Интерактивті оқыту әдістемесі

Биманова Ж.А.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, №18 ОМ, Ақтөбе қаласы

Адамзат үшін ХХІ ғасыр — жаңа технологиялар ғасыры. Ал осы технологияларды жүзеге асыру, өмірге енгізу, игеру және жетілдіру — бүгінгі жас ұрпақтың еншісінде.

«Ал жас ұрпақтың тағдыры — ұстаздардың қолында».

Н. Назарбаев

Білім беру жүйесін дамытудың өзекті бағыты

Қазіргі заманда Қазақстанға ұлттық сипаты бар білім беру жүйесін одан әрі дамыту, білім сапасын әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен деңгейлес көтеру, білім беру ісінде әлеуметтік кеңістікке шығу — алдағы маңызды міндеттердің бірі.

Әлем елдерінің біразы 40–50 жыл бұрын меңгерген әдіс-тәсілдер мен озық технологиялар бүгінде әрбір оқытушының негізгі құралдарының біріне айналды. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында білім беру жүйесінің басты міндеті ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыру мен кәсіби шыңдауға жағдай жасау, оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру және халықаралық коммуникациялық желілерге шығу атап көрсетіледі.

Мұғалімнің инновациялық іс-әрекеті

Келер ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми-педагогикалық негіздерін меңгеруі — маңызды мәселелердің бірі. Мектеп табалдырығын аттаған әр балаға адам бойындағы асыл қасиеттерді қастерлеуді үйретіп, өмір талабына сай заңдылықтарды түсіндіру қажет.

Тәрбиенің өзегі

  • Әдептілік, инабаттылық

    Қарым-қатынаста мәдениет пен жауапкершілікті қалыптастыру.

  • Имандылық, мейірімділік

    Рухани тазалық пен адамгершілік құндылықтарды орнықтыру.

  • Қайырымдылық

    Жанашырлық пен қоғамға пайдалы әрекетке баулу.

  • Ұлттық құндылық

    Халықтың асыл қасиеттерін сана-сезімге сіңіру.

Бастауыш мектеп жасындағы баланы тәрбиелеу — жалпы тәрбие үдерісінің ең негізгі кезеңі. Тәрбие — өмірлік шығармашылық. Ал оқыту үдерісі педагогикалық үдерістің өзекті бөлігі ретінде мұғалім мен оқушының бірлескен әрекеті арқылы оқыту мен оқудың бірлігін көрсетеді.

Қазіргі оқыту үдерісінің сипаттары

  • Екіжақты сипатта (мұғалім–оқушы).

  • Бірлескен әрекетке негізделеді.

  • Жоспарлы ұйымдастыру мен басқаруды талап етеді.

  • Тұтастық пен бірлік қағидасына сүйенеді.

  • Балалардың жас ерекшелігі мен мүмкіндіктеріне сәйкестендіріледі.

Бірлескен әрекеттің негізгі кезеңдері

  1. 1

    Оқушының оқуға қызығушылығын ояту.

  2. 2

    Оқушының білім, білік және тәжірибесін айқындау.

  3. 3

    Жаңа тақырыпты меңгеруді ұйымдастыру.

  4. 4

    Өткен материалды пысықтау.

  5. 5

    Оқыту нәтижелілігін айқындау.

Білім сапасы және мұғалім рөлі

Басты мақсат — білім сапасы. Білімнің сапалы болуы тікелей мұғалімге, оның кәсіби деңгейіне және үздіксіз ізденісіне байланысты. Мұғалім — оқыту мен тәрбиелеу үдерісіне жаңалық енгізуші, оқушымен бірлесе жұмыс істейтін белсенді тұлға. Сондықтан мектепке жаңалық енгізуде мұғалім шешуші рөл атқарады.

Л.В. Занков пікірі

Оқыту оқушының рухани дамуын қамтамасыз етуі қажет.

Л.С. Выготский пікірі

Жақсы оқыту — баланың дамуына ілгері жүретін, оны жетекке алатын оқыту.

Жаңа оқыту технологиялары: бағыттар мен үлгілер

Бүгінде Қазақстанда жаңа оқыту технологиялары жан-жақты зерттеліп, тәжірибеде қолданылып келеді. Педагогика ғылымындағы маңызды үрдістің бірі — оқушының тұлғалық дамуына бағдарланған технологияларды әзірлеуге ұмтылыс.

Педагогикалық технологиялар — басымды мақсаттармен біріктірілген пәндер мен әдістемелердің, оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастырудың, мазмұн, форма және әдістердің өзара байланысқан күрделі әрі ашық жүйесі. Бұл жүйеде әрбір құрамдас бөлік бір-біріне әсер етіп, нәтижесінде оқушының дамуына қолайлы жағдай қалыптастырады.

Кеңінен танылған технологиялар

  • П.М. Эрдниев — дидактикалық бірліктерді шоғырландыру (УДЕ) технологиясы.

  • Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов — дамыта оқыту технологиясы.

  • Ш.А. Амонашвили — ізгілікті-тұлғалық технология.

  • В.Ф. Шаталов — белгі және сызба үлгілері негізінде қарқынды оқыту технологиясы.

  • П.И. Третьяков, К. Вазина — модульдік оқыту технологиясы.

  • В.М. Монахов, В.П. Беспалько және т.б. — түрлі педагогикалық технологиялар.

Қазақстанда Ж.А. Қараев, Ә. Жүнісбеков, Жанпейісова және басқа да ғалымдардың технологиялары белсенді түрде қолданылуда.

Мұғалім қолдана алатын әдістер

Ойын технологиялары

Қызығушылық пен қатысымды күшейтетін оқу формалары.

Проблемалық оқыту

Мәселе арқылы ойлау, дәлелдеу, талдау дағдысын дамыту.

Оқу зерттеуін ұйымдастыру

Ізденіс, бақылау, қорытынды жасау мәдениетін қалыптастыру.

Жобалау әдісі

Нәтижеге бағытталған тәжірибелік жұмыс арқылы оқыту.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар

Сандық ресурстарды пайдалану арқылы оқу мүмкіндігін кеңейту.

Интерактивті оқыту: мәні және артықшылығы

Интерактивті әдіс — қазіргі таңда ерекше маңызға ие бағыттардың бірі. «Интерактивті» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «бірлесіп әрекет жасау» дегенді білдіреді. Білім берудегі интерактивті технология — бірін-бірі толықтыратын және барлық оқушының қатысуын ұйымдастыратын оқыту тәсілдері жүйесі. Мұндай сабақта оқушының ұжымдық жұмысқа қатыспай қалуы мүмкін емес.

Интерактивті тақта туралы

Интерактивті тақта (ИТ) — оқытушыға екі түрлі құралды, яғни ақпарат кескінін және қарапайым маркер тақтасының мүмкіндіктерін біріктіріп қолдануға мүмкіндік беретін құрал. Интерактивті технологиялардың жедел дамуына байланысты тақта түрлері мен типтері де үнемі жаңарып отырады.

Неліктен интерактивті әдістеме қажет?

Елдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістер білім беру жүйесіне де ықпал етті: жаңа пәндер енгізіліп қана қоймай, дәріс беру әдістемесін жаңарту қажеттігі туындады. Демократиялық даму жолын таңдаған қоғамда шешім қабылдауға азаматтарды тарту маңызды болса, аудиториядағы оқу үдерісінде де оқушылардың белсенді болуы — негізгі талап.

Сабақ үстінде оқушылар мен оқытушы арасында тығыз қарым-қатынас орнаса, мұндай оқытуды интерактивті деп атаймыз. Әдетте бұл қарым-қатынас белгілі бір мәселені талқылап, оның шешімін іздеу барысында айқын көрінеді. Мұнда оқушының дайын жауаптан гөрі шешімге ұмтылысы маңыздырақ, себебі интерактивті оқытудың басты мақсаты — оқушыларды өз бетінше ой қорытуға және тұжырым жасауға үйрету.

Оқу үдерісіндегі өзара әрекет түрлері

  • Оқытушымен (сұраққа жауап беру, пікір алмасу).

  • Шақырылған мамандармен немесе сыртқы ортамен (кездесу, бару, сұхбат).

  • Өзге оқушылармен (бірлескен тапсырмалар).

  • Шағын топтармен (3–5 оқушы).

  • Үлкен топпен (пікірталас, ортақ талқылау).

  • Қоғаммен (әлеуметтік сауалнама жүргізу, дерек жинау).

  • Техникалық құралдармен (мысалы, компьютер).

Топтың сандық құрамы өзара қарым-қатынастың сапасын автоматты түрде айқындамайды. Өзара әрекет әдісінің ерекшелігі — оқушы өзгелермен араласу барысында ашылып, белсендірек бола түседі.

Болашаққа бағдар

Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2030» Жолдауында жас мемлекеттің өсіп-өркендеуімен бірге балалар мен немерелердің ер жететіні, олардың білімді, дені сау, жауапты әрі жігерлі ұрпақ болатыны, қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеріп, елінің патриоты ретінде қалыптасатыны атап көрсетіледі. Бұл мақсаттарға жетудің құдіретті күші — білім.

Мемлекетіміздің болашағы — бүгінгі мектеп оқушылары. Оларға бірдей талап қоя отырып, табиғи қабілеті мен нақты мүмкіндіктерін анықтап, соған сүйеніп оқыту — бүгінгі күннің өзекті мәселесі.