Майлықожа ақын
Смайыл батыр туралы дерек
Смайыл батыр Мұсабекұлы — қазіргі Оңтүстік Қазақстан өңірінің Сыр бойын мекендеген Қоңырат тайпасының Көктіңұлы бірлестігінде елге сөзі өтетін көсемдердің бірі болған. Ол Жандар руынан шыққан Мұсабек батыр Қалдарбекұлының сегіз ұлының ішінде айрықша ерлігімен, қайтпас қайсар мінезімен, бойындағы күш-қайратымен танылған тұлға ретінде айтылады.
Смайыл батырдың нақты туған және қайтыс болған күні мен жылы дәл анықталмаған. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, ол XIX ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, сол ғасырдың соңына таман өмірден өткен. Аңыз-әңгімелерде оның бір шайқаста алған ішкі жарақаты асқынып, 45 жасында қайтыс болғаны айтылады.
Қайда жерленгені туралы
- Бір деректе: Ордабасы ауданындағы Бөржар, Бадам өзені бойындағы Бірлік ауылында орналасқан Сымтас мазарында жерленген делінеді.
- Екінші деректе: Сырдария бойындағы Ақын Жақып әулие мазаратында жерленгені айтылады.
Смайыл батыр туралы жазба дерек өте аз сақталған. Ең көп кездесетіні — Майлықожа ақынның жыр-дастандарындағы үзінділер («Смайыл мен Ағман», «Смайылды жоқтау»). Қалған мәліметтер негізінен халық жадында ауыз әдебиеті түрінде жеткен.
14 жасындағы ерлік: барымтаның қайтарылуы
Әңгімелердің бірінде Мұсабек батыр қартайған шағында Шымыр Байзақ датқаның ұлы Ақмолда болыстың барымташылары Мұсабек батырдың жылқысын айдап кетеді. Сонда Мұсабек батыр ұлы Смайылды шақырып: «Балам, саған мал-дүние керек пе?» — деп сұрайды. Смайыл: «Керек» — деп жауап береді.
Мұсабек батыр: «Ендеше, бар — барымталанып кеткен жылқыны қайтарып әкел» — деп жұмсағанда, Смайылдың жасы небәрі 14-те екені айтылады.
Сол сапарда оның батылдығы ерекше көрінеді: қасына бір ғана жылқышыны ертіп, Ақмолданың ордасына барады. Жасауылдардың қарсылығына қарамастан, жалғыз өзі ішке кіріп, барымталанған дүние-мүлікті түгелдей қайтартып алған деседі. Айтыс үстінде айтылған ауыр сөздер ауыздан-ауызға тарағанымен, оларды келтіру жөн саналмайды.
Нәтиже
Ақмолда жеңіліп, Қоңыраттан барымталанған мал-мүліктің бірін де кемітпей қайтарып бергені айтылады.
Тақыркөлдегі шайқас: Смайыл мен Ағман
Бұл оқиға Ақмолданың бас батыры Ағманның намысына тиеді. Ол «Қоңыраттар қай басынған?» деп қол жинап, Қоңыраттарға қарсы аттанады. Екі жақ Сыр бойындағы Тақыркөл маңында кезігеді: бір тарапта — Смайыл батыр бастаған Қоңырат–Көктіңұлы жігіттері, екінші тарапта — Ағман батыр бастаған Дулат сарбаздары.
Шайқаста адам шығыны болғаны айтылады.
Ағман батырдың қолы жеңіліске ұшырайды.
Смайыл батыр ішінен жараланып, сол жарақат кейін асқынып, 45 жасында өмірден өтеді.
Бұл оқиғалар жайында Майлықожа ақын «Смайыл, Ағман» дастанында жырлайды.
Майлықожа жырларынан үзінді
Қаптаған қара борандай,
Смайылдың сарыны.
Өзі өлгенше ешкімнен
Басылмаған сарыны.
Бір топ құлан боз келді,
«Тақыркөлдің» сыртында,
Смайыл, Ағман кез келді.
Ерегіс майдан құрысты,
Батырлар қылды ұрысты.
Жаяу жеген батырлар,
Жатып бір қалып тұрысты.
Шайқастан кейінгі оқиға
Тақыркөлдегі шайқаста Ағман қолы жеңілген кезде Зияда батырдың аты оққа ұшып, өзі әрең құтылады. Әдинаш пен Зияда қапылыста жаяу қалып, екеуі бірлесіп көк дөненге мінгесіп, Шөгірлідегі қияда әзер қашып құтылғаны айтылады.
Датқа-еке, нелер күндер өтті басымнан,
Көзім бір арылмады қанды жастан.
Жарадар жалғыз інім болғаннан соң,
Он бірін қабат шаншыдым дем алмастан.
Шапқанда жан шыдамас сарынымнан,
Басылдым батыр алып арынымнан.
Баласын Көктіңұлын қоримын деп,
Сауыт сынып, оқ өтті қарынымнан.
«Смайылды жоқтау» дастанынан
Әуел сөзім — биссмилла,
Екінші сөзім — Мұхаммед.
Жылайды деп сөкпеңдер,
Жиылып келген әлеумет.
Смайыл өліп кеттің қырық бесіңде,
Досың күліп, дұшпаның тіпті есірді.
Смайыл ат жақты едің, кез ерінді,
Жаулассаң алдың жаудан өз кегіңді.
Қара жер тапжылмастай басып жатыр,
Нар кеуде омырауланған бедеріңді.
Ел жадындағы орны
Ел ішінде айтылатын деректерге қарағанда, Смайыл батыр көзі тірісінде Қоңыратқа ішкі жаулар да, өзге ру-тайпалар да оңайлықпен тиісуге батпаған. Ол — аз дерек сақталса да, халық жадында ерлігімен орныққан тұлға.
Смайыл батыр бабамыздың жатқан жері жәннаттан болсын. Әумин.