Отбасылық тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықты төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдау
Қызылорда облысы • Қазалы ауданы • Қазалы ауылы
№100 орта мектебі
Ағылшын тілі пәні мұғалімі: Сисенбаева Гүлмира Әбдіғаниқызы
Тәрбие сағатының тақырыбы
Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ
Мақсаты
- Оқушыларға зорлық-зомбылық туралы нақты мағлұмат беру және оның адам жаны мен тәніне ауыр зардап әкелетінін түсіндіру.
- Зорлыққа қарсы елімізде құқықтық қорғаныс бар екенін, заңның әр азаматты қорғайтынын айту.
- Оқушыларды өз ортасында мейірімді болуға, бұзақылыққа бармауға, адами қасиеттерін сақтауға, әдепті әрі тәртіпті тұлға болып қалыптасуға тәрбиелеу.
Әдісі
Түсіндіру, пікір алмасу.
Сабақтың барысы
- Ұйымдастыру кезеңі
- Негізгі бөлім
- Кіріспе сөз және талқылау
- Қорытынды
Кіріспе: қауіпсіз балалық шақтың негізі
Қоғам үшін ең басты құндылық — тәуелсіздік, ал адам үшін — бас бостандығы мен алаңсыз өмір. Оның кепілі — заңдылық. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау — конституциялық талап.
Қазақстанда салауатты өмір салтын қалыптастыру, денсаулықты сақтау мен нығайту жолындағы маңызды міндеттердің бірі — бала құқығын қорғау және зорлық-зомбылықтың алдын алу.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық неліктен қауіпті?
Зорлық-зомбылықты жалпы түрде бір адамның екінші адамға физикалық не психологиялық қысым көрсетуі деп түсіндірсек, тұрмыстық зорлық-зомбылықта бұл әрекеттің бастау нүктесі анық көрінеді — ол отбасы. Мұнда зәбір көрсетуші мен жәбірленуші көбіне ең жақын адамдар: жұбайлар мен балалар болады.
Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі көптеген елдерде ертеден бар. Ол балалардың денелік және психологиялық саулығына, олардың жан-жақты дамуына ауыр салмақ түсіреді. Сондықтан әйелдер мен балаларға қатысты зорлықтың алдын алу үшін ақпараттық-түсіндіру және профилактикалық жұмыстардың маңызы ерекше.
Зорлық-зомбылықтың құқықтық түсінігі
Құқықтық тұрғыда зорлық-зомбылық — бір адамның екінші адамға оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұза отырып, тәндік немесе психикалық ықпал жасауы.
Тән азабын шектірген зорлық
Адам ағзасына тікелей әсер ету: ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру және басқа да әрекеттер. Мұның салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келуі мүмкін.
Психологиялық зорлық
Қорқыту, кемсіту, қорлау, қысым көрсету арқылы адамның психикасына зақым келтіру. Бұл әрекеттер де баланың дамуына тікелей теріс әсер етеді.
Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдістер қолданылған қылмыстар Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің тиісті баптарына сәйкес жауаптылыққа әкеледі.
Отбасы тәрбиесі: баланың айнасы
Қазақ халқының дана сөзі бар: «Әйел адамға рухы әлсіз ер адам ғана қол көтереді». Бұл — халықтың жазылмаған заңы іспетті. Алайда, өкінішке қарай, кейбір азаматтар бұл қағиданы елемей жатады.
«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, балаға отбасы тәрбиесінің әсері өте үлкен. Ата-ананың мінез-құлқы — баланың көз алдындағы ең басты үлгі. Тәрбиенің әлсіреуі, бақылаусыз орта, зиянды әдеттердің таралуы (ішімдік, темекі, есірткі) бұзақылық пен зорлыққа жол ашуы мүмкін.
Салауатты өмір сүрудің ең күрделі міндеттерінің бірі — жаман қылықтардан, соның ішінде зорлық-зомбылықтан аулақ болу. Ішімдікке тәуелді адам өзін-өзі бақылаудан айырылып, айналасына зиян келтіруі, отбасының берекесін қашыруы мүмкін. Мұндай жағдайлар баланың психологиясына ауыр соққы болып тиеді.
Бала өзіне қажетті рухани құндылықтардың көбін қоршаған ортадан алады. Сондықтан отбасы ішіндегі қарым-қатынастың мәдениеті, сыйластық және қауіпсіздік — баланың болашағына салынатын ең сенімді іргетас.
Қазақстандағы құқықтық шаралар және алдын алу
Отбасындағы тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған құқықтық нормалар кезең-кезеңімен жетілдірілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстары жоспарына сәйкес 2004 жылғы 13 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасымен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет етуге арналған заң жобасы әзірленді.
Негізгі мақсаттар
- Адамның мүддесін, бостандығын және заңды құқықтарын қорғауға кепілдік беруді күшейту.
- Отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықты төмендетуге бағытталған тиімді шаралар қабылдау.
- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың көп деңгейлі жүйесін қалыптастыру.
Мұндай заңдарды қабылдау отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімділігін арттырып, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Сонымен бірге алдын алу жұмыстары ретінде ақпараттық-насихат және түсіндіру іс-шараларын тұрақты жүргізу маңызды.
Әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылатын әрекеттер
- Денеге әсер ету, күш қолдану
- Кемсіту, қорлау
- Сөзбен тиісу, қоқан-лоқы жасау
- Үй тыныштығын бұзу
- Азаматтарды сыйламау
- Жеке өмірге қол сұғу
Қорытынды: жауапкершілік — ортақ міндет
Зорлық-зомбылықтың баланың мінез-құлқына әсер ету ерекшеліктері бар: ол қорқыныш, тұйықталу, агрессия, өзіне деген сенімнің төмендеуі сияқты салдарға әкелуі мүмкін. Ата-аналар мен өзге де заңды өкілдер ата-аналық құқықтарын жүзеге асырған кезде баланың дене және психикалық денсаулығына, оның имандылық дамуына зиян келтіруге құқылы емес.
Баланы тәрбиелеу тәсілдерінде оның адамдық қадір-қасиетін менсінбеу, дөрекі қарау, қорлау немесе қанау болмауға тиіс. Зорлық-зомбылықпен табысты күресу үшін ең алдымен қоғамның осы мәселеге деген көзқарасын өзгерту қажет.
Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу — тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті.