Сөйлеу тілі фразеологиясы

Фразеологиялық синоним: мағынасы ұқсас тұрақты тіркестер

Тұрақты сөз тіркестері мен сөйлемшелердің мағына жағынан ұқсас келуін фразеологиялық синоним дейді. Мұндай синонимдер әр түрлі образға (көркем бейнеге) құрылғанымен, білдіретін ұғымы бір-біріне жақын болады.

Қарапайым мысал

Жұмған аузын ашпау — «үндемеу» мағынасында қолданылады. Бұл тіркес тіс жармау, ләм демеу сияқты тұрақты тіркестермен де синонимдес келеді.

Фразеологиялық синонимдер қалай топтасады?

Фразеологиялық синонимдер екі-үштен бастап, төрт-беске, тіпті одан да көп қатар болып келе береді. Төмендегі мысалдарда бір ұғым әр түрлі бейнелі тіркестер арқылы беріледі.

«Көп» мағынасы

  • Телегей-теңіз
  • Көл-көсір

«Төзімді» мағынасы

  • Ит жанды
  • Жылқы мінезді

«Бақытты» мағынасы

  • Маңдайы ашылған
  • Қыдыр дарыған
  • Бақ қонған

«Беті қайту» мағынасы

  • Сағы сыну
  • Тауы шағылу
  • Жүрегі шайылу

«Айқын» мағынасы

  • Тайға таңба басқандай
  • Атқан таңдай
  • Соқырға таяқ ұстатқандай

«Алдану» мағынасы

  • Сақалын сипап қалу
  • Тұзға отырып қалу
  • Тақырға отырып қалу
  • Ауызы күю

«Жылдам, лезде» мағынасы

  • Көзді ашып жұмғанша
  • Кірпік қаққанша
  • Иек көтергенше
  • Қас пен көздің арасында
  • Көз ілеспеу
  • Ауыз жиғанша
  • Тіл қатқанша
  • Ә дегенше
  • Әне-міне дегенше
  • Әп-сәтте

Мағынасының «сатылап» дамуы: уақыт пен қашықтық

Кейбір фразеологиялық синонимдер бірінен соң бірі сатылап дамып, тіркестің мағынасы кеңейе түседі. Мұны әсіресе уақыт пен қашықтықты білдіретін фразеологизмдерден көруге болады.

Уақыт өлшемдері

  • Шай қайнатым
  • Сүт пісірім
  • Ет асым
  • Бие сауым

Қашықтық өлшемдері

  • Таяқ тастам
  • Арқан бойы
  • Қозы көш жер
  • Көш жер
  • Ат шаптырым

Мақал-мәтелдердің де синонимдес келуі

Фразеологизмдердің бір ерекшелігі — мақал-мәтелдердің де өзара мағына жағынан синонимдес келуі. Бір ой әр түрлі нақыл түрінде айтылып, мазмұны жағынан жақындасады.

Үлгі мен жалғастық

  • Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді.
  • Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды.

Сөздің құдіреті

  • Тау мен тасты су бұзар, адамзатты сөз бұзар.
  • Қотыр қолдан жұғады, пәле тілден жұғады.

Кемшілікті өзгенен іздеу

  • Өзінің түйедейін көрмей, біреудің түймедейін көрген.
  • Жығылып жатып, сүрінгенге күлген.

Адалдық пен қанағат

  • Ақ жүрген адам азбас. Аққа құдай жақ.
  • Тек жүрсең, тоқ жүрерсің.

Плеоназм мен перифраза: фразеологиялық синонимнің жақын түрлері

Фразеологиялық синонимдер қатарына кейде плеоназмдар мен перифразалар да енгізіледі.

Плеоназмдарға мысалдар

жарым-жарты, самал жел, ұлан-байтақ, қоңыр салқын, жарық сәуле, сәске түс, ақыр аяғы т.б.

Перифразаларға мысалдар

  • Қыз бала — тақия тігер, қырық жеті (архаизм)
  • Ер бала — ат ұстар, еркек кіндік
  • Ақшам аз — қалтам таяз
  • Арақ — ақаң, Ақмағамбет, көк мойын, ащы су, зәм-зәм суы т.б.

Эвфемизм: жұмсартып айту мәдениеті

Перифразаның ерекше бір түрі — эвфемизм. Ол жағымсыз, анайы не тұрпайы ұғымдарды сыпайылап, астарлап жеткізуді көздейді.

Эвфемизмдерге мысалдар

Өтірікші

аузының желі бар

Түсінеді

төбесі тесік

Ұры

қолының жымқырмасы бар

Ұрлық қылмайды

біреудің ала жібін аттамайды

Ұрлану

қолды болу

Өлді

келмеске аттану, пейішке аттану, жан тәсілім қылу, о дүниеге аттану, мәңгі ұйқыға кету

Өсек-сыбыс

сымсыз телефон, ұзын құлақ

Діни ұғымға байланысты эвфемизмдерді бөлек қойғанның өзінде, жалпы тілдік эвфемизмдер көбіне анайы сөйлеуден сақтандырып, сыпайылыққа баулиды. Бұл — халықтың тілді жоғары эстетикалық талғаммен қолданатынын көрсететін құбылыс.

Айырмашылығы неде: реңк, стиль, қолданылу аясы

Фразеологиялық синонимдер мағынасы жақын болғанымен, семантикалық реңкіне, стильдік бояуына және қолданылу аясына қарай ерекшеленеді. Мысалы, «айқын» ұғымын білдіретін тайға таңба басқандай, атқан таңдай, соқырға таяқ ұстатқандай тіркестері экспрессивтік қуаты мен қай жерде қолданылуына қарай бірдей емес.

Мұндай өзгешелікті мақал-мәтелдерден де байқауға болады: Алдыңғы арба қалай жүрсе… мен Сиыр су ішсе… бір ойды жеткізгенімен, айту мәнері мен көркемдік реңкі бөлек. Ал кейбір қатарлар мағыналық тұрғыдан бірыңғай, жақын келеді: беті қайту, сағы сыну, тауы шағылу, жүрегі шайылу.

Қазіргі қазақ тілі фразеологиясының негізгі топтары

Қазіргі қазақ тілі фразеологиясы қолданылу сипатына қарай үш топқа бөлінеді:

  1. Бейтарап қолданылатын фразеологизмдер
  2. Сөйлеу тілі фразеологиясы
  3. Кітаби сипаттағы фразеология

Ескертпе

Перифраза (грек. peri — «айналма», phrasis — «айту») — белгілі бір ұғымды әдеттегіден өзгеше сөз орамы немесе сөз тіркесі арқылы түсіндіру тәсілі.