Алтын қақпаның сұрағы
Ақтөбе қаласы • Ақтөбе политехникалық колледжі
Баяндамашы: Кобдабаева Ботакөз Жәдігерқызы
Тақырып: «Алтын қақпа» ойыны технологиясы
«Ойынсыз ақыл-ойдың қалыпты дамуы да жоқ және болуы да мүмкін емес. Ойын — білімге құмарлық пен ілгері ұмтылыстың маздап жанар оты».
В. А. Сухомлинский
Мақсаты, міндеттері және өзектілігі
Мақсаты
Ойын технологиясы арқылы білім алушының бойында қазақстандық патриотизм мен мәдениеттілікті қалыптастыруға жағдай жасау, сөйлеу тілін дамыту және сөйлеу дағдыларын орнықтыру.
Міндеттері
- Ойын технологиясының мазмұнымен таныстыру.
- Ойын технологиясының құрылымын айқындау.
- «Алтын қақпа» ойын технологиясының тиімділігін көрсететін сабақ үлгісін құрастыру.
Мәселенің өзектілігі
- Оқушының мемлекеттік тілге қызығушылығын арттыру.
- Өз бетінше ізденуге бағыттау.
- Тапсырмаларды дәстүрден тыс, жаңа тәсілмен орындату.
Болжам
- Оқушылардың қызығушылығы мен білімге ұмтылысы күшейіп, тұлғалық дамуы байқалады.
- Білім сапасы артып, оқушының білімге құштарлығы айқындалады.
- Іздену мен талпыну арқылы мақсатқа жететініне сенімділігі артады.
- Базалық білімді түрлі жағдаятта жан-жақты қолдану мүмкіндігі кеңейеді.
- Ойын барысында шешім қабылдау жауапкершілікті арттырады.
Кіріспе: жаңа технология және білім беру парадигмасы
Көпнұсқалық қағида
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында оқыту формаларын, әдістерін және технологияларын таңдауда көпнұсқалық қағида атап көрсетілген. Бұл мұғалімге өзіне тиімді үлгіні қолдануға және педагогикалық үдерісті әртүрлі тәсілмен құрастыруға мүмкіндік береді.
Тұлғалық-әрекеттік тұрғы
Қазіргі оқу-тәрбие үдерісінің өзегі — баланың тұлғалық дамуына бағытталған жаңа технологияларды тиімді пайдалану. Әрекет — саналы мақсатқа тәуелді үдеріс болғандықтан, мақсатқа жетудің басты шарты — мұғалім мен оқушының бірлескен іс-әрекеті, субъект-субъектілік және диалогтық қарым-қатынас.
Заман талабы
ХХІ ғасырда білімді дамыта алмаған елдің тығырыққа тірелері анық. Сондықтан білім беру жүйесі тек білім, іскерлік, дағдыны ғана емес, сонымен бірге коммуникациялық, ақпараттық, әлеуметтік және азаматтық құзыреттіліктерді де қалыптастыруы тиіс. Бұл міндет мұғалімнің ізденісін, жаңашыл әдіс-тәсілдерді саналы іріктеуін талап етеді.
Ойын технологиясы: ғылыми негіз және педагогикалық мән
Ойынның табиғаты
Еңбек, ойын және оқу — адам тіршілігінің негізгі үш тірегі. Ойын — баланың қоршаған ортаны танудағы белсенділігі мен шығармашылығын дамытатын табиғи құбылыс.
Педагогтар пікірі
В. А. Сухомлинский, Н. К. Крупская, К. Д. Ушинский ойынның ой-өрісті дамытудағы маңызын ерекше атап өткен. А. С. Макаренко ойын үстінде танымдық түсініктер мен қасиеттер дамып, белсенділік артатынын көрсеткен.
Оқу ойыны және дидактикалық ойын
С. Ф. Занько, Ю. С. Тюнникова және С. М. Тюнниковалардың тұжырымынша, оқу ойыны формасы бойынша — ойын, мазмұны бойынша — оқу; ал дидактикалық ойын оқу үдерісінің қалыптасқан түрлерін толықтырады. Ойынға қатысқан оқушы аз шаршап, жағымды эмоция алады.
Қазақ тілін оқытуда ойындардың тиімді қолданылу бағыттары
- Әліпбиді дұрыс меңгерту.
- Орфографияны сауатты оқыту.
- Дұрыс оқу дағдысын қалыптастыру.
- Грамматикалық құрылымды меңгерту.
- Ойлауды дамыту, дұрыс жазу және дұрыс айту дағдысын жетілдіру.
Негізгі бөлім: сабақтағы ойынның орны
Тәрбие мен тіл дамуының қуатты құралы
Әр халық ұрпағының қайырымды, адал, әділ, ержүрек, үлкенді құрметтейтін, кішіге қамқор болып өскенін қалайды. Тәрбие — бала дүниеге келген сәттен басталатын үдеріс. Мектеп тәжірибесінде тәрбиенің жиі қолданылатын құралдарының бірі — ойын: ол оқу үдерісін жандандырып, сабақ сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Ойын оқушының сөздік қорын байытып, сөзді өз мағынасында еркін қолдануға, жылдам әрі дұрыс сөйлеуге жаттықтырады.
Мұғалім ескеретін шарттар
- Әр ойынның тәрбиелік, білімдік және дамытушылық нәтижесін алдын ала белгілеу.
- Ойын өтетін орын мен жабдықтардың эстетикалық талапқа сай болуы, алдын ала дайындалуы.
- Оқушылардың жас және психологиялық ерекшелігіне, білім деңгейіне, сөздік қорына сәйкестігі.
- Қозғалыс пен техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету.
- Оқушы ынтасын оятып, пәнге қызығушылықты арттыруға бағыттау.
Ойын технологиясын құру негіздері
- Оқу мен ойынды байланыстырып, жеңіл ойындардан оқу тапсырмаларына біртіндеп көшу.
- Ойын шарты мен оқу міндеттерін кезең-кезеңімен күрделендіру.
- Тапсырманы шешуде оқушының ақыл-ой белсенділігін күшейту.
- Оқу мен тәрбиенің бірлігін сақтау.
Сабақта қолдануға болатын ойындар
Таным
Қоршаған дүние туралы түсінікті кеңейтеді, бекітеді, нақтылайды.
Тіл және ойлау
Сөздік қорды молайтып, ақыл-ой қызметін дамытады.
Тәртіп пен құндылық
Ереже арқылы ұстамдылық пен жауапкершілікке баулиды.
«Алтын қақпа» ойыны: сабақ үлгісі
Ойынның барысы
- Қатысушылар екі топқа бөлінеді, нөмірленеді (әр топта 3 оқушыдан).
- Жалпы сұрақ қойылады. Дұрыс жауап берген ойыншы ортаға шығып, қақпадағы құлыпты ашады және Тас қақпа бойынша №1/№2/№3 сұрақтың бірін таңдайды.
- Дұрыс жауап берсе, тас қақпа ашылады. Кейін Күміс қақпа құлпының сұрағы қойылады; жауап дұрыс болса, №1/№2/№3 сұрақтың бірі таңдалады.
- Одан соң Алтын қақпа құлпының сұрағы қойылады; жауап дұрыс болса, №1/№2/№3 сұрақтың бірі таңдалады.
- Алтын қақпаның ішіндегі сандық сұрағына жауап берсе, тиісті сыйлыққа ие болады.
Ережелер
- Әр қақпаның өзіне тиесілі сыйлығы бар.
- Ойыншы қаласа, ойынды жалғастырмай-ақ өз деңгейіндегі қақпаның сыйлығын ала алады.
- Сұрақтар кезең сайын күрделене түседі; сандық сұрағы — ең қиын әрі сыйлығы ең бағалы.
- Көрермендерге де жалпы сұрақ қойылады: дұрыс жауап берген оқушы ойынға қатысу мүмкіндігін алады (6 оқушыға дейін).
Көрерменге арналған жалпы сұрақ үлгілері
-
1) Оқу жылының төрт тоқсанында «5» алған оқушы жылдық қорытындыда қандай баға алады?
Жауабы: үздік
-
2) Бір жылда неше мезгіл бар?
Жауабы: 4
-
3) Эвфемизм бар сөздерді тап.
Жауабы: ұрлық, ұрланды, қолды болды
-
4) Әкенің әкесі сендерге кім болады?
Жауабы: ата
-
5) Антоним сөздерді тап.
Жауабы: сулы — сусыз; сулы — құрғақ
-
6) Тілде жаңа ұғымды білдіретін сөздер қалай аталады?
Жауабы: кірме сөздер / жаңа сөздер / тіркес сөздер
Тас қақпа: сұрақтар үлгісі
Құлып сұрағы
Бөлек жазылса — металл мен өткен шақтық есімше, ал бірге жазылса — кен өндіретін қала.
Жауабы: Жез — қазған (Жезқазған)
№1
Үш қуатты ата.
Жауабы: тіл, ақыл, жүрек
№2
Мақалды жалғастыр: «Тіл — адам ойының ...»
Жауабы: айнасы
№3
Батаның түрлерін ата және бір бата мәтінін жатқа айт.
Мысалдар: дастархан батасы, алғыс батасы, жаңа ай батасы, Наурыз батасы, жас талапкерге бата және т.б.
Күміс қақпа: сұрақтар үлгісі
Құлып сұрағы
Бөлек жазылса — сын есім мен географиялық термин, ал бірге жазылса — республикамыздағы қала.
Жауабы: Ақ — төбе (Ақтөбе)
№1
Үш тақ санмен келетін есімді тіркестерді ата.
Жауабы: бес қару, жеті қазына, қырық уәзір
№2
Ұлт тәрбиесі дегеніміз не?
Жауабы: діл-рух, тіл, салт-дәстүр, тарих
№3
Төрт ананы ата (М. Шаханов).
Жауабы: туған жер, туған тіл, салт-дәстүр, туған тарих
Алтын қақпа: сұрақтар үлгісі
Құлып сұрағы (жұмбақ)
Бірінші буыны — жіңішке, езулік. Екінші буыны — есімдік. Тұтасынан алғанда ағаш тым биік.
Жауабы: Е — мен (емен)
№1
Үш фразеологиялық (тұрақты) тіркес айт.
Мысал: ала жібін аттамау, табан астынан, тісін батыру
№2
Он сегіз мың ғаламды жаратушы, оның әміршісі.
Жауабы: Алла
№3
Қазақстан Республикасында қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Тіл мерекесі қай күні аталып өтеді?
Жауабы: 22 қыркүйек
Сандық сұрағы
«Аманат. Тіл — ата-баба аманаты» дегенді қалай түсінесің?
Түсіндірме: «Аманат» сөзі «аман» түбірінен шығып, «аман сақтап жеткіз» деген мағына береді. Аманатқа қиянат жасау — ауыр күнә деп есептеледі; сондықтан тіл мен рухани мұраны сақтау — ұрпақтың жауапкершілігі.
Қорытынды
Педагогикалық ойынның маңызы зор: ол бір жағынан білу мен үйренуді жеңілдетсе, екінші жағынан оқушының ойнай отырып өзіндік білім алуына, өмір тәжірибесін жинақтауына көмектеседі. Ойын демалыс пен көңіл көтеру қызметін атқара отырып, оқуға, шығармашылыққа, қарым-қатынас мәдениетіне және әрекет үлгілерін модельдеуге ықпал етеді.
Қазіргі мектепте ойын әрекеті: тақырыпты меңгертудің өздік технологиясы ретінде, жалпы технологияның элементі ретінде, сабақтың бір бөлігі ретінде және сыныптан тыс жұмыста кеңінен қолданылады. Демек, ойын — оқушының шығармашылық қабілетін оятып, оны өмірге бейімдейтін пәрменді құрал.
Ойындарды жүйелі қолдану арқылы жастарды жаңа заман талаптарына сай әрі ұлттық рухта тәрбиелеу мүмкіндігі артады.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Аймағанбетова Б. Р., Бейсенбаева А. А. Жеке адамның дамуы. Алматы, 1991.
- Мусаева С. А., Бегалиев Т. Б. Жас ерекшеліктер педагогикасы. Астана: Фолиант, 2006.
- Нағымжанова Қ. М., Нұрғазиева Н. М. Бастауыш білім берудегі жаңа технологиялар. Өскемен: Медиа-Альянс, 2005.