Өмірге риза болып, алғыс айт
І. Ұйымдастыру кезеңі
Сабақ «Ризашылық» өлеңін оқудан басталады. Одан кейін оқушылар тізбектеліп, бір-біріне жылы тілек білдіреді.
«Ризашылық» өлеңі
Ризамын бүгінге,
Ризамын бүгінге,
Ризамын бүгінге,
Ризамын қазірге!
Ризамын, ризамын, ризамын бүгінге,
Ризамын, ризамын, ризамын қазірге.
ІІ. Кіріспе
«Орынын тап» ойынында оқушыларға әріптер беріледі. Әріптердің артында жұмбақтар жасырылған. Жауаптары тақтаға ілінеді. Әріптерді дұрыс жауаптардың орнына орналастыру арқылы сабақтың тақырыбы ашылады.
«Орынын тап» ойыны: жұмбақтар
Шаңырақ — күн,
Уықтары — нұр шашқан.
Екі пырақ көк аспанға ұласқан.
Жарқырайды темірқазық жұлдызы,
Жол көрсетіп, алға бас деп, Қазақстан!
Жауабы: Елтаңба
Ыстық дейді оны оттан,
Патриот оны ұнатқан.
Оңбайды бұл өмірде,
Адам оны жоғалтқан.
Жауабы: Отан
Баспана көшпендіге өте ыңғайлы,
Әдемі мекен екен, жанға жайлы.
Тентектік істеп қойсаң, әке-шешең,
Сені тағы бұрышқа қоя алмайды.
Жауабы: Киіз үй
Егіз қайың,
Бой-бастары тең өскен.
Іске дайын,
Бұтақтары бес-бестен.
Жауабы: Қол
Бір малға екі бала мінгеседі,
Айлап-жылдап түспестен күн кешеді.
Жауабы: Түйе
Тұмсығымен ояды,
Ағаш құртын жояды.
Жауабы: Тоқылдақ
Қиналмай тауларды, орманды,
Теңізді, дария, жондарды,
Ауылды, қаланы, халықты…
Ойлап тап, көтерген алыпты.
Жауабы: Жер
Тау, қыр, жазық, өзен, көл —
Қабырғада биік тұр.
Қаласаң, кел, өзің көр —
Бір қағазға сыйып тұр.
Жауабы: Карта
Емес ол кітап та, дәптер де,
Жүреді бірақ та портфельде.
Көрсетіп ондағы бағаңды,
Қуантып қоясың ағаңды.
Жауабы: Күнделік
Әңгімелесу сұрақтары
- Ризашылық дегеніміз не?
- Алғыс ұғымын қалай түсінесіңдер?
- Адам өз ризашылығын қандай сөздермен білдіреді?
- Сендерге кім, қандай жағдайда алғыс айтты?
- Өздерің қандай жағдайда алғыс айтып көрдіңдер?
Оқушылардың жауаптары тыңдалады, ойлары нақтыланып, ортақ қорытынды жасалады.
ІІІ. Негізгі бөлім
Ризашылық
Ризашылық — адамның басқа біреуден көрген жақсылығы, көмегі, ықыласы үшін қанағаттануы және алғыс білдіруге ұмтылатын ішкі сезімі.
Алғыс
Алғыс — жасалған жақсылыққа, көрсетілген көмек пен көңілге ризашылық білдіру, сондай-ақ адамның ойы мен іс-әрекетіне жоғары баға беру.
Ризашылықпен байланысты ұғымдар
Ризашылық ұғымы өзара құрмет, мейірім, қолдау, ынтымақ және жауапкершілік сияқты құндылықтармен тығыз байланысты. Адамдар арасындағы татулық пен жылы қарым-қатынас әр адамның өзіне және қоршаған ортаға деген көзқарасына тікелей тәуелді.
«Ризашылық» акциясы
Қазақстан бойынша барлық оқушылар мен отбасыларды қамтитын «Ризашылық» акциясы өткізіледі. Бұл бастама аясында көмекке мұқтаж балалар мен ересектерге ақшалай қолдау, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар және киім-кешек түрінде көмек көрсетіледі.
Акцияның бастамашысы: Сара Алпысқызы.
Топпен жұмыс
І-топ
Мұғалім мен сыныптастардың оқушы қызды туған күнімен құттықтау сәтін сахналау.
ІІ-топ
Ағалы-қарындас туыстардың үйге келген қонақтарды күтіп алу сәтін сахналау.
ІІІ-топ
Қандай жағдайда риза боласыңдар?
IV-топ
Ризашылықты қандай жолдармен білдіруге болады?
V-топ
Дәйексөздің мағынасын түсіндіру және оны өмірмен байланыстыру.
Дәйексөз
Өмірге риза болып, алғыс айт.
Адам өз ісіне қанағаттанып, сүйсінген кезде ризашылық сезімі күшейеді. Өзгенің жасаған жақсылығына ризашылық білдіруді алғыс дейміз.
Проблемалық сұрақтар
- Жақсылық жасаудың біз үшін қандай пайдасы бар?
- Неліктен біз басқаларға жақсылық жасауымыз қажет?
Бейнематериал
«Жақсылығың қайтар өзіңе» тақырыбындағы видео-ролик көрсету.
IV. Қорытындылау
Жылы сөзді, қайырымды істі, жақсы ойды, кіршіксіз сезімді ешқашан аямаңдар. «Рахмет» деген қасиетті сөзді жиі айтыңдар. Адам алғыс пен ризашылық естіген сайын, жақсылық жасауға ынталана түсетінін есте сақтаңдар.
Өмірдің әрбір сәтін бағалауды үйреніңдер. Табиғат-Анаға мейірімді күні үшін, көңілді жаңбыры мен ақ қары үшін, жұмсақ ұлпа бұлты үшін; жақын адамдарға қайырымдылығы мен риясыз махаббаты үшін алғыс айтуды ұмытпаңдар.
«Автограф» ойыны
Әр оқушының арқасына қағаз бекітіледі. Сыныптастары сол қағазға жылы тілек пен жақсы сөздер жазып шығады.
«Пікірлер себеті»
- Бүгінгі сабақ ұнады ма?
- Осы сабақта өзің үшін қандай жаңалық аштың?
- Сабақтан кейін қоршаған ортаға көзқарасың өзгерді ме? Өзгерсе, қалай?