Бері кел, бері

1

Шынарды біздің ауылдың үлкен-кішісі түгелдей Қарақыз дейтін. Тек мен ғана Қарақыз демей, апа деп немесе Шынар деп атымен атайтынмын. Көрші едік. Менен он жас үлкен. Мені ол туған бауырындай көретін, мен де оған үйір едім.

Шешем: «Ізіне ерген не інісі, не сіңлісі жоқ, сонсын сені бауырындай көреді ғой, қайтсін» — деп отыратын.

Әкесі соғыста хабарсыз кеткен, бір үйде шешесі екеуі ғана. Соғыс кезінде мектепті тастап, майдандағы ер-азаматтардың орнын басып, колхоз жұмысына араласып кеткен. Оқи алмай қалғанына өкінетін: «Жетіншіден әрі оқи алмадым, ауылдан ұзай алмадым… ой, жағдай қиын болды ғой. Елдің қарны тойғаны — осы ғана» — деп күрсінетін.

Менің кітаптарымды бірге оқып, «Жақсы оқы. Жақсы оқысаң адам боласың» деп ақылын айтып қоятын. Дастан, қисса атаулыға құмар-ақ. Ауылдағы Ахмет деген жыраудан жазып алған бес-алты дәптердей қиссаларым бар еді. Көбіне маған соны оқытатын: «Даусың әдемі, нақышына келтіріп оқисың» деп мақтап, ұзақ тыңдайды.

Шынар бүйрек бет, бітік көздеу қарақыз еді. Осы қараторы өңіне қарап жұрт Қарақыз атап кеткен-ау деймін. Он үштердегі кезім, көп нәрсені біле бермеймін. Жиырма төрттегі Шынарды ауылдың әйел-еркегі «отырып қалды» дейтін: «Көк етікті табылмайды, көн етіктіге бармайды. Енді сөйтіп жүріп кәріқыз атанады» — деп өсектейтін.

Шынарды аяйтын менің шешем ғана. «Қайтсін, құрбыларының көбі соғыстан оралмады. Шал-шауқанға қалай барсын. Майданнан бірен-сараң аман келген жігіт кімге жетсін» — деп қорғаштайтын. Мен де аяймын. Шынарды «кәрі қыз» деп мазақтағандармен төбелесуге бармын.

Қорлық сөз

Бірде біреу оның есігіне қағаз қыстырып кетіпті. Өлең екен:

Ауылымның қонған жері Қосмолады, Жиылып Қосмолаға қос қонады. Түйенің арықтаған өркешіндей, Емшегі кәрі қыздың бос болады.

Шынар мұңайып маған көрсетті. Жазуды таныдым: бізбен бірге оқитын Айтбай деген бұзақының жазуы. Қағазды қолыма ұстай барып, «Мынаны сен жаздың ба?» десем, танауын көтеріп: «Иә, мен» дейді. Содан екеуміз жатып кеп төбелестік. Мұрным даладай қан болды. Бірақ өзі үшін төбелесіп, таяқ жегенімді Шынарға айтқан жоқпын.

Шынар апам тезірек күйеуге шықса екен деп тілеп жүрем. Кейде қиялыммен, кейде түсімде ұзатып жатам. Күйеуге тиіп жатқан қыздарды көріп жүріп, «Солардан Шынардың несі кем?!» деп ойлаймын.

Әдемі, тәуір жігіт көрсем, іштей Шынарға теліп, өз-өзімнен қуанып кетем. Бірақ олар ажарсыз деп жоламайтын да шығар. Көп жігіт алдымен түрге қарайды екен. «Ажар дегенге ас құйып іше ме, мінезін айт» дейтін шешем. Шіркін, Шынардың мінезі-ай… Біреудің маңдайы жарқырап тұр ғой дерсің.

Мінезі жібектей болғанмен, Шынар кейде қалтарыста ұмыт қалған заттай елеусіз қала береді.

Шілдеханаға бару

Бір күні мен Шынарға еріп шілдеханаға бардым. Торсықбай деген бригадирдің әйелі ұл туып, сол шілдехана жасаған. Күзді күні, күріш орағының кезі. Қызыл іңір шақ.

Шынар келді. Біраздан бері көріспегенбіз, сағынып қалыпты: «Қалай, оқуың жақсы ма?» — деп маңдайымнан сипап, бетімнен сүйді. Алақаны жарылып кетіпті, шытынаған жарық іздері маңдайыма түрпідей тиді.

— Апатай, алақаныңыз жарылып кетіпті ғой.
— Мұздай шық қояды, ертеңгісін баудың суы боп жатады.

Ол жарық май сұрады. Тездетіп шам жағып, шешемнің сандықшасын астаң-кестең аударып-төңкеріп, жарық майын тауып бердім.

Соғыстан кейін ауылда той-томалақ жиі болатын. Сылтау табылса — ойын-той: майданнан аман келгенге той, үйленгенге той, балалы болғандар шілдехана жасайды. Шақырған-шақырмағаны сөз емес, қылқиып жетіп барамыз.

Төбеде баданадай жұлдызы жарқыраған қою қараңғы түн. Торсықбайдың екі бөлмелі тамы алдындағы ошақта лапылдап жанған от. От жарығында қалбаңдаған көлеңкелер, қаңғыр-қаңғыр дауыстар, сыңқ-сыңқ күлкі. Үй сыртында сойылған малдың қан-жынына таласып ырылдасқан иттер. Осы арада менің де Құржолым бар-ау деп қойдым үй жанына келгенде.

Шынар сәнденіп, бар тәуірін киінген: тобығына түскен ұзын қос етек ақ көйлек, көк қамзол, қою қолаң қара шашын жуан арқандай өріп арқасына құлатқан. Сарғыш шұлық, жалпақ табан ескілеу қара туфли. Мен тыраштанбадым — мектепке киіп жүрген киімім үстімде.

Үй лықа толы адам. Оң жақтан Ахмет жыраудың қоңыр даусы естіледі — Кете Жүсіптің термесін төгіп отыр. Сол жақ бөлмеге кірдік. Ортада дастарқан: қырман ғып төккен бауырсақ, кеспе-кеспе қазанжаппа, қауыншек пен құрт, шақпақ қант. Біреулер шай ішіп отыр, біреулер арақ-шарап ішіп отыр.

Дастарқанның есік жақ қапталындағылар ығысып, бізге орын берді. Мен шөпжелке қыздардан жоғары, кеудеге таман шығып кеткеніме масаттанып қалдым.

Бейтаныс қонақ

Төрде бұрын көрмеген бейтаныс, жұқалтау ақсары жігіт отыр. Қою сарғыш шашын артқа қарай жатқыза тараған, қушық беттеу, қыр мұрын. Кішкентай жылан көздері жылт-жылт етіп күлімдейді. Киімі де әдемі: ақ көйлек, бауырсақ жағасына шоқпардай қызыл галстук, қара костюмін ысыған соң желең жамылып алыпты.

Ол көзін бізден біразға дейін аудармады. Маған қарап отыр ма деп қысылып барам. Әлде Шынарға қадалып отыр ма? Шынар төмен қарап үндемейді, бетіне жарықты аямай-ақ жаққан — жүзі сәуле түскен шыныдай жарқырап тұр.

Шынарға шай құйылды, маған кесе жетпеді — бауырсақ жеп отырдым. Жігіттер ду-ду: «Алып жібер!», «Баланың бауы берік болсын де!», «Шілдеханада ішпегенде қайда ішесің?» — деп дабырласып қалады.

Белуарынан шарап құйған қырлы стакан Шынардың алдына да келді. Жұрт жабыла қолқалады. Төрдегі бейтаныс жігіт те: «Алып жібер, қарындас! Жүзімнің суы ғой, ештеңе етпейді» — деп қылқылдап отырып алды.

Шынар әзер дегенде теріс қарап отырып бір-ақ жұтты. Сонда әлгі қонақ: «Рахмет, қарындас. Міне, бұл — мәдениеттілік» — деп мәз болды.

Сақина ойыны

Дастарқан жиналған соң ойын басталды. Ботпан мен әлгі бейтаныс жігіт тысқа шығып келді. Ботпан қызған, жайын аузы жиылмайды. Мені қасына шақырып, қолыма сүлгі есіп ұстатты: «Сақина ойнаймыз. Сен бала қарап отырма, міне — дүре. Мен сақина жасырам. Сен менің орныма іздейсің».

Ботпан — алаяқ. Сақинаның өзін іздеуге ерініп, мені жұмсағаны. Мейлі. Қайта мен оған қуандым: ойынға араласа алмай шошиып отырғаннан бұл жақсы.

Алақандарды ұрып, терлеп-тепшіп жүрмін. Кейбіреулер «қатты соқ» деп желіктіріп қояды. Қонақ жігіт өзіне барса, тек Шынарды нұсқайды. Шынар көзінің астымен бір қарап жымиып, басқа біреуге аударады. Ақыры сақина Шынардан шықты — қонақ білгендей қадалды.

Ән

Сақинаны алған қонақ: «Мен сақина жасырмай тұрып, әуелі бір ән салып берейін» — деді. Жіңішке, ащылау дауыспен Сыр бойында көп айтылатын әнді шырқап кетті — «Шынар-ай». Ән айтқан сайын Шынарға көзі жылт-жылт қарап қояды.

Ахау, айдай Шынар-ай, Әркім бір сізге құмар-ай, Қайтсем бір көңілім тынар-ай.

Шынар ән өзінe арналғандай қысылып, көйлегінің етегін шұқылай береді. Қонақ неге қайта-қайта көз тастайды? Мен ойыннан қайтқанша екеуінің қас-қабағын аңдумен болдым.

Түн ортасы ауғанда қайттық. Шынар екеуміз есік алдына шыққанда қонақ жігіт ере келді. Шынар қоштасқан да жоқ: қолымнан ұстап алып, мені дедектетіп сүйрей жөнелді. Артымыздан: «Шынар! Шынар! Неге қаштың?» — деп айқайлап қалды қонақ жігіт.

— Неге қаштың? — дедім мен.
— Қорықтым, — деді Шынар.

Қорыққаны несі? Әп-әйдік болып та қорқа ма екен? Жігіттерден қорқып күйеуге шықпай жүрген жоқ па екен, осы Шынар, деп ойладым. Ол менің ойымды сезгендей жымиып, мойныма құшақ салып, қысып қойды.

2

Қонақ жігіт көз алдымнан шықпай қойды. Күлгені әдемі: ішіне тартып тұрғандай жылы. Осы әп-әдемі жігіттен Шынар неге қашты?! Ал егер ол Шынарға «үйленем» десе ше? Ой, онда тамаша болар еді-ау. Сонда ешкім де Шынарды кәріқыз демес еді.

Мектептен үйге қайтып келе жатып та осыны ойлай бердім. Қонақ жігіт қайда екен? Ауданға кетіп қалған шығар. Сауда орнының қызметкері деді ғой.

Ботпанның дүкені мектептен қайтатын жолда, Балажарманың терістік бетінде. Баланың бәрі қайтарда дүкенге бір кірмей кетпейді: ештеңе алмасақ та жылтырағанға бір қарап, бір нәрсені түртіп, қотыр тайлақтай сүйкеніп шықпасақ көңіліміз көншімейді.

Бір топ бала дүкенге кірдік. Түс екен. Екі-үш әйел сауда жасап жатыр. Ботпан бізге жақтырмай алара қарап қойды да, өлшеп тұрған тауарын дар еткізіп ашулана жыртты. Жанында түндегі қонақ жігіт сөреге асылып, әлдене жазып тұр.

Біздің шуымызды естіп, ол басын көтерді де, мені көріп күлімдеп сала берді: «Әй, Сабыр, бері кел» — деп шақырды.

Алдына бардым. Қол берді: «Амандаспаймыз ба? Бірге жатқан жоқпыз ғой». Өзі кішіпейіл: қолдасып, сәлемдесіп жатыр.

Ол мені дүкенге жалғас қоймаға ертіп кірді. «Тұра тұр» деп арқамнан қағып, лыпылдап шығып кетті. Қолында бір уыс конфетпен қайта келді: «Мә, сөмкеңе салып ал».

Ол Шынарды сұрады.
— Ораққа кетті, — дедім.
— Кешке келе ме?
— Жоқ. Қос басында түнейді.

Сосын ол даусын бәсеңдетіп: «Сабыр, бір нәрсе айтсам орындайсың ба? Құпияны сақтай аласың ба?» — деді. Қалтасынан конверт шығарып берді: «Мына хатты Шынар апаңа бер. Еш жанға көрсетпе. Жарай ма?»

Хатты кітап арасына тығып қойдым. Шынар апама хат апарып беру маған қызық көрінді. «Қарақыз қуанар ма екен?» деп ойладым.

Ол тағы: «Мен бүгін кетем. Бір жетіде қайтып келем. Сен осында дүкенге соғып тұр» — деді.

Тысқа шықтым. Сөмкемді ашып, конфеттің біреуін аузыма салып сорып келе жаттым… «Қонақ жігіт қу болмасын. Мені хат апару үшін конфетпен алдаған шығар-ау?» деген ой келді. Ыза қысып, конфеттерді шашып тастағым келді. Бірақ тәттіні қимадым.

3

Қоңыр қаладан ораламын деген күні Шынар да орақтан ауылға қайтып келді. Қоңырдың келетін күнін мен де санап жүргенмін.

Кешкілік. Үйдің ортасындағы ондық шамның түбінде етпеттеп кітап оқып жатқанмын. Шешем ошақ басында қазан қырып отыр. Шақыр-шұқыр дыбыс құлағымды тесіп, төбе құйқамды шымырлатады. Шынардың келгені тәуір болды — мазасыз үннен құтылдым.

Шешем екеуі біраз әңгімелесті:
— Орақтың бітетін күні бар ма?
— Әзір бітетін емес. Күріш көтере алмай жатып қалған, оруы қиын боп жатыр.
— Біздің үйдегі ағаңды көрдің бе?
— Көрдім. Күні-түні қырман басында.

Сол күні-ақ Қоңырдың хатын апарып бергенмін. Көкемді сылтау қып қос басына бардым. Орақ орып жүрген болып, оңашада Шынардың қолына хатты ұстата салдым: «Кеше тойдағы жігіт берді» — дедім.

Шынар шошыған жоқ. «Ешкім көріп тұрған жоқ па?» дегендей айналаға алақтап бір қарады да, хатты жан қалтасына сүңгітті. Күн мен желге тотыққан қарасұр жүзі кешкі шапақта тот басқан темірдей күреңіте құбылды.

Хаттың сөзі

Хатты Шынарға бермес бұрын мен ашып оқып қойғанмын. Өліп-өшіп жазған екен:

«…Мен сізді көзіңізге көзім түскен сәтте-ақ ұнатып қалдым. Өмір сапарына серік іздеген арманды жан едім. Сол арманым сіз екенсіз, сол іздеген серігім сіз екенсіз. Өмір деген қиын әрі ұзақ сапарда бір-бірімізге серік болайық, арманым. Мен сізге ғашықпын…»

Одан соң қалаға кететінін жазып, сентябрьдің жиырма бесіне оралатынын айтыпты. Оралғанша ойланып жүрсін деп хат жолдаған.

Қоңырды Шынар да ұнатқан сияқты. Ұнатпаса, әдейі ауылға сұранып келер ме еді?

Ертеңіне дүкенге тағы соқтым. Қоңыр келген екен. Мені көріп туған інісі әскерден келгендей қуанды: «Сабыр, Сабыржан, бері кел» — деп қоймаға ертіп кірді.

— Шынар орақтан келді ме?
— Келді.
— Үйінде ме?
— Жоқ, қора жөндеуге кетті.
— Кешке келе ме?
— Келеді.
— Шешесі үйінде ме?
— Үйінде.

Ол ойланып қалды. «Шешесін неге сұрайды?» дедім ішімнен. Шынардың шешесінің ашуы қатты: естіп қойса, бәрін бүлдіреді.

— Шешесіне айтпаңыз.
— Нені?.. Ә… Жоқ, шешесіне айтып, жын ұрып па мені… Мен басқа нәрсені ойлап отырмын.

Ол бір бума қағазға оралған зат әкеліп, маған ұстатты: «Мынаны еш жанға көрсетпей Шынарға бер. Базарлығым деп айт. Жарай ма?» Сосын: «Шешесі бір жаққа кетсе, маған айт. Мен ауылда оншақты күн боламын» — деді.

Тағы да конфет берді: көкала қағазға оралған шоколад конфет, бір уыстай. Алмаймын деп қарсылассам да, зорлап қалтама тығып жіберді.

Жолда «базарлығы не екен?» деп дегбірім қашты. Ашып көрейін десем, біреу байқап қалардай қорқам. Ақыры шыдамадым: жаңадан салынып жатқан бір тамның ішіне кіріп, ораманы аштым.

  • бір шыны иіссу (үшбұрышты шыны, сыртында гүл қыстырған қыздың суреті, «Қармен» деген жазуы бар),
  • ірі тіс тарақ,
  • бір қалбыр жарық май,
  • алақандай дөңгелек айна.

Айнаға қарасам, өңім құп-қу, көзім бақырайып тұр… «Мына жігіт мырза екен» деп ойладым. Сол сәтте біреудің: «Әй, біреудің жаңа салған тамын бүлдіргелі жүрсің бе?» — деген даусын естіп, терезе орнынан атып шығып, қаша жөнелдім.

Шынар жұмыста. Тезірек базарлығын тапсырсам деймін. Шешем көріп қалса — құрыдым. Күн батып, шам жағылғанша үйден бір аттам шықпадым. Шешем: «Бүгін саған бір тыным болыпты ғой, неғып үйкүшік боп отырсың?» — деді. «Үйге тапсырманы көп берді» деп сылтау айттым.

Ымырт түсе сөмкемді көтеріп, Шынардың үйіне бардым. Шынар да, шешесі — етженді қара әйел — үйде екен. Мен барған соң шешесі: «Екеуің кітап оқып отырыңдар. Мен Аққатынға барып, біраз шер тарқатып қайтайын» — деп шығып кетті.

Аққатын — менің шешем. Сұрағанға — тілеген. Жақсы болды. Менің келгеніме қуанып елеңдеп отырған Шынардың алдына базарлықты жайып тастадым: «Апатай, сізге базарлық әкелдім».

— Немене, қалаға барып па едің?
— Жоқ, Қоңыр ағам беріп жіберді.

Шынар жаюлы жатқан базарлықты көріп, көзі күліп, қызарып кетті. Қолын созып, тартып алды да маған қарады.

— Алыңыз, бәрі сіздікі.
Шынар орнынан ұшып тұрып, мені құшақтап, бетімнен, маңдайымнан сүйді: «Айналайын, Сабыртай» — деп уана күбірлеп, қайта-қайта сүйді.

(Үзінді осы жерде аяқталады.)