Өзінің өлеңінде

Тұлға • Айтыс өнері • XIX ғасыр

Жанкелдіқызы Ұлбике (1825–1849) — қазақтың әйгілі ақын қызы, майталман айтыскер, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ару.

Туған жері

Қызылорда облысы, Тереңөзек өңірі

Жерленген жері

Жамбыл облысы, Талас өзені бойы

Шыққан тегі

Ұлы жүз, Ошақты руы (Тасжүрек)

Туа біткен таланттың бастауы

Ұлбикенің бойындағы ақындық дарынның ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдықтың ықпалы ерекше болған. Мұны ақынның өз өлеңі де аңғартады.

Әке сөзін жасымнан жаттап алғам,

Тал бойыма жинақтап хаттап алғам.

Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп,

Өлеңімді әнімен баптап алғам.

Моншағымның әр тасы бір өлең-ді,

Бесігінде үйренгем мен өлеңді.

Балапандай кезінде қайран шешем,

Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.

Ұлбике өлеңінен үзінді

Ұлбике 12–13 жасында-ақ ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздерімен айналасын тәнті еткен. Атақ-даңқы ауыл арасынан асып, алысқа жайыла бастайды.

Әке шаңырағында еркін өскен ақын қыздың сауаты бар, көзі қарақты болғаны да байқалады. Өлеңіндегі: «Әп тиектің ішінде “пе” болады, / Қос ноқат қойса үстіне “те” болады» деген жолдары оның жазба мұралар арқылы да білімін тереңдеткенін меңзейді.

Айтыс додасына жол

Ұлбике бой жетіп, оң-солын таныған шақта Ошақтының дуалы ауыз биі Есмырза әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Осы кезеңде Ұлбикенің ақындығы айрықша қарқын алып, ел мойындаған көшпелі ақындармен айтысқа түсе бастайды.

Беделі мен тегеуріні

Ұлбикенің ақындық тегеурініне, тапқырлық-шалымына қарсылас шыдамағаны айтылады. Сөз өнерінің білгірі Мәшһүр Жүсіп Көпеев те оның айтыстағы орнын ерекше атап өтеді.

«Бұрынғылар домбыра ұстап, айтатұғын Қайым білесің бе? — деуші еді. Қайым деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда Қайым өлеңінің басын Күдері қожа мен Ұлбике айтысқан. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі — мақал, тақпақ...»

«Күдері қожа албырт бозбала күнінде Ұлбикемен айтысамын дегенде Күдерінің әкесі: “Бала, Ұлбикемен айтысамын десең Бұхарға барып үш жыл оқып кел. Әйтпесе онымен сен айтысуға жарамайсың”, — деген екен.»

Мәшһүр Жүсіп Көпеев дерегінен

Бұл дерек Ұлбикенің алдына қара түсірмес дүлдүл ақын екенін ғана емес, қазақ сөз өнеріндегі айтыстың қалыптасуына ықпал еткен, оның өрісін кеңейткен тұлға ретінде дараланғанын көрсетеді.

Ұтқырлықтың үлгісі

Ұлбике — ойы ұшқыр, өлеңі көркем, кісілік парасаты биік ақын. Бірде Майлықожа ақын әзілдеп: «Түсімде алтын зеренге қымыз құйып отыр екенсің», — дегенде, Ұлбике іркілмей жауап қайырғаны айтылады:

Басыма салып жүрмін желегімді,

Үш-төрт жыл біле алмадым дерегіңді.

Мүттәні теріс оқыған зәлім қожа,

Тауып бер көнегім мен зерегімді.

Айтыс-қағыстан үзінді

Осындай уәжді, шымыр жауаптардың талайын Ұлбике жүрген жерінде маржандай төгіп отырған. Бүгінге жеткен мұрасының көлемі — мың шумақтай өлең; соның ішінде жиырмаға тарта айтысы мен санаулы көңіл-күй толғаулары бар.

Мұраны жинау, жариялау және бағалау

Ұлбикенің асыл мұрасын жинауға Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Ә. Диваев, В. В. Радлов сияқты фольклор жинаушылар айрықша ден қойған.

Ә. Диваевтың пікірі

«Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты», — деп жазады Ә. Диваев.

Радловтың еңбегі

В. В. Радлов Ұлбикенің шығармаларын Петербургте бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударып жариялаған.

Ұлбикенің ақындығына М. Әуезов, С. Мұқанов, М. Жолдасбеков сияқты ғалымдар жоғары баға берген.

Қысқа ғұмыр, мәңгілік мұра

Ұлбикенің ғұмыры қызғалдақтай келте болды. Ел аузындағы сипаттауларда оның көркі де, өнері де қатар аталады: ақындар оны тілі шешен, жүзі көркем деп жырға қосқан.

Алайда тағдырдың талқысы да ауыр тиген: күйеуі Байтан өнердің парқын бағаламайтын, қызғаншақ, дөрекі адам болғаны айтылады. Ұлбике ақын ретінде кемеліне келіп, төңірегін тәнті ете бастаған шағында тентек күйеуінің қолынан мерт болған.

Ұлбикенің соңында қалған өлмес өнері — халық жадындағы рухани асыл қазына. Оның айтыстағы өрнегі мен өлеңдегі қуаты қазақ мәдениетімен бірге жасай береді.

Санат: KZ портал — Қазақша рефераттар жинағы