Анамның қолдары

Түрі: ауызша журнал

Мақсаты

  • Ана туралы көркем сөздер, өлеңдер мен әндер арқылы аналар мен әжелерді мерекемен құттықтау.
  • Оқушыларды білімге, адамгершілікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу; ұстазға және ата-анаға құрметті арттыру.
  • Ананың еңбегін қадірлей білуге үйрету.

Көрнекілігі

Гүлмен безендірілген сахна, нақыл сөздер, бүктемелер, үнтаспа және басқа да материалдар.

Жүрісі

І. Ұйымдастыру кезеңі

Жүргізушілерді таныстыру:

  • 1-жүргізуші Бисехан Гүлзат
  • 2-жүргізуші Рзаш Самғат

Жоспары

  1. 1. Кіріспе
  2. 2. Оқушы шығармалары (өлеңдер, тақпақтар)
  3. 3. Болашақ шақ — бақытты шақ (әңгімелесу)
  4. 4. Асылдың сөзі — ақылдың кені (мақал-мәтел, нақыл сөздер)
  5. 5. Сөзжұмбақ
  6. 6. Суреттер

ІІ. Негізгі бөлім

Жүргізушілердің құттықтауы

1-жүргізуші: Қымбатты аналар, ұстаздар, қыздар, мерекелеріңіз құтты болсын!

2-жүргізуші: Бүгінгі мереке — 8 наурыз, Халықаралық әйелдер күніне арналған «Аяулы менің анашым» атты ауызша журналымызды ашық деп жариялаймыз.

1-бет: Кіріспе сөз

Мұғалім: Адам баласы үшін ең аяулы, ең қастерлі, қадірлі сөз — ана. Бала дүниеге келген күннен бастап ана өзінің жұмсақ алақаны, жылы жүзі, ыстық құшағы, мейірім толы көзқарасы арқылы бар сүйіспеншілік пен махаббатын сыйлайды. Сол себепті адамзат қауымы аналарға арналған бір күнді мейрам етіп белгілеген. Ол — 8 наурыз мерекесі.

Анамызға деген көңіліміз бен мейіріміміз ұшан-теңіз. Анамыздың көңілі шат, жүзі жарқын, дені сау болуын әрдайым тілейміз. Сіздерді Аналар мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!

Хормен:

«Анашым» әні орындалады.

Поэзиялық құттықтау

Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті жан аналар!

1-жүргізуші

Құрметтейік, о адамдар, аналарды,
Бізді өмірге әкелген даналарды.
Себебі ана деген асыл жан ғой,
Ойменен істелік әр қадамды.

2-жүргізуші

2-бет: Оқушы шығармалары

Өлеңдер мен тақпақтар.

Нұрбақыт

А. Бақтыгереева

«Анаға сыйлаймыз»

Көктемде көңілді
Құстар кеп жатқанда,
Құлпыртып өңірді,
Гүл ектік бақтарға.

Гүл ектік аулаға,
Көктемде көңілді.
Бақта да, бауда да
Ақ гүлдер өрілді.

Біз доспыз гүлдермен,
Текке оны жұлмаймыз.
Той күні бір-бірден
Анаға сыйлаймыз.

Ибраһим

М. Хакімжанова

«Апама»

Әлпештеген, аялаған,
Ақ сүт берген апатайым.
Сәлем жазып бүгін саған,
Мейрамыңмен құттықтаймын.

Айзанат

«Анамызға мың алғыс»

Аялаған, баптаған,
Асыраған, сақтаған.
Сақтандырып күнде еппен,
Айтып бәрін үйреткен —
Анамызға мың алғыс!

Ерлік еткен біз үшін,
Еңбек еткен біз үшін.
Еркелеткен біздерді,
Еркіндеткен біздерді —
Аналарға мың алғыс!

«Адал бол», — деп балдырған,
Әділдікке баулыған.
Жүрегіңді тәрбиелеп,
Тілегіңде мейірім бар —
Анамызға мың алғыс!

1-жүргізуші: Алдымен мерекесі құтты болсын аналардың, әпкелер мен бауырлар, балалардың. Мерекелеріңіз қуанышқа ұлассын, бұл күн — көксеген асыл арманның бір нышаны.

Ән:

«Ақ мамам»

3-бет: Болашақ шақ — бақытты шақ

Әңгімелесу.

Әңгіме: «Анамның қолдары»

Мұғалім аналар мерекесі қарсаңында үйге ананың қолы туралы шығарма жазуға тапсырма береді. «Ананың еңбекқорлығы жайлы бірнеше сөйлем жазыңдар», — дейді.

Екі күннен кейін мұғалім үй тапсырмаларын сыныпта оқытады. Кезек бір қызға келгенде, ол былай деп бастайды: «Анамның қолдары… Анам қолдарының бірімен май шайқайды. Біреуімен құшағында діни кітабымызды ұстайды. Келесімен әкемнің жейдесін жамайды. Келесі қолымен менің шашымды өреді. Келесі қолымен…»

Мұғалім (күліп): «Сонда қалай, қызым? Келесімен, келесімен… Сенің анаң қырықаяқ па? Соншама қол адамда бола ма? Бұл бос сөз бе?» — дейді.

Барлығымыз күле бастадық. Қыз болса сабырмен: «Жоқ, бұл бос сөз емес. Екі қолы — әкем үшін. Жеті баласы бар: әрқайсысы үшін есептесеңіз он төрт қол болады. Ас үй, қора, бақша үшін де екі қолдан алты қол. Кедейлерге көмектесетін қолын да қосыңыз. Дұға үшін де екі қол ойлаңыз. Сонда жиыны жиырма алты қол шығады. Менің анамның, ұстазым, дәл осынша қолы бар», — дейді.

Бәріміз күлгеніміз үшін қатты ұялдық. Ұялғанымыздан төмен қарадық. Ұстазымыздың жүзіндегі күлкі сейіліп, қобалжыған дауыспен: «Жазғандарыңның бәрі дұрыс, қызым. Ең әдемі үй тапсырмасын сен жаздың. Ананың қолы бұдан да көп: олар бәрін де істей алады. Ана деген — осындай жан», — деді.

Би:

«Қаражорға»

2-жүргізуші: Білмесең — надан боласың,
Жау қолында қаласың.
Үйреніп бәрін біле алсаң,
Ақылың жетіп толасың!

4-бет: Асылдың сөзі — ақылдың кені

Мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер.

Әсет: «Ананың сүті — бал, баланың тілі — бал.»

Орынша: «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада.»

Олжас: «Анасын көріп, қызын ал; аяғын көріп, асын іш.»

Ақбаян: «Анасының тілін алмаған азапқа қалады.»

«Нәзіктік атаулының жиынтығы — ананың алақаны; сондықтан да ол сәби үшін ең жылы ұя.»

В. Гюго (Қуандық)

«Ана өз баласын жанымен де, қанымен де сүйеді.»

Б. Г. Белинский (Динара)

«Ана көрегендігінің теңдесі жоқ.»

О. Бальзак (Заманбек)

«Ана жүрегін сезе біл: оның жанарындағы шапағат пен тыныштықты, бақыт пен қуанышты, алаңдаушылық пен мазасыздықты, абыржу мен ренішті көре біл. Егер сен бала кезіңнен анаңның көзінен оның жан дүниесін көре білуді үйренбесең, адамгершілік жағынан өмір бойы тәрбиесіз болып қаласың.»

В. А. Сухомлинский (Ақкенже)

1-жүргізуші: Алақаның — ақ самал,
Мәпелеген жан ана.
Көкте күнім батса да,
Өзің күнсің балаңа.

5-бет: Сөзжұмбақ

Бүгінгі мереке иелері — аналарымызға арнап құрастырылған сөзжұмбақты шешу.

2-жүргізуші: Пайдаланса уақытты — біздің қыздар бақытты.
Арманға жетер балалар,
Аман болсын аналар!

6-бет: Суреттер

Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын тамашалау.

ІІІ. Қорытындылау

1-жүргізуші: Ардақты аналар, апа-қарындастар! Осы мерейлі мейрам сіздерге тек игі жақсылықтар әкелсін. Дендеріңізге саулық, бала-шағаларыңызға амандық тілейміз.

2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, «Аяулы менің анашым» атты сынып сағатымыз аяқталды.

Ана — біздің күніміз!
Ананың біз — гүліміз!
Бізді, ана, қуантып,
Ұзақ өмір сүріңіз!

Ескерту: 8 наурызға арналған сценарийлер, шығармалар, тақпақтар және т.б. материалдар негізінде ықшамдалып, редакцияланды.