Әлімсақтан жетім көрсең жебей жүр деп келе жатқан қазекем бүгінде осы сөздің парқына жете алмай жатқанға ұқсайды
«Әлімсақтан жетім көрсең, жебей жүр» деп келген қазағымыз бүгінде осы сөздің парқына жете алмай жүргендей. Жетімдер саны көбейіп, балалар үйі артқан сайын, елдің хәліне қарасаң, жүрегің қан жылайды.
Осылайша керағар тәрбиеленген ұрпақтың қазіргі күйіне кімді кінәлаймыз? Қоғам кінәлі ме, әлде мәселе әке-шешеде ме?
«Атадан тағылым алмаған ұл жаман, анадан өнеге көрмеген қыз жаман» дейді дана халқымыз. Айналып келгенде, бәрі тәрбиеге, ата-ана өнегесіне келіп тіреледі.
Тәрбие әлсіресе — қоғам әлсірейді
Баяғының бойжеткені мен бозбаласы қандай еді? Ал қазір мүлде басқа. Әдемілік пен көркемдіктің, инабаттылық пен әдептіліктің, ар-ұяттың белгісі саналған қыздарымыздың бір бөлігі бүгін тән сұлулығына ғана ден қойып, жан сұлулығын естен шығарып бара жатқандай.
Әрине, барлық қыз баласына күйе жағудан аулақпын. Алайда «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сөз де бекер айтылмаған.
Жауапкершілік жоғалса — жетімдік көбейеді
Ал ер жігіттеріміздің кейбірі қазақ қызының, яғни өз қарындасының намысын таптап, жауапкершілік дегенді мүлде ұмыт қалдырады. Арын емес, бетіндегі әрлеуін ойлаған қыздың да, құмарлыққа беріліп, ой-санасы жеңілтектікке толған жігіттің де кесірінен талай қазақ сәбиі ана қамқорлығы мен әке ұлағатынан қол үзіп, жетім атанып жатыр.
Өкінішке қарай, жетімдер саны күн санап артып келеді. Бұл — қазақ қоғамына төнген үлкен қауіп, қатерлі дерт.
Бұл дерттің асқынып кетуінің алдын алу — ең алдымен Қазақстанның болашағы саналатын жастардың қолында.
Сандар сөйлейді: жағдайдың салмағы ауыр
-
Бүгінде республикамызда жүз елуден астам балалар үйі бар.
-
Жыл сайын қазағымның қара домалақ ұлдары мен қара көз қыздары шетелдік азаматтардың қамқорлығына өтуде.
-
ҚР Статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, 1999–2014 жылдар аралығында 8169 сәби шетелдіктер тарапынан асырап алынған.
-
Соңғы он жылда қазақстандық жетім балалар әлемнің отызға жуық еліне әкетілген.
Бұл жағдайымыз жараспайды. Ұлттың ертеңі — баланың бүгінгі қорғанында.
Үндеу: абыройлы атқа лайық болайық
Құрметті қазақ жастары! «Қазақ қызы» және «қазақ жігіті» деген абыройлы атқа сай болайық.
Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған, қартын қадірлеген қоғамымызды қайта жаңғыртайық.
Оңалбаев Дәрмен, Тараз қаласы, БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ лицейі