Патриот - Отанның мерейін үстем ету жолында, өз халқына деген сүйіспеншілігі жолында қолда барын, өмірін аямайтын адам

Патриот деген кім?

Патриот — Отанның мерейін үстем ету жолында өз халқына деген сүйіспеншілігі үшін қолда барын аямайтын, қажет болса өмірін де құрбан етуге даяр адам. Мен өз елімнің патриотымын. Сондықтан ең әуелі «патриот деген кім, ол қандай адам?» деген сұраққа анықтама беру орынды.

Патриоттың сипаты

  • Ұлтын сүйеді, тарихын таниды, туған тілін құрметтейді.
  • Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан салт-дәстүрді дәріптейді.
  • Ұлттық қадір-қасиетті арттыруға үлес қосады.
  • Елі үшін адал еңбек етіп, рухани құндылықтарды бағалай біледі.

Патриоттық тәрбие қайдан басталады?

Патриоттық тәрбие ең алдымен әр адамның ата-анасын, туған-туысын қадірлеуден басталады. Баласына жақсы тәрбие беру — кім болса да (мұғалім, жұмысшы, дәрігер немесе басқа маман иесі) әр азаматтың ортақ міндеті. Отбасында татулық пен ауызбірлік орныққан жерде адамгершілік қасиеттер де бала бойына берік қонады.

Абай айтқан міндет

Абайдың ойына сүйенсек, бүгінгі жастарды қоғамнан қол үзбей, «дүниенің кетігін тауып, қалануға» — өз елін сүюге, елдің тұрмыс-тіршілігін, салт-санасын, әдет-ғұрпын білуге баулу маңызды. Нарықтық кезеңде бұл міндеттің салмағы тіпті арта түседі.

Тарихқа сүйенген тәрбие

Халқымыздың тарихына терең үңілсек, елі мен жері үшін аянбаған күміс көмей әнші, жаужүрек батыр, нар тұлғалы палуан сынды тұлғалардың өнегесі мол екенін көреміз. Осы құндылықтарды жас ұрпақтың зердесіне көркем тілмен, жүйелі дерекпен жеткізу — ата-ана мен ұстаздың шеберлігіне байланысты.

Жеке тәжірибе: оқушыдан ұйымдастырушыға

Мен оқушы кезімнен кішіпейілділік, қайырымдылық, мейірімділік, ізеттілік, инабаттылық, әр істі тиянақтылықпен орындау, жауапкершілікпен қарау, үлкенді сыйлау сияқты қасиеттерді бойыма сіңіруге тырыстым. Бүгінде мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, қосымша білім беруге бағытталған жұмыстармен айналысып жүрмін.

Сондай-ақ халық мұрасы саналатын ата-бабамыздан қалған өсиет пен нақыл сөздерді, ұлағатты тұлғалардың, би-шешендердің өнегелі өмірін жас ұрпаққа үлгі етіп таныстыруды мақсат етемін.

Өлкетану және тұлға тану: Төребай би туралы шара

Туған жеріміз — Сыр өңірі. Бұл өлкенің топырағынан небір абыз-жыраулар, белгілі тұлғалар, сөзі өткір би-шешендер шыққан. Алайда, өкінішке қарай, олардың бәрін балалар бірдей біле бермейді.

Мысал ретінде Қармақшы ауданындағы Төребай би атындағы ауылды айтуға болады. Ауыл атауын көпшілік білгенімен, Төребай бидің кім болғанын, елге қандай қызмет атқарғанын бәрі бірдей тани бермейді. Сыр өңіріне танымал қайраткер Төребай Пішанұлы соңғы жылдары елеусіз қалып бара жатқандай әсер қалдырады: биді көргендер мен сөзін тыңдағандардың қатары сиреп келеді.

Шараның әсері

Осыны ескере отырып, оқушылармен Төребай би туралы іс-шара өткізуді жөн көрдім. Балалар ұйымдастырылған кездесуге үлкен қызығушылықпен қатысты. Шара соңында пікір сұрағанымда, №26 мектептің 8-сынып оқушысы Ікрамова Ақшолпан:

«Бүгінгі шара маған ұнады. Көпшілік тани бермейтін Төребай би туралы маңызды іс-шара өтті. Ол кісі жөнінде көп мәлімет білдік. Келесі жолы да осындай, кеңінен таныла қоймаған тұлғалар туралы өткізсек», — деп ұсынысын айтты.

Оқушылар нені білді?

  • Төребай Пішанұлының шыққан ортасы мен өмірлік ұстанымы.
  • Жасынан намысқой, батыл, қайсар болып қалыптасуы.
  • Ел арасындағы дауларды шешудегі еңбегі.
  • Болыстық қызметінде халық тұрмысын жақсартуға қосқан үлесі.
  • Той-ас басқару, өнерге баулу, егін егу, ағаш отырғызу, отырықшылыққа үйрету, салт-дәстүрді дамыту бағытындағы еңбегі.

Алға қойған мақсат

Алдағы уақытта да осы бағытымнан таймай, бар күш-жігерімді салып жұмыс істей бермекпін. Мақсатым — болашақтың тұтқасын ұстайтын жас өрендердің бойына тәрбиенің құнды дәнін себу. Балалардың ізденімпаз, жаңалыққа құштар, қоғамдық іс-шараларға белсенді араласатын, шығармашыл тұлға болып қалыптасуына аз да болса ықпал ете алсам — бұл мен үшін үлкен жетістік.

Ол жетістік келешекте Отанымның дамуына қызмет етуі мүмкін. Өйткені туған жерін сүйген жүрек ешқашан бейжай қалмайды: ол туған өлкенің ауасын да, табиғатын да аялайды. Сол жүрек — менің өмірім, менің Отаным.

Әнұран айтылған сәт

Қазақстан Республикасының Әнұранын айтуға даярланған сәтте бойымда ерекше сезім оянады. Оны сөзбен толық жеткізу оңай емес. Ішім қуанышқа толып, көзіме еріксіз жас келеді. Сол сәтте іштей: «Мен неткен бақытты адаммын!» — деп толқимын. Себебі мен тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатырмын.

Қазақтың қайсар мінезі туралы ой

Белгілі орыс ақыны әрі жазушысы Илья Эренбург қазақ халқына мынадай сипаттама берген:

«Қазақтар иен далада жел жетпес жүйрік мініп дағдыланған. Бірақ қажет болса, олар еңбектей де біледі, жүгіре де біледі, биік тауларға өрмелеп те шығады, саз балшыққа малшынып та жата алады. Оларды ешкім де, ештеңе де тоқтата алмайды».

— Илья Эренбург

Бұл ойдан қазақтың қайсарлығы, батырлығы, батылдығы анық көрінеді. Ендеше осындай халықты мақтанышпен айтуға толық негіз бар.

Қорытынды: мен не үшін патриотпын?

Мен өз елімнің патриотымын, өйткені Отанымды, халқымның тарихын, ана тілімді, салт-дәстүрімді және Ата Заңымды құрметтеймін. Рухани құндылықтарды, мәдениетті, тіл мен дінді, дәстүрді жаңғырту жолында өз үлесімді қосуға тырысамын. Өнегелі, өнерлі, адамгершілік пен ар-ожданы биік, намысқой азамат тәрбиелеу ісінде де аянбай еңбек ету — парызым.

Бауыржан Момышұлының өсиеті

«Барлық халық пен ұлт ұлы әрі тамаша нәрселерді жасауға қабілетті. Әрбір азамат өз ұлтын сүюге тиіс. Өз ұлтына деген терең сүйіспеншілігі мен мақтаныш сезімі арқылы басқа ұлттарды танып, құрметтеп, оларды сүйе білуге тиіс».

— Бауыржан Момышұлы

Бұл сөздің өзегі — өз ұлтыңды ерекше сүйе отырып, өзге ұлттарды да тануға, құрметтеуге және сүйе білуге үйрену.