Тіл - қоғамның жемісі
Изаева Қаламқас, 9-сынып оқушысы
№2 орта мектебі, Қапшағай қаласы
Мен бақыттымын
Мен бақыттымын, өйткені ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем елде өмір сүріп жатырмын. Бақыт — бірлік пен татулық бар жерге қонады. Демек, мен бақытты жерде туған елімнің бақытты перзентімін. Достығы дархан елімнің аты — Қазақстан! Туған елім — тірлігімнің айғағы.
Тілім барда айтылар сыр ойдағы,
Өссе тілім — мен де бірге өсемін,
Өшсе тілім — мен де бірге өшемін!
— Әбілдә Тәжібаев
Ақын жырлағандай, тіл — қай елде де қастерлі, құдіретті ұғым. Ол — достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің өрісі, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл — жай сөз емес: өмірдің талай сынынан өтіп, заман талабына сай дамып, кеңейіп отырған толыққанды ақиқат.
Тіл — қоғамның жемісі
Тілсіз қоғам болмайды
Тілсіз қоғамның қандай түрі болса да өмір сүре алмайды. Тіл қоғам бар жерде ғана пайда болып, дамып, өмір сүреді. Сондықтан қоғамнан тыс, бөлек тіл жоқ: тіл — қоғамның жемісі.
Ана сүтімен даритын мұра
Тіл әр адамға ана сүтімен бірге еніп, бойға сіңеді. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы, атадан балаға мұра болып қалатын баға жетпес қазына.
Заң мен Ата Заңдағы орны
«Тіл туралы» заңда мемлекеттік тілді меңгеру Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы екені айтылады. Ұлттың ең қасиетті сипаты — ана тілі. Ана тілі — ұлттың өмір сүруінің басты шарты.
Конституцияның 7-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі деп нақты көрсетілген. Бұл қағида «Тіл туралы» заңда да берік бекітілген. Азаматтық парызымыз — заң талаптарын жүйелі түрде жүзеге асыру, тілді қолдану мен дамытуға жауапкершілікпен қарау.
«Тіл — біздің тұтастығымыз»
«Тіл тағдыры — ел тағдыры» деген сөз бекер емес. Сондықтан әр адам өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, орынсыз шұбарлануға қарсы тұруға тиіс. Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір азаматтың абзал борышы.
Ұлттық болмыс — тіл мен мәдениетте
Біздің ұлттық келбетіміз бен болмысымыз, салт-санамыз бен рухани дүниеміз — ұлттық мәдениетіміз бен тілімізде. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпақты парасатты, білімді, іскер, қабілетті, отансүйгіш, ұлтжанды тұлға етіп тәрбиелеуде мемлекеттік тілдің орны орасан.
Қазақ тілі — таусылмас байлық
Бірнеше тіл білу — артықшылық
Қанша тіл білсең, сонша биіксің. Дегенмен, ең алдымен өз еліңнің мемлекеттік тілін білу — міндет.
Бай әрі қуатты құрал
Қазақ тілі — өте бай тіл. Ол мәдени деңгейімізді көтеретін пәрменді құрал, жұртшылықты отаншылдық рухта тәрбиелейтін қуатты күш.
Тілден безу — тамырдан безу
Өкінішке қарай, өзге тілде сөйлейтіндер де, тіпті туған тілден безетіндер де кездеседі. Төл тілден безу — ақ сүт беріп, өсірген анаңды ұмытумен тең.
Паустовскийдің «Туған тіліне жаны ашымаған адам — жәндік» деген жан айқайы еріксіз ойға оралады.
Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі — ар өлшемі. Тілді шұбарлау — арды шұбарлау, көңіл тұнығын лайлау.
Ұлт мәдениетінің гүлденуі, халықтың тарихи қалыптасқан тұрақты қауымдастық ретінде болашағы — ана тілінің дамуына, оның қоғамдық қызметінің кеңеюіне тікелей байланысты. Сондықтан туған тілге сүйіспеншілік балалық шақтан басталуы тиіс: айналаны тану да, өзіңді тану да туған тілді танудан басталады.
Тәуелсіздік — тұғыр, тіл — тірек
Биыл көк байрағын көтерген Тәуелсіздігімізге 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде еліміз дамып, еңсесін тіктеп, өзге мемлекеттермен терезесі теңесті. Халық болып Ата Заңымыз қабылданды. Аспан түстес Туымыз, елдікке, бірлікке шақыратын Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар. Қастерлі де қасиетті тіліміз бар. Мұның бәрі — Тәуелсіздігіміздің айғағы, биік белесі.
Туған жерге сүйіспеншілік
Асқарлы биік таулар, мөлдір бұлақтар, кең жайлау, жұпар ауаның өзі бейбіт тіршілігімізге ажар беріп тұрғандай. Мен осындай заңғар биік, достығы мызғымас туған жерімді сүйемін.
Отан туралы өлең
Құтты болсын елдігің.
Туған елім, топырағыңа не жетер?
Өз басыңа нелер келді, не кетер?
Отанынсыз тірі жандар не етер,
«Отаным жоқ, жетіммін» деп өтер.
Таң шапағың аймалайды жүзімді,
Сағындым мен қысың, жазың, күзіңді.
Жүрегіме мәңгі салған ізіңді,
Елестетіп, бір тамшы жас үзілді.
Санат
KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы