Қазы тістеніп
1
Тазы сүлдерін сүйретіп келіп, басына бір, аяғына бір шықты. Үстін кіршіксіз ақша қар басқан кішкентай ғана төмпешік меңірейіп қалған.
Жазда, алғаш үйілген кезде, әлі дымы құрғамаған қоянжон топырақтан жылы леп, мейірбандық есіп тұратын. Мүмкін, солай көрінген шығар. Әйтеуір, тазы мұнда жиі келетін: төңіректеп жүреді, қиыршық тас аралас сарғыш топыраққа тұмсығын тығып жіберіп, қорқырай дем алатын.
Иіс
Сыздықтап әлдебір иіс білінетін. Сүйкімсіз. Терісін сыпырып, аулаққа лақтырып тасталған түлкіден екі-үш күн өткен соң дәл осындай күлімсі леп шығар еді. Үстіне құрт-құмырсқа қаптап кететін. Тазы жеркене лоқситын.
Ал мына жас топырақты қаба дем тартқан кезде бойын мүлде басқа сезім билейтін. Қолқаны атары рас, бірақ соның өзінде әлденендей таныс, жанға жақын бірдеңе бар. Не екені де белгілі: шіріген етпен аралас, мұрынға болмашы ғана жететін иіс — иесінінікі.
Ол осы арада жатыр. Қисынға келмейтін нәрсе, бірақ анық солай. Өз көзімен көрген. Тазының бойы жеңілдеп, еңсесі көтеріліп қалатын: алыстап ұзаған жоқ қой әйтеуір, ертең-ақ оянады. Қашанғы жата берсін...
Енді міне, сол белгінің өзі жоғалыпты. Бәлкім, тұрып кетіп қалған шығар. Мүмкін, ендігі үйде отырған болар? Жоқ. Қар түнде ғана жауды. Ешқандай із көрінбейді. Ол осында.
Тазы сау аяғымен қабірдің етегін қаза бастады. Жұқа көбік қар тез аршылды, топырақ көрінді. Бірақ буы бұрқыраған жас топырақ емес — жел үрлеп, жауын шайып көнерген, иесіз, ескі ін аузының үйіндісіндей сұрықсыз топырақ. Сіресіп қатып қалыпты. Тырнақ батпайды.
Тазы ұзынша төмпешікке бажайлай қарады. Сұп-суық. Жансыз. Шомбал қара тастан қанша айырмасы бар? Бар, әрине. Астында иесі жатыр. Иесі жатыр!
Тазы еңіске көз тастады. Шілікті сай. Бас жағында суы мұздай бұлақ бар. Сай табаны жазда құлын-тайдың жоны ғана көрінетін қалың шалғын еді. Жазда ауыл отырған. Қазір бәрін аппақ қар көміпті.
Тек кең сайға бүйірден қосылатын, қарсы беттегі шағын қолаттан бір кездегі адамзат мекенінің жұқанасы — ескі қыстаудың қисайса да құламаған жалғыз қабырғасы — қарауытады.
Тазы дәл ауыл көшкен күні сол жетім дуал түбінде дімкәс көкжақ тоқтының өлексесі қалғанын есіне алды. Ол ешқашан тұрмайды, ешқашан маңырап дыбыс шығармайды. Шөп те жемейді, су да ішпейді. Қазір саудыраған сүйекке айналған шығар...
Ашылған құпия
Кенет тазының санасын найзағай қамшысы осып өткендей болды. Оған ғаламат құпия — осы уақытқа дейін өзіне беймәлім болып келген сыр — ашылған еді. Бұл сырдың қорқыныштылығы, алапаттығы сонша, тазы құлағын түріп, етекке көз тіккен күйі мелшиіп қатып қалды.
Тоқпақ жілікті кеміріп бітіретіндей уақыт өткен соң ғана есін жиды. Сол-ақ екен, буын-буыны қалтырап, арқа жүні тікірейіп, төбе құйқасы шымырлап кетті.
Тазы шоқиып отыра бере тұмсығын көкке созды. Ауыз еріксіз ашылып, ар жағынан үрейлі үн шықты. Сілтідей тынып тұрған тау-тас күңірене жөнелді. Тазы ұлуын күшейте түсті.
Оның көз алдынан енді қайтып келмес бақытты күндері тізіліп өтіп жатты...
2
Дүние кең екен, жарық екен. Аспан неткен әдемі: тұнық, тұңғиық. Аспандағы күн қандай жақсы — бетіне тура қаратпағанымен, мейірлі, жып-жылы.
Қораның іргесінде шоқиып, шуаққа қыздырынып отырған ақ күшік рақаттана қыңсылап жіберді. Асты құп-құрғақ әрі жұмсақ: үгілген жылқы тезегі, қиқым шөп-салам.
Қарсы алдындағы ойпаң шұқанаққа су іркіліпті. Сап-сары су. Орнынан тұрып барып жалап көрді. Дәмі ашқылтым, сүйкімсіз: мал қиының иісі шығады. «Ішуге жарамайды», — деп ойлады күшік.
Күшіктің өлшемі
Ол өзі білетін нәрселерді «ішіп-жеуге жарайтын» және «ішіп-жеуге жарамайтын» деп екіге бөлетін. Соңғысы алдыңғысынан әлдеқайда көп екенін де білетін.
Күшік алға қарай аршындай секірді. Қар. Күресінге үйілген қар. Әр жері омырылып, төмен түсіпті, ойқы-шойқы. Беті қоқым. Оң жақ алдыңғы аяғы батып кеткен жерден жылымсы су көрінді. Қар еріп жатыр. Түйіртпек-түйіртпек болып кішкентай мұзға айналған.
«Бұл да бір жақсы нәрсе, — деп ойлады күшік. — Тек жеуге жарамайды, жалауға ғана болады. Ешқандай дәмі жоқ. Суық».
Әйткенмен күшік мұздақ қарды жалаған жоқ: сыртқа шығарында ғана бір дәлеңке сүт ішіп, тойып алған еді.
Жаңа өзі отырған жерді топ шөжесін ерткен шұбар тауық иемденіп үлгеріпті. Қоқыр-соқырды аударыстап, тынымсыз қыт-қыттайды. Үрпек жүн, сап-сары, доп-домалақ балапандар шиқ-шиқ етіп енелерінің аяғының астында ерсілі-қарсылы шауып жүр. Мәз-мәйрам.
Бірдеңе тауып алып дыбыс берсе болды, бәрі жабыла ұмтылады: «Әкел, әкел! Маған, маған!» Содан соң қайта бытырайды. Қолма-қол «Таптым, таптым! Кел, кел!» деген қуанышты айғай шығады. Шөжелер сүріне-қабына қайта жүгіреді.
Қимылдарын қызықтап сәл тұрған соң, балапандарды қуып ойнауға зауқы соққан күшік кішкентай құйрығын бұлғалақтатып, шаңқылдап екі-үш рет үріп алды да күресіннен түсе берді.
Сол-ақ екен тауықтың «Аттан! Аттан!» деген даусы естілді. Балапандар әп-сәтте енесінің бауырына кіріп, тегіс ғайып болды. Тауық қанатын қомдап, дүрдиіп тұр. «Кет! Кет! Кет, қу күшік!» — дейді.
Күшік не үшін өзіне жат пиғыл танытқанын түсінбей, абдырап қалды. Кенет сап-сары әдемі балапандардың бірі қылт ете түсті де, мамықтың арасына қайта кіріп кетті.
Делебесі қозған күшік алға екі-үш қадам басты да, бауыры жер тірей төрт тағандап жата қалып үрді, түрегеп тағы үрді. Тауық шындап ызаланған сияқты: «Кет-кет!» деп қана қоймай, шабуылға көшуге ыңғайланды.
Мұндайды күтпеген күшік сасайын деді, бірақ қиқарланып тағы бір аттады. Тауық дүрдиген беті орнынан көтерілді де, тұра ұмтылады деп тұрған кезде теріс айналды: іргені жағалап, әлгі «кет-кеттеген» қалпы жылысып барады. Балапандар түгел бауырында. Ешқайсысының да мұнымен ойнағысы келмейтін тәрізді.
Арсалаңдап жүгіріп, бой жазып көңіл көтермек болған ниеті іске аспағанына қынжылған күшік те кері бұрылып, ауыл сыртына таман беттеді.
Топырақ әлі дегдімеген. Ойпаңдар мен шұқанақтарда булары бұрқыраған іркінді сулар жатыр. Әр жерде — қомақты, биік тобылғылардың түбінде — тулақтай-тулақтай қар қалдығы көрінеді.
Бірақ әлем өзгеше түрге енген: төңірек күн сәулесіне бөгіп, манаурап тұр. Ауа хош иіске толы.
Күшік жұпар шашушы нәрселердің бірі өзі тапап келе жатқан сабағы жіңішке, күлтебас шөп екенін аңғарды. Тұмсығын тақап еді: жеуге жарамаса да, иісі ұнамды.
Аяқ асты жұмсақ: түп-түп болып тығыз өскен қалың шөп. Тереңнен көк кеулеп келе жатқаны байқалады. Кейбір түптердің ағынан көгі басым.
Күшік жаңа тебіндеген көдені де иіскеді. Рахат. Тамаша. Бойын түсініксіз қуаныш кернеп, жасыл мамық үстіне аунап-аунап алды.
Содан соң табандарын тарбитып, кергіле созылып, бауырын күнге төсеп ұзақ жатты. Маужырап, көзі ілініп кеткен екен — түс көрді.
Түс
Сары үрпек балапан шиқ-шиқ етеді: «Кел, ойнайық», — дейді. Өзі кіп-кішкентай, сүйкімді. Күшік қуанғаннан арсалаңдап үре береді. Екеуі бірін-бірі қуып ойнап жүр.
Шөже мұндай жүйрік болар ма — жеткізер емес. Әйткенмен күшік те қалмай, салдыртып келеді. Құлағының түбінен жел гу-гу етеді.
Міне, жетті ақыры. Ұстайды енді. Құртақандай өзі, аузына сыйып кетер еді. «Жеуге жарайтын нәрсе!» — деген ой келді.
Бірақ кенеттен балапан күшікке қарсы қарап тұра қалады. Ығатын түрі жоқ. «Р-р-р! Мен болдым, енді сен қаш. Р-р-р», — дейді.
Күшік селк етіп көзін ашты. Үстіне төніп дәу қара төбет тұр.
Күшік асықпай ұзын тілімен аузы-басын бір жалап алды да, есінеп керілді. Содан соң, мана балапандарға үргеніндей, жіңішке даусымен шаңқылдап үріп, орнынан көтеріле берген.
Екі ойлы тұрған төбет сол сәтінде-ақ бас салды. Күшік не болғанын аңғара да алмай қалды. Өне бойы от тигендей дуылдап, көз алды қызылды-жасылды сәулемен тұманданып, дүние теңселе төңкеріліп бара жатты.
— Кет-ай, кет! Кет!
Жан ұшырған ащы дауыс пен жерді солқылдатқандай дүбір қоса естілді. Кеудені қысқан зіл батпан жүк босап кетті.
Арашаға иесі келгенін аңғарған кішкентай күшік қаңсылап жылап жіберді. Иесі қалбалақтап аттан түсіп жатыр. Міне, жерден көтеріп алды.
Денесіне қол тигенде, өне бойы найза сұққандай шанышқылап қоя берген күшік дүлей төбеттің аузына қайта түскендей, шарылдай ұзақ қаңсылады.
Иесі атын шылбырынан жетектеп, күшікті құшақтай көтерген бойы қиралаңдай басып үйге келді. Оның жарақаттарының аузына әлденелер жағып, жанын қинап көп әуреледі. Содан соң әр жерін ақ дәкемен орап байлап, ауызғы бөлмедегі бұрышта тұрған екі жағы торлы кішкентай темір төсекке салды.
Тамақты өз қолымен береді. Күніне үш-төрт мәрте сыртқа алып шығады. Басқа уақытта күшік үнемі төсек үстінде қимылсыз жатады: көп қозғалуға жер тар, ал өз бетімен тордан секіріп түсе алмайды.
Екі-үш апта күтімнен кейін денесіндегі жаралар жазылды. Бірақ күшіктің жүрегіне басқа бір жара түскен еді: бұл дүниеде әділетсіздік, зұлымдық, зорлық барын — басыңа бақытсыздық төнсе, ақтығың мен жазықсыздығың арашалап қала алмайтынын — ол толық ұқпаса да, бұдан былай бейтаныс жан иелерінің бәріне күмәнмен, дұшпан көзбен қарайтын болды.
3
Күшік әбден торалып, қайта қутыңдай бастағанда, алыстан бір кішкене бала келді. Өзі сотқар екен: арбадан түсер-түспестен-ақ күшікке ұмтылды.
Бұл кезде күшік адам атаулыны «иелерім» — өзіне күнде тамақ құятын, үйдің бар шаруасын істейтін ұзын етек кісі де осы санатқа кіретін — және «бөтен жандар» деп екіге бөлетін. Ал мынау — бөтен бала.
Күшік иесіне тығылды. Бірақ иесі оған қараған да жоқ: баланы бауырына басып, бетінен сүйіп жатыр. Әйткенмен бала тез босанып, күшікке қайта қол созды.
Иесі тәуір көретін кісі болғандықтан, күшік енді қаша қоймады. Оның үстіне иесінің өзі де: «Лашын, Лашын, бара ғой!» — деп жылы шырай танытып тұр.
Баланың қолы жұмсақ екен. Кеудесіне қыса құшақтап алды. «Күшім, күшім» деп, басынан, арқасынан сипап, сүйіп, еркелете бастады.
Сауыны өткен биені қайырып келе жатқан, анадайдан «Әділ! Әділтай!» деп айқайлаған шешесіне назар да аудармай, күшікті құшақтаған күйі үйге кірді.
Кешкі отырыс
Сол күні кешке үйге көп адам жиналды. Үлкен дөңгелек столды алқалай отырып, дастарқан үстіне тау-тау бауырсақ үйілді. Бауырсақ бетінде ағараңдап жатқан шақпақ қанттың көптігінен көз тұнады.
Әділ Лашынды алдына алып, бір бауырсақ, бір қанттан араластырып беріп отыр. Жұрт көңілді, ду-ду етеді. Түйе сүтін қатқан қою қызыл күрең шайды сыздықтата тартып, дабырласып отыр.
— Жігіт болды деген осы, — деді Омар ақсақал. — Ұзағынан сүйіндірсін.
— Ал, Қазы, сен қырық күн той жасауың керек. Мұғалімдері бірінші класты бітірген жиырма бес баланың ішіндегі ең үздігі деп отыр. Екінші, үшінші кластың есебін шығарып, кітабын оқи беретін көрінеді, — деді Әділді ала келген сатушы, сепкіл бет Есенжол. — Бұдан былай ертегі, жыр айт деп ешкімді мазаламайтын болды. Күзге дейін сенің Қызылотауыңдағы бар кітапты оқып тауысып кетері анық.
— «Ата көрген оқ жонар» деген...
Омар ақсақал сөзін сабақтады. Әмір марқұмды — Қазының әкесін — еске алды. Оның қолынан қыран тазы арылмағанын, түлкіні құйындай соғатын құмайлары болғанын айтты. Құстар мен иттің асылдығын, бұрынғы аңшылықтың дәуренін толғады.
Сөз арасында Мамай шалдың Бесқара дейтін тазысы жайлы әңгіме шықты: көктарғыл, жолбарыстай, кеудесі зор, басы үлкен, дене бітімі мөлшерден тыс ірі. Өз көзіммен көрдім деген ақсақал оның бір жылы жалғыз өзі он үш қасқыр алғанын да қосты. Қоян, түлкіде қисап жоқ, арқарға да жиі шығатын деді.
— Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді, — деді Омар ақсақал. — Мамай шал сол көк тазысы өлер жылы көктемде қаңғып кетіп қалыпты. Нешеме күн аза тұтыпты деседі. Адам кісі өлгенде олай етпес. Шынында да, қыран-ақ еді.
— Онда өкіметтің малын кім бағады, шөбін кім шабады?.. — деді Қазы, жөтел қысып сөзінің аяғын жұтып.
Есенжол арақ жайын қағытып күлдірді. Үйдегілердің дабыр-дұбыры араласқан әңгіме ұзаққа созылды.
— Иттердің ішінде адамнан да артық не түрлі жайсаңдар кездеседі, — деді Омар ақсақал. — Мына кішкентай Әділдің итке құмарлығы Әмір марқұмнан аумай қалыпты.
Қазы күшікті қайдан алғанын айтты. Мамай шалдан алғанын, күшіктің енесінің бауырында жалғыз болғанын, бергісі келмей қиналғанын да жасырмады.
— Сынап жіберіңізші, — деді Қазы.
— Жақсы итті көп көргенмен, өзім аңшылық құрған жан емеспін. Менен қайбір сыншы шығады, — деді ақсақал.
Сонда да күшікті алдына түсіртіп, сырт сымбатына қарап, байыппен түйді:
Ақсақалдың бітімі
- Кеуделі — ұзаққа шабар.
- Мойны қысқа, шықшытты, езулі — қайраты бар.
- Артқы аяғы келісті, маймақтық — жүйріктік белгісі.
- Қасқыр алады деп кесіп айтпаспын, бірақ түлкі тымаққа жарататыны анық.
— О, пәлі! Аузыңызға май! Алғашқысы сіздікі, — деді Қазы риза болып.
Сәлден соң үстіне құлағы жалбыраған, құйқасы сыдырыла піскен семіз бас салынған үйме табақ ет келді. Бұл кезде Әділ мен ақ күшік тұмсық түйістіріп, ірге жақта ұйықтап жатыр еді.
4
Лашынның өміріндегі қайғысыз, қамсыз қызық күндер басталды. Әкесі Әділге:
— Өзі ауылдан шығып, қаңғып кете береді. Анада Есенжолдың Бардасоқ дейтін жаман төбеті талап тастады. Мал қайырып келе жатып кездейсоқ үстінен түспегенімде, өлтіретін еді. Сенің кішкентай кездегі төсегіңе салып, жиырма шақты күн бағып, әрең аяғынан тұрғыздым. Енді қасыңнан тастама, — деп тапсырған.
Әділ онсыз да Лашынды жанынан қалдырмайды. Иен даладағы үш үйде өзінен басқа бала жоқ, кітап оқығаннан соңғы ермегі — күшік.
Алғашқы күні-ақ ұзын құрықтың басына түлкінің құйрығын байлады. Не екенін білмесе де, Лашын оны тістеп көргісі келді. Бірақ Әділ тістетпеді: тұмсығының алдына әкеп иіскетті де, аузына түсірмей біраз ыза қылып барып, кенет өзі бір орында тұрған қалпы шыр көбелек айналдырып, дөңгелете жөнелді.
Күшік қуып берді. Бірақ құрық ұшындағы түлкінің құйрығы жеткізер емес: тұмсығына тиер-тимес жерде толқындана созылып, зулап барады.
Ақ күшік жүгірісін тездете түседі. Түлкінің құйрығы да бұрынғысынан жылдамырақ қашады. Күшік одан сайын өршелене шабады. Жетті ақыры. Міне, тістейді енді!
Бірақ жаңағы пәле басынан қарғып өтіп, кейін тартады. Күшік артына бұрыла сала қайтадан шеңбер жасай қуады. Аяқтары ауырлай бастайды, қарқыны да кілт кемиді.
Алайда бұлаңдаған нәрсе ұзап кетпейді. Одан шыққан жат, әрі сүйкімді иіс көңіліндегі құмарлық отын оятып, ата қанымен бойына біткен аңшылық сезімді қамшылайды. Күшік бұрынғыдан да асқан ызамен қууға кіріседі.
Ақыры ұлпа құйрық ауызға ілінеді. Күшік рақаттана тістелеп, сүйрейді, ырылдап жұлқылайды — ұзақ ойнайды. Кенет әлгі антұрған лып етіп аузынан шығады да, қаша жөнеледі. Қуғын қайта басталады.
Ақ күшік құрық ұшына байланған түлкі құйрығын қаншама рет ұстады, қаншама рет жұмырлап талады, бірақ ешқашан да құмары тарқаған жоқ, жалыққан емес.
Ұшар басына дейін ақ көде мен түп-түп тобылғы өскен тоқал биіктің ықтасын етегіне салынған іркес-тіркес төрт-бес қораның алды еңіс. Бітік көк шалғын жел соқса теңіз бетіндей толқиды.
Қарсы қабақта оқшырайған шоқының тастақ етегінен қайнап шығып жатқан қасқа бұлақ бар. Сайды бойлай төмен құлай ағады. Өн бойы жапырыла өскен боз шілік.
Әділдің мойнына жүктелген бар жұмыс — енді ғана толысып келе жатқан нәрлі шөпті ора жайылып, сауын мезгілін өткізіп ала беретін көк биені қайырып әкеп тұру.
Күшік қалың шөп арасынан басы ғана қылт-қылт етіп, секіре жүгіріп, Әділдің соңынан салбақтап барады. Қайтар жолда шәуілдей үріп, биені қуа жөнеледі. Бірақ көк бие тұра шапқанда ілесе алмай қалады да, арсалақтап кеп Әділдің аяғына оратылатын.
— Мына қу күшігіңді несіне ерттің? Жайлап айдамаған соң бие исініп кетіпті, — деп ренжитін Кәмила.
Алайда Әділ күшігін ертуден тынбайды, ал күшік биені үркітуді қызық көреді. Ақыры шыдамы таусылған шешесі:
— Кіп-кішкентай болып қиқарын қарашы, жетпегірдің, — деп Әділдің желкесінен бір түйіп, күшігін таяқпен көміп өткеннен кейін ғана Әділ ақылға келді.
Күшіктің мойнына ою-өрнекті жез қарғы жасатып тақты да, содан ұстап жүретін болды. Бірақ үйреніп кеткен күшік көк биені көре сала шабалана үретін. Ал бие «осы пәлені шаңқылдата бермей кетейін» дегендей, бұрынғыша ауылға қарай шапқылай жөнелетін.
Қазы қоржынына кітап теңдеп алып, түстік жердегі шөпші ауылға, бір шеті мен екінші шеті күндік жерге созылып жатқан жайлаудағы мал отарларына кеткен кездерде Әділ мен Лашын Кәмиладан талай рет таяқ жеді.
Төңірек тегіс шоқы-шоқы, белес-белес. Қырқалардың арасындағы тарам-тарам жүлгелі өлке: бойы шөккен түйе көрінбес қымыздықты көк шалғын, мұздай суық мөлдір бұлақ, тал-терек, шілік араласа өскен шағын тоғай.
Жаз ортасы ауа, күн әбден қызып, шөп басы толған кезде, Әділ осы төбешіктерден асып, сай-саланы шарлап кететін. Бұрын үй төңірегінен ұзап шығып көрмеген Лашын үшін бұл — жаңа бір дүниенің есігі ашылғандай еді.
Мұрынға жүз түрлі иіс келеді: шаңытып тұратын сұр қияқтың иісі, жапырыла өскен шалғынның иісі, сары-көк-алқызыл дала гүлдерінің аңқыған жұпары, шым топырақтың иісі, шіріген ағаштың иісі — толып жатыр...
Ауаға тараған хош иістен басы айналған күшік...