Отбасының басты қазығы, алтын тіреу діңгегі - бала

Қайырсапина Индира

9-сынып, №2 орта мектебі, Қапшағай қаласы

«Батыр қол бастар, көсем жол бастар.»

Отбасы — тұлға тәрбиесінің бастауы

Адамның жеке басы ең алдымен отбасында қалыптасады. Ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілердің орнығуы және өмірлік ұстанымдарының негізі — бәрі де туған үйдің тәлімінен бастау алады. Сондықтан туған шаңырақтың жылуы адамның жүрегінде ұзақ жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде қалады.

Ақын сөзімен айтқанда, «Отбасы — табиғат сыйлаған кереметтердің бірі» деу артық емес. Ар-ұят, ақыл-ой, адамгершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет, өзгелермен қарым-қатынас мәдениеті сияқты қасиеттердің алғашқы мектебі — отбасы.

Негізгі ой

  • Отбасы — сыйластық пен жарастық орнаған орта.
  • Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы.
  • Отбасының алтын тіреуі — бала; баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі шаңырақтың ықпалы зор.

Отбасының әрбір мүшесі өз міндетін орындаумен ғана шектелмей, бір-бірімен мейірім мен сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынас орната білсе, ондай шаңырақтың босағасы берік, керегесі кең болары сөзсіз. Ата-ана — бала тәрбиесінің қамқоршысы: олар баланы батылдыққа, табандылыққа, ерлікке және Отанды сүюге баули отырып, үлкен үміт артады.

Ел қорғаны — Қанжығалы Бөгенбай батыр

Отанын қорғаған батыр бабаларымыздың ішінде Бөгенбай батырдың орны айрықша. Бөгенбай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгенбай (1680–1775; кей деректерде 1776–1778) — қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде ерекше рөл атқарған батыр, қолбасшы.

Шыққан тегі мен өмірбаяны

  • Қаратау бөктеріндегі Бөген өзені бойында туған.
  • Арғынның Қанжығалы руынан, батырлар әулетінен шыққан.
  • Атасы Әлдеуіт — Есім хан әскерінің қолбасыларының бірі.
  • Әкесі Ақша батыр — Тәуке ханның 80 мың қолын басқарған сардар.

Ел аузындағы бағасы

XVIII ғасырдағы қазақ батырларының үлкені ретінде халық аңыздарында оны құрметпен «Қанжығалы қарт Бөгенбай» деп атаған. Қарабалта маңындағы қырғыздармен шайқаста оның 77 жаста болғаны жөнінде дерек айтылады.

Бұқар жырау оны «Қазақтың қамал-қорғаны» деп сипаттайды.

1708 жылы (кей деректерде 1709 жылы) Әз Тәукенің бұйрығымен 30 мың жасақты бастап, елдің берекесін кетіре бастаған казак-орыстарды Еділден әрі асыра қуғаны туралы мәліметтер сақталған. Осы ұрыста Бөгенбайдың ерлігі алғаш рет айқын көрінген.

Жорық жолы және шешуші шайқастар

1710 жыл — Қарақұм құрылтайы

Үш жүздің құрылтайында бүкілқазақтық жасақ құру және жоңғар шапқыншылығына тойтарыс беру жоспары талқыланды. Ел көшіп, жан сауғалауды ұсынған пікірлерге қарсы Бөгенбай батыл тоқтау айтып, берекені сақтауға үн қосты. Осы құрылтайда ол үш жүздің бас сардары болып сайланды.

1726–1727 жылдар — Бұланты және Нияз-Аюлы

1726 жылы Бұланты өзені бойында қалмақтарға күйрете соққы берді. 1727 жылы көктемде Қожаберген бастаған қазақ-татар жасағымен тізе қосып, Нияз, Аюлы тауларының етегіндегі шайқаста біріккен әскер жеңіске жетті.

Аңырақай шайқасы

Орта жүз қолын басқарған Бөгенбай батыр Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Керей Жәнібек батырлармен бірге ел тұтастығын сақтауда айрықша ерлік көрсетті.

1756–1758 жылдар — Талқы соғысы

Шығыс Түркістанға келген Қытай әскерімен болған әйгілі Талқы соғысында жауға қатты соққы беріп, оларды Үрімшіден асыра қуған.

Қызмет жолын кезеңдерге бөлу

  1. 1 1696–1697: жоңғар-қалмақтармен алғашқы шайқастар.
  2. 2 1710: Қарақұмда бүкіл қазақ жасағының қолбасшысы болуы.
  3. 3 1723–1729: жаппай ауыр кезең және сыртқы жауға тойтарысты ұйымдастыруы.
  4. 4 1731–1735: Орта жүз бен Ресей қатынастарын реттеуге қатысуы.
  5. 5 1750–1760: Алтай–Тарбағатай, Жетісу жорықтарын ұйымдастыруы.

XVIII ғасырдың 30–40 жылдары Бөгенбай батыр көрші елдермен келіссөздер жүргізуге де белсене араласты. 1761 жылы Абылай ханның ұлы Әділ жүргізген Қытай империясы мен Қазақ хандығы арасындағы келісімге қатысқаны айтылады.

Мұра, тағзым және тарихи жад

Бөгенбай батыр өмірден өткен соң, мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеу үшін денесін арулап, былғарыға орап, қыс бойы сөреге қойып сақтаған. 1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтірұлы бастаған ел ағалары батырдың сүйегін Түркістанға жеткізіп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерлеген.

Естелік орындар мен ескерткіштер

  • Ереймен өңірінде батырдың денесі сақталған жер «Бөгенбай сөресі» деп аталады.
  • 1991 жылы Астана–Павлодар және Ерейментау–Павлодар жолдарының торабында ескерткіш орнатылды.
  • 2007 жылы Астана қаласында Бөгенбай батыр мен Сарыарқа даңғылдарының қиылысында ескерткіш ашылды.

Батырдың ерлігін Қожаберген жырау «Елім-ай» тарихи дастанында жырлап, «Ер Бөгенбай» атты қисса шығарған. Бұқар, Үмбетей, Керей Жанкісі, Сегіз сері де Бөгенбай батырға дастандар арнаған. Сонымен қатар оның ұрпақтары — баласы Тұраналы, немересі Бапан би, Бапан бидің баласы Сәбден (Саққұлақ би) — өз заманының белгілі тұлғалары болған.

Түйін: батырлық — мінез, отаншылдық — өлшем

Менің тұжырымым бойынша, қазақ батырлары тәуелсіздік жолында сан ерлік көрсеткен. Бөгенбай батыр үшін ел мүддесі бәрінен қымбат болды: ол халқының тағдыры жау табанына тапталмасын деп жан аямай күресті. Сондықтан Бөгенбай батыр — ерліктің те, отаншылдықтың та биік үлгісі.

Нағыз батырға тән қасиеттер

Батылдық

Қиын сәтте шешім қабылдап, жауапкершілікті көтеру.

Отансүйгіштік

Туған жерге, елге, халыққа адал қызмет ету.

Достық пен бірлік

Ортақ мақсат үшін жұртты ұйыстыру, татулықты сақтау.

Батыр болып адам бірден тумайды — ол тәрбие арқылы қалыптасады. Сондықтан баланы кішкентайынан отаншылдыққа, үлкенді құрметтеуге, жауапкершілік пен еңбекке баулу маңызды. Халық даналығы да осыны меңзейді: «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі», «Ер барда — ел қор болмас».

Бүгінгі күннің батырлары

Қазіргі заманның батырлары — дәрігерлер, мұғалімдер, құтқарушылар. Дәрігерлер мен құтқарушылар күн сайын талай жанның өмірін сақтайды, мұғалімдер ұрпақты оқытып, тәрбиелейді. Сондай-ақ аталарымыз бен әжелеріміз — өз дәуірінің қаһармандары: олар соғыстың ауыртпалығын көтерді, еңбек етті, елді тастап кетпеді. Біз ашық аспан үшін соларға қарыздармыз.

Ал әр адамның жүрегіне ең жақын, ең қымбат батыр — ана. Ол өмір сыйлайды. Ең маңыздысы — тек өзің үшін ғана өмір сүру емес, туған жерің үшін пайдалы бола білу.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы