Қазақстан Республикасының Конституциясы күні 1995 жылғы
Мекен жайы: Павлодар облысы, Екібастұз қаласы
Мектеп: №26 мектеп-гимназиясы
Бастауыш сынып мұғалімі: Бейсембаева Бақтыгүл Қабдығалымқызы
Тәрбие сағаты: «Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш»
Мақсаты
Оқушыларды адамгершілікке және патриоттыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі
Жаңа білім беру сабағы.
Көрнекіліктер
- Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы, Әнұраны
- Астана қаласының суреттері
- XXX Олимпиада ойындарының жүлдегерлерінің суреттері
Негізгі міндеттер
- 1 Оқушыларды отансүйгіштікке, мемлекеттік рәміздерді қастерлеуге тәрбиелеу; олимпиада жүлдегерлерін құрметтеп, мақтан тұтуға баулу.
- 2 Қазақстан Республикасының бас қаласы – Астана және мемлекеттік рәміздер туралы мәлімет беру.
- 3 Астана, рәміздер және олимпиада тақырыптары арқылы патриоттық сезімді, танымдық қабілеттерді дамыту, спортқа қызығушылықты арттыру.
Сабақтың барысы
I. Ұйымдастыру кезеңі
1) Психологиялық дайындық (мұғалімнің құттықтау сөзі)
Құрметті оқушылар, ата-аналар, ұстаздар! Сіздерді Білім күнімен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін. Балаларымыз еліміздің білімді де тәрбиелі азаматы болып өссін. Оқушыларымның жан-жақты дамыған, үлгілі, білімді, болашаққа зор сеніммен қарайтын азамат болуына тілектеспін.
Тапсырма
Балалар, көздеріңді жұмып, бір-бірлеріңе жақсы тілектер айтыңдар.
1-қыркүйек — Білім күні. Адамға тіл мен құлақ қандай қажет болса, білім де сондай қажет. Білім — ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің соңына дейін сенімді серігің.
II. Негізгі бөлім
1) «Асыл ұям – мектебім»
Асыл ұя мектепке қандай сезіммен келдіңдер? Оқушылар өз ойлары мен пікірлерін ортаға салады.
Сұрақ-жауап
Отан деген не? Отан — адамның туып-өскен жері, туған-туыстарымен, жақындарымен бірге өмір сүретін атамекені. Қазақ елінде тұратын халықтың Отаны — Қазақстан Республикасы.
Тәуелсіздік алғаннан бері қандай өзгерістер болды? Оқушылар мысал келтіреді, пікір айтады.
Қазақстан Республикасының Конституциясы қашан қабылданды? 1995 жылғы 30 тамыз.
«Мемлекеттік рәміздер – ұлттық мақтаныш» дегенді қалай түсінесіңдер? Оқушылар өз ойларын білдіреді.
Егемендігіміздің айқын белгілерінің бірі — мемлекеттік рәміздер. Төле би бабамыздың «Қаншама ғасыр өмір сүрсе бұл қазақ, сонша ғасыр ұмтылды ғой елдікке» деген ойы бүгінгі тәуелсіздігімізбен сабақтас. Енді өз Әнұранымыз, Елтаңбамыз, Туымыз бар — халықтың еңсесі биік.
Ортақ сәт
Оқушылар орындарынан тұрып, Қазақстан Республикасының Әнұранын орындайды.
Конституция туралы қысқаша
Конституция республикалық референдумда қабылданып, нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Парламенті өзгерістер мен толықтырулар енгізе алады.
Конституция — еліміздің басты құжаты. Онда құқықтарымыз бен мүмкіндіктеріміз жүйелі түрде баяндалған. Конституцияны мұқият оқып-үйрену маңызды, себебі біз ондағы заң талаптарын күнделікті өмірде байқамай-ақ қолданып жүреміз.
Ойлануға сұрақ
Ата Заң не үшін керек? (Ойларыңды қағаз бетіне сурет арқылы көрсетіңдер.)
Конституцияның кейбір баптары
- 7-бап
- Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі.
- 9-бап
- Қазақстан Республикасының нышандары — Туы, Елтаңбасы, Әнұраны.
- 15-бап
- Әркімнің өмір сүруге құқығы бар.
- 24-бап
- Әркімнің еңбек етуге, кәсіп пен қызмет түрін еркін таңдауға құқығы бар.
- 29-бап
- Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
- 30-бап
- Тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Орта білім алу міндетті.
- 36-бап
- Қазақстан Республикасын қорғау — әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті.
Ойындар мен белсенді тапсырмалар
«Кім көп сөз шығарады?»
«Конституция» сөзінен мүмкіндігінше көп сөз құрастыру (мысалы: он, ту, сия, су, тон және т.б.).
«Кім жылдам?»
Отан туралы мақал-мәтелдерді жалғастыру: мұғалім бастайды, оқушылар толықтырады.
Мақал-мәтелдер (жалғастыр)
- Отан — елдің анасы, ел — ердің анасы.
- Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
- Отанды сүю — отбасынан басталады.
- Отан — оттан да ыстық.
- Пәлен жерде алтын бар, өз жеріңдей қайда бар.
- Отансыз адам — ормансыз бұлбұл.
- Отан үшін күрес — ерге тиген үлес.
- Ел іші — алтын бесік.
Мақал-мәтелді көп айтқан оқушы жеңімпаз атанады.
Талқылау
Осы жаз сендерге қандай әсер қалдырды?
XXX Олимпиада ойындары туралы не білесіңдер? Жүлдегерлері кімдер?
Спорттың қай түрі ұнайды? Неліктен? (Спортты таңғы жаттығудан бастауға болады.)
Шығармашылық жұмыс
Шет елден қонақ келсе, Қазақстанды сурет арқылы қалай таныстырар едіңдер? Оқушылар жеке, жұппен, топпен жұмыс жасап, бір спикер қорғайды.
Қорытынды
Қорытындылай келе, туған жерімізді, мемлекеттік рәміздерімізді және Отанымызды құрметтеуге, патриоттық сезімімізді нығайтуға әрдайым ұмтылайық. «Туған жер» ұғымы — киелі. Әр қазақстандық оны қадірлеуге және қастерлеуге міндетті.
«Ел ерімен мақтанар, жер кенімен мақтанар» дегендей, елімізді қорғар ер-азаматтар, тәрбиелі ұл-қыздар көбейе берсін.
Түйін сөз
Ата заңым, алтын заңым — ардағым,
Аялаған азаматтың арманын.
Жол бастайды болашаққа жасампаз,
Әрбір бабың, тарауларың, тармағың.