Қазақ күйлері
Құрметті мұғалім!
Бұл тапсырмалар жинағы білім беру мазмұнын жаңарту аясында мұғалімдерге көмекші құрал ретінде әзірленді. Жинақ — мұғалімдердің ұжымдық жұмысының нәтижесі.
Бағалау критерийлері мен дескрипторлары берілген тапсырмалар қалыптастырушы бағалауды ұйымдастыруға, сабақты жоспарлауға, ұқсас тапсырмаларды құрастыруға және іріктеуге, сондай-ақ оқу мақсатына жетуге бағытталған сындарлы кері байланыс ұсынуға арналған үлгі болып табылады.
Жинақтың ұсыныстық сипаты білім алушының қажеттілігі мен мүмкіндігін ескере отырып, тапсырмаларға толықтыру мен өзгеріс енгізуге, оларды бейімдеуге мүмкіндік береді.
Қосымша материалдарды (нұсқаулықтар, таныстырылымдар, жоспарлар және т.б.), форумдағы талқылауларды және бейне нұсқауларды Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ-ның smk.edu ресми сайтынан таба аласыз.
Жемісті жұмыс пен шығармашылық табыс тілейміз!
Жинақ негізгі мектеп мұғалімдеріне, әдіскерлерге, критериалды бағалау бойынша өңірлік және мектеп үйлестірушілеріне, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғаларға арналған.
Жинақты дайындау барысында ресурстар (суреттер, мәтіндер, бейне және аудио материалдар және т.б.) қолжетімді ресми интернет-сайттардан алынды. Жинақ коммерциялық емес мақсатта құрастырылған.
Мазмұны
1-тоқсан
4-бет
2-тоқсан
28-бет
3-тоқсан
49-бет
4-тоқсан
71-бет
1-тоқсан: қалыптастырушы бағалау тапсырмалары
Төмендегі бөлімдер 7-сыныпқа арналған оқу мақсаттары бойынша тапсырмалар үлгілерін, бағалау критерийлерін және дескрипторларды қамтиды.
Оқу мақсаты: 7.1.1.1
Мәтін үзінділерін тыңдай отырып, оқиғаның дамуы мен аяқталуын болжау.
Бағалау критерийі
- Мәтін үзінділерін пайдаланып, оқиғаны дамытады.
- Оқиғаның аяқталуын болжайды.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Нәтиже
Білім алушы тыңдалған үзіндіні негізге алып, өз нұсқасын құрастырады және түпнұсқамен салыстырады.
1-тапсырма
Мәтінді тыңдап, оқиғаны әрі қарай өз сөзіңізбен дамытыңыз.
«Жер-ана туралы мысал» (үзінді)
Ертеде Жер кіршіксіз таза болған. Ол пәктігін өзін сеніп тапсыратын өмірлік жан жарын күтумен болған келіндей сақтаған. Ол шексіз мейірімді әрі жайдары еді. Ол жануарлар әлемінің үйірлері, табындары мен отарларына пана болды, оларға азық берді, ал олар Жердің көркемдігі мен тазалығын сақтап, оған ұқыпты қарады.
Күндердің бір күнінде Тәңір адам пайда болды...
Бағыт
Өз нұсқаңызды құрастырғаннан кейін ұсынылған нұсқамен салыстырыңыз.
Ұсынылған нұсқа (үзінді)
Ол құдіретті, зор әрі сымбатты болды. Ол күлгенде онымен бірге күн де күлетін, ол қамыққанда онымен бірге ай да қайғыға бататын, ол ән айтқанда оған аспан мен жел қосылып ән шырқайтын, сондықтан Жер оған ғашық болды.
Ол да Жерге ғашық болды: оның ұлылығы мен кеңдігіне, мейірімділігі мен көркемдігіне, асқақтығы мен тазалығына сүйсінді. Уақыт өте келе олардың балалары дүниеге келді. Сәбилер өсіп, айбаттанып, өздері де ұрпақ сүйді...
2-тапсырма
Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін болжап, әңгімені аяқтаңыз.
Ұсынылған нұсқа (үзінді)
...Бірақ әрбір жаңа ұрпақ оларға өмір сыйлаған ұлы махаббаттан алыстай берді. Жер-ана олар үшін өмір сүрудің, байлықтың қайнарына айналды; олар оның кім екенін де ұмытты, ал Тәңір адам — бірі сеніп, бірі сенбейтін аңызға айналды.
Олар өз қажеттіліктері үшін жерді жыртып, тырмалап, егін егіп, жинап, артынан Жердің бастапқы тазалығын бұзатын көп мөлшерде қалдық тастады. Тамақ іздеп, Жердің мәпелеп өсірген жануарларын аяусыз жайратты.
Содан соң алтын және өзге де қазба байлықтарды іздеп, Жер-ананың денесін ойып, үлкен шұңқырлар қазып, шөл мен шөлейттер қалдырды. Мұнымен де тоқтамады: жарылыстар жасап, қуатты қаруларды сынады, оларды соғыста бір-біріне қарсы қолданды.
Ал Жер-ана осының бәріне шыдады. Ол адамдар бір күні есін жияды, өзінің оларға өмір сыйлағанын, ұлы махаббаттың перзенттері екенін еске түсіреді деп үміттенді.
Ақыры Жер-ана бойындағы қаһарын шығарды: алып толқынымен қорлық пен зәбірді шайып, адам болуды қойғандардың өшпенділігі мен ызасынан тазарды. Ал Тәңір адам адамдардан сырт айналып, жай Тәңір болды.
Егер адамзат Жерге қайырымды болып, шынайы сүйіспеншілігін көрсете алмаса және Тәңір адамға деген сенімін қайтара алмаса, Жер-ана мен Тәңір адамның махаббат дастаны осылай өкінішпен аяқталуы мүмкін.
Дескриптор
- Оқиға желісін болжайды.
- Әңгімені аяқтайды.
- Түпнұсқамен салыстырады.
Оқу мақсаты: 7.3.3.1
Мәтін құрылымын (кіріспе бөлім, жалпы мәлімет беру, детальді мәлімет беру) сақтай отырып, графиктік мәтін түрінде берілген процесті сипаттап жазу.
Бағалау критерийі
- Мәтін құрылымын сақтайды.
- Графиктік мәтінді сипаттап жазады.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Ескерту
Тапсырмалар сызба/шартты белгілермен берілетін материалды жүйелі мәтінге айналдыруға бағытталған.
1-тапсырма
Төменде берілген сызбамен танысыңыз. Сызбаға тақырып қойыңыз. Сызба бойынша нақты 3–4 мәліметті іріктеңіз.
Дескриптор
- Сызба бойынша ақпараттарды ажыратады.
- Тақырыбын анықтайды.
- Нақты 3–4 мәліметті іріктейді.
2-тапсырма
Сызбадағы ақпараттарды пайдаланып, Қазақстан өңірлеріндегі ауа райын сипаттайтын хабарлама мәтінін құрыңыз.
Талап: мәтін көлемі — 150 сөз. Құрылымы: кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды.
Кіріспе бөлім
Негізгі бөлім
Қорытынды бөлім
Дескриптор
- Сызбадағы ақпараттарды пайдаланады.
- Ауа райын сипаттайды.
- Хабарлама мәтінін құрады.
- Мәтіннің құрылымын сақтайды.
Оқу мақсаты: 7.2.1.1
Мәтіндік және графиктік (кесте, диаграмма, сурет, шартты белгілер) ақпаратты интерпретациялау.
Бағалау критерийі
- Мәтіндік және графиктік ақпаратты ажыратады.
- Ақпараттар бойынша өзіндік тұжырым жасайды.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Негізгі әрекет
Ақпаратты белгіге айналдыру, картаға орналастыру, диаграмма арқылы қорытынды көрсету.
1-тапсырма
Мәтінді оқыңыз. Қарамен белгіленген сөздер мен сөз тіркестерін шартты белгілерге айналдырып, картаға орналастырыңыз.
Сахарада қар жауған күн
Біздің алып планетамыздың климаты құбылмалы келетіні — көпшілікке белгілі. Климаттық өзгерістерді дәлелдейтін жүзден астам метеорологиялық құбылыс тіркелген. Соның бірі Сахарада орын алған.
Ыстық, құрғақ деген ұғымдармен қатар жүретін шөл далада 1979 жылдың 18 ақпанында қар жауған. «Сахарада қар?!» — мүмкін емес көрінгенімен, бұл таңғажайып құбылысты өз көзімен көргендер бар және олардың қатары аз емес.
Табиғи құбылыс соншалықты күшті болғаны — жарты сағат ішінде Алжирдегі автокөлік қозғалысын тежеп тастаған. Тағы бір қызығы: қардың алдында жоғары жылдамдықпен нөсер жаңбыр жауған.
Метеорологтар мен климатологтар қардың түсу себебін нақты түсіндіре алмай келеді. Әртүрлі пайымдаулар айтылғанымен, дәлелді тұжырым әлі ұсынылмаған. Бір нәрсе анық: Сахара климаты ғана емес, бүкіл планетаның климаты да Жер пайда болғаннан бері бірнеше рет өзгеріске түскен.
Осыдан 10 мың жылдан астам бұрын, яғни тас дәуірінде шөлдің орнында ылғалды климатқа ие дала болғаны ғылыми түрде дәлелденіп отыр. Ол заманда аймақта өзен ағып, жасыл шөптер өсіп тұрған және жануарлар мен адамдар тығыз қоныстанған. Мұны Сахараның жүрегіндегі жартастардан табылған суреттер де дәлелдейді.
Сондықтан Сахара климаты түбегейлі өзгеріп, тіпті Антарктидаға ұқсап кетсе де, таң қалудың қажеті жоқ.
Дескриптор
- Сөздерді шартты белгілерге айналдырады.
- Шартты белгілерді картаға орналастырады.
2-тапсырма
Сахара климатының өзгерісін өз тұжырымыңыз бойынша диаграмма түрінде көрсетіңіз (үлгіге сүйенуге болады).
Дескриптор
- Климаттық өзгерістер бойынша тұжырым жасайды.
- Тұжырымын диаграмма арқылы көрсетеді.
Оқу мақсаты: 7.4.1.1
Жалғаулар мен шылаулардың ерекшелігін ескере отырып, үндестік заңына сәйкес орфографиялық нормаға сай жазу.
Бағалау критерийі
- Қосымшаларды үндестік заңын ескере отырып жалғайды.
- Орфографиялық нормаға сай жазады.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Назар
Мәтіннен жалғаулар мен шылауларды табу, сондай-ақ үндестік заңына бағынбайтын сөздерді анықтау ұсынылады.
1-тапсырма
Мәтінді түсініп оқыңыз. Жалғаулар мен шылаулардың қолданылуын түсіндіріңіз.
Халық ауа райын қалай болжаған?
Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» кітабынан
Жылан мезгілінде ұйықтамаса — күз ұзақ әрі жылы болады.
Ордалы жылан, құрт-құмырсқа топ-тобымен басқа жаққа көше бастаса, көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса табиғаттың тосын апаты болады.
Ит ұлыса — жаманшылықтың немесе табиғат апатының белгісі.
Аяқ-қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
Көктемде күн көп күркіресе, егін мен шөп мол болады.
Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
Қой тісін қайраса — боран немесе дауыл болады.
Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
Қыста күн құлақтанып шықса — суық болады, құлақтанып батса — суық қайтады.
Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; егер шетінен ыдыраса, күн жылынады.
Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп, шығыстан соқса — ауа райы жақсарады; батыстан соқса — қатты бұзылады.
Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатынының анық белгісі.
Қызара батқан күн мен ашық сары болып батқан күн — желдің және жаңбырдың белгісі.
Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күтіңіз.
Ай қызыл түспен қораланып, шеңбер кеңейіп жоғалса, келесі күні күн ашық болады.
Екі шеңбер, немесе күңгірт бір шеңбер — қатты суықтың белгісі.
Ай бұлыңғыр болса — жаңбыр күтіледі, ал ай ашық болса — күн райы ашық болады.
Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса — күз ұзақ әрі жайлы болады.
Мысық босағаны немесе ағаш тіреуді тырналап мазаланса — ауа райы қатты бұзылады, жел тұрады немесе боран болады. Мұндайда үй иелері «боран шақырып тұр» деп мысықты ұрысып жатады. Бұл дұрыс емес: мысық боран шақырып тұрған жоқ, күн райының бұзылатынын білдіріп тұр.
Мысық керіліп ұйқыға берілсе, ұзақ уақыт бойы ауа райы қолайлы болады.
Тауық биікте қонақтаса — жаңбыр болады.
Қыста тауық ерте қонақтаса — күн суытады.
Тауық жерге аунап, қанатын қағып тазалана бастаса — жаңбыр жауады.
Жаңбыр сіркіреп тұрғанда тауықтар далада жем іздеп жүрсе, ақ жаңбыр болады, яғни жаңбыр ұзаққа созылады.
Әтеш қыстыгүні бір аяғын көтеріп тұрса — аяз болады.
Жаңбырлы күндері әтеш таң ата шақырса — күн ашылады.
Үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса — аяз болады.
Аязды күні қанатын желпінсе — аяз қайтады.
Қыста қаздар қаңқылдаса — жылы болады; аяқтарын бауырына тығып жатып алса — күн суытады немесе боран болады.
Үйрек пен қаз суға шомылып, қиқулап, қанаттарын қомдап мазасызданса — ауа райы бұзылады.
Қызылқаз былтырғы ұясын жөндемей жұмыртқаласа — жаз құрғақшылық болады.
Егер ескі ұяны жөндеп, биіктетсе — жаз жаңбырлы болады.
Құстар ертемен жем іздеуге асықса — күн жауын-шашынды болады.
Далада көкектің «көкек» деген дауысын жиі естісеңіз, алдағы күндер ашық болады.
Дескриптор
- Жалғаулар мен шылаулардың қолданылу тәртібін көрсетеді.
2-тапсырма
Мәтіндегі үндестік заңына бағынбайтын сөздерді теріп жазыңыз да, сол сөздермен сөйлем құраңыз. Сөйлемдерді орфографиялық нормаға сай жазыңыз.
Үлгі: топ-тобымен
Дескриптор
- Үндестік заңына бағынбайтын сөздерді табады.
- Сөйлемдер құрады.
- Орфографиялық норманы сақтайды.
Оқу мақсаты: 7.2.6.1
Оқылым стратегияларын қолдану: комментарий жасау, іріктеп оқу, зерттеп оқу.
Бағалау критерийі
- Мәтіндегі негізгі ақпараттарды іріктейді.
- Зерттеп, пікірін білдіреді.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Жоғары деңгей дағдылары
Фокус
Кестедегі мәліметті талдау және мәтін бойынша дәлелді пікір айту.
1-тапсырма
Кестедегі құстар мен жәндіктерді олардың іс-әрекетіне қарай сәйкестендіріңіз.
| № | Атауы | Таңдау |
|---|---|---|
| 1 | Көкек | A) даусы қарлыққанша қарқылдаса, көп ұзамай жаңбыр жауады. |
| 2 | Өрмекші | Ә) бүрісіп, қанат-жүндерін үрпитіп, дамылсыз шырылдаса, күн бұлттанып, жаңбыр жауады. |
| 3 | Бақа | Б) күн шыққанда немесе ақшамда 2–3 рет жылағандай дауыс шығарса, күн бұлыңғырланып, жаңбыр жауады. |
| 4 | Құмырсқа | В) ағаш басында бір ұшып, бір қонып тынымсыз шықылықтаса, күн бұлттанып, жауын-шашын болады. |
| 5 | Сақау кептер | Г) бақылдай берсе, қатты жаңбыр жауады. |
| 6 | Үкі | Ғ) сайраса, күн ашық, ауа температурасы жоғарырақ болады. |
| 7 | Бал арасы | Д) мойнын табиғи созып, ақырын сайраса, даусы салмақты шықса, күн ашық болады. |
| 8 | Торғай | Е) өзі тоқыған торының шетіне барып алса, жаңбыр жауады. |
| 9 | Сауысқан | Ж) сыбызғының дауысындай үн шығарса, күн ашылады. |
| 10 | Қарға | З) илеуінен биік жерге көшсе, жаңбыр жауады. |
| 11 | Сарғалдақ | И) алысқа кетпей, ұясына қайта-қайта кірсе немесе ұясына кіріп қонақтаса, ертеңінде жаңбыр жауады. |
Жауабы
1–Ғ, 2–Е, 3–Г, 4–З, 5–Д, 6–Б, 7–И, 8–Ә, 9–В, 10–А, 11–Ж
Дескриптор
- Кесте бойынша берілген ақпараттарды іріктейді.
- Сөздер мен сөйлемдерді бір-бірімен сәйкестендіреді.
2-тапсырма
Мәтінді мұқият оқып, төмендегі сұрақтар бойынша пікіріңізді білдіріңіз.
Құстар мен жәндіктер ауа райынан алдын ала мәлімет бере ала ма?
Метеорологтар атмосферадағы ауа райы өзгерістерін арнайы құрал-жабдықтармен бақылап, алдын ала мәлімет береді. Сонымен қатар табиғаттағы құстар мен жәндіктердің тіршілік әрекетін бақылау арқылы олардың атмосферадағы өзгерістерді алдын ала сезе алатын биологиялық қабілеті бар екені байқалған.
Көкек: сайрауы күннің ашық, ауа температурасының жоғарылауына ишара етеді.
Сарғалдақ: мысықтың мияулағанындай үн шығарса — күн бұлыңғыр; сыбызғыдай үн шығарса — күн ашық.
Үкі: жаз-күзде таңертең немесе ақшамда 2–3 рет жылағандай дауыс шығарып, тынымсыз қонса — жаңбыр белгісі.
Сақау кептер: дауысы булығып шықса — жаңбыр; ал жай, салмақты сайраса — күн ашық.
Қарға: жоғары дауыспен қарқылдаса — 1–2 күннен кейін нөсер; даусы қарлыққанша қарқылдаса — жақын арада жаңбыр.
Сауысқан: тынымсыз шықылықтаса — жауын-шашын; ал аулада жай шықылықтаса — күн ашық.
Торғай: бүрісіп, қауырсынын үрпитіп дамылсыз шырылдаса — жақында жаңбыр.
Бақа: жаңбыр алдында ылғал көбейгенде, тыныс алуы қиындап, жиі бақылдайды — қатты жаңбыр белгісі.
Құмырсқа: илеуден биікке көшсе — жауын белгісі (ылғалдан сақтанады).
Өрмекші: тор шетіне жиналса — жаңбыр; жаңа тор тоқи бастаса — күн ашық, ыстық.
Бал арасы: алысқа кетпей ұясына қайта-қайта кірсе — ертең жаңбыр; ал кеш қайтса — күн ашық болуы мүмкін.
Талқылау сұрақтары
- Ертеде ата-бабамыз ауа райын қалай болжаған?
- Қалай ойлайсыз, құстар ауа райын дәл болжай ала ма?
- Құстардың іс-әрекетіне қарап ауа райын болжау дұрыс деп есептейсіз бе? Неліктен?
- Тағы қандай құстардың немесе жәндіктердің іс-әрекетіне қарап ауа райын болжауды ұсынар едіңіз?
Дескриптор
- Сұрақтарға негізді жауап береді.
- Тақырып бойынша пікірін білдіреді.
Оқу мақсаты: 7.1.5.1
Проблемалық сұрақтарға тыңдалған мәтіннен деректер келтіре отырып, дәлелді жауап беру; өз жауабын өзгенің жауабымен салыстыру және талқылау.
Бағалау критерийі
- Проблемалық сұрақтарға мәтін деректерімен дәлелді жауап береді.
- Жауабын өзгелердің жауабымен салыстырып, талқылайды.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Жоғары деңгей дағдылары
Негізгі тақырып
Экологиялық проблемалар және олардың себеп-салдары.
1-тапсырма
Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Проблемалық сұрақтарға мәтіннен деректер келтіре отырып жауап беріңіз.
Еліміздің экологиялық проблемалары
Экологияның күрт нашарлауы адамдардың табиғатқа антропогендік әсер етуінен туындап отыр. Атмосферадағы көмірқышқыл газдарының концентрациясы артқан сайын климат өзгеріп, температураның жоғарылауына әкеледі.
Энергия көзі ретінде көмір, мұнай, табиғи газды пайдалану және машиналардың көбеюі бұл үдерісті жылдамдатады. Атмосфера температурасы артса, планетаның бір бөлігінде құрғақшылық күшейіп, басқа жерлерде жаңбыр шамадан тыс жауып, топан су қаупі артады.
Полюстердегі мәңгі мұздар еріп, аралдар мен жағалауларды мұхиттар мен теңіз сулары басуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы өнімділігі төмендеп, халық күнкөріс қамымен қоныс аударуға мәжбүр болады.
Табиғатты қорғау мәселесі бүкіл әлемдік проблемаға айналып келеді. Экологиялық проблема дегенде ең алдымен Арал, Балқаш, Каспий, Семей қасіреттері ойға оралады.
Адам мен табиғаттың қарым-қатынасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам — табиғи байлықтарды тұтынуды ақылға қонымды мөлшерде шектеу. Сондықтан табиғатты аялайық!
Проблемалық сұрақтар
- Экологияның нашарлауына не себеп?
- Климат өзгерісі қандай салдарға әкеледі?
- Құрғақшылық ненің салдарынан болады?
- Топан су қаупі болуы мүмкін бе?
- Табиғат байлықтарын қалай тұтынған дұрыс?
Дескриптор
- Сұрақтарға мәтіннен деректер келтіріп жауап береді.
2-тапсырма
Экологиялық проблемалар туралы жұбыңызбен диалог құрыңыз. Келісу немесе келіспеу себептеріңізді нақты дәлелмен айтыңыз.
Дескриптор
- Жұбымен диалогке қатысады.
- Өзгенің жауабын өз ойымен салыстырады.
- Пікірін білдіріп, талқыға түседі.
Оқу мақсаты: 7.1.3.1
Тыңдалған мәтіннің мазмұнын түсіну; ұсынылған ақпарат бойынша факті мен көзқарасты ажырата білу.
Бағалау критерийі
- Ақпарат бойынша факті мен көзқарасты ажыратады.
Ойлау дағдыларының деңгейі
Қолдану
Фокус
Мәтіндегі дерек (факт) пен пікірді (көзқарас) бөліп көрсету.
1-тапсырма
Мәтінді мұқият тыңдаңыз. Сурет бойынша қойылған сұрақтарға мәтін мазмұнына сүйене отырып жауап беріңіз.
Тоғызқұмалақ тарихы
Тоғызқұмалақ — әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Археолог-ғалымдардың пайымдауынша, ойынның пайда болу мерзімі шамамен 4000 жылды қамтиды.
Бабаларымыз жасөспірім ұрпақтың дене тәрбиесімен қатар ақыл-ойының дамуына да ерекше мән берген. Олар тоғызқұмалақты зерделілік пен зияткерлік дамудың құралы ретінде қолданған.
Тоғызқұмалақ республикалық деңгейде Қазақстанда, Қырғызстанда, Моңғолияда, Ресейде, сондай-ақ Алтай мен Қарашай-Шеркессия өңірлерінде ойналады. Қытайда және Еуропа елдерінде ойынды ақпараттық тұрғыда насихаттап жүрген жанашырлар бар.
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы Аляска университеті тоғызқұмалақ ойынын зерттеумен айналысады.
(Берілген мәтін үзіндісі түпнұсқада толық емес болғандықтан, бұл бөлім осымен аяқталады.)