Түс сияқты — бірақ өңің
Айдалада көлігің тоқтап, көзіңе түскеннің бәріне таңданасың: көгілдір тауға, мөлдір көлге, сыңсыған орманға. Түс пен өңнің арасында ақылың шатасады. Түс десең — қолға ұстатқандай шындық. Өң десең — тым ғажайып.
Мінсіз салқын
Көкшіл аспан, кілем түгіндей көкмайса, қоңыр салқын желдің өзінде де түрпідей тиер қатқыл ызғар жоқтай көрінеді. Көзі бар адам мұнда тамашаламай өте алмайды.
Мен де осы өлкеге келген сайын ана жақтағы ақ сор беті жылтыраған Арал өңірі есіме түседі. Адам мінезі сияқты, табиғат мінезінің де бауырынан шыққанның бәріне бірдейлігі жоқ екен-ау деп ойлаймын. Табиғат та кейде бір төлін шетқақпайлап, бір төлін бауырына тартып, барын соған үйіп-төгіп береді.
Қарашы: құдіреті күшті табиғат Көкшеге алабөле ықылас құлағандай, тіпті Аралға тиесілі сыбағаны да қос уыстап көсіп алып, осы жаққа бере салғандай. Ал сорлы Аралдың кезегі келгенде, тапқанын ызғырық жел мен будақ шаңның астына тастап кеткендей.
Сұлулықты көру бар, түсіну бар
Иә, Көкше қандай сұлу! Бірақ сұлулықты тамашалау бар да, түсіну бар. Салғырт көңіл, самарқау ойға ерген кісі сен табынған сұлулыққа селт етеді дейсің бе? Тоғышарлықтың түйсіксіз кереңдігі көзді де, көңілді де тас қылып байлап тастайды.
Осы заманның көзі қырағы, көкірегі ояу азаматтарына айтарым: қауырт істен бір сәт қол босаса, Көкшенің күміс көлі мен көгілдір тауына қайта бір қараңыз. Тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулықтың өзіне тән қуаты бар.
Рас, кісі көңілі қыстың қарлы қажуынан қалжырағанда көктемнің алғашқы шуағымен қар астынан қылтиған нәзік көкке де толқиды. Бірақ тек сол көрінген гүлге, көбелекке желөкпе жасша таңырқай бермей, Арқаның атақты әншілері мен ақындары, сал-серілері аңызға айналдырған Көкшені Біржанның, Ақанның, Ыбырайдың көзімен бір қарап көріңіз.
Сонда Көкшетаудың неге «жер шоқтығы» атанғанын түсінесің. Бұл жақтың тауларын Қаратау, Алатау деп атау да жарасар еді, бірақ көк мұнардың ішінде көгілдір тартып, аққу балапанындай ерке сымбат көрсеткен осы бір хас сұлуларға дәл келетін ат — Көкшетау.
Ал күн ашықта да, жабықта да көкшіл мұнарға оранған сәуле таулардың баурайында қарағай мен қайың арасында мөлдіреп жататын тұңғиық көлдер шынында да күмістен құйғандай. Түбін аңғартпай тұңғиықтанып жатқан шалқар көлдерді көргенде «қырық мың жылқы су ішсе де лайланбас» дегенге еріксіз сенесің.
Нөсерден соң шайдай ашылып, жарқырап тұратын аспанға, шұғыласын жерге емірене төккен күнге, жұпар желге, көкжиекте тапжылмай тұратын үлпілдек ақ бұлтқа қарап, көкірегі тас болып қатпаған жанның тебіренбеуі қиын. Хас сұлу — ақындық өнерден құралақан адамды да ақындандырып жібереді.
Менің де осы өлкеге келіп жүргенде тебіренбей қайтқан кезім болған емес. Қайтып оралған соң да көп күн бойы көгілдір таулы, күміс көлді сиқырлы өлке көз алдымнан кетпей, көкірек түбінде шерткен бір арманымдай мұнартып тұра береді. Сосын жиі барамын.
Егін үсті: тынысы тарылған күз, тынымсыз еңбек
Былтыр барғанымда бұл өлке көк егінге қақалып тұрған еді. Жылдағы дағды бойынша арпа мен сұлыға орақ ерте түскен, ал Арқаның атақты ақ бидайы енді-енді толысып, мысыққұйрықтана бастаған кез-ді. Масағы ауырлап, алақаныңа салсаң, уысыңды керіп кететіндей қомақты.
Біз жалғыз аяқ жолмен тірелген көк егінді қақ жарып келе жатып, әйнектен оң-солымызға көз саламыз. Ылғалы бар дала жолы шаңдамайды. Жел жоқ. Жеңіл машинаның дөңгелегі ғана іште үнсіз отырған кісілердің құлағына бал арасының ызыңын әзер жеткізгендей болады.
Биыл келгенімде көгілдір таулар өлкесінде орақ науқаны басталып кетіпті. Бірақ күз басында он күн қатарынан жаңбыр құйып, жұрттың қолын байлаған. Комбайндар миы шыққан далада белдеуде қаңтарулы аттай қаңқайып қалды. Жаңа ғана жал-жал болып жығылған астық жерге жастанып қалды, ал жылы жауын тездеткен күзгі көк астынан қаулап көтеріле бастады.
Бірер күн кешіксең — қиын
Тағы бірер күнде астынан қылтиған көк шөп қалыңдап кетсе, құлатқан егінді тістесіп алдыру да оңайға соқпас еді.
Құдай оңдағанда, қияңқы табиғаттың қырсығы тарап, күн ашылды. Жұрт жапырыла сыртқа шықты. Жер дегдігеніне, су егін кепкеніне қарамастан астықты өңірге мың-мың комбайн, трактор, машина қаптады. Содан бері бұл өлкеде дамыл жоқ: жұрт астық үшін тағы бір ұлы шайқасқа білек сыбанып кірісті.
Самолеттен түскен бойда мен де осы жан алып, жан бергендей қарбалас шаққа тап болдым. Қайда барсам да, кіммен тілдессем де — қайнаған еңбек майданындағы мың сан жанның басындағы бір ой: астық. Аузындағы бір сөз: астық. Үміті де, күдігі де, қуанышы да — астық.
Қырман басындағы адамдар: шаң жұтқан маңдай, бірақ серттен таймайтын жүрек
Ара-арасында қырманнан шыққан кісілерге жолығасың. Бұл күндері бетіне ұстара тимеген, самайын сақал басқан адамдар сөзге сараң. Ақтаған астықтың шаңы мен қауыз-қабығы үрпіген шашы мен бетінің түгіне жабысып қалған. Кірпігіне дейін шаңылтақтанып, ұйқы қысқан көз жанары әріден сығырайып қарайды.
Қырманға әкелінген мұздай суды бір жұтып алып, қайтадан сарт-сұртқа кірісіп кетеді. Қаладан келген кісіден сұрайтыны бір-ақ нәрсе: ауа райы. «Айдың жиырмасына дейін жауынсыз ашық болады дейді, сол рас па?» — дейді. Сен анығын қайдан білесің, бірақ әлгі жәудіреген көздерді көргенде, «рас» деп бас изегің келеді.
Ал бұл жақтың күзі қиқар: жаз өтіп, күз кірді дегенше қыс ызғары сезіледі. Кей жылдары диқан бабасы жаз бойы егіп-өңдеп шығарған астықты орып алуға да мұрша бермей, қыс түсіп кетеді дейді. Сірә, сұлу атаулының мінезі — мейлі адам болсын, мейлі табиғат болсын — тәкаппар қыңырлықсыз болмайтын шығар.
Қырманға бара жатып қарасам, жаңа ғана мейірлене нұр төккен күнге төменнен сұр бұлт терліктей шудасын созыпты. Қатқыл жел де денеге ызғарлы тиеді. Көңілге тікендей қадалған күдікті бөлімше меңгерушісінің қабағынан байқадым.
Ырым мен үрейдің арасы
Екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей жігіт, қарауындағыларға ысқырынып жүр. Бір сәтте ол: «Тұрмаңдар! Тез тиеңдер! Анау қарғаларды қарашы… Ұшуы ұнамайды», — деді. Артынан: «Осы қарғалар топтанып төмен ұшса, үш күннен қалмай жаңбыр жауады», — деп түйді.
Ішімнен: «Кісі жаны қысылса — ырымшыл болады екен-ау» деп күліп те алдым. Әйткенмен, бұл жігіт ырымға үйір адамға ұқсамайтын: жұмыс кезінде қатал, кейде тілі тиіп кететін өктемдігі болғанымен, жұрт оны әділдігі мен адалдығы үшін сыйлайтын. Ең бастысы — көзге түсіп, ауызға ілігу үшін жұрт алдында жылтырап, өзін-өзі сатпайтын сабырлы мінезі бар.
Ол өз ісін асырып айтпайтын: сұрасаң, тұйылып қалады; көзің басқа жаққа ауғанын байқаса, жып беріп тайып тұрады. Бір күні совхоз директоры шыдай алмай: «Не сен қателесіп отырсың, не мына өз қолыңнан жасалған ақпарың қате!» — деп бетіне айтты. Сол күннен бастап бөлімше бастығы да ашыла түсті: «Құрғақ күн аз… Қас қылғанда жиырмасында жаңбыр жауады дейді. Сол рас па екен?» — деп, алдағы күнге алаңдады.
«Жаңбыр мен жаңбыр арасындағы азғантай ашықта жан аямай қимылдап, ағыл-тегіл астықты жинап алсақ» дейді. «Егін көп-ақ, бірақ орып, бастырып, тасып, қоймаға үйіп алғанша — сенім шамалы. Сондықтан өз басым, осы бастан арық айтып, соңыра семіз шыққанды дұрыс көрем», — деді.
Біз ілгері жүріп кеттік. Түс ауа қоштасарда оның күректей қолын қатты-қатты қыстым. Аудан орталығына жол тартқанда, сол жігіт жайында көп ойландым. «Ат кісінескенше, адам тілдескенше» деген рас: орақ үстіндегі қарбаласта алғаш дөкір көрінген адамның бойынан кісі сүйсінерлік қажыр-қайрат, күш-жігер таниды екенсің.
Ол — қолына іліккеннің бәрін қойны-қонышына тығатын тоғышар емес. Керісінше, дәл осындай адамдардың мойнында сенің де, менің де тұтас қамымыз жатқандай. Ертеңгі күні елдің келешегін қапысыз ойлап, тірліктің тағдырын ұстайтын азаматтар — осылар.