Ұстаздық - ұлы құрмет
Ұстаз — ұлы құрмет
«Мұғалім!» — осы сөзді айтқанда немесе естігенде жүрекке жылулық ұялайды. Расында, мұғалім — мақтан тұтар мамандық. Өмірдегі сан алуан кәсіптің ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті және мейірімділікті ерекше қажет ететін мамандық — ұстаздық.
«Ұстаз» сөзінің екі қыры
- Белгілі бір пәннен сабақ беретін оқытушы.
- Адамға ықпал ететін, жол көрсететін дана тұлға.
Мектептегі ұстаз — баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы. Ұстаздың білімі мен парасаты, ой қуаты талай тентекті жуасытып, еркені сабасына түсіреді; тәртіпке баулиды, есейтеді, ержеткізеді. Сондықтан әрбір шәкірт өзіне үлгі болған сүйікті мұғалімін «ұстазым» деп атайды.
Ұстаздық — ұлы құрмет. Өйткені ұрпақты ұстаз тәрбиелейді: болашақ басшыны да, дананы да, ғалымды да, еңбекқор егіншіні де, кеншіні де — бәрін ұстаз өсіреді.
Бауыржан Момышұлы: «Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» — деген.
«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дейді халқымыз. Шәкірт бойындағы ұстамдылық пен тәрбиелілік көбіне ұстаз еңбегіне келіп тіреледі. Ескендір Зұлқарнайын: «Даңқ пен абыройға кенелуімде мен бір адамға қарыздармын, ол — ұстазым Аристотель», — десе, Жамбыл Сүйінбайды, Шәкәрім ұлы ақын Абайды ұстазым деп шексіз құрметтеген.
Бүгінгі мұғалімнің миссиясы
Бұрынғы қазақ даласындағы ағартушылық білім баланы жазу-сызуға, оқуға үйретумен шектелсе, бүгінгі мұғалім оқушысына ғылым негізін түсіндіріп қана қоймай, оны әлемдік білім, ақпарат және экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге баулиды. Бұл — нағыз ұстаздың ғана қолынан келетін іс.
Ұстаз еңбегі — сабақпен шектелмейді
Ұстаздық ету тек сабақ өткізумен шектелмейтіні анық. Білім мен тәрбиені тығыз ұштастыра отырып, кәсіби қызметті семинар, байқау, конкурс сияқты түрлі деңгейдегі іс-шараларға қатысумен кеңейте түсу — нұр үстіне нұр.
Жас жеткіншектің бойындағы табиғат берген қабілет пен дарындылықты тани білу және оны дамытудың бағытын көрсету — аса жауапты әрі күрделі міндет. Дегенмен әр баланың жеке қабілетін анықтап, соған сай жетелеу — ұстаз парызы.
Жеке тәжірибе: шығармашылықты дамыту
Мен 2009 жылдан бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келемін. Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында:
- Жекелеген әдеби шығармаларды оқытып-талдату арқылы шәкірттерді шығармашылықпен жұмыс істеуге бағыттадым.
- Логикалық ойлау деңгейін арттыруға басымдық беріп, дәстүрден тыс шығарма жазу мен өлең жазу дағдыларын қалыптастырдым.
Осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде оқушыларыммен бірге аймақтық, аудандық және аумақтық оқуларда бірқатар жетістікке қол жеткіздік.
Жетістіктер хронологиясы
Аймақтық Иса оқулары
- 2012–2013: сахналық көрініс — II орын.
- 2013–2014: өз шығармашылығы — 8-сынып оқушысы Ақтас Айдана — I орын.
- 2014–2015: сахналық көрініс — II орын; өлеңді жатқа айту — 5-сынып оқушысы Еркін Әсел — III орын.
Аудандық Абай оқулары
- 2014–2015: өз шығармашылығы — 8-сынып оқушысы Ақтас Айдана — II орын.
Аудандық Махамбет оқулары
- 2014–2015: өлеңді жатқа айту — 8-сынып оқушысы Ғалы Малика — III орын.
Аумақтық Аманжол оқулары
- 2014–2015: «Ән қанатында» номинациясы (көрініс) — I орын.
- 2014–2015: өз шығармашылығы — 8-сынып оқушысы Ақтас Айдана — II орын.
- 2014–2015: өлеңді жатқа айту — 9-сынып оқушысы Зикенов Жарқын — III орын.
Конкурстардың шығармашыл балалар үшін орны бөлек: жеңімпаз атанған оқушының абыройы артып, өз мектебінің де мерейін өсіреді. Ынта-жігері күшейіп, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылады. Шәкірттерім білім мен білік додасында алға ұмтылыстарымен, мақсаткерлігімен шыңдалып, салмақтана түседі.
Педагогикалық шеберлік: үйрену мен ізденістің нәтижесі
Қазіргі жас буын — еліміздің келешегі, келбеті. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ХХІ ғасырдың басты мақсаты — саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды еңсере алатын, өмірге икемделген, жан-жақты тұлға тәрбиелеу екенін атап өткен.
Бұл үшін бүгінгі оқу үдерісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік — табиғаттан берілген дара талант қана емес, үйрену мен үздіксіз ізденістің нәтижесі.
Мұғалім шеберлігі туралы дайын қағида жоқ, болуы да мүмкін емес. «Барлығы да өз қолыңда» деген ой — әр ұстазға ортақ қағида.
Платонның: «Басқаларды оқытып-үйретуі нәтижелі болсын десең, ең әуелі мұғалімнің өзі оқуы керек. Оқығанда да әбден қартайғанша оқуы тиіс» — деген сөзі осыны дәлелдейді. Мен де өмір бойы оқып-үйренуді өзіме міндет санаймын.
Ұстаз үшін ең үлкен бақыт — алдындағы шәкіртінің қияға қанат қағып, елінің азаматы болған сәті. Ендеше, білім мен білік сыналатын бәсекелі заманда жас ұрпақтың биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдық пен жан-жақты тәрбиеміз арқылы қол жеткізейік. Мұны мүлтіксіз атқаратын — өз кәсібіне шын берілген, өз мамандығының шебері мұғалім.