Жаңғырды халқымыздың мың өшкені

Тәрбие сағаты

Тақырыбы: «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым»

Мақсаты: оқушыларды еліміздің қысқаша тарихымен және мемлекеттік рәміздерімен таныстыру; Желтоқсан оқиғасы арқылы ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған егемендікке қол жеткізгенімізді, тәуелсіздік жолында талай боздақтың жалған айыппен құрбан болғанын терең ұғындыру; оқушылардың дүниетанымын кеңейту.

Көрнекіліктер: мемлекеттік рәміздер, тақырыпқа арналған плакаттар, «Тәуелсіз Қазақстан» бұрышы.

Кіріспе сөз

Жүргізуші

Құрметті ұстаздар, оқушылар және бүгінгі кештің қонақтары! Сіздерді еліміздің ең үлкен мерекесі — Тәуелсіздік күнімен құттықтаймыз. Бүгін тәуелсіздіктің 21 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығым» атты тәрбие сағатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

Тарихқа қысқаша шолу

1986 жылы Алматының бас алаңында Желтоқсан оқиғасы болды. Бұл оқиға бүкіл дүниені дүр сілкіндірді. Жылдар бойы іште жинақталған наразылықтың бұрқ етуіне Мәскеудің республика халқының пікіріне құлақ аспай, елге мүлде бейтаныс адамның басшылыққа тағайындалуы себеп болды.

Желтоқсанда алаңға шыққан жастар теріс ниетпен барған жоқ. Олар тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізуді қалады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалады.

Оқушылардың өлең жолдары

1-оқушы

Жалғасып соғыс өрті сан ғасырға, Біз көрдік қас дұшпанның балтасында. Еліме тәуелсіздік келіп жетті, Мың жылдық күрестердің арқасында.

2-оқушы

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені, Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері. Ел үшін мәңгілікке жалғасады Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.

3-оқушы

Ұлан-ғайыр далам менің кеңдігім, Ұзақ күтті-ау елім менің теңдігін. Ата-бабам армандаған, аңсаған Ұрпақтары көрді тәуелсіздігін.

4-оқушы

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді, Күрескерлер осы күнді көрмеді. Қаны менен жанын берген ерлердің Есімдері биіктерге өрледі.

5-оқушы

Тәуелсіздік — көптен күткен бақытым, Әзер жеткен, баға бермес жақұтым. Өркендей бер, пейілі кең қазағым, Қалықтасын көк аспанда бақ құсым.

Хор: «Желтоқсан желі»

Жүргізуші: «Сәлем саған, туған жер» әнімен ортада — Жолдасбаева Гүлжазира.

Желтоқсан — елдік рухтың сынағы

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына биыл 21 жыл толды. Алаңға шығып, өз ойын ашық айтуға ұмтылған өрімдей қарусыз жастарға мұздай құрсанған солдаттар мен милиция қызметкерлері қарсы қойылды. Қыз-жігіттерді аяусыз ұрып-соғып, түрмеге қамады.

Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Спатаев, Ләззат Асанова сияқты өмірі енді ғана бүршік атқан талшыбықтай жастарымыздың ғұмыры қыршыннан қиылды.

Еске алу

Желтоқсан құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алайық.

Тойланып мың мереке — ұлыс күні, Құйылған шаңырақтан ырыс нұры. Халқымның бақыты үшін аз байлық па — Тәуелсіз еліміздің тыныштығы. Ішкі жау балағыңнан қаппасын деп, Сыртқы жау пәле-жала жаппасын деп, Мен әркез ой толғаймын тәуелсіздік, Қадірін білмегеннен сақтасын деп.

Би

«Адай» биі

Ән

«Туған жерім»

Хор

«Атамекен»

Бақтың құсы әр адамға бір қонып, «О, Тәңірім, бізді баққа жолықтыр!» Бүгін, міне, тәуелсіздік — әр қазақтың жүрегі болып соғып тұр.

Арайлап атқан бейбіт таңы бар, асу бермес асқар тауы бар, кең жазиралы мекенді, қонақжай әрі жомарт халқы бар еліміз — Қазақстан. Біз 21 жыл ішінде үнемі даму үстіндеміз.

Тәуелсіздік — аманат

Бүгінгі біздің дербес ел болып, уығымызды қадап, шаңырағымызды көтеріп, ерікті әрі еркін мемлекет құрып, Қазақстан Республикасы атанып, көк байрағымызды желбіретіп әлемге танылуымыз — тәуелсіздікке қол жеткізудің нәтижесі.

Ендеше тәуелсіздігімізге шаң жұқтырмай, оны ең қымбат қазынамыздай қадірлеп, келер ұрпаққа аманаттап тапсыруға тиіспіз. Оны ішкі-сыртқы қауіп-қатерден қорғау — баршамыздың міндетіміз. Сонда ғана тәуелсіздігіміз мәңгілік мұра болмақ.

Хормен

Қазақстан! Туымен — тұғырлы. Елтаңбасымен — еңселі. Әнұранымен — айбатты.

Қорытынды сөз

Мұғалім

Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, тәуелсіздік — халқымыздың бостандығы мен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күресінің нәтижесі, ол оңай келген жоқ. Тәуелсіздік бізге Кенесарыдай тұлғалардың қайсар рухы арқылы, Бауыржандай батырлардың ерлігі арқылы, Қайраттай өрімдей жастардың өр мінезі арқылы келді. Сондықтан оны аялау — парыз.

Елімізді қай жерде жүрсек те мақтан тұтуымыз керек. Қазақстанды әлем таныды — енді біз сол абыройды сақтап, нығайта түсуге тиіспіз.

Тәуелсіз 21 жыл туыңды биік ұстадың, Көтерді халық уақыттың қатал қыспағын. Көшіңді бастап бақытты болашағыңа, Жасай бер, жаса, Тәуелсіз Қазақстаным!

Тәрбие сағатымызды «Қазақстан болашағы — біздің қолда!» ұранымен аяқтаймыз.